2 Шілде, 20:11 787 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

ҰБТ тәмам: БҒМ сынақ қорытындысын жариялады

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2020 жылғы кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысын жариялады. 

Биыл ҰБТ еліміз бойынша 21 маусым мен 1 шілде аралығында өткізілді. Оған рекордтық көлемде – 131 754 өтініш тіркелсе, оның 111 113-і, яғни 82 пайызы – биылғы мектеп түлектері. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12% төмен болғанын атап өткен жөн.

2020 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте жүргізілді. Тестілеудің әділ өту барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкіл жіберілді. Сонымен бірге, ҰБТ барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділері бар Арнайы мониторингтік топ (510 адам) бақылады.

ҰБТ қорытындысы бойынша, тестілеуге тіркелген азаматтардың 92,1% тестілеуге қатысты, 2019 жылы бұл көрсеткіш 94% құраған болатын. Шекті балды 82 154 талапкер жинады, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балды құрады, мұнда 2019 жылғы орташа көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық жоқ (65,5 балл).

Биылғы тестілеуде алғаш рет электрондық үкімет базасы арқылы Face ID жүйесі пайдаланылды, осыған байланысты ҰБТ тапсыруға басқа адамның кіруге әрекеттенуі айтарлықтай төмендеді.

Мәселен, биыл 7 мектеп түлегі өз орнына ҰБТ-ға басқа адамды жібермек болған, өткен жылы дәл осындай 34 жағдай орын алған еді. 119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады. Олар үшін басқа күндері, яғни 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылатын болады. Сонымен бірге, биыл алғаш рет талапкерлерге калькуляторлар пайдалануға рұқсат етілді. Тестілеу уақыты ұзартылып, түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды.

ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан астам адам ҰБТ барысын онлайн режимде бақылады. Енді ережеге сәйкес 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейнежазбада грант иеленген талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылады және гранты қайтарылады.

Еліміздің барлық ҰБТ өткізу бекеттерінде сақтық шаралары қолға алынып, медициналық-санитарлық нормалар қатаң сақталды. Әрбір ҰБТ-ға қатысушы дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті: дезинфекциялық өткелдерден өтіп, арнайы кілемшеде аяқ киімдерін зарарсыздандырды, дене қызуын өлшетіп, қолдарын зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеді және бірнеше медициналық маска алды.

Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде талапкерлер арасында екі метр арақашықтық сақталды. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен желдетілді және тазартылды. Аудиториялар 35% дейін толтырылды, әрқайсысында тек 10-18 адам отырды. Өткен жылы бір аудиторияда орта есеппен 50 талапкер болған еді.

Жалпы, маусым айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қалыпты режимде өтті. Еске сала кетейік, келесі ҰБТ тамыз айында өтеді, онда талапкер шектік балл жинаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсе алады. Сонымен бірге, ЖОО ақылы бөліміне түсу үшін қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары да жарамды болып қала береді.

 

Соңғы жаңалықтар