Софы Сматаев, жазушы: Империя: «Беремін» деп емес, «Аламын» деп келеді

Софы Сматаев, жазушы: Империя: «Беремін» деп емес, «Аламын» деп келеді

Софы Сматаев, жазушы: Империя: «Беремін» деп емес, «Аламын» деп келеді
ашық дереккөзі
Шығармашылық адамы – өз дәуірінің барометрі. Өйткені өнер туындылары заман тудырған құбылыстардан нәр алады. Осы орайда белгілі жазушы Софы Сматаевқа жолығып, оның қазіргі қаламгерлердің азаматтық бейнесі жайындағы ой-толғамдарымен бөлісуді өтінген едік. – Сіз бар кезде де «елім!», «ұлтым!» деген перзенттік ниетпен қолыңызға қалам алудан ауытқыған емессіз. Халқыңыздың қасіретін жүрегіңізден өткізіп, айтулы шығармаларды дүниеге әкелдіңіз. Жазушының жазған дүниесі оның денсаулығына әсер етпей қоймайтыны рас. Сұхбат алайын деп алғаш хабарласқанымда ауруханада жатқан едіңіз. Қазір денсаулығыңыз қалай? – Анасынан шыр етіп туа салысымен «ұлтым!» дейтін ұл, «елім!» дейтін ерке болмайтынын білесің, қарағым. Ұлтының ынтымағы мен ұйытқысына, елінің егемендігі мен еркіндігіне сызат түсіп, сына қағыла қоймаса, «ұлтым» деп бұлқынып, «елім» деп ентігіп шыға келетін есерсоқтың онша көбеймейтінін және пайымдарсың. Ал сүттей ұйыған ұлтыңның құтын қашырып, жұртын жүндей түтіп, бүтінін бүлдірер анау Украинадағыдай жағдай туса, кеудесінде кек оянып, жанында жалын тұтанатын ұлтының намысшыл ұлдары әр замандағы Алаштың айбары мен айбаты болғанын қайтіп ұмыта алармыз?! Оларды ұмытсақ – тарихымыздың тамырына балта шауып, ұрпақтар байланысын үзіп тастаймыз ғой. Кезінде Кеңестік Одақтың басшылары асқақтатқан терісазу идеологиясы мен керітақыс саясаты тарихымызды Октябрь революциясының табалдырығынан бастатуға тырысқан. Өткенімізді сызғызып, өжеттігімізді өзегімізден жұлғызып, ұлттық дербестігімізден мүлдем ажыратып, мәңгүрттікті маңдайымызға кертіп таңбаламақ болғанын қалай ұмытармыз? Қалай ашына айғақтамаспыз. Денсаулыққа келсек... ағзама әдеттегіден артығырақ салмақ салып, әлсіретіп алдым ба, әлде елімнің кешегісін ертеңіне ертерек жеткізсем бе деп өлермендікпен өршелене күйіп-жандым ба, өз-өзімді тынымсыз қамшылай бергенімді енді-енді сезген тәріздімін. Бірақ әлі де тізгін тартуым, кідіруім аз. Қалам – қарагерімді сыйпай қамшылаудан жалыққан сәтім күні бүгінге дейін бола қойған жоқ. Сол жұлын-жүйкемді жұлып жегізетіндей жазушылық жансебіл тірлік дерт пен кеселдердің құшағына мені лақтырып жіберген болар. Алты мәрте инфаркт, екі рет инсульт алып, қылтамақтың ажалды шеңгеліне қамалғам. Ал қылтамақ... Есігіңнен ентелей еніп келе жатқан сұсты жүзді ажал ғой. Жарық дүниеңнен әне-міне дегенше-ақ жоғалып кетеріңді түршіге сезінуден қорқынышты не бар екен?.. Бірақ мен ғұмырымның оп-оңай үзілмесіне сенгем. Өмірге талпынып, өлімді жеңгем. Сөйтіп тәлтіректесем де, тірі жүргеніме Тәңір Хаққа тәуба деуден жаңылмай келемін. «Сынық арба көп көшерге» бас шұлғитын қазақпыз ғой, ауруханаға әр екі жарым айда бір жатып шығып, босаңсыған ағзама «зарядка» жасатып, «қампайып» жүріп жатқан жағдайым бар, қалқам. Мен де өзгелердей пионер болып, халық жауы – «бүйілерді» түйреуді үйренгем. Комсомол атанып: «Комсомолдар, алға! Алдыменен – малға!» дегізген алдамшы уағызға малданып, малшылық пен қойшылық атты жалшылық тірлік тек қана қазақтың тағдырына жазылған еншісіндей көрінетініне кәдімгідей сенетін жастың бірі болғанымды несіне жасырайын. Сондай бұйығы тұнығымды шайқап жіберіп, көңіл-көзімнің айқасқан кірпіктерін ашып қалып, қараңғылау күңгірті қалың кеудеме жарқыратып сәуле түсірген ұлы ұстаз, асыл азамат, Алаш арысы – Мұхтар аға Әуезов еді! – Сіз сол атақты жазушы, тұтас ұлттың ұстазына айналған Мұхтар Әуезовтің дәрісін тыңдапсыз. Ұлы жазушының сізге ықыласы ерекше болған дейді... – Иә, үшінші курс студенттеріне сабақ беретін Мұхаңның дәрісін 1960 жылы бірінші курста жүріп-ақ әдейілеп барып тыңдайтынмын. Содан ұлы ұстаздың байқағыш, пайымдағыш жанарына шалындым білем, кітапханадан шықпайтын мені сыртымнан бағып жүреді екен. Бірде Мұхаң иығымнан қағып қана: «Сарыбала, жазушыны ешбір оқу орны дайындап шығара алмайды. Дарын – әлде болмыстың, әлде табиғаттың, бар болса Құдірет Хақтың еншілеп берген ғажайып сыйлығы. Сенен соның ұшқынын сезгендеймін. Жазушыға ең керегі – білім. Онда да ақыл-ойыңды анализ жасатқызып ұштар физика, математика ғылымдары. Сенің техникалық оқу орнына түскеніңді қалар едім», – деп ҚазМУ-дегі оқуымды тастап, Мәскеуге кетуіме себепкер болған еді. 1961 жылдың мамыр айының аяқ кезінде Мәскеудегі «Москва» қонақ үйіне деканыма телефон шалып, Мұхаң шақырып алған-ды. Сол күні көп нәрсеге мән беріп, ден қоймайтын, комсомолдық ұрандардың қызыл-қырғын толқынында қызулана лепіріп жүрген көңіл көзімді тырнап ашып, кеудемнің лас тұман түтінін айдап шыққан-ды. Империяның отарлау дейтін сұмдық қыры мен сырын көз алдыма жайып салып еді-ау сонда асыл ағам. Империя: «Беремін» деп емес, «Аламын» деп келеді екен. Қойны-қонышыңды тіміскілей, тінте енеді екен. Бар байлығыңды – кеніңді, мұнайыңды, азық-түлігіңді өз құлқынына состав-состав етіп тасиды екен. Жаралы жаныңды шеңгелін батыра осқылап қасиды екен. Қабағыңды сәл шытсаң, иығыңа мініп алып, қос өкпеңді тепкілегеніне әнтек қана қиқаңдап, қарсылық танытқандай болсаң, қазағыңның азабы батпандап өседі екен. Ұлтыңның ұлдарын ұрып жығып, жұртыңның жақсылары мен жайсаңдарын «халық жауы» деп қаралап жер жастандырады екен. «Таусылмайтын байлық, тақырланбайтын кен болмайды. Тартылмайтын көл, тарықпайтын ел де болмайды. Ұлттың қамын кеше біз жесек, енді сендер ойлауға тиіссіңдер. Кенінен, жерінен айрылған келер ұрпақтың сыбағасын осылай жау шапқандай тоната берсек, олардың келешексіз қаларына неге мән бермейміз. Империя – сиырдың бүйрегіндей бастары бірікпес ұлттар мен мемлекеттердің ұйысуы. Сондықтан қай кезде де империя атаулы бөлініп, бөлшектеніп отырған. Мынау зымыран заманда біздікі де, сарыбала, жүз жылға да жетпей әлі-ақ ыдырайды. Кенің мен жеріңді де, тілің мен діліңді де сақтап қалатын сендерсіңдер» деген еді Мұхаң. Сонда өлі ұйқыдан шошып оянғандай болып қатты толқығам. «Ұлтым!» дейтін ұранның тұла бойымды дірілдетіп, тірілгенін пайымдағам. «Елім!» деп еміренткен перзенттік тілек жүрегімді жұлқындыра жоғалмастай болып жаныма енген сол күні. Содан бері «Ұлтым» деген сөзді ұраныма айналдырып, «Елім!» деп елжірей еңсемді тіктеп, «Халқым!» дегенді айнымас антымдай жадымда сақтап келем. Ұлы Мұхаңның аманат етіп тапсырып кеткен өсиетін орындамақ болып Мәскеудегі қазақ жастары «Жас тұлпар» ұйымын құрғанбыз. Лапылдап тұтанған жас жүректің жалынынан от алып, отызға жетпей жатып мен «Елім-айдың» бірінші кітабын жазып бітіргем. Сондағым: қазағымның тарихы қазан төңкерісінен емес, өте әріден басталарын, ұлтымыздың кешіп өткен жолы – азаттық аңсаған, бостандықты іздеген ерлік жолы екенін көрсетпек болған құлшынуым шығар. Сондағым: таспаланып жылап ағар жылғадай құрдымға сіңер ғұмыр иесі болмай, сусағанның шөлін басып, дариядай тасар өмір егесі болуды армандағаным шығар. Өйткені, өмірді болмыс құдіреттен қарызға алдым деп түсінсең, сол тірлігіңді адамзатқа еңбек еткіш әділетіңмен сый етіп қайтарасың дегенге сеніп өскем-ді. – Қазағыңызды ойлап жүрегіңіз жиі ауырып, еліңіздің ертеңі үшін дерт еме алаңдайсыз. Ал сол өзіңіз өте жақсы көретін қазақтан көңіліңіз қалатын сәттер бола ма? – «Қазағым – ғажабым!» деуден бір елі ажыраған сәтім жоқ. Өйткені мен ұлтымның ұлы ғана емес, құлы болуға да дайындалған азаматпын. Өз ұлтын сүймеген жан өзгелерді ұнатып та жарытпайды. «Ұлтым, халқым!» деу – өзімшілдік емес. Ол түсінік – өз жұртыңның өзегімен өзектес екеніңді, ұлт жанымен қаныңның араласа қайнап кетуін перзенттік сүйіспеншілікпен сезіну ғана. Көтере алсаң қара сөздің азабын, Жазушылық – ең ауыры жазаның. Кейде мақтап, кейде даттап құбылар Бірде олай, бірде былай қазағың. Тағдыр – тұзақ салса да сан қармағын, Сол қазағың болсын әман ардағың. Мерт ұңғысы қадалса да кеудеңе, Әділетін жоғалтпасын ардағы үн. Бұл – ұлы ұстаз Мұхаңның маған айтқан ақыл-кеңесінің өлеңмен қорытылған сығындысы. Күншілдік, қызғаншақтық, бақастық – қазақтың қасіреті десек, осы қазақтың бауырмалдық, қонақжайлылық, мейірбан, кеңпейілдігі анық айқын қасиеті. Рас, бірде олай шалқитын, бірде бұлай құбылатын біздің қазақтың мақтауға да шеберлігін, даттауға да жеткізбейтінін қайтіп қана жасырайын. Замандастарымның осы екі түрлі мінезін металлург болып жүріп, «Елім-айдың» бірінші кітабын жазып бітірген кезде анық байқағам. Тұстастарым қызғаныштан шәуілдеп үргенде, ағаларым бақастықпен еп-ерсілеу күлгенде, биіктегі биліктілерім романды сегіз жыл қамап ұстап, алқымымнан бүргенде, кісікиік болып, зиялы дейтіндерден аумақтана бөлектеніп кеткенмін. Бірақ жазуымды тоқтатпағам. Қатыгездіктің тас қамалын қаламыммен ұрғылағам. Өйткені мені қанаттандырған – «Елім-айымды» «Жұлдыз» журналынан оқып, алғыс-ризашылығын хат жазып жолдап, арнайы іздеп келіп қолымды қысатын оқырмандарымның ыстық ықыласы еді-ау... Әрине, заманына қарай адамы қалыптасатынын кейде ойламай кетеміз. Бүгінгі мынау ақиқатынан гөрі жалғаны көптеу уақыт адам мінезін аздыра өзгертіп, пиғылының қиғылығын арттырып жібергенін елеуден алшақпыз. Кешегі кең пейілден адасып қалып, «өзім өлмесем, өзгенің өміре қапқанында жұмысым қанша» дейтін тар ұғымның аясына қыстырылып кіріп барамыз. Сондықтан да өлмес күннің көнбіс тірлігінің сірі қамытын сүйрете беруге әбден дағдыланған қандастарымызды мұқатқанда не табармыз. Күрсінерміз де күмілжіп тынармыз... – Бір сұхбатыңызда «басылымдар мені алалайды, кейбірі тіпті атымды сызып тастауға дейін барды» депсіз. Жазған дүниеңізді басудан ат-тонын ала қашқандар кімдер? – Күңірене беру – бүгінде менің маңдайыма жазылған тағдыр. Шырылдауым шыңғыруға ұласты. Айқай-аттаным есітер құлақ, енгізер кеуде болса, көк аспанды қақыратардай аңырауға жалғасар еді. Амал нешік, шыңғыруым шыңырауға батып, аңырауым апанда көміліп барады. «Апыр-ай, елдің мүшкіл күйін, халықтың мұңын шерткенді халық жауындай көріп, қара ниет, қарғыс тілек тілеуден өтер қиянат болар ма?» деген сауал-назымды кімге бағыштарымды білмей дал болғанымды жамағат-жұртым да білсін деп бүгін ашылып отырмын. Менің әлдебір шығармам немесе шындық іздеген сөзім түгіл газет-журналдағы небір тізімнен аты-жөнімнің де сызылып қалатынына куә болып жүргенімді біреу білсе, біреу білмес. Мемлекеттік емес, халықтық дейтін басылымдар да Сматаевты онша жақындата бермейді. Соған қарағанда соларға да дүмділердің дүмпуі жетіп жата ма, әлде басшыларының пенделік өзгеше сылтау-себебі бар ма – мен үшін өте құпия жағдай. Бірақ ешкімге де, ешуақытта жалбақтап, жалтақтап жалынған емеспін... Соны күтулері де мүмкін-ау... Күте берсін... Күткізе берермін... – Қайткенде ұлттық иммунитетімізді көтере аламыз? – Мәдениетті, өркениетті жақсы ел болудың ең төте жолы – әділеттілікке, туралыққа, тазалыққа бет бұру ғана. Өзімізді (өзіміз деп Алаш жұртын айтам) өзгелердің аяғының астына төсеніш қылып төсеп келе жатқан жалпақшешейліктен арылу ғана – ұлттың көсегесін көгертеді. Өшіп бара жатқан иммунитетін өсіреді. Жетім баладай мөлтеңдеп босағадан сығалаған ана тілімізді қадірлеп, қасиетті орнына шығарсақ, салт-дәстүрімізді аялап, ардақтай алсақ, киелі қазақы рухты әр қазақтың кеудесіне нықтап қондыра алсақ – ұтарымыз молаяды. Бүгінгі атыс-шабысты, талтайған-жантайған зинақорлықты, әлекей-шүлекей өнерсымақ тірлікті емес, кешегі ұлтжанды, адал пейілді, ақыл-парасатты ата-бабаның өміршең өнегесі мен тәлімді тәрбиесін жас өркенге сіңдіре алсақ – ұлттық келбетіміз көркейе де, кемелдене де түсер еді. «Әттең-ай, әттең» деп қашанғы күңірене береміз? – Елдікті қорғап, шенді-шекпенділерге қарата бірнеше мәрте сын-пікір айттыңыз... – Шенді-шекпенділерге сын айттың не, айтпадың не – бәрібір түк өндіре алмайсың. Олар менің жазған-сызғанымды оқымайды. Әлдекімдердің сыбырлауымен Сматаевты шөміштен қағады. Балаларын қызметінен қуып, жұмыссыз қаңғытады. Сонда да тілімнен тыйылмаймын. Айтарымды айтып қалудан айныған жоқпын әлі. Ал шонжарларға бүгінде сын емес, құлаққағыс қана жасаймын. Өйткені сынымнан нәтиже шығара алмасам, сұңқылдай бергеннен не табармын? Қазір бұрынғы тоқсаныншы жылдар емес. Айтқаным – жетпесе, пікір-кеңесім – өтпесе, түйсігін түрткілегенімнен еш нәтиже шықпаса, несіне алаөкпе бола берем. Осыдан-ақ енді себебін өзің топшылай бер. – Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Колбин сізді «қаны тамшылаған ұлтшыл» деп атаған. Өйткені оған қарсы шығып, наразылық білдіріпсіз. Ол кезде жақтаушылар мен қолдаушылардың болмағаны ма? Колбин маған ғана емес, «қаны тамшылаған ұлтшыл» деп бүкіл қазағыма қарғыс таңбасын басып, қара ағашқа керіп тастамақшы болған. Сол кездегі Орталық Комитетте істейтіндердің арасынан өкіреңдеп озбырлық жасаған мұжық біріншіге қарсы жалғыз қара боп бас көтеріп, наразылық танытқанымды – ұлтымның қысастықты кешірмейтін ұлы да, құлыны да бар екенін білдіргендей азаматтыққа балаймын. Желтоқсандық жастарды қорғап, талантты қаламгерлерді жақтап бой көрсетуім – өзгелерге үлгі болса да, өзімнің өңешімнен түйген соққыларды күшейткен-ді. Қиналсам да, қайтпағам. Қарысып қарсы айқасқам. Прецедент жасап, лауазымды қызметін өз еркіммен тастап кеткем. Ал басқалардың үндемей қалуы – үрейдің үркітуі болар. Әлде мансап тізгінінен айрылғысы келмеген бақай есептің берекесіз әрекеті шығар. Солардың көбісінің бүгінде биліктің төрінде төбедей болып отырғандарына ішім, әрине, жылымайды. Өйткені олар өзгенің өксігін өздерінің өтірік күлкісімен баяғысындай көміп тастаудан ажыраған да, ажырайтын да емес. Ал өжет халқымыздың Жұбан, Сафуан, Қайрат сынды қайсар өкілдерінің ерлікке бергісіз табандылығына әрқашанда бас июмен келемін. – Қазір біз рухани құлдырау кезеңін бастан кешіп жатырмыз деушілер аз емес, ал мемлекеттің мәдениетке, руханиятқа жасап жатқан қамқорлығы қай деңгейде деп ойлайсыз? – Рухани дүниенің бәсі мен десінің құлдырап кетуіне «идеологияның әзірше түкке де қажеті жоқ» деп жүрген жоғарыдағылардың өктемдігін үнсіз қабылдап, тілсіз жануардан да бетер бас изеп, монтанысып ілесіп келе жатқан бәріміз кінәліміз. Бәріміз! Ертеңнен кешке дейін экранды жаулап алған үйкелесу-шүйкелесуі, жабысу-қабысуы, қырғын-сүргіні, атысу-шабысуы көп кинодан басымыз қата ма? Қатады! Сөзсіз, сазсыз зуылдақ, дуылдақ бейберекет әндерді дауыссыз, талғамсыз әншілердің дарылдау, барылдауынан тыңдасақ есімізден танамыз ба? Танамыз! Анау Ресейдің жабайылық тонын жамылып жетіп, беймәдениеттің ұрығын ұрпағымызға аяусыз сеуіп жатқан әртүрлі басылымдары мен кітаптарының, телеағыстарының тасқынында тұншығып жатсақ, шырағым-ау, руханият деген киелі сөздің өзін ұмытып кететін шалаесті жанның кейпіне түспегенде қайтеміз? Осынау ырды-дырдумен алдандырып, ештеңені ойлатпас, зорлық-зомбылығына қарсылық танытуға жібермес шала есті жандарды әдейі қаптатып жатқан үкіметіміздің айлакерлігін түсінбейтініміз қалай? Мәдениетке, әдебиетке деген қамқорлық – мемлекет тұтқасын ұстағандардың назарынан бүгінде мүлде тыс қалған ұғым. Ең қасиетті, ең киелі анаң тілі өгейлік көрген кезде, өзге рухани құндылықтардың танусыз, бағусыз қалып, күл-қоқысқа ысырылып тасталатыны – ежелден үзілмей келе жатқан варварлықтың тұрпайы көрінісі. Қалам­ақы жүйесін жойған, кітап саудасымен айналысуды қымтап жауып қойған елдің ертеңгі келешексіз кескіні қайтіп үркітпесін? Қалай шошытпасын? Демеуші іздеп, әркімге бір жалынып, қол жайып, қайыршылық күйге ұшыраған қаламгерлерді, зейнетақысын жинап-теріп, аш қалса да өз қаржысына шығарған аз даналы кітаптарын оқырмандарына жеткізе алмай, аядай үйінің ішін тарылтып, үйіп тастап отыратын авторларды төрдегі төресымақтар көруден де, елеп-ескеруден де мүлде қалып қойған. Руханияттың көзі мен бастауы, тұнығы мен кәусары – шығарма екенін біле тұрып, білмегенситін есті-құлақты болар басшыларым тойған қозыдай томпиып мүлгіп жатыр. Олар мүлгіген соң өнердің иісі мұрнына да бармайтын, биік креслоларды жамбастаған шала қазақ жас шенеуніктердің ұлттық құндылықтарды ұлықтату үшін бетін бері қарату тіпті мүмкін емес. Сондықтан оларға өкпелеудің өзі орынсыз. Өкпені де өзегі өзіңдей өзектесіңе айтасың ғой. Сол себепті өкпем жоқ. – Туған күніңіз туған жеріңізде бірде-бір рет аталып өтпепті. Бұған ренжімейсіз бе? – Облысым Жезқазған болып тұрғанда сүт бетіндегі қаймақтай қалқып, туған жерімнің төрінде шалқып, алақанында балқып тұрушы едім. Жезқазғанды қалай Қарағандыға қайта қосты, солай мен орыс тілді, өзге ділді жаңа облысымның өгей баласынан да жаман кіріптар күйге түстім. Қазақстанның басқа барлық облысы барынша құрметтеп, Алаштың халық жазушысы деп құшағын жайып ардақ тұтса, неге екенін білмеймін, өзімнің Қарағандыма қадірім өтпей-ақ қойды. Әр кезде әкім болғандарға телефон соғып, хабарласа бастасам-ақ әлденеге сасқалақтап, трубканы орнына тез тастауға асығатын. Кейінірек бір әкім ғана телефон шалып хабарласып, әйтеуір адамгершілік танытқандай болатын. Ал Нұрлан Нығматулин көптомдығымды шығарғанымда қол ұшын созған-ды. Өз облысымның «мықтыларымнан» әр мерейтойымда сый-сияпатын, шапан-шақпытын көрмесем де, әдірістік папкаларын алуыма болар еді ғой. Сол папкасын да маған көпсіне ме, әкім өкілдері мерейтойларымда құр қол келіп, құрғақ уәдемен қарқ қылып кетіп жүр. Облыс орталығы тұрмақ, ауылыма да, ауданыма да төбемді көрсеткізбейді. Мәскеу, Алматы, Қазан, Нөкіс, Бішкек, Шымкент, Семей, Өскемен, Талдықорған, Атырау, Петропавл т.б қалаларда қойылатын пьесаларымның бірде-біреуі облысымның театрларында сахналанған жоқ. Осыдан кейін өлкемнің өктемшіл басшыларының «Елім-айлап» елжіреген мені өкпемнен неге тебе беретінін түсінбей, жетім баладай жалтақтаумен жүрмін. Бәрібір қарағандылық жерлестерім – қандасым, сырласым, мұңдасым – қалың қазағым ғой. Олармен әрқашанда жырым, арым, жаным бірге. – Сіздің «Елім-айыңыз» үлкен жүк арқалаған шығарма. Ол романда ұлттың қасіреті, зар-мұңы, жүріп өткен азапты жолы, бәрі-бәрі жазылған. Бірақ бұл еңбегіңіз біраз қиындықпен жарыққа шығыпты. Сондай-ақ бес рет ұсынылсаңыз да, Мемлекеттік сыйлық иегері деген атаққа қол жеткізе алмадыңыз. Неге? – «Елім-ай» эпопеям – ғұмырлық негізгі кітабым. Халқымның «Елім-ай» романы десе, мені танитынын, менің есімім аталғанда «Елім-айды» айта жөнелетініне ризамын. Осыдан артық жазушыға қандай құрмет, қандай сый қажет? Мен «Елім-айдың» үш кітабын бітіріп, төртіншісін орталап қалсам, еліме, ұлтыма құлындай болып қызмет істей берсем, «ұлым!» деп маңдайымнан сыйпап, арқамнан қағатын қалың қазағымның алғыс, батасымен арқаланып жүргенімді өзіңе ғана айтып отырмын, міне. Мемлекеттік сыйлықтарды бұрындары «Жылдың үздік кітабы» атанған шығармалар дау-дамайсыз, талас-тартыссыз маңдайы жарқырап иелене қоятын. Бес мәрте «жылдың үздігі» аталған кітаптарымның бес рет тауы шағылғанын, кейіннен сыйлыққа ұсынылған екі кітабымды әріптестерім тізімге де кіргізбей, ә дегенде-ақ сызып тастағанын көпшіліктің біле бермейтінін әлгі «достардың» күншілдік, бақастыққа шалынған дертінен көруіме де болады. Осы пікіріме конкурстық комиссияның құрамында болып, үнемі маған қарсы дауыс беріп, сыйлық бергізбеуге күш салғанына кешірім сұрағандай болған ағамның сөзі куә. Одан да бұрын көптің мұңын мұңдаймын деп төбедегі топтың сөзін айтпауым, жалпының жаралы жанының өксігін жеткіземін деп жекенің желкілдеп, желпілдеп кетер тұстарын қаламыма іліп кеткенім кесірін тигізген де болар. Кім білсін, төрдегіні мақтау, мадақтаумен өрге шығарып, жер-көкке сыйғызбайтындардың легіне ілессем, мен де сол сыйлықты қанжығама байлар ма едім... Десем де, қаламымның тура жолынан таймай, қандастарымның тілегімен жүрегімді табыстырып жүргенім – барлық сыйлықтан абзал. Осы кезге дейін тоғыз роман, он үш повесть, он төрт пьеса, жиырма екi дастан, төрт киносценарий, бес операның либреттосын, жүзден астам мақала жазған екенмін. Сол сияқты оннан астам елдiң жазушыларының шығармаларын қазақшаласам, өз шығармаларым да он шақты елдің тілінде жарияланыпты. Дегенмен мен «алсам» деуден гөрі «берсем» деген сөзге көбірек ұйыған сөзгермін. Романды да, пьесаны да, дастанды да жұртыма бере берсем, соны денсаулығым көтеріп, қолымнан қаламымды түсіре қоймаса – одан асар бақытты қаламаймын. Халқымның оң қабағын алғам. Ыстық ықыласына бөленгем. Мені оқыған, оқитын әр қазағымның елжірей қараған көзқарасынан емірене жанасар ернінің жылы лебін сезгендей боламын. Хат жазып, телефон шалып адал көңілдерінің ырзалығын білдіріп жататын оқырмандарым өте көп. Солардың ыстық ықыласы ресми марапаттан әлдеқайда артық. Осылар менің халқымнан алғаным. – Осы күнге дейін шен-шекпенділердің, шенеуніктердің «Аға, жазғаныңыз маған ой салды» деп айтқаны болды ма? – Болғанда қандай! Димаш аға Қонаев зейнетке шыққанда, Горбачев қиянатпен шығарғанда өзгелердей жасырынып, жалтақтамай пәтеріне ашық барып тұратынмын. Бірде ұлы адам «Елім-айымның» екі кітабын сұратып алған-ды. Бір айдан соң Димекең «Орталық Комитетте бірге қызметтес болып жүргенде романды өзіне бермегеніме, өзгелердің өзіме жасаған қиянатын айтпағаныма» қатты өкініш білдірген еді. Сондай-ақ, Еркін Әуелбеков ағаның шығармашылығыма деген ілтипаты ерекше болатын. Ағалық көңілінің мейірімімен жанасатын алақанының ыстық табы әлі күнге дейін арқамды қыздырып жүр десем, артық бола қоймас. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде маған назары тура түсетін. Елуге толған күнімде президентіміз алдымен көмекшісі арқылы, іле-шала вице-премьер Мырзатай Жолдасбековке телефон соққызып, шақыртып алып, көңілдене құттықтаған. Бүгінгілердің ішінен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иманғали Тасмағамбетовтің жазған-сызғандарымды ырзалықпен оқитынын маған деген таза інілік ізет-құрметтерінен анық байқаймын. «Мұңлы ойлар» кітабыма риза көңілдерінің адал пікірлерін білдірген мемлекет қайраткерлері Қ.Тоқаев, Г.Әбдіқалықова, М.Құл-Мұхаммед, облыс әкімдері – Б.Ізмұхамбетов, Н.Ноғаев, Қ.Көшербаев, Б.Сапарбаев секілді азаматтардың хаттарын оқып, қатты тебіренгенімді сіздермен бөлісіп отырмын. Биікте отырған осы іні-қарындасымның әманда өмір биігінен де, көңіл биігінен де көріне берулеріне барынша тілектеспін. – «Өз қасиеттісін елемеген ел қасірет құшады. Өз тектісін табалаған өзгелердің табанын жалайды. Бірақ қадірліңді қастерлеп, тектіні тани білу – қиынның қиыны болғанмен, аса қасиетті міндет» дейсіз. Біз осы міндетті қаншалықты орындай алып жүрміз? – 1985 жылы Дінмұхаммед Қонаев Ғабит Мүсіреповті қабылдағанда халқымыздың атақты жазушыларына арналған ұлттық музей ашуға уәде берген болатын. Амал нешік, сол ниетін орындауға мүмкіндігі келмей қалғанына, 1987 жылы кездескенімде қатты қынжылып еді, асыл аға. Әрине, халық болып қынжылатын кемшіліктеріміз көбеймесе, әзірше азаймайтын түрі бар. «Битлз» сияқтыларға қаптатып ескерткіш орнатамыз да, Әлихан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан, Шәкәрімдерге Алматыдан бір белгі қоюға алаштық азаматтығымыз жетпейді. Ұлтымыздың арыстары мен азаматтарын қынадай қырғызған Фурманов, Мирзояндарға астаналардың орталық көшелерінің атын береміз де, Алаштың асыл оғландары – Қасым Аманжолов, Жұмабек Тәшенов, Сыдық Мұхамеджановтың дұрыс көшелерге атын беруге арланатын тәріздіміз. Тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің тап басында тұрған ұлы Абылайдың 300 жылдығын екі жыл кешіктіріп, жетім қыздың тойындай етіп өткізген болдық. Қадірлімізді қастерлемеу, тектімізді тани білмеу – елдігімізді аспандатып, абыройымызды асқақтатқан  қазақ хандарына лайықты құрмет көрсетпеуімізден-ақ білінеді. Ұлы күйші Тәттімбеттің 200 жыл­дық, ­­Ж. Тәше­нов, ­­І. Есенберлин, М. Ғабдуллиндердің 100 жылдық тойларын елеусіз ету де – абырой әпермейді. Қайсыбірін айта берейін... – Қазір зиялы қауымды зиянды қауым деп атайтындар да табылады. Сол секілді аталы сөз айтатын ақсақалдардың орнын сақалсыз шалдар басты дегенді жиі айтатындар табылып қалады қоғамда. Қатарластарыңызға көңіліңіз тола ма? – «Зиялыларым – зиянды қауымға айналып барады» деп кезінде мен де жазған едім. Көргенін жасырып, көрмегенін асырып, қысастықты кешіріп, әділдікті өшіріп, өңмеңдеп «стипендия» сияқты сүйек-саяқ дәметкіш түрлерінен түршіктім бе, зиялының зияндыларынан ара жігімді ажыратуға тырысамын. Сөз өтпестерге баж еткенде табарым – солардың өңменіме қадалар өшпенділігі ғана ғой. Ал елдің мұңын ердің тілімен айта алмас зиялының зияны бар-жоғын өзің таразылай бер. Шаңырағына қарап шалын сыйламай, шалына қарап шаңырағын сыйлайтын заманның өтіп кеткенін байқасақ та байқамайтын болып барамыз. Шаңырағы биіктің шалаесірік шалын әспеттеу – ақсақалдықтың құнын түсірмегенде қайтеді. Ақыл айтатын ақсақалдан шаруасы да, лауазымы да мықты әпербақан шалды алға ұстауымыз озған жоқ па? Дананы баладан бетер бөтенсітіп, баланы дана етіп, төбемізден төндіріп қойғыш билікке қашанғы жаманатты бола берейін. Осы түйсігімнен-ақ қатарластарыма көңілімнің толар-толмасын жұртымның өзі-ақ ажыратып ала жатар. – Рухани сырласыңыз кім? Достарыңыз көп пе? – Рухани сырластарым – әлбетте Абай, Мұхтар, Қасым. Достарым көп те емес. Жоқ та емес. Студенттік жастықтың жалынымен табысқан индонезиялық Видодо Субарджо дейтін досымды әлі күнге дейін сағынамын. Қырғыз Дооронбек Садырбаев пен Ұлан Тоқамбаев дейтін екі азаматпен қаламгерлік шынайы достығымыз бар еді... Өз арамыздан Оралханды, Әшірбек Сығайды тапқам-ды. Бүгінгі Ғ. Қабышев, Т. Медетбек, Еркін Рақышевпен қарым-қатынасым жақсы. Қауқылдасар қатарым сиреді. Артым көбейіп, алдым азайды. Іздейтіндерімнің ізі таусылып барады. Көксейтіндерімнің көлеңкелері көлбеңдеуін тұқыртты. «Кешегінің соңы, бүгінгінің алдымын» деп айтар едім. – Адамның бойындағы қандай қасиеттерді жек көресіз? Кекшілсіз бе? – Жек көретіндерімді түстеп, түгендеп берсем, олардың мені жабыла кетіп, жеп беретіндерін білем. Ат пен таққа мінсе-ақ мінезі өзгеріп шыға келетін мансапқорды, бүгін көзіңе мақтап, ертең сыртыңнан сыпыра даттар өсекшіні, бірде «елім» деп, бірде «төрім» деп сан құбылғыш екіжүзді сатқын қаламгерді, халқының көз жасын көлдетіп доллар жасап, қанын тамшылатып алтын құйғыш тойымсыз шенеунікті жек көремін... Соза бермей осымен тоқтатайын, әйтпесе, әлдекімді... әлдекімдерді іліп кетіп жүрермін байқаусызда. Кекшіл емеспін. Аздап өкпешілмін. Кектен ішке қан қатады. Өкпелеп, оңашада өксіп-өксіп алсаң, ішің тазарады. – Сіз техникалық институтты бітірсеңіз де қаламгерлікті таңдадыңыз. Мұны естігендер таңғалып жатады. Ал өзіңізді әдебиеттен, жазушылықтан бөлек елестете аласыз ба? – Техникалық институтты бітіргеніме таңғалудың қажеті шамалы. Сонда оқығаным ойымның шалымын, мидың ұшталуын, қиялдың ұшқырлығын қалыптастыруға септігін тигізсе, тигізген де шығар. Бірақ дарын атты табиғи ерекше құбылыс тағдыр-таланыма дарымаса, жазушының қаламы қолыма бұйырып тимес те еді. Арнайы оқу орнын тәмамдамай-ақ Пушкин, Абайлар әлемді аузына қаратқан жоқ па? Әдебиеттен ауылымды алшақ көшіргенде...мықты металлург, әйгілі инженер, белгілі ғалым боларыма көзім жетеді. Алайда қаламгерлікте де әлі де алдыма жан салдыртпауға тырысумен келе жатқаныма сенімдімін. – Бүгінгі ата-әжелердің бала тәрбиесіндегі рөлі әлсіреді. Қазақы тәрбиеден ажырап бара жатқанымыз тағы бар... – Балаң баласын бауырынан босатып, басынан сипауыңа кеңшілік етсе, онда немерең ата-әжесінің шетпұшпақтап болса да тәлім-тәрбиесін ойына да, бойына да сіңіре алады. Ана тіліне уызынан жарып, ұлттық салт-дәстүрді қаршадайынан санасына сеуіп, енгізіп өседі ол шіркінің. Ал бүгінгі қаланың өгей тілде шүлдірлеген тікбақай келіні мен келіннің биік өкшесіне иығын тескізіп жүрген көнтері ұлдың ұясынан онша ұзамайтын ұрпаққа ата-әжелерінің сарғайған сағынышынан басқа үлгілі өнегесі өгейленіп жетпей қалғанын күнде көріп, түңіліп жүрміз. Содан соң-ақ әженің кең қолтығының ұлттық иісін иіскемеген анау жас министрлер, депутат-сенаторлар, холдинг серкелерінің өз қазағына мұрнын шүйіруі, тілінің өгейленуі, тексізденуі бұдан былай тіпті өршімесе, кемімейді-ау деген қорқынышымды көмейіме көме берем. – Кезінде алыс өткенді де, жақын кешегіні де кемеліне келтіре суреттеп беріп едіңіз, қазір не жазып жүрсіз? «Мұңлы ойларыңызды» шығару қиын болмады ма? – Адамның жасы ұлғайған сайын ойран-топыр ойы мазасын алып, берекесін қашыра беретін тәрізді. Сондайда ойлана білген жан өзгені де ойланта біледі дегенге кәдімгідей иланам. Сөйтем де, өмір бойы өз басымнан өткізгенім – өзгелерді тәжірибеммен жетектеп жеткізер дегенге ұйимын. Сол себепті де, ұққандары – алар, ұқпағандары өз бетінше қалар дейтін тілекпен әртүрлі тарап-тақырыпты қамтитын төрттағандардың (рубаилар) бір томын жазып бітірдім. Миым ойымды сорғалатты ма, ойым тілімді жорғалатты ма – келешек оқырмандардың еншісінде. Мынау жасыған жанның тілін шорқақ қып, тасыған күйкінің үнін шалқақ етер жалғаны өршеленген заманда қарудың ең күштісі – адалдықтан айнымау ғана. Ал айныдым дегенше, өзіңді өзіңнің сатып жібергеніңді байқамай қаласың. Осы пікіріме бой ұрдым ба, бүгінгі қоғамымыздың ақ-қарасын саралауға тырысып, «Қараңғы ойлар» дейтін пәлсафалық көңіл түйсіктерін қағаз бетіне түсірумен әлектендім. Оның біразы газеттерде жарияланды да. Соны «Қашан кітап етіп шығарып, қолымызға тигізесіз?» деп сұраушылар күн өткен сайын көбейген. Бірақ оны «кітап етіп шығарта алмаспын, бәлкім. Баспалар есігі түгіл терезесінен де сығалатпайды. Демеуші табу – өліні тірілтуден де қиындап кетті. Өзім шығаруға мүлде қол қысқа. «Өмір сүрудің қиындығына төзбесең, тірідей-ақ өліп кетуің оп-оңай, Софыян!» деп өзіме-өзім тоқтау айтатынмын. Сөйтіп пұшайман болып жүргенімде Рымбек Жүнісов пен Амангелді Ермегияев азаматтар қол ұшын беріп, «Мұңлы ойлар» деген атпен шықты. Оның жарық көруіне ықпал жасаған азаматтарға алғыс-құрметімді күніне ішімнен сан рет қайталаймын. – Отбасыңыз, балаларыңыз, немерелеріңіз туралы айтып берсеңіз... – Әр ғұмырдың шуағы мен дауылы боларын, әр тірліктің жеңілі мен ауыры да боларын көріп те, соған көніп те келген қазақпын. Ғұмырымның шуағын, тірлігімнің жеңілін, жемісін һәм жеңісін отбасынан мол тапқан тәубашыл жанмын. Тіршіліктің дауылы мен ауырын иініме үйіп, кеудеме сықаған, әлі де үйіп-төгуден жалықпай жүрген күншіл әріптестерім, бақас ағаларым, жемқор шенеуніктерім. Солардан әбден жүдеп-жадағанда, шаршап-қажығанда, қансырап, әлсірегенде қашып тығылар мекенім – жанұям, – жарым, балаларым. Жан жарым – ақ бантигі көз алдымда көбелектей көлбеңдеген, жастайымыздан бір ауылда бірге өсіп, бір үмітке бірге ілескен, бір арманды бірге аңсаған – Шәмшия ханым. Қос жүректегі ыстық іңкәрлікті қосып алып, ақ отауымызды көтеріп ақ ордаға айналдырдық десем, артықтау болмас та. Шектен тыс көбейген ыңқыл-сыңқылымның, кесел-дертімнің емшісі – жан жарым, Шәкемнің-Шахминамның бәйек болғыш тірлігі, аялағыш алақаны. Екеуміздің тірегіміз бен тілегіміз, сүйінішіміз һәм сүйенішіміз – Алмас, Манас ұлдарымыз, жанымыздың гүлі – Жанарымыз. Бизнес, сауда-саттық тәрізді алдау-арбауға жоламай, адал жұмыстың соңында жүрген азаматтарым. Әр қайсысы үш-төрт шет тілін білетін ойлы-милы мамандар. Бір әттеген-айы: «әділет, тазалық» деп шенеуніктердің шекесіне қадалатын тақылдауымның кесірінен балаларымның алдынан билік тарапынан тосар кедергілердің көбейгеніне қынжылып бітем. Биіктегілер, биліктегілер қызметтерінен қуып, жұмыстарына алмай, сандалтумен келеді. Жан, Марғұлан, Әнел, Әлихан атты төрт немерем бар. Екеуі Испанияда оқып жүрген. Өз қаржы-қаражатымызға. Екеуін бірдей оқытуға қол қысқалығы жібермей, біреуін Алматыға ауыстыртып алдым. Үкіметіміздің «Болашақ» жүйесімен көмектесеміз деген жалған уәдесіне ғана қарықпын. Айтады да, уәдесін үн-түнсіз жылы жауып қояды. Ежелден солай. Өздерінен басқаға өтірігі мен жалғанынан артықты өлсе де қимайтын солардан әбден түңілгенімді тағы қайталап кеткенімді кешір, қарағым. Алтыны көп болса да ақылы жоқ кедейлерден бәрібір біз баймыз. Солай ғой, ә? Осымен тоқтатайық. – Аман-сау жүріңіз, аға. Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан

Ахмет ӨМІРЗАҚ