Ғасыр ғұламасы

Ғасыр ғұламасы

Ғасыр ғұламасы
ашық дереккөзі
Әлемдік ғылымға азиялықтар, оның ішінде Орта Азия халықтарының қосқан үлесі зор екенін мойындатқан ұлы тұлғалар аз емес. Солардың арасында осыдан он бір жарым ғасыр әріде біздің жерімізде дүниеге келген ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің шоқтығы биік, даңқы зор.  Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрки (870-950) – философия, социология, фи­зика, математика, астрономия, ботаника, лингвистика, логика және музыка салаларын зерттеген әйгілі ғалым. Өзінен бұрынғы дәуірде өмір сүрген Аристотель, Платон, Пор­фирий, Птолемей секілді жер жүзі білетін ұлы ғалымдардың еңбектерін терең түсінген һәм оларды түсіндірген. Жан-жақты білімінің арқасында Әлемнің екінші ұстазы («ал-муаллим ас-Сани»), шығыстың Аристотелі атанған. Ибн Сина, Әбу Сүлей­мен Сиджистани, Сухраварди, әл-Әмири сияқты әйгілі ғалымдар әл-Фараби жазған дүниелерден нәр алған. Ғалымның туған жері Отырар қаласы орта ғасырларда ғылым мен білімнің ор­дасы болған. Александриядан кейінгі әлем­дегі ең үлкен кітапхана осында орна­ласқан. Әскери қолбасшының ұлы  Әбу Насыр Мұхаммед кітапханадағы жауһар дүниелермен бала кезінен танысады. Бұл әйгілі қаланы арабтар «Фараб» деп атаған. Сон­дықтан ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фара­би, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атан­ған. Әбу Насыр Бұхара мен Самарқанда білімін жетілдірген. Одан соң сол замандағы мұсылман елдері ғылымының ошағы саналған Хамадан, Бағдат, Дамаскі, Мекке, Мәдина шаһарларында болды. Ха­маданда араб тілін үйренсе, Бағдат қала­сында тұрып, ежелгі философия және әлем­дік мәдениет тарихымен танысты. Бағдат қа­ласында медицинамен айналысты. Әбу Ба­шар Матта ибн Юнус (870-920) атты ға­лымнан ежелгі грек тілі мен филосо­фиясын, Юханна ибн Хиланнан медицина мен логика ғылымын үйренген. Кейбір дерек­терге қарағанда, ол 70-ке жуық тіл білген. Әл-Фараби шамамен 941 жылдан бас­тап Дамаскі шаһарында өмір сүрген. Қала шетіндегі бақта қарауыл болып, ғы­лым­мен айналысқан. Сол кезеңде Халаб (Алеппо) әкімі Сейфуддавла Хамдамидтің (943-950) назарына түседі. Халаб кезеңі ға­лым шығармашылығының ең жемісті кезеңі саналады. Фараби сарайда тұруға көнбей, Мысырға кетіп қалады. 950 жылы қайтадан Дамаскі қаласына оралады. Осы жерде өмір­ден озып, «Баб ас-сағир» қорымына жер­ленген. Әл-Фараби 150-ге жуық шығарма жаз­ған. Жалпы, ғұлама ғылымды екі топ­қа бөлген. Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: практи­калық ғылымдар. Бұл топқа этика, фикһ, кә­лам ғылымдарын жатқызған. Ғылыми дүниелерінің ең атақтысы – «Қайырымды қала тұрғындарының көз­қарасы жайлы трактат». Ғалым қала бас­шыларын «қайырымды және надан» деп екіге бөлген. Қала тұрғындары қай кезде ба­қытты болады? Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қала әкімі надан болса, өтірік айтса, тұрғындар бақытсыз болады. Әл-Фарабидің «Музыка туралы трак­тат» атты еңбегі әлемнің көптеген ті­ліне аударылған. Философия саласында грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Мета­физика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэ­тика», «Аналитика» және басқа еңбек­терін түсіндірген. Фарабидің философияның жалпы мәселелеріне арналған «Калом фи-л жавхар» («Субстанция жайлы сөз»), «Уюнул ма­соил» («Мәселелер негізі»), «Китоб фи-л навомис» («Заңдар жайлы кітап»), «Китоб фи-л харакат ал-фалака» («Аспан денелері қозғалысының ізшілдігі жайлы кітап»), ал білім алу әдістері, логикаға арналған «Калом фи-л ақл ал-кабир» («Үлкендердің ақылы жайлы сөз»), «Китоб фи-л ақл ас-сағир» («Жастардың ақылы жайлы кітап»), «Китоб ал-мухтасар ал-кабир фи-л маниқ» («Логика жайлы қысқартылған үлкен кітап»), «Китоб ал-мадхал ила-л мантиқ» («Логикаға кіріспе кітап»), «Китоб ал-бурхон» («Дәлелдеу кітабы»), «Китоби шароит ал-қиёс» («Сил­логизм қағидалары кітабы»), «Рисола фи мохият ан-нафс» («Жан, рухтың мағынасы жайлы рисала») атты еңбектері бар. Философия мен жаратылыстану ғы­лымдарының ғылым ретіндегі маңы­зы мен тематикасы туралы «Китоб фи ихсо ал-улум ва ат-таъриф» («Ғылымның пайда болуы мен сипаты»), «Калом фи маъони исм ал-фалсафа» («Философия ұғы­мының мағынасы жайлы сөз»), «Китоб фи ашё аллати яхто-жу анталлама кабл ал-фал­сафа» («Философияны үйренуден бұрын нені білу қажеті жайлы кітап»), «Таолиқ фи-л хикмат» («Философияға түсініктер»); Математика, геометрия, астроноия және музыкаға арналған «Калом фи-л хийз  ва-л миқдор» («Көлем мен мөлшер жайлы сөз»), «Китоб ал мадхал  ила-л хандасат ал вах­мияти мухтасарсан» («Аспан геометриясына кіріспе жайлы қысқаша кітап»), «Мақола  фи-л жихат аллаяти яссехху алайхо ал қавл  би ахком ан-нужум» («Астрология жайлы пікірлерді дұрыстау әдісі туралы мақала»), «Китоб ул-мусиқа ал-кабир» («Музыка жай­лы үлкен кітап»), «Калом фи-л мусиқий» («Музыка туралы сөз»), «Китоб ул фи ихсо-ил-иқо» («Ырғақ жиынтығы жайлы кітап»); Физика, химия, биология, оптика және медицинаға арналған «Китоб фи усул илм ат-табиат» («Физика әдістері жайлы кітап»), «Мақола фи вужуб саноат ал-кимё ва-р радд ало мубтилухо» («Химия­ның қажеттілігі, оны бекерлеушілерге қарсы жазылған мақала»); Лингивистка, поэзия, шешендік өнері, хаттаттық өнеріне (каллиграфия) арналған «Калом фи шеър ва-л қавофи» («Өлең мен ұйқас жайлы сөз»), «Китоб фи-л хи­тоба» («Риторика жайлы кітап»), «Китоб фи-л луғат» («Лұғат жайлы кітап»), «Китоби фи санъат ал китобат» («Каллиграфия жай­лы кітап»); Қоғамдық-саяси өмір, мемлекеттік басқару, заң, этика мәселелері хақында «Рисола фи-т танбих ала асбоб ас-саодат» («Бақытты болу жолдары жайлы рисала»), «Ас-сиёсат ан-мадания» («Қаланы бас­қару»), «Китоб фи маоиш ва-л хуруб» («Соғыс пен бейбіт тұрмыс жайлы кітап»), «Ас-сийрат ал-фазила» («Ізгі мінез-құлық») т.б шығармалары бар. Ол сондай-ақ араб, парсы тілдерінде өлең де жазған. Ғалымның шығар­малары XII-XIII ғасырдан бастап латын, иврит, парсы және басқа тілдерге ауда­рылған. Қазіргі кезде әлемнің көптеген кітапханаларында ұлы бабамыздың еңбектері сақталған. Ташкенттегі Беруни атындағы Шығыстану институтында ежелгі шығыс ғалымдарының «Хакімдер  риса­лалары» («Мажмуат расоил хукамо») деген атпен 107 шығарма сақталған. Соның ішін­де Фарабидің араб тіліндегі 16 еңбегі бар (Қолжазбалар қоры, 2385 ин). Әлем ғалымдары XIX ғасырдың екін­ші жартысында Фараби шығарма­шылығын игеруге ден қоя бастады. Ең алғаш ғұламаның дүниежүзіндегі ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін зерттеу қажет екенін Г.Сартон, Д.Беркал, А.Койре сияқты ғалымдар ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. М.Штельшнейдер мен Ф.Дитериц Фарабидің философиялық еңбектерін зерттеді. И.Мадкури мен Г.Фармер «Музыка туралы трак­тат» шығармасын француз тілінде жа­риялап, ғылыми түсініктеме жазған. «Мұ­сыл­ман қайта өрлеуі» терминінің енгізілуі мен оған лайықты баға берілуі Фараби мұраларын зерттеуге оң әсерін тигізді. 1975 жылы Фараби мұраларын жете зерттеуге арналған Халықаралық ғылыми конференция (Мәскеу-Алматы-Бағдат) ұйымдастырылып, оған қатысқан ғалым­дардың еңбектері жеке жинақ ретінде басылып шықты. Жалпы, ғұламаны туған еліне қайта табыстыруда Ақжан Машанидің (1906-1997) еңбегі зор. Ол Дамаскідегі баба қа­бі­рін тауып, басына құлпытас қоюға атса­лысты. Ол «Әл-Фараби және Абай» еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғылыми және рухани байланыс мәселесін зерделесе, «Әл-Фараби» тарихи романында бабаның көркем бей­несін сомдады. Фарабидің еңбектерін жинастыру, зерттеу, аудару және оны қазақ, орыс, тәжік, өзбек тілдерінде бастырып шы­ғаруда А.Машани, А.Көбесов, М.Бурабаев, Ә.Дер­бісәлі,  В.Соколов, С.Григорян, Б.Ғафу­ров, М.Хайруллаев елеулі үлес қосты. Биыл ғасырларды артқа тастап, әлемге әлі де ғылым нұрын шашып жатқан ғұ­ламаның 1150 жылдығы тойланбақ. Бұл – айдалаға алтыбақан құрып, алтын қабақ аттыра асыр салатын әлдебіреулер ойлап тапқан ауыл-аймақтың белгісіз батыры, бе­делсіз биінің асы емес, күллі ғаламға белгілі ғалымның тойы. Сондықтан құр даңғазаға жол бермей, шетел кітапханаларындағы баба еңбектерін алдырып, беймәлім дү­ниелерін тани түсу, игі шаралар арқылы қа­зақ елін әлемге таныта түсу қажет деп ой­лаймыз.

Бегабат ҰЗАҚОВ,

жазушы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі