8 Шілде, 09:06 814 0 Қоғам Анар ЛЕПЕСОВА

Оралдық кәсіпкер облыстық ауруханаға оттегі концентраторын тарту етті

Оралдық кәсіпкер Қанат Жанғазиев облыстық көпбейінді ауруханаға оттегі концентраторын cыйға тартты. 

«Давид Строй» ЖШС директоры құны 2 млн астам теңгені құрайтын 3 тыныс алу аппаратын алып берді. Облыстық аурухана директоры Арман Байдеуов қазіргідей күрделі кезеңде қолұшын созып жатқан жандарға ризашылығын білдіріп, оттегі концентраторларының емдеу мекемесінің №1, №3 және №8 корпустарына орналастырылатынын жеткізді.

Мұнда провизорлық стационарға күніне жиырмадан астам науқас түседі. Енді дәрігерлер емделушілерге оттегі концентраторының көмегімен уақтылы жәрдем көрсете алады. Облыстық ауруханаға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Жуырда осында 150 төсек-орынға есептелген провизорлық стационар ашылып, онда 150 оттегі концентраторын орнату көзделуде.

«Елімізде күн сайын індеттің белең алып бара жатқаны белгілі. Осы орайда әркім қолынан келгенін жасап, індетпен күреске үлес қосуы керек деп ойлаймыз. Біздің бұл ісімізді басқа да кәсіпкерлер қолдаса екен дейміз», деді Қанат Жанғазиев.

Соңғы жаңалықтар