13 Шілде, 22:02 847 0 Денсаулық Бақытбек Қадыр

Өлі разы болмай, тірі байымайды – Кәдірбек Сегізбай

Кәдірбек СЕГІЗБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазақ қазақ болғалы талай індетті бастан өткізген. Оба, сүзік, шешек секілді неше түрлі жұқпалы аурулар болған. Басқасын былай қойғанда менің аталарымның туған-туыстары 1897 жылы оба ауруынан қырылып қалды. Бұл да сол секілді мезгілсіз келген дерт.

Халқымыздың амандығын тілеп, үйде отырмыз. Айналамызда шығын көп. Небір белгілі асыл азаматтарымыздан айрылып жатырмыз. Белгісіздері қаншама. Мәселе белгілі яки белгісізінде емес, әрбір адам құнды. Құнсыз ешкім жоқ. Басында «Алматыдан 3 адам қайтыпты» деп шошып отырушы едік, қазір жүздеп кетіп жатыр. Осының бәрі үлкен өкініш.

Сондықтан бек сақтық керек. Қазақ «сақтықта қорлық жоқ» дейді. Сақтансақ, қор болмаймыз. Тәртіпке бағынып, өз-өзімізді сақтауымыз қажет.

Президентіміз үндеу жариялады. Қалай болғанда осы індетті тоқтатайық деп жүгіруде. Халықты сабырға шақырып жатыр. Бірақ сонда да еркіндікке үйреніп қалған жұрт тәртіпті әлі дұрыс сақтамай жатыр. Осының бәрі айналып келгенде адамның өзін-өзі сыйламауы және айналасындағы елді сыйламауы ғой.

Үндеуде 13 шілде аза тұту күні деп жарияланды. Бұл өте дұрыс нәрсе. Өлі разы болмай, тірі байымайды дейді. Олар мезгілсіз келген дерттің құрбандары. Соларға қазір бір күрек топырақ салуға жарамай отырмыз. Амал жоқ. Сондықтан о дүниелік болған азаматтарды еске алу – керек болса тірілер үшін қажет нәрсе. Оларды еске алып, сабақ алайық деген әңгіме.

Ел аман болсын! Отырайық, шыдамды болайық, амандықта жолықайық!

Соңғы жаңалықтар