29 Маусым, 17:44 480 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Ұлттың ұлағатты көшбасшысы

Ел басына күн туғанда қарапайым халық ер азаматына үміт артатыны атам заманынан жалғасып келе жатқан үрдіс. Қазақстан халқы да сол дәстүрмен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім жүктегенін ұмытқамыз жоқ. Ел ерге қарағанда ер жерге қарамай, алысты болжады.

Бір елді 30 жылдан астам уақыт басқарған саяси тұлға үшін көтерер жүк ауыр екені әмбеге аян. «Мал баққаннан ел баққан қиын». Қазақстан-аяғынан жаңа ғана қаз тұрған, жас мемлекет. Ел басынан үміт күтумен қатар, сын көзімен қарап, талап қоюшылар да болуы заңды құбылыс. Алыпқашпа сөздерді де естіп жүрміз. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы сын сағаттардан сүрінбей өтті. «Өркениеттің Қазақстандық моделі» деген ұғымды дүниеге әкелді.

Н.Ә.Назарбаевтың саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы ұстанымын болашақты меңзеген бағдарламаларынан танимыз.Ол әуелгі кезекте ел іргесін қымтауға бағышталған саяси болжамға басым назар аударып, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық береке бірлікті сақтай отырып, бір орталықтан басқару жүйесін ыдыратпай, әлем үрдісіне ілесуді көздеді. Өркениеті озық елдер мен «ТМД» сияқты көршілес мемлекеттердің және түркі әлемінің қолдауын тауып, ынтымақтастықты нығайта білді. Төрт құбыласын тең ұстады.Сонымен қатар, көбесі сөгілген Кеңестік жүйенің салдарынан құлдыраған экономиканы жандандыру, халықтың әлеуметтік тіршілігін біртіндеп көтеру үшін өркениетті елдердің көмегі мен әлемдік жетістіктерге сүйену, шет ел инвестициясын тарту, ішкі мүмкіндіктерді барынша сарқа жұмылдыру арқылы ел экономикасын қайта көтерді. ҚР Тұңғыш Президентінің сайыпқыран саясатының арқасында бұл тарапта да көздеген мақсаттар табысты жүзеге асты. Өндіріс орталықтары жаңадан орнап, қала мен даланы жалғаған инфрақұрылымдар жаңаланды. Жаңа елордамыз, Экспо орталығы сияқты ұлы өзгеріс, жасампаз істер батыл, іскер бастамашылықтың тікелей жемісі. Экономикалық әләует пен әлеуметтік деңгейдің көтерілуі ұлттық рухты жебеп, рухани жағынан ояну мүмкіндігін кеңейтті.

Өткеннен тағлым алып, келешекке дұрыс бағдар беру үшін Нұрсұлтан Әбішұлы қайрат қажырын, білім парасатын толық жұмылдырды. Толғамды ой пікірге толы шығармалары мен жыл сайынғы жолдаулары, «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру-Келешекке бағдар» сияқты құнды мақалалары соның дәлелі.

Н.Ә.Назарбаевтың бастамашыл, алғырлығы, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін іскер, табандылығы, саяси сезімталдығы алға қойған мақсаттарды жүзеге асырудың бірден-бір шынайы факторы болды. Көптеген елдермен дипломатиялық қатынасты ұтымды жүргізу арқылы екі жақты ынтымақтастықты нығайтып,  Еуразия экономикалық одағын құру бастамасын көтеріп, Түркі әлемінің назарын аударып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін басқару құқығына ие болуы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі  Қазақстан Республикасының халықаралық беделін көтерді.

Халықаралық қатынас аясында Моңғолия мен Қазақстанның ынтымақтастық қатынасының негізін қалап, жан-жақты өрбітуде Н.Ә.Назарбаевтың атқарған рөлі аса маңызды. Елбасының 1993, 2000 жылдарғы Моңғолияға келген екі реткі ресми сапары мен  1997 жылы Моңғолия президенті Н.Багабанди мырзаның Қазақстанға жасаған ресми сапарында  өз басым Моңғолия мен Казақстан Парламентаралық тобын басқарғаным үшін екі еларалық үш мәрте келіссөзге қатынасып, екі жақты шешімдер қабылданған тарихи кезеңдердің куәсі болып едім.

«Қазақстандық модельдің» нәтижесі не берді? Шекарасын бекемдеген, ұлттық қарулы күші бар, БҰҰ-ның ерікті мүшесі, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының бүгінгі түр- тұрпаты, Халықаралық беделі, Еуразия экономикалық одақтың көш басшысы, Түркі әлемінің ықпалды мүшесі, жаңа Ел ордасы-мен әлемдік ғылым-техника жетістіктері шоғырланған Экспо-Орталығы, Әлемнің өркениетті 30 елінің қатарында бой түзеген жаңа Қазақстан, келешкке қол созған жас буын, жаңа кадрлар ...тағы-тағыларды тізе берсе табысы таудай. Келер ұрпақты кезеңге шығарып, ұлттық кадрлардың бірнеше легін тәрбиелеп, билік жүйесін бейбіт жолмен ауыстырудың жаңаша үлгісі де  сол «модельдің» бір тармағы іспетті.

«Еріне қарап елін таны» деген ұлағатты сөз бар, қазақта. Бүгін әлем Елбасына қарап Қазақстанды танып отыр. Н.Ә.Назарбаевтың заманауи Қазақстан тарихын былай қойғанда әлемде алатын өзіндік орны бар тұлға.

Қазақстанның саяси өмірі жылдан жылға кемелденіп, халықаралық үрдіс бойынша демократиялық жаңа қадамдар жасалып, ұлттық тіл, дәстүр қастерленіп, әлемнің өркениетті елдерінің алдыңғы қатарынан көрінетініне шүбә келтірмеймін.

Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ,

Жазушы, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, доктор, профессор

Соңғы жаңалықтар