Президент: «Астана» ХҚО-ның мүмкіндіктерін экономикалық өсімді қалпына келтіруге барынша жұмылдыру керек

Президент: «Астана» ХҚО-ның мүмкіндіктерін экономикалық өсімді қалпына келтіруге барынша жұмылдыру керек

Президент: «Астана» ХҚО-ның мүмкіндіктерін экономикалық өсімді қалпына келтіруге барынша жұмылдыру керек
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Басқару кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда Онлайн форматта өткен жиында қаралған негізгі мәселелердің бірі - Қазақстанның экономикалық өсімін қайта қалпына келтіру және аталған үдерістегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) рөлі. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде АХҚО биржасына былтыр Полиметалл, «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ және Halyk Bank секілді ірі корпоративтік компаниялардың акцияларының сәтті орналастырылғанын атап өтті. Қазақстан Президенті пандемия мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған жаһандық дағдарыс жағдайында және дамушы елдердің нарығынан капиталдың кетуі кезінде ұлттық экономиканы әртараптандыру үшін жаңа реформаларды жүзеге асыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, АХҚО ел дамуының орта мерзімді перспективаға арналған стратегиялық бағытын айқындау аясында экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуы керек. – Ірі инвесторларды бір ғана ел аса қызықтырмауы мүмкін, ал сауда және өнеркәсіптік салалар бойынша байланысы мығым Еуразиялық одақ пен Орталық Азияның бүкіл аймағын елемеу қиын. Қазіргі жағдайда өңірдегі елдер арасындағы кез келген бәсеке өзара күш біріктіру және дамуға ынталандыру тұрғысынан қарастырылуы қажет деп санаймын. Инвесторлар осы елдердің біріне қызығушылық танытса, бұл өзге мемлекеттерге де табыс әкеледі деген сөз. Осыған орай АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктері арқылы өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа ретінде қызмет атқара алады, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы орталығы шетелден тікелей инвестиция тарту үшін өзінің әлеуетін толық пайдаланатынына сенім білдірді. АХҚО-ның мүмкіндіктері экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру үшін барынша жұмылдырылуы керек.  width= – Бұл Қаржы орталығының бастапқы міндетіне кірмеген болар, бірақ өзгеріс енгізетін уақыт келді. Сондай-ақ инвестиция портфельдері күшейтуді қажет етеді. Құнды қағаздардың ішкі нарығы әлі толық дамыған жоқ. Сондықтан сенімді әрі нақты шаралар қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне АХҚО-мен бірігіп, құнды қағаздардың ішкі нарығын ықпалдастыруға және дамытуға бағытталған жаңа әрі нақты нормативтік база әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Отырыс барысында сарапшылар мен АХҚО Басқару кеңесінің мүшелері өңірдегі және әлемдегі экономикалық жағдай туралы өз ойларын ортаға салды, сондай-ақ, олар Мемлекет басшысының өзекті бастамаларын қолдап, «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін ұлттық және өңірлік деңгейде пайдалану аясын кеңейту жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Жиынға J.P.Morgan Chase Internationаl компаниясының бұрынғы Басқарма төрағасы Джейкоб Френкель, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті сэр Сума Чакрабарти, Ресей Сбербанкінің президенті және басқарма төрағасы Герман Греф, Citigroup инвестициялық және корпоративтік банкінің жаһандық үкіметтер және мемлекеттік сектор блогының басшысы Джули Монако секілді Басқару кеңесінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ нақты шешімдер дайындауға Goldman Sachs International компаниясының төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, The Boston Consulting Group компаниясының аға кеңесшісі Антонио Риера, Гарвард мемлекеттік басқару мектебінің профессоры және Өсім зертханасының басшысы Рикардо Хаусманн, FutureMap компаниясының басқарушы серіктесі Параг Ханна және әлемнің басқа да жетекші сарапшылары атсалысты. Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының жылдық есебі мен оның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды.