Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтан
ашық дереккөзі
Сарыарқа төсінде азаттығымыздың айғағы, тәуелсіздігіміздің төл тұғыры – ару қаламыз Нұр-Сұлтанның  бой көтергеніне – 22 жыл. Тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жыл ішінде астанамыз жер жаһандағы сәулеті асқан сұлу шаһарлардың біріне айналды. Елорда бүгінде халықаралық саясат көшбасшылары бас қосатын, әлемнің ең өзекті мәселелері талқыланатын, еларалық ынтымақ, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық. Бір кездері қол жетпес армандай болып көрінген ғажайып қала ақиқатқа айналды. Елбасының көреген ұсынысына сүйенген тарихи таңдаудың дұрыстығын уақыт дәлелдеді.

32 өлшем бойынша таңдалған шаһар

1997 жылғы 20 қазан Тәуелсіз Қазақстан та­ри­хына алтын әріптермен қашалды. Дәл сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлы­ғы­мен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланды. Сол жылдың қара күзінде Мем­лекет басшысы жаңа астана төрінде респуб­ли­камыздың мемлекеттік нышандарын қарсы алды. Содан бастап Алматыдағы мемлекеттік ор­гандардың барлығы Арқа төсіне көш түзеді. Ал 1998 жылғы 10 маусымда әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Десе де, 2006 жылдан бастап қазақ елі жыл сайын елорда күнін 20 қазан немесе 10 мау­сымда емес, 6 шілдеде атап өтеді. Өйткені Қазақстанның астанасын ауыстыру туралы маңызды шешім осыдан 26 жыл бұрын, 1994 жылғы 6 шілдеде қабылданған еді. Сол күні Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес сессиясының жалпы отыры­сында елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жариялады. «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анық­тау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 тұрғыдан жүргі­зілген талдау барлық нұсқалардың ішінен ең дұры­сы Ақмола қаласы екенін көрсетті...»,  де­ген еді Елбасы сол бір тағдыршешті тарихи сәтте. Жаңа астананы таңдауда басшылыққа алын­ған 32 өлшемнің аса маңыздылары: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. Ал сол барлық өлшемнің негізінде егеменді еліміздің әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққан еді. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғанына ешкiм шүбә келтірмейді. Ал ол кезде Елба­сының идеясын қолдағандар аз, құптама­ғандар көп болды. Нұрсұлтан Назарбаев өз ұсынысын жа­риялаған күні Жоғарғы кеңес сессия­сының жалпы отырысына қатысқан кеңес мүшесі, Мемлекет және қоғам қайраткері Кен­жеғали Сағадиев сол бір тарихи сәт жай­лы: «Біз орнымызға жайғасқанда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Астананы Алма­тыдан ел ортасына – Ақмолаға ауыстыру керек деген ойым бар. Егемен еліміздің болашақ дамуын жаңа астанадан бастасақ деймін. Сіздер бұған қалай қарайсыздар?» деп сұрады. Біз, кеңес мүшелері, бұрын ойға келмеген, барынша тың, елді елең ет­кізетін осындай соны пікірге «Ақмола­ның ауасы жақсы, бірақ ойлану керек» деген мардымсыз бір-екі сөзден артық ештеңе айта алмадық. Осылай десек те, мынау алай-дүлей басталған жаңа заманда, елімізде бір жарым жылдай жүріп жатқан нарық экономикасы оң нәтиже бермей, керісінше, экономиканы тығырыққа тіреп, халық тұрмысы күрт төмендеген тұста, қалта бос, қаржы тапшы кезде мұндай ауқымды жобаны іске асыру мүмкін емес қой. Алматы сияқты жылы орнымыздан басқа жерге көшу бұл бір орны жоқ қиял емес пе деген күдік те ойымызда тұрды. Көп ұзамай бұл соны жаңалық халыққа тарады. Ел ішінде, баспасөз беттерінде, депутаттар арасында, әртүрлі басқосуларда астана туралы қызу пікірталас басталды. Мұндай пікірталастар көпке дейін, 1997 жылдың қысында астана Алматыдан Ақмолаға көшкенге дейін жалғасты», – деп еске алады. Ұсынысына қарсылық білдіргендер көп болғанына қарамастан,  Елбасы өз ұстанымынан таймады. Бұл жобаның те­рең ойластырылғанын, астананы өзгерту тек бір қаланы екінші қаламен ауыстыру ға­на емес, оның қазақ елінің тиімді да­муына, болашағына әсер ететінін халыққа айтып, түсіндірумен болды. Арнайы комиссия құрып, жаңа қонысқа көшіп, ол жерде оңтайлы орналасудың жобасын жасады. Елдің экономикалық дамуында, әлеуметтік, саяси, мәдени дамуда болашақ астананың орнын анықтайтын алғашқы жобалар жарық көрді. Жаңа астананың стратегиялық маңызы туралы насихат бір сәт те толастаған жоқ. Байыппен жасалған жұмыс оң нәтижесін беріп, жобаны қалың бұқара қолдады. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүре­гінде» атты кітабында жазуынша, аста­наны Арқаға көшіру Қазақстанды гео­саяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қа­жет едi. Ақмола Еуропа мен Азияның шек­тескен тұсында, яғни Еуразия құрлы­ғы­ның қақ ортасында, мұхиттардан бiрдей қашықтықта орналасқан. Еуропалық және азиялық дәстүрлердi бойына тоғыстырған бұл қала Батыс пен Шығысқа да, Оңтүстiк пен Солтүстiкке де ашық бола алады. Екiн­шiден, бұл шешiмде қауiпсiздiк мәселесi де елеулi рөл атқарды. Тәуелсiз елдiң аста­на­сы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық және елдiң орталығында болуы тиiс едi. Үшiн­шiден, астананы өзгерту Қазақстан экономикасын сауықтыру үшiн де қажет болды.  width= «Төртiншiден, Астананы құрамы жа­ғынан көпұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қа­зақстанды мекендеген этностар ара­сын­дағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiдегi бағы­ты­мызға адал екенiмiздi тағы бiр дәле­л­де­дiк», – деп жазады Елбасы аталған кіта­бын­да.

 Сәтбаев салған соқпақ

Айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт бар. Нұрсұлтан Назарбаевқа елор­да­мызды Алматыдан Ақмолаға көшіру идея­сы тосыннан келмеген. Ол жайында Мем­лекет басшысы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай еске түсіреді: «Баяғы бір уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаев­тың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қа­зақстанның географиялық орталығы Қара­ғандыға не Целиноградқа көшіруді ұсы­ныпты. Ардақты ғалым, ардагер қай­раткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осын­дай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қа­тынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?», – деп, келте кесіпті». Тәуелсіздік алып, егемен ел атанудың арқасында өз болашағымызды өзіміз бағ­дарлайтын, ел тағдырына қатысты барлық шешімді өзіміз қабылдайтын күнге жеттік. Халық таңдауының, ел байламының нәтижесінде егемендігіміздің ескерткіші, тәуелсіздігіміздің төл тұғыры – Есіл жа­ғасындағы еңселі елордамыз бой кө­терді. 20 жылдан астам уақыт ішінде бас қа­ла­мыздың аумағы 3 есе, салынған тұр­ғын үй көлемі 19 есе ұлғайып, халық саны 4 есе­ден астам өсті. Әлеуметтік инф­рақұры­лым құрылысының ауқымды бағдарлама­сының нәтижесінде 20 жыл ішінде 20-дан астам республикалық және қала­лық денсаулық сақтау нысандары, 300-ден астам балабақша мен мектеп са­лынды. Қаланың көлік жүйесі де қарыштап да­мыды. Елордалықтар мен қала тұрғын­дарының игілігіне айналған Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы, көшелерді абаттандыру мен ішкі жол торабын ыңғай­лас­тыру ісі көлік саласын сапалы түрде өзгертіп, озық стандарттарға біртіндеп жақындатты. Кез келген елдің астанасына қойыла­тын ең бірінші талап – елдің саяси орталы­ғы болып қалыптасу. Бас қаламыз бұл мін­детін де толыққанды атқаруда. Елорда­да қабылданған шешімдерге, түрлі дәре­жеде көтерілген мәселелерге халықтың құлағы ылғи түрік. Елімізде жүріп жатқан барлық  реформа осы қаладан басталып, өңірлердің дамуына серпін беріп келеді. 2010 жылдың басында еліміз Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етті. Төраға мәрте­бесін алған Қазақстан 11 жыл бойы болма­ған ЕҚЫҰ саммитін өткізді. Оған 56 мемлекет басшылары, БҰҰ, НАТО өкілдері, бар­лығы 2,5 мың делегат жиылып, 1,5 мың­нан астам БАҚ өкілдері келді. Саммит жұ­мысының нәтижелі болғаны сондай, «Астана рухы» деген ұғым халықаралық  қатынастар әлеміне тұрақты түрде енді және де осындай қатынастарға керек се­німнің, келісімге келудің, бірлікке ша­қы­рудың жаңа символына айналды. Бүгінде Қазақстанның астанасы – діни конфессиялар өкілдерінің бір-бірімен пікір алмасатын тұрақты алаңы. Жаһанда ұрыс-керіс, қақтығыс көбейген тұста бірлігі мен ынтымағы жарасқан бейбіт елдің үлгісін көрсетіп отырған біздің мемлекетке әртүрлі бітімгер топтар, халықаралық ұйым өкілдері жиі ат басын бұратыны жасырын емес. Елордамыз дауласқанды татуластырып, керіскенді бітістіретін, бейбітшілік пен келісімге үндейтін орталық екенін әлемдік қауымдастық мойындағалы қашан. Дәйім солай болғай! Мәртебең биіктей берсін, бағаналы ордам, басты ордам!  width=  Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Елбасы Абылай ханның аманатын орындады

– Ел тағдырына қатысты кез келген мә­селені Елбасы өзінің жанындағы аза­маттармен, серіктерімен, шәкірттерімен ақылдасып барып шешетін. Көбіне түскі ас уақытында жиналатынбыз. Сол уақытта «ана шаруа не болып жатыр?», «мына мәсе­ленің жайы қалай?» деп барлығын ықтият­тап сұрайтын. Сондай басқосуларымыздың бірінде елорданы көшіру мәселесін алғаш рет көтерді. «Көптен бері ойымда жүр еді. Астананы басқа қалаға көшіру керек» деді. Шыны керек, бұл ойы ақылға қонымсыз бо­лып көрінді. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы аумалы-төкпелі шақ. Ел айлап, жылдап жалақы ала алмай жүрген кез. Зейнеткерлерге зейнетақы, студент­терге шәкіраты алу мұң еді. Мен бірден қарсылық білдірдім. «Мынадай қиын-қыстау шақта астана ауыстыру оңай шаруа емес. Қала салу үшін қыруар қаржы керек. Қа­зынаның қалтасы тесік, бұл ойыңызды қалай жүзеге асырмақсыз?» деп райынан қайтармақ болдым. Қарсы пікірлердің көптігіне қарамас­тан, Нұрсұлтан Әбішұлы елорданы ауыс­тыру ісіне түбегейлі ден қойды. Болашақ астанамыз болуға лайық қала іздеп, рес­публикамыздың барлық шаһарларын зерт­теп-зерделеді. Елбасының бұл іске шын­дап бекінгенін көріп, біз де әртүрлі қа­лаларды ұсынып, өз ойымызды ортаға са­ла бастадық. Көп талқылау болды. Бірде Ақ­мола сапарынан оралған соң, бізді қай­та жинап: «Ақмолада көпір үстінде тұрып, айналаны ұзақ шолдым. Ойлап қарасам, әлем елдері астаналарының көбі өзеннің жағасына салынған екен. Біріншіден, Ақ­мола – өзеннің жағасында тұр. Екіншіден, елі­міздің қақ ортасында, Еуразияның кін­ді­гінде орналасқан. Бұл географиялық ж­ағынан өте қолайлы. Астанамызды осы қалаға көшіру керек деген  ойдамын», – деді. Елбасы қандай шешім болса да халық­тың санасына сыналап сіңіріп барып қа­был­дайтын азамат қой. Ақыры өз ұсыны­сын Жоғары кеңестің  отырысында жа­рия­лады. Талқылау ұзаққа созылды. Де­пу­таттардың көбі қарсы шықты. «Алматы – әбден орныққан, жайлы қала. Жылы ор­ны­мызды тастап қайда барамыз?» десті жұрт. Жиын соңында депутаттардың бірі: «Бү­гін Президенттің туған күні ғой. Жаса­ған сыйымыз болсын, ұсынысына қолдау біл­дірейік, бір шешім қабылдайық. Уақыт – төреші. Бәрібір ешқайда көше қоймас-пыз», – деді. Елбасының да күткені осы еді. Дереу дауысқа салып, Жоғары кеңес бірауыз­дан шешім қабылдады. Алайда көптің көкейінде «Алматыдан кетіп, қайда барамыз? Бұдан артық астана таппаспыз» деген ой тұрды. Шешім қабылданғаннан кейін Елбасы Ақ­молаға жиі бара бастады. Қаланың жағ­дайымен жіті танысып, жаңа шаһар салу жайын мамандармен көп кеңесті. Пре­зиденттің шетелдік сапарлары да жиіледі. Елбасы қолдау сұрай барған мемлекет­тердің бәрі көмегін аяған жоқ. Жиылған қар­жының бәрі жаңа астанамыздың құры­лысына жұмсалды. Президент әкімшілігі бастап, барлық мемлекеттік органдар Алматымен қош айтысып, Ақмолаға бет алған кезде көңі­ліміз құлазып, далада қалғандай болдық. Елбасы ұшаққа мінер сәтте Зейнолла Қабдолов ағамыз бата беріп, оң сапар ті­леді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлының айт­қан сөзі әлі есімде. «Біз Алматыға сыймай кетіп бара жатқанымыз жоқ. Біз Алматыны қимай кетіп барамыз», – деді Елбасы. Біз одан сайын босадық. Шыны керек, шы­ғарып салып тұрып, көңілде күдік көп болды. Алаштың айбарына айналатын бүгін­гідей еңселі елорда, көркіне көз той­майтын ажарлы астана бой көтеретініне ол кезде ешкім сенген жоқ. Президент бұл таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді, ха­лыққа берген барлық уәдесін орындады. Үш жүздің басын қосқан билеуші деп қазақ Абылай ханды ерекше қадірлейді. Абылай төсек тартып, нашарлап жатқанда Бұқар жырау басында отырып: «Талай жыл еліңді басқардың, елдің алғысын алдың, жақсылықты көп көрдің, не арманың бар?» деп сұрапты. Сонда Абылай: «Арман көп қой, қайсыбірін айтайын? Көшіп-қонған елімді орнықтырсам деп едім, қазақтың басын қоссам, қала салсам деп едім. Бұл ме­нің келер ұрпаққа аманатым болып қалмақ» деген екен. Абылай қазақтың ба­сын түгел қоса алған жоқ. Бар қазақтың ба­сын қосқан да, дәулеті мен сәулеті жа­расқан қала салған да – Елбасымыз. Осы­лайша Нұрсұлтан Назарбаев Абылай хан­ның аманатын орындады. Қазақтың ке­ле­шегін терең ойлайтынын көрсетті. Кезінде Елбасының астананы көшіру туралы бас­та­масын қолдамағандардың бәрі қате­лескенін ұқты. Арқа төсінде жаңа елорда салуға бел буғанымыз тарихи шешім бол­ға­нына бүгінде ешкім шүбә келтірмейді. Бас қаламыз әлемдегі ең сұлу астаналардың біріне айналды. Елордамның атағы аспан­дай берсін! Елімнің басынан бақ таймасын!