Обаманың орнын Хиллари баса ма?

Обаманың орнын Хиллари баса ма?

Обаманың орнын Хиллари баса ма?
ашық дереккөзі
Барша әлем АҚШ президенттік сайлауының барысын жіті қадағалап отыр десек, артық айтқандық болмас. Ал науқанның қазір ең қызған шағы. Британдық «The Independent» газеті жазғандай, «Ақыры, АҚШ президенті адамзат тарихына тікелей ықпал етеді екен, онда оны тек америкалықтар сайламасын, бәріміз атсалысайық» деген әзілдің жаны бар, шынында. Қарашаның 8-де Ақ үйдің алдағы төрт жылдық қожайыны кім болатыны анықталады, яғни, келесі төрт не сегіз жылда халықаралық саясаттың желі қай жақтан соғары соған байланысты. Қарадан озып, хан болған Барак Обаманың дәурені аяқталуға жақын. Иранмен ядролық келісім жасап, оған салынған санкцияларды алып тастаған, Кубамен дипломатиялық қарым-қатынасты жаңғыртқан, америкалық әскерді аймақтық қақтығыстардан аулақ ұстап, Ирак пен Ауғанстаннан АҚШ әскерін шығаруға барын салған Барак Обама тарихта өзіне лайықты орын дайындады. Енді ол өзінен кейін Ақ үйдегі ең маңызды лауазымға ақ нәсілді әйел президентті отырғызып, Айды аспанға бір-ақ шығармақ. Иә, либералды демократияның жалауын желбіреткен АҚШ үшін президенттік қызметке әйел саясаткердің сайлануы сенсациялық жаңалық болғалы тұр. Осыдан сегіз жыл бұрын қара нәсілден шыққан, кешегі иммигранттардың ұрпағын мемлекет басшысы етіп таңдағанымен пара-пар болмақ. Шындығында, Американың қара нәсілді тұрғындары әйелдерге қарағанда жарты ғасыр бұрын дауыс беру құқығына ие болған екен. Осы орайда, қара нәсілділер президенттікке сайлануда әйел қауымынан тағы озды. Сонымен, Барак Обама өткен аптада жаһанға былай деп жар салды: «Мен Хиллари Клинтонды оның АҚШ президенттігіне Демо­кра­тия­лық партиядан түсетін үміт­кер ретінде тарихта қалуымен құттық­таймын. Мен бұл жұмыстың қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін, сондықтан Хилларидің қабілет-қарымы жететіндігін білемін. Осы кезге дейін бұл қызметке одан жақсы дайындалған үміткер болды деп ойламаймын. Оның бойында осы қызметті атқаруға қажетті қайсарлық, қайырымдылық пен мейірімді жүрек бар» деді ол. Обаманың жүрекжарды құттықтауының ықыласты болғаны сонша, Хиллари Клинтон президент болып сайланып қойды ма деп қаласыз. Америка президенті сайлауының праймериздері аяқталды: екі ірі партияның бірден-бір үміткерлері анықталды. Шындығында, прайме­риз­­дердің нәтижесі ешкімді таң қал­дыр­ған жоқ. Республикалық партияда Дональд Трамптың бәсі өзге үміткерлерден басым екені жыл басында-ақ түсінікті еді. Ал Хиллари Клинтон – Демократтар партиясынан озып шыққан үміткер ғана емес, Обама айтпақшы, президент болып, ел басқаруға дайын саясаткер. Шындығында, ол күйеуі Билл президенттікке үміткер болған сәттен бастап осы рөлге дайын еді. Хиллари Клинтонның екі басты үміткердің бірі екенінің ресми түрде мойындалуы АҚШ-та әйел құқығынан бастап әйел басшыға қажет қасиеттер туралы ұзын-сонар талқылауларға ұласты. Осыдан сегіз жыл бұрын қара нәсілді үміткерді президент сайлаған Америка енді әйел адамды басшы етіп таңдауға дәті жете ме, жоқ па – осы сұрақпен бас қатырып жатыр. Таразының бір басында Хиллари болғанда, екінші басында Дональдтың тұруы америкалықтардың таңдауын одан әрі қиындатты. Себебі қазір көптеген сауалнамалардың қорытындысы АҚШ-тың қарапайым тұрғындардың екі үміткердің екеуін де жақтырмайтынын көрсетіп отыр. Мәселе тек қайсысын – Хиллариді әлде Дональдты – көбірек жек көретінін нақтылап алуда. Дональд Трамп – ақ нәсілді, өзі миллионер әрі бизнесмен, яғни көптеген америкалықтардың ұғымында «нағыз америкалық» болғанымен, оның саясаттағы тәжірибесіздігі мен ұрда жық мінезі аяғын шалуда. Хиллари айтпақшы, «оған атом сөмкесін сеніп тапсыруға болмайды». Оның үстіне, Дональд Трамп өрескел әрі орынсыз мәлімдемелерімен халықаралық саясатқа қырсыз екенін байқатты. АҚШ сияқты өзін әлемнің қожайыны санайтын мемлекетте ел президентіне үміткердің сыртқы саясатқа қатысты көзқарас-ұстанымы нық болуы өте маңызды. Бұл жағынан Хиллари Дональдты екі орайды. Бұған дейін сенатор, Мемлекеттік хатшы қызметтерінде жинаған тәжірибесі Хиллари Клинтонның ел басқару ісінде қажетті біліктілік те, көрегенділік те қабілеті де бар екеніне кепіл. Дональд Трамптың басты ұра­ны, яғни америкалықтарды дүр сілкін­дір­ген сөзі «Американы қайтадан ұлы мемлекет етеміз» болатын. Ал Хиллари оған «Америка ұлылығын жоғалтпаған» деген мазмұндағы жауап қайыруда. Обалы нешік, Дональдтың риторикасы Хилларидің салиқалы сөздерінен гөрі қарапайым амери­ка­лықтардың көңіліне әлдеқайда жақын. Бірақ соңғы кездегі Хиллари – Трамп теке-тіресі саясат, экономика, қорғаныс, қауіпсіздік, халықаралық қатынастар, әлеумет, мәдениет т.б. маңызды мәселелерден гөрі екеуара жауаптасуға көбірек ұқсай бастады. Трамп Клинтонның жеке басына тиісіп, тіпті оның отбасылық істеріне дейін ашық сөз етсе, Хиллари Дональдтың мінезінің осалдығын сын етіп тағады. Алдағы төрт жарым айда екі басты үміткер қарсыласы туралы талай жағымсыз сипаттағы шетін мәлімдеме жасаса, таң қалмаңыз. Бірақ Хиллари елу жылдық саяси өмірінде өзіне талай жау тапты. Күйеуі Билл екеуінің байлығын, отбасылық табыс көздерін, қызмет барысында жасаған қателіктерін бетке салық етіп басатындар көп. Клинтонның бай кәсіпкерлермен достығы, мемлекеттік билік құзыреттерін пайдаланып, өзіне дос-жар инвесторларға қолдау білдіруі, Сенат депутаты кезінде Иракқа әскер кіргізуге дауыс беруі, Мемлекеттік хатшы кезінде ресми хат-хабар үшін жеке серверді пайдалануы, «Билл Клинтон қорының» есепшотына аударылған миллиондардың есебі – оған тағылған айыптардың тізімі бұдан да көп. Оның үстіне, Билл Клинтон президент болып тұрған кезден-ақ Хилларидің әсіре белсендігін жақтырмағандар қатары қалың болатын. Хиллари – Ақ үйде өз кеңсесін ашып, ел саясатына араласқан тұңғыш әйел, ол өзіне дейінгі Бірінші ханымдардың тек қайырымдылық пен отаналық істермен шұғылданатын имиджіне өзгеріс енгізді. Осы әсіре белсенділігін сынағандарға Хилларидің берген жауабы: «Иә, базбіреулер мені пеш жанында тұрып, бәліш пісіруді ғана білсе дейді, бірақ мен ондаймен айналыспаймын» деп қысқа қайырған. Шамасы, Хиллариді осы заманның саясаткер әйелінің бейнесі деуге болар. Хиллари саясатқа 17 жасынан бастап араласқан деседі. Алғашқы қадамын 1964 жылы президентке үміткердің сайлауалды науқанына қатысудан бастаған. Енді 68 жасында президенттікке басты екі үміткердің бірі болуы – оның саяси қызметтегі өрлеуінің шыңы деуге лайық. Хиллари – отбасылық мәселе­лер­де, халықаралық қатынастарда, мем­лекет басқару ісінде өзінің шыдам­дылығын, табандылығын және қайсарлығын дәлелдеген әйел. Талай жылдар бойы президенттік орынтақты іштей армандап келген Хиллари үшін бұл, бәлкім, соңғы мүмкіндік. Ал оның билікқұмарлығы мен үнемшілдігі жақтырмайтын америкалықтар үшін қиын кезең. Себебі даңғой Дональдтан күні ертең не күтерін білмейді, «Мексикамен араға дуал соғып, мұсылмандарды АҚШ-қа кіргізбей, Путинмен тіл табысып», т.с.с. «тосын» әрекет жасай ма деп сескенеді. Ал Хилларидің кім екені, не ойлайтыны, қандай саясат ұстары баршаға аян. Ол бүгінгі Ақ үй әкімшілігінің саясатын одан әрі жалғастырып, «Обаманың мұрагері» болатынын ашық айтып жүр. Президент ретінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға ұмтылуы да әбден мүмкін, бірақ сонда да ол – әр қадамын санап басатын саясаткер. Сондықтан Америка Хиллариге сонша жыл арман болған зор мүмкіндікті осы жолы сыйласа, ол қабілет-қарымын барынша жарқыратып көрсетуге ұмтылады. Хиллари – 1992 жылы күйеуі Биллді президент етіп сайлауға көмектесу үшін өз амбициясын кері ысырған әйел. Ал 2008 жылы партиялас бақталасы Барак Обамаға жол беріп, президенттік мансапқа жету талпынысынан бас тартқан. Енді ешкімге жол беруге ниетті емес. Соңғы күндерде жүргізілген сауал­на­маларға жүгінсек, Хиллари Клинтонға қазіргі кезде америкалық­тар­дың 46 пайызы, ал Дональд Трампқа 35 пайызы дауыс беруге дайын. Қалған тұрғындар өз таңдауын жасауда әлі екіұдай күйде. Мешін жылындағы президент сайлауы АҚШ тарихындағы ең күрмеуі көп, қатпары мол әрі тосын шешімдерге толы науқан болып тарихта қалады. Қараша айында Хиллари Клинтон президенттікке сайланар болса, онда бұл тек оның жеңісі болмасы анық. Хилларимен бірге Америка Құрама Штаттары демократияның жеңісі, яғни екі жүз қырық жылдан бері бірінші рет мемлекет басшылығына әйелдің сайлануын тойлайтын болады.  

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания