Ілияс – Абай түрлеген модерн әдебиеттің өкілі

Ілияс – Абай түрлеген модерн әдебиеттің өкілі

Ілияс – Абай түрлеген модерн әдебиеттің өкілі
ашық дереккөзі
 Абай – ұлты­мыз­дың ру­хани қор­малы. ХХ ға­сыр ба­сын­дағы қазақ оқы­ғандары Абай­ды «Қазақтың бас ақыны», «Ұлт ақыны» деп жо­ғары бағалап, оның жыры мен сөзін азаттық идеясының тірегіне айналдырды. Қапылысты аласапыран кезеңде Абай кітабын (1909 жылғы тұңғыш басылым) қолына түсіріп, бір емес, әл­денеше рет қайта-қайта зор ынта-пейілмен оқып, шын поэ­зияның, қуатты сөздің қадірі мен биік үлгісін көрген бала Ілияс советтік биліктің екпінімен ер жеткенде Абай туралы және оның поэзиясы ха­қында келелі сөз қозғады. Анығын айтар болсақ, бүгінгі қазақ қауымына мейлінше таныс классик ақын Ілияс Жан­сүгірұлы сол бала күнгі алған әсерінен, Абай поэзия­сына терең бойлаған сезімінен кейін өлең сөздің көгінде жарық сәулелі жұлдыздай нұрын молынан шашып, хәкім биігінде тұр! Сөзімізді тар­қатып айтсақ, Ілияс Жансү­гір­ұлы – Абай негізін салған жаңа заман әдебиетінің төл өкілі, Абай үлгісінде өлең жаз­ған жаңашыл ақын, поэзиялық ой-түсінікке реформалық жаңалық енгізген новатор ақын. Асылында, Ілекеңнің тың­­нан ойлап тапқан сөз-мү­сіні, теңеуі мен кейіптеуі – ұғым­дық, философиялық кате­го­рияға айналған үлкен поэ­­­ти­калық жүйе. Біз Абай не­гі­зін салған жазба әдебиет, оның дамуы туралы айтқанда Ілияс Жан­сүгірұлының шығарма­шы­лығын зерттеу нысанынан ал­шақ қалдыра алмаймыз. Өйт­кені Ілияс – Абай түрлеген мо­дерн әдебиеттің өкілі. Сөз төр­кіні – Абай мен Ілияс шы­ғармашылығының көкөзегі, Абайдың әдеби мұрасын те­рең танып, жіті түсінген әде­биетшінің пікірі турасында.  Ілияс Абай шығармашылығымен қалай танысқаны жайында: «...Жаңылмасам, бұдан бір жыл кейін шығар, ел ішінде иесіз қаңғырған «Қазақ» газеті деген газеттің бір нөмірі қолыма түсті. Онда «Қазақтың бас ақыны» деген Абай туралы мақала бар еді. Абай дегенді алғаш естігенім сол. Кітабын қолыма түсіруге құштарландым. Газетте «Семейдегі Көпбай Байысұлының дүкенінде сатылады» депті. Онысы бір қиямет-қайым төрінде. Мұнан бір жыл соң, қомдаған түйем бар, астық іздеп бара жатып, Ақсу қаласында Қыли мектебінде бірге оқыған Қарабайұлы Сот деген жолдасымның үйіне қондым. Ол сөз арасында Абайдың кітабының біреуде бар екенін айтты. «Бір теңге (сом) тапсаң, мен алып беремін» деді. Әкемнің астыққа берген ақшасынан 70 тиын жырмалап, бір қабын отыз тиынға сатып, сұраған теңгесін беріп, Абайды тауып бер деп жалындым. Ол сол қаладағы біреуден тауып алып келді. Бұл Абайдың алғашқы баспасы еді. Қуана-қуана ат үстінде жол бойы оқып келем. Бұл 1916 жылдың күзі еді. Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап өмірді өлең қыла бастадым. Бірақ сарыны жылау, өмірден наразылық, торығу, өзіңді өзгеден бөлек адам санау сияқты бірнемелер жазылып қалып жүрді. Тақырыпқа да, түрге де Абай торында қалдым. Сол қыста бірталай өлең жаздым. Оның атын «Балдырған» қойдым», – деп өзінің өмірбаянында жазған. Міне, әдебиет жолына қадам басқан талапкердің дүниетанымына, көзқара­сына, ой кеңістігіне Абай ақынның тигіз­ген әсері осындай айрықша болған. «Бал­дырған» деген өлеңдер жинағына енген шығармалардың дені Абай әсерімен, Абай сөзінің ізімен жазылған. Мысалы, Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...» деген өлеңі мен Ілекеңнің «Жанды сөз» өлеңін салыстырып көрелік: Абай: Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар. Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап, Жас балаша көңілді жақсы уатар, – деп жырласа, Ілияс: Ұйықтап жатқан жүректі өлең түртер, Қайғы, зар, қуанышын жақсы түртер. Жүрегімнің айнасын шаң басқанда, Орамалым осы өлең бетін сүртер, – деп өз өрімін салған-ды. Бұл еліктеу де, солықтау да, үйрену де емес. Керісінше, бозбала Ілиястың хәкім Абаймен іштей рухани үндесуі, оның өлең өрнегіне, сөз құдіретіне илануы. Абайды тануы, Абай салған өрнекке, кестелі поэзияға өз сөзін бедерлеуі. Сөз жоқ, ақиқатында Ілиястың поэзиядағы алғашқы шығармашылық ізденісі осылай басталды. Ілиястың 1916-1926 жылдардағы жазған жырларында Абай өлеңдерімен іштей де, сырттай да ұқсастығы мол. Біз сыртқы ұқсастық дегенде өлеңнің тақырыптық, формалық, құрылымдық жақындығын айтып отырмыз. Мысалы, «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұрым» сияқты өлеңдерінің тақырыбы, кейбірінің құрылымы ұқсас болғанымен, ішкі иірімі мен мазмұны әрқилы. Ілияс шығарма­шылығының негізгі қайнар бұлағы – халық тағылымы, ұлы даланың сан мыңжылдық фольклоры мен есті сөздері және Абай өнегесі. Ақын халық тағылы­мын үйреніп, Абайдан үлгі алған және сол Абай қалыптастырған поэзиядағы сүрлеудің арнасын кеңейткен. Мысалы: Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген бөкен сағақ, – деп Абай аттың сыны, қасиеті, мүше-бітімі туралы сөзбен сурет салса, Ілияс түлік төресінің бітімін айшықты бейнелеу мен бедерлеуде Абай өрнегін одан әрі дамытып, күш-қуатын арттырған. Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ, Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ. Қоян жон, жазық жая, жауырынды, Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ, деп келетін «Құлагер» поэмасындағы Күреңбай сыншының Құлагерге берген бағасы сөзімізге дәлел болмақ. Ілиястың кейбір өлеңдерінде Абай үлгісі де, халықтық үрдіс те қатар өріліп, астасып жатады. Мысалы: ...Жұлдызды жиі, ай жарық, Дағдылы көзбен табылар. Жалбырап жапырақ, салбырап, Әр бұтаққа таңылар. Шалғын төсек, тал перде, Жан сүйсінтіп, тән ысып, Ынта айырылмай жанылар... немесе: асау жүрек құр тулап, күзетеді, тосады, көрінбейсің мені улап, елесіңді елес құшады. я болмаса: Сұм жалғаннан, Жаннан, жардан, Таңдаған ем, Тапқан ем, Жанға жақын, Жанға талған, Бол деп қорған, Айтқан ем... Осы келтірілген мысалдардан ұлы Абай­дың өнегесі де, халық поэзиясының өрнек, өлшемі де аңғарылады. Ілияс – эстет ақын. Сұлу сөздің сүлейі. Ілияс қолданған сөздердің бояуы мен көр­кемдігі құнарлы, экспрессивті-эмо­цио­нал­дық жағы басым келеді. Түйдікті образдар, тамаша бай теңеулер, ойды құлпыртып жіберетін тіл көркемдегіш ұтымды құрал­дары, асқан талғампаздықпен үйлескен сөздер – ақын поэззиясының кілті. Бір сөз­бен айтқанда, Ілиястың туындылары – үлкен сезімнің поэзиясы. Ұшқыр қиялға толы шыншыл да, қуатты поэзия. Ілияс поэзиясы туралы айтқанда ай­рықшалап, үстемелеп айтар бір жайт, ол – ақынның поэтикалық тілі турасында. Мысалы, ұста көріктегі балқып тұрған қып-қызыл темірді төске қойып, зілмауыр балғамен қамырша қалай илесе, Ілияс тілдегі сөздерді жүз құбылтып, мың түр­лендіріп, бояуын өзгертіп, ойнатып отырады. «Қызыл тілде буын жоқ» деген халық тәмсілін мейлінше ұққан және соны іс жүзінде көрсеткен. Мәселен, Ілияс «Комбайн» деген өлеңінде комбайнды «Сабан саңғып, дән құсты» десе, ал жау ұшағы туралы өлеңінде ұшақтың бейнесін «Оқ саңғып, қан қақырып, у құсты» деп көр­сеткен. Осы мысалға алынған «саңғу», «құсу», «қақыру» сияқты жағымсыз сөздер­ге әр беріп, мәнді, сырлы ұғымға айнал­дыр­ған. Ескі сүрлеуді бұзып, түр мен фор­маға жаңалық енгізген. Ілияс – абайтанушы-ғалым. Абай поэ­зиясын зерттеген, тілі мен сөз өрнегі тура­лы құнды пікір білдірген әдебиетші. Ілияс абай­тану проблематикасын жіті түсінген, сол проблемалық міндеттерді жіпке тізгендей санамалап, атап көрсеткен. Дәлелдеуді қажет етпейтін бір нәрсе, ол – Ілияс 1916 жылдан бастап Абай шығар­машылығын, Абай мұрасының басылуын әркез назарынан тыс қалдырмаған. Мы­салы, «Тілші» газетінің 1923 жылдың 8 ма­мыр күні шыққан санында ақынның «Абай кітабы» деген мақаласы жариял­ан­ған. Бұл мақалада Абай кітабының 1922 жылғы шығарылымы (Ташкент қаласында басылған, бастырған – Халел Досмұха­медұлы) туралы сыни пікір білдірген. Аталмыш мақаланың ғылыми құндылығы сол, Абай өлеңдерінен жиырма шақты сөз тіркесін мысалға алып, қате басылғанын көрсетіп, олардың дұрыс нұсқасы қандай болуы керегін дәлелмен дәйектеген. Бұл де­геніңіз – текстология мәселесі (мәтін­тану). Яғни, Ілияс Жансүгірұлы алғаш рет Абай шығармаларының текстологиялық мәселесін көтерген және ақынның бір­қатар өлеңіне текстологиялық салыс­тыр­малы талдау жасаған сұңғыла әдебиетші. Ақын осы мақаласында: «Абай шығарма­ларын толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу қажет. Абайды жете білетін Шәкәрім, Мұхтар, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп, осы бастан қам қылып, асықпай, бірнеше жылды мойынға алу керек» деп жазған-ды. 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қа­зақстан» баспасынан Абай шығарма­лары­ның толық жинағы басылды. Бұл – Қа­зақстанда басылған Абайдың ең алғаш­қы кітабы еді (Бұған дейінгі 1909 жылғы алғашқы кітабы Петербор, 1916 жылы Орынборда Самат Нұржанов шығаруымен «Абай термесі» деген атпен екінші кітап, кейінгі 1922 жылы Ташкент пен Қазанда басылған). Дәл осы толық жинақтың ба­сылуында Ілиястың атқарған ісі айрықша, үлесі көп. Мұхтар Әуезовтің құрас­тыруы­мен баспаға дайындалған бұл кітапқа алғысөзді Ілекең жазған. Алғысөз жазған ақын тағы да абайтану мәселесін көтерген. Мәселен «...Бірақ, Абай тексерілген жоқ. Абай әлі түгел жиналып, түгел басылып та­ралған жоқ. Абай туралы толық материал әлі жиналған жоқ. Сондықтан әлі күнге шейін Абайға жазылған толық сын жоқ. Абай туралы мәселелер әлі күнге дейін дақбыртпен, алыпқаштымен, әркім өз ойынша созғылаумен келеді» дейді де, ары қарай ойын: «Сондықтан Абайдың анық кім екендігі, анық қай таптың ақыны екендігі, қандай тарихи орны, әдеби қызметі бар бұл күнге шейін жалпақ көпшілікке әлі тұман, қараңғы. Сондықтан Абайды толық жинап, толық еңбекшілер көпшілігінің алдына тартатын мезгіл жетті» деп жалғастырып, мәселені шешудің мән-жайын көрсетеді. Енді мойындайтын жайт – Ілияс абайтану ғылымына кадр даярлау мәселесін көтерген, оның жөн-жосық (программасын) жазған маман. «Әдебиет майданы» журналының 1934 жыл­ғы №11-12 санына Ілияс Жансүгірұлы­ның «Абайдың сөз өрнегі» деген көлемді мақаласы жарияланған. Бұл мақала – абайтану ғылымы тарихындағы күні бүгін­ге дейін өзінің өзектілігі мен ой құн­дылығын жоймаған ерек ізденістердің біре­гейі. Мақалада толық жинаққа жазған а­лғысөздегі «Абайдың ақындығы» бө­ліміндегі кейбір ой-тұжырымдарын да­мы­тып, ақын шығармашылығының қоғамдық рөлі мен мәніне, көркемдік ерекшелігіне, жеке өлеңдері туралы өткір пікір білдірген. Ілекең осы мақаласымен-ақ ақын Абайға ай­рықша баға беріп, оның шығарма­шылығының негізгі қайнар бұлағын және оның талант-талабының сан қырлы екенін жіктеп, жіліктеп бөлген. Мәселен, ол Абайды ақын ретінде сыншыл ақын, ақыл­шы-үгітші ақын немесе біз тілді (сатирик) ақын, толғаушы (лирик) ақын, шебер суретші (художник) деп тарқата тал­даған. Аталмыш мақаласында: «Абай­дың тілі бай, Абай – қазақ ұғымындағы сөздің сабазы. Тілге Абай құйған нәр көп. Абай – өзінен тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын. Абайдың ақындық қуаты, тілге шеберлігі – оның сөзінің арасына қыл сыймайтындығы. Абай ақындықтың өнері – сөздің іші, сырты екеуі де жақсы, екеуі де көркем болсын деген» деп жазады. Бұл Абайдың шығармашылық кредосына, лейтмотивіне және тілдік қоры мен сөз қолданысына, поэтикалық әлеміне берілген алғашқы ғылыми құнды теориялық тұжырымдар­дың бірі. Осылайша Ілияс ХХ ғасыр ба­сында Әлихан, Ахмет, Міржақып, Сұлтан­махмұт, Жүсіпбек, Мағжан, Бернияз Күлеев, Сәбит Дөнентайұлы, Сатылған Сабатаев, Райымжан Мәрсекұлы, Ыдырыс Мұстамбаев, Нәзипа Құлжанова сияқты Алаш арыстарынан (мұның бәрі М.Әуезовке дейінгі) басталған абайтану ғы­лымындағы ой-тұжырымдардың эволюция­сына өзіндік тың пікір қосады. Ілиястың Абай шығармашылығы тура­лы бұның сыртында тағы басқа мақалалар жазғаны бар, мәселен, «Абайдың әйел теңдігіне атсалысуы» («Әйел теңдігі», 1927, №2); Ғаббас Тоғжановпен авторлық бірлік­те жазған Абай әндері туралы «Қазақстан ән-күйі» («Еңбекші қазақ», 1931, 2 қараша); «Абай жинағы» («Социалистік Қазақстан», 1937, 6 ақпан); Абайдың А.Пушкиннен ау­дарған телтумалары туралы «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» («Қазақ әдебиеті» 1937 жыл, 10 ақпан) сияқты еңбектерін атауға болады. Егер Ілияс сталиндік жаппай жазалау реп­рессиясының құрығына ілінбей, қызыл террордан аман қалғанда, сөзсіз Абай бастаған поэзияның алқабына «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды сөз жауһарларын жазып, әдебиетіміз бен руханиятымыздың қоржынын молайтар еді. Егер ол тайғанақ тағдырында Құлагердей мертігіп, опат болмаса, Абайдың әдеби мұрасы туралы ғылыми еңбек жазып, ұстаз-ақынның өлең­деріне Мүрсейіт Бікеұлы жазған қолжазбамен салыстыра отырып, текс­тологиялық тегеурінді талдауын толық жасар еді... Бүгінгі әлемдік әдебиетпен терезесі тең қазіргі қазақ әдебиеті, әлемдік 6 тілге ауда­рылған поэзия мен прозаның шедеврлік үлгісі тақырдан пайда болып немесе көктен салбырап түскен жоқ. Олай болса, әсіресе, ауыз әдебиетінен жазба өнерге ауысар кезең – ұлы тұлға Абай шығар­машылығы, оның терең тамыры ұлттық әдебиеттің үрдіс көтеріліп, көктеуіне өлшеусіз ықпал етті. Әдебиетіміздегі бұл сияқты жаңа құбылыстар, жазба әдебиетке тән тың поэтикалық өлшемдер туды. Абайдан соң поэзия айдынына аққу қон­дырып, құс тілін жырға қосқан Мағ­жан Жұмабай мен Ілияс Жансүгірұлы, бұлардан соңғы сталиндік репрессия бұлты тарап, қараңғы түн жарыққа айналғанда ұлы дәстүрді Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаев түу биікке көтеріп кетті. Міне, бұл – Абайдан соңғы жазба әдебиеттің жал­ғасы, жеткен жетістігі мен шыққан биігі. Сөзімізді түйіндеп айтқанда, Абай өнері – ақындық өнер. Абай қаламынан ту­ған төлтумалар мен Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағали жазған сойы бөлек, тұрпаты ерек шығармалар – қашанда ұлтымыздың рухани мұрасы, тереңдігіне сіңген нәрі, бары мен нары.

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

әдебиеттанушы