Франциядағы қазақ бишісі: Еуропалықтарға бай тарихымызды би арқылы насихаттап жүрмін

Франциядағы қазақ бишісі: Еуропалықтарға бай тарихымызды би арқылы насихаттап жүрмін

Франциядағы қазақ бишісі: Еуропалықтарға бай тарихымызды би арқылы насихаттап жүрмін
ашық дереккөзі
Атыраулық Дана Мұса есімді қандасымыз қазір Франция астанасы Парижде көшпелі өркениетке қатысы бар балет түрін насихаттап жүр. Еуропаның талғампаз көрермендері үшін Дананың дара өнері әлі де таңсық. Түркіге ортақ тарихтағы қайраткер, батыр әйелдердің образын би арқылы көрермен назарына ұсынып жүрген қандасымызбен сұхбаттасып, өнер жайлы ой-пікірін білген едік.  – Дана, сізді әмбебап маман де­сек, қателеспеспіз. Режиссер, ба­лерина, хореограф, модель, пе­дагог… Тізе берсек, тіпті қолыңыз­дан келмейтін іс жоқ секілді. Десе де, жаныңызға жақыны қайсы?   – Жалпы, мен бала кезімнен биге қатты әуес болдым. Үйде, далада өзімше концерт қойып билейтінмін. Тіпті, тойда билеп, ақ­ша жинап алатынмын. Сосын би үйір­мелерінің табалдырығын тоздырдым. Ба­летке сол бала күннен басталған әуестік ақы­рында мамандығыма айналып, күні бүгін­ге дейін ынтықтырып келе жатыр. Сол се­бепті бірінші ретте мені балерина деп атаған дұрыс шығар. – Би өнеріне ден қойған сізді Атыраудан арман қуып Алматыға келгенде хореографиялық учи­лище секілді оқу орнында оқыған бо­лар деп ойлап өмірбаяныңызды оқы­сам, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында киноре­жиссер мамандығы бойынша білім алыпсыз. Қазіргі ұстанған ба­ғытыңызды бағамдай отыра,  би мен режиссураны біріктіру идея­сын студент кезіңізде-ақ ойлас­ты­рып қойғанға ұқсайсыз? – Дұрыс айтасыз. Биден бөлек, кино, видео, фото секілді визуалды құралдарға қатты қызығатынмын. Сосын қалың көпшілікке биді тек сахна арқылы емес, сонымен қатар кино, бейнебаян және сурет арқылы жеткізуді көздедім. Мұнымен қоса, камерадан тыс істелінетін жұмыстың барлығы да маған қызық. Десек те, бар ойым биде болды. Алматыға келгенде бірден «Салтанат» би ансамбліне жұмысқа кірдім. Сосын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына кинорежиссура бөліміне оқуға түстім. Мұны оқи жүріп, жеке мектепте заманауи балеттің қыр-сырын үйрендім, бұған қоса, А.Селезнев атындағы Алматы Хореографиялық училищесінде қосымша курстар алып жүрдім. Акаде­мияны бітірген соң, магистратура бойынша Париж, Лондон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес қалаларындағы оқу орындарына құжат тапсырдым, нәтижесінде төртеуінен де оқуға қабылдайтынын растайтын ұсыныс келді. Сөйтіп, Парижді таңдап, жиырма бір жасымда осы елге аяқ бастым. Бұл оқуым­нан бөлек, классикалық балеттен би мек­тебінде білім алып, сонымен қатар, ма­гистратура бойынша Сорбоннада екі жыл би факультетінде оқыдым.  width= – 2013 жылы «Этнобалет» қауым­­дастығын құру идеясы қай­дан туындады? –Сорбоннадағы оқуымды бітірген соң, екі-үш жобаға қатысып, тәжірибе жи­на­дым. Өзім хореограф болған соң, өзімді же­тілдіруге тырыстым, ешкімге тәуелді бол­майын деп шештім. Сөйтіп, қауым­дастық пен жеке мектебімді аштым. Мұны ашқан себебім – этнобалетті шетелдік көрерменге көрсету болатын. Балеттің басқа түріне қызығатындарға бұл жат нәрсе. Мені түсінбейді. Ал менің айтатын сөзім, көрсететін биім бар, сол себепті өз бетіммен ептеп осы істі қолға ала баста­дым. Бірден барлығы іске асып кетті дей ал­маймын, бастапқыда бір спектакль қойып, санаулы адамды биге баулып жүр­дім. Қазіргі таңда бұл ісім оңға басып, ой­лағанымнан асып түсіп, барлығы жақсы өрбуде. – Түсінуімше, сіз насихаттап жүр­ген балет түрі көшпенділердің ру­хани мәдениетіне қатысы бар жеті әйелдің образына негіз­дел­ген. Жалпы, бұл кейіпкерлерді ба­летке кіріктіруге не түрткі болды? – Иә, мен шұғылданып жүрген балет түрі­нің ішінде жеті әйелдің архитипі бар, атап айтсам: «Аңшы», «Амазонка», «Бақсы», «Ша­бандоз», «Пір», «Патшайым» және «Құ­дай ана». Әрқайсысы бойынша бірнеше спек­такль бар. Мұның барлығына қы­зы­ғуыма бала күнімнен тарихты білуге деген қы­зығушылығым себеп болды. Маған Орта Азия халқының, рулардың тарихы өте қызық. Сосын Болат Жандарбековтің «Сақ­тар» атты романын оқыған кезде көзім ашы­лып, көкірегім оянды. Бізде пат­риар­хаттық қоғам болды ғой, ал екі мың жыл бұрын бізде бақсы, жауынгер, патшайым әйелдер бар болғанын оқығанымда мұны бірден сахнаға алып шыққым келді. Та­рихымызда мықты әйелдер болғандықтан, неге мұны би арқылы көрсетпеске деп ойладым. Негізі, біздің көшпелілер мәде­ниеті өте керемет. Бұл спектакльдерден «біз кімбіз, тегіміз кім?» деген сұраққа жауап ала аласыз. Бір күні орыстарға, ке­лесі күні америкалықтарға, енді қазір арабтарға көп еліктейміз. Әркімге еліктей бермей, түптеп келгенде біздің қайдан шыққанымызды білуіміз керек. Біз аспан мен жердің ортасында көшпенді өмір салтын ұстанған халықпыз. Далада еркін өскен әйел де, еркек те ары мен беделін жоғары қояды. Мұның барлығын көрсеткім келеді. – Классикалық балет пен за­манауи балетке ерекше ден қоя­тын Париждің өнер сүйер қауы­мын этнобалет секілді тың бағыт­қа иландыру қиынға соқпады ма? – Жалпы, Париж тұрғындары өте ашық, не билегісі келеді, соны билейді. Француздар негізінен өнерге қатты қы­зығушы халық. Мен ұстанған бағытқа қызықпау мүмкін емес, себебі менікі жаңа нәрсе, тың өнер. Еуропа халқы мұны әлі көрмеген. Қазір классикалық және зама­науи балетпен ешкімді таңғалдыра да ал­май­сыз. Әлбетте, қиындығы да бар. Этнобалет тым танымал болмаған соң, та­машалауға көп келе бермейді, ал кел­гендері тамсанып, алғысын жаудырып кетеді. Алғаш бастаушы болған соң, маған қиын­ға түсетіні анық. Себебі бұл өнер көрер­менді мойындатуды талап етеді. Кейін менен тәлім алған шәкірттерім, менен кейінгі ұрпақ этнобалетті жал­ғастыратын болса, оларға оңайырақ бола­ды деп ойлаймын. Әзірше оңайға соғып жат­қан жоқ. Көбісі күмәнмен қарайды, бір­де-бір спектакльді көрмей жатып, сен­бейді. Әр спектакльдің тарихын білмейді. Сосын көпшілігі африкалық мәдениетпен шатастырады. Францияның отарлығында болғандықтан, этно десе жергілікті жұрт бірден африкалық елдер, соның ішінде Алжирге қатысы бар би деп ұғынса керек. Сосын отырып алып, егжей-тегжейлі түсіндіремін. Десек те, би үйренуге келген ш­ә­кірттеріме әр бидің тарихын ұғын­дыруға тырысамын. Мәселен, өткенде «Бал­бал» атты спектакльдің атауын түсіндірдім. Негізінен, бұл тастың атауы, әрі бұл тарихта болған нәрсе. Кезінде ата-бабаларымыз тастан күш жинап, бұған үлкен маңызбен қараған. Бұл турасында әр қилы түсінік бар, аңыз көп. Десек те, мұның негізгісін түсіндіріп, мағынасын жеткізгенімде олар бұған қатты қызығады. – Маңғыстауда түсірген ки­ноңыз Қазақстанда көрсетілмесе де, түрлі фестивальдерге қатысып жүргенін білеміз. Жуырда әлеу­меттік желідегі парақшаңызда бұл фильмнің Нью-Йорктегі онлайн түрде өтуге мәжбүр фестивальге ірік­теуден өткенін сүйіншілеп жаз­дыңыз. Бізге бейтаныс осы туын­дыңыз туралы айта отыр­саңыз. – Ол киноны түсіруге үш жыл бойы дайындалдым, үлкен армандарымның бірі болды. Сол кезде өзіммен бірге шетелдік достарымды ерте келіп, елді, жерді көр­сетіп, бір мақтанғаным бар. Олар «Қандай керемет жер, мұндай жер бар екенін білмеппіз» деп тамсанып қайтты. Жалпы, шетелдіктер, көшпелі мәдениетке қатты қызығады, тіпті киіз үйдің өзі оларды таңғалдырады. Сол кезде түсірген «Киелі би» атты киномызды былтыр Парижде тұсауын кесіп, артынша түрлі фестиваль­дерге жібере бастадық. Нәтижесінде, Мадридте өткен арт-кино фестивалінің финалисі атандық. Сосын Short Film Corner атты Канн фестиваліне іріктеуден өттік. Алайда қазіргі таңда әлемді жайлаған пандемияға байланысты, бұл шара келесі жылға шегерілді. Ал Нью-Йоркте өтетін әлемдегі ең ірі әрі ең көне Dance on Caméra фестиваліне жолдама алғанымызды кеше естіп, төбем көкке жеткендей болды. Себебі бұл – мұндай фестивальге ұсынылып тұр­ған тұңғыш қазақстандық туынды. Бұл – мен үшін басты жетістік. Себебі менің биім­нен бөлек, менің кином арқылы күллі әлем біздің мәдениетпен етене таныса ала­ды. Егер олар осы туындыны іріктеп алса, демек олардың біздің мәдениетке деген қы­зығушылығы бар деген сөз.  width= – Сөз арасында Қазақстанға тек кино түсіру немесе туысқан­да­рыңызды көріп, дидарласу мақ­сатында ғана келетініңізді түсін­дім. Десек те, әлем тамашалап жүр­ген спектакльдеріңізді Қазақ­станға келіп, бірде-бір рет сахна­ламапсыз. Бұл қалай болғаны? – Иә, осы он жыл ішінде ел жақтан ешкімнен ұсыныс түспеді, негізі өздері қызығушылық танытпаған соң, өзім де қолдау сұрамаппын. Былтыр осында гастрольмен келген Астана опера және балет театры жетекшісінің қасына барып, бір-екі минут әңгімеге тартқанмын. Ол кісі: «Сіз де балетпен айналысасыз ба?» деумен шектеліп, ақырында қолыма визит карточкасын ұстатты. Жалпы, өзімді Қазақстанда кеңінен таныту үшін Қазақстанның ірі телеарналарына немесе Youtube желісіндегі қазақтілді арналардың бірінде сұхбат берсем немесе бәлкім сіздің басылымыңыз арқылы да мені танып қалар, өнерімді керек етер деген үміттемін. Негізі елден сұраныс түсе қалған жағдайда, ішімде «пісіріп, қорытып» жүрген бірнеше жобам бар. Мұнымен қатар, репертуарымдағы бүкіл спектакльді көрсетсем деймін. Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа ірі қалаларда хореограф ретінде жаңа спектакль қойғым келеді. Сосын Алматы мен Нұр-Сұлтаннан басқа қалаларда балетке кәсіби тұрғыда баулитын үйірме жоқ. Бұл өте өкінішті жайт. Себебі биге әуес қыз баланың мамандық таңдау құқығы шектеулі. Өзіңіз білесіз, көпшілігі алыс аймақтан Алматыға келе алмайды. Сол себепті алдағы уақытта өңірлерде кәсіби мектеп ашуға үлесімді қоссам деймін. Мұнда классикалық және этнобалетті ғана үйретіп қоймай, қыздарға дене мәдениетін, еркіндікті сезінуді үйретуді көздеймін. Айналып келгенде мұның барлығы қаржылай қолдауға келіп тіреледі. Жалпы, Францияда атқарып жатқан жұмысымның барлығын өзім істеймін, ешбір қолдаушым да, демеушім де жоқ. Десек те, бұл біздің елге бөтен емес өнер, өзіміздің кәдімгі көш­пелі мәдениетіміздің көрінісі. Мұны қолдау керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта Қа­зақстан тарапынан мені қолдап жатса, қуанар едім. – Елшілік ұйымдастыратын шараларға қатысып жүрген бо­ларсыз. Сол уақытта олардың кө­мегіне жүгініп, елге барып спек­такль қою туралы ұсыныс айтпа­дыңыз ба? – Елшілік ұйымдастырған іс-шараларда бірнеше рет билегенім бар. Десек те, олар маған үлкен жобаға атсалысу туралы ұсыныс айта қоймады. Олар негізінен дәс­түрлі өнерді дәріптеуге баса мән береді. Жақында Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жаңа спектакліме қаражат сұра­ғанмын. Алайда пандемияға байланысты бұл шаруа шешілмей қалды. Негізі мен он жылда бірінші рет олардан өз тарихымызға қатысы бар туындыны іске асыруға көмек сұрадым. Десек те, келер жылы көмектесер деген үміттемін. Сөз соңында оқырман­дарыңызға маңызды бір нәрсе айтып кетсем бола ма?! – Иә, айтыңыз. – Жалпы, адамның дене тұрқы  өте маңыз­ды. Діни ортада әйелдің денесін барынша бүркемелеп ұстауды уағыздайды. Сонымен қатар дінде би жоқ деген кереғар пікір бар.  Ал би тек мәдениеті жоғары елде қалыптасатын өнер түрі. Би – зайырлылық құралы, еркіндік белгісі. Ал зайырлылық Ата заңның бірінші бетінде жазылғандай, Тәуелсіздіктен кейінгі екінші құндылы­ғымыз. Осыдан-ақ би өнері қоғамның қалыптасуына орасан септігін тигізетінін ойлай беріңіз. Көпшілігі мұны дұрыс түсінбей жатады, десек те бұған үстірт қарамай, би өнерінің де әлеуеті мықты екенін біле жүрген жөн. Алдағы уақытта спектакльдерім мен киноларым Қазақ­станда көрсетілетін болса, бидің киесі, маңызын бірден байқайтын боласыздар деп үміттенемін.  

 Әңгімелескен

 Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ