9 Шілде, 12:36 1690 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Қазақстанда карантин мерзімі ұзартыла ма – министр жауап берді

Елімізде карантиндік шектеулер мерзімі ұзартыла ма? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді. 

«Карантинді ұзартуға қатысты айтар болсам, бастапқыда ұсыныс енгізгенде азаматтардың тілектері ескерілді. Режимнің бизнес қоғамдастықтарға да барынша бейімді болуы көзделді. Дегенмен, осынау вирусқа шалдығудың күрт өршіп кетуін еңсеруге септігін тигізетін шектеу шаралары да қарастырылды», - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, енгізілген шектеу шаралары келесі аптада өз тиімділігін көрсете бастайды.

«Қазір біз қандай да бір аралық нәтижелерді қарап отырмыз. Дегенмен, шынайы тиімділігін екінші аптаға қарай не болмаса біз бағалау жүргізгеннен соң бірден көретін боламыз. Карантин аяқталғаннан кейін оның ұзартылатыны немесе шаралардың қатаңдатылатыны түсінікті болады», - деді Алексей Цой.

Еске сала кетейік, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин енгізілді.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 53 мыңнан асып жығылды. 35 мыңнан астам адам індеттен емделіп шықты. 264 науқас көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар