13 Шілде, 11:51 506 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Пандемияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз – Алексей Цой

Денсаулық сақтау министрі Жалпыұлттық аза тұту күнінде коронавирус пандемиясының құрбаны болған марқұмдардың жақындарына көңіл айтты,  деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Бүгін коронавирус індетінен қаза тапқандарды ұлттық аза тұту күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы дерттің салдарынан жақындарынан, туған-туыс, бауырларынан, әріптестерінен айырылған еліміздің барша тұрғындарына көңіл айтты. Ол COVID-19 еліміздің жүздеген азаматының өмірін қиғанын жария етті.

"Осы күндері менің әріптестерім – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өмірден озды, мәңгілікке көз жұмды, олар күтпеген қауіп-қатермен бетпе-бет келді, соңғы демі қалғанша күресті. Бұл қайғылы жағдай біз үшін орны толмас қаза. Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен атқарды. Біздің есімізде олар мәңгі нағыз батыр болып қалады", – деп атап өтті Алексей Цой.

Ол бұл індетті тоқтату үшін оған себепкер болып отырған пандемиямен күресте серпінді және тиімді шаралар қажет екенін атап өтті.

"Осы қауіп-қатерді тоқтату үшін мен және менің әріптестеріміз тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастырамыз",– деп мәлімдеді министр.

Оның айтуынша, үкімет медициналық ұйымдарға және дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдап, қосымша төсек-орындар саны қатары толтырылған.

Сондай-ақ, шетелдік сарапшылармен бірлесіп коронавирусты емдеу әдістері жан жақты зерделеніп, жетілдірілуде екен. Министр қазақстандықтарды қолдан келер көмектері болса осы індетпен күресуге атсалысуға шақырды және еріктілер мен белсенді азаматтардың маңызды рөлін атап өтті.

"Біз біргеміз, біз пандемияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Біз бұл қиындықты жұмыла отырып, жеңе алатынымызға сенімдімін", – деп еліміздің бас дәрігері Алексей Цой сөзін түйіндеді.

Соңғы жаңалықтар