9 Шілде, 20:39 810 0 Денсаулық Túrkistan Gazeti

Денсаулық саласы расында да пандемияға дайын болмады

– Президентіміздің 13 шілде күнін коронавирус құрбан­дарын аза тұту күні деп жариялағанын қолдаймын. Бұл індет жас талғамайды, қаншама азаматтар мен азаматшалардан айырылып жатырмыз. Халықта үрей басым. Өйткені Қазақстанның денсаулық саласы расында да пандемияға дайын болмады. Ауруханаларда орын жоқ, ал амбула­ториялық және үй жағдайында вирус жұқтырып, орташа, ауыр дәрежеде ауырып жатқан қаншама адам бар.

Біз коронавирусқа дейін амбулаториялық жағдайда қыстыгүні бронхит, ЖРВИ сияқты ауруларға күніне 10-15 шақырту алатынбыз.  Ал коронавирус басталғалы күні­не 2 000 тұрғыны бар 1 учаскенің өзінен  20-30 шақырту аламыз, кей кездері тіп­ті 40 шақырту болып жатады. Бір дәрігер ауруханада емделушілерді қабылдаудан бөлек, 30-40 шақыртуға барып жатады. Бұл дәрігерлер үшін өте ауыр.

Жұмыста сақтық шараларын жасауға барлық жағдай жасалған. Бірақ шақыртуға баратын көлік тапшы. Кей дәрігерлер шақырту көп болған жағдайда алыс жерлерге жаяу барады.

Қаладағы дәріханалардан ацетилсалицил қышқылының өзін май шаммен іздеп тап­пайсың. Әсіресе, үй жағдайында емделіп жатқандар дәрі таппай әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Өйткені кей дәріханалар үй жағдайында емделушілерге рецептсіз дәрілер сатады. Антибиотиктер қабылдауға негіз жоқ жағдайда оны қабылдап жат­қандар өте көп. Бұрынғы министріміз қолынан келгенше жұмыс істеді. Бұл жерде халықтың карантин шараларын сақтамауы да вирус жұқтырушылар санының көбеюіне әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Өзіңіз байқап қарасаңыз, ха­лықтың басым көпшілігі көшеде маскасыз жүреді. Емделушілер әңгімелесу барысында айтқанды мақұлдап тыңдағанымен, былай шыға бере сақтық шараларын орындамайтынын көзіміз көріп жүр.

Сонымен қатар қабылдауға келген науқастардың маска сатып алуға қалтасы кө­термейтінін, тіпті сатып алуға ынтасы жоғын байқаймын. Бір реттік масканы түтеленіп кеткенше жуып тағатындарды да көріп жүрмін. Осындай қарапайым сақ­тық шаралары сақталмай отыр.

Бірақ бізде білікті дәрігерлер өте көп, емделіп жатқан адамдар қаншама. Пан­демияның екінші толқынында вирус жұқтырушылар санының артып отырғанына қарамастан, амбулаториялық жағдайда дәрілер тегін беріліп жатыр. Қазір пневмония болып ауырып жатқан емделушілердің 90 пайызына дәріні тегін беріп жатырмыз.

Райхан ФАЙЗИЕВА,

Алматы қалалық  №8 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері

Соңғы жаңалықтар