Ғылымға көңіл бөлсеңіз...

Ғылымға көңіл бөлсеңіз...

Ғылымға көңіл бөлсеңіз...
ашық дереккөзі
Әл-Фараби бабамыз «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген екен. Заман сұра­нысына сай ұрымтал, тиімді ғылыми жаңалықтар ашып, оларды өн­діріске енгізе білген мемле­кет­тердің пайдаға кенелгенін, қуа­ты артқанын көріп, ғұ­лама­ның сөзі ақиқат екеніне кө­зіміз анық жеткендей. На­рық заманында эконо­ми­каның ілгерілеуі, әлеуметтік инф­ра­құры­лым­ның дамуы, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету сияқ­ты маңызды міндеттер ғылыми ізденістер мен зерт­теулердің белсенді жүргізілуіне тәуелді. Сондық­тан Қазақстан ғылымды қар­жыландыруды арт­тырып, са­ла­ны реформалауды қолға ал­ды.

Ғылымды қаржыландыру:

Дамыған елдерде – 3 пайыз, Қазақстанда – 0,13 пайыз

Жуырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе көбейіп, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің  1 пайы­зына жететінін мәлімдеді. Сол жиын­да Президент қаржыландыру қалай бөлінуі керегін, қандай жұмыстарды қамтуы қажет екенін айтты. «Біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұ­мыстар мен зерттеулерді қаржы­лан­дыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуі тиіс. Медико-био­логиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы ғылымның дамуына бөгет болып отырған кедергілерді жою мә­се­лесін өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көтерген болатын. «Біздің елдегі ғылымды қаржыландыру – 0,13 пайыз, ал дамыған елдерде – 2,5 пайыз. Бізде өте аз шығын жұмсалады. Сон­дықтан ғылымға бөлінген қаржыны пайдалану тиімділігі төмен. Сарапшылардың пікірінше, ғылымға бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан төмен болса, шығынның толыққанды қайтарымы болмайды. Үкімет осыны білуі керек. Жеке секторды ғылымға тартудың түрлі меха­низмдерін дамыған елдер тәжірибесіне сүйе­ніп жасау қажет. Қазіргі әлемде ғылым­сыз бір қадам алға баса алмайсың», – деп атап көрсеткен. Ғылыми ізденістердің игілігін көріп, табысы мен қуатын еселеп отырған мемлекеттердегі ғылымды қаржыландыру кө­лемін бізбен салыстыруға келмейді. Мә­селен, Франция – 54,4 млрд, Ұлыбритания – 49,7 млрд, АҚШ – 508,3 млрд доллар бөліп, жал­пы ішкі өнімнің 3 пайызын ғылымның дамуына жұмсап отыр. Ал Оңтүстік Корея жыл сайын 58,5 млрд доллар, яғни жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын осы саланы қар­жы­ландыруға бағыттайды. Ресейде де ға­лымдардың ізденісін ынталандыру, ғылыми жаңалықтарды қаржыландыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Мемлекет осы мақ­сатта 15,5 млрд доллар бөліп, жалпы іш­кі өнімінің 1,2 пайызын жұмсап отыр.

Бұдан былай ғалымдар грантты 3 жыл сарыла күтпейді

Елімізде қаржыландырудың жет­кіліксіздігінен ғылыми ізденіс­тер­дің көпшілігі діттеген жеріне жетпейтіні, ға­лымдардың есіл еңбегі көбіне нәтижесіз аяқталатыны құпия емес. Мұны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жасырмайды. Министрдің айтуынша, соңғы өткізілген гранттық жобалар конкурсына ғалымдардан 5 мың өтінім түскенімен, қара­жаттың аздығынан 4 мың жоба кері қай­тарылған. Қаржыландыруға іліккен жо­балардың бюджеті де біршама қысқарт­ы­лыпты. Бұл өз кезегінде жобалардың сапасы мен нәтижесіне әсер етпей қоймасы анық. Жүргізілген зерттеулер елімізде ғы­лыми және ғылыми-техни­калық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейінің төмендігін, ғылыми жаңалық­тардың қолданбалық сипатының болмауын және ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің тиімсіздігін көрсеткендіктен, Үкімет саланы түбегейлі реформалауды қолға алды. Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Алдағы екі жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаймақ. Зерттеу институттарының ғы­лыми инфрақұрылымын жыл сайын жаңартып отыруға қаражат бөлінеді. Ғалымдарды қуантқан тағы бір жаңалық – бұдан былай гранттық кон­курстар бұрынғыдай 3 жылда 1 рет емес, жыл сайын өткізіледі. 3 жыл аз уақыт емес, жаңа­лыққа құштар бүгінгі қоғамда көте­рілген тақырып пен зерттелген мәселенің өзектілігі тез жойылады. Сондықтан грант­қа ие бола алмай қалған кейбір ғалымдар келесі байқауды 3 жыл сарыла күтуді бос әурешілік санап, өз қызметінің бағытын өзгертуге мәжбүр-тін. Бұл мәселе түбегейлі шешілді. Биылдан бастап гранттық және БНҚ (бағдарламалық-нысаналы қаржы­ландыру) жыл сайын жүргізіледі. Сондай-ақ шағын зерттеулер жүргізуге арналған гранттар, іске асырылу мерзімі 1 жылға дейінгі мерзімді гранттар және шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып коллаборация негізінде зерттеулер жүргізуге арналған арнайы гранттар енгізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, енді БНҚ тек нақты ұлттық ғылыми-техникалық мін­деттер негізінде ғана бөлінеді. «БНҚ аясындағы тақырыптардың, мысалы, «Ауыл шаруашылығын дамыту» деген сияқты көбіне кеңінен қамтылғаны жасырын емес. Бұған қаражат бөлініп, әрі қарай ғалымдар өздерінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, қаржыландыруға қол жеткізу мақсатында ғылыми зерттеулерін ұсынды. Нәтижесінде, бағыт қаржыландырылды, бірақ фермерлер нақты нәтижені көрмейді. Көрген күннің өзінде олардың шығыны пайдасынан асып кетеді. Сондықтан ендігі жерде қоғамның немесе нарықтың қазіргі және болжамды қа­жеттіліктерін негізге ала отырып, көз­делген нәтижесінің нақты индика­тор­лары бар міндеттер мен тақырыптар анықталады. Айталық, кең ауқымды «Ауыл шаруашылы­ғын дамыту» деген тақырыптың орнына нақты міндет ретінде белгілі бір топырақ пен климаттық жағдайларда сапалы өнім беретін дақылдардың сұрпын жасау көрсе­тіледі. Яғни қаржыландыру зерттеу мен өнімі бір-бірімен қабыспайтын ауқымды тақырыпқа емес, нәтижеге жұмсалады», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық ғылыми кеңес құрамына кімдер енеді?

Ғылымды қаржыландыру туралы сөз қозғалғанда Ұлттық ғылыми кеңеске (ҰҒҚ) соқпай өте алмаймыз. Бұл – ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы шешім қа­былдайтын басты орган. Ғалымдардан тұратын ҰҒК жобаларды іріктейді, ғылыми бағдарламаларды бағалайды, зерттеулердің мониторингін жүргізіп, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. Бұрын ҰҒК мү­шелерін іріктеудің нақты рәсімі болма­ған­дықтан, ғылыми ортада жекелеген кан­дидаттардың кеңес құрамына енгізілгеніне қатысты дау көбейді. Жобаларды іріктеу жүйесінің әділдігіне сенім азайған соң ҰҒК құрамын қалыптастыру процесі түбегейлі қайта қаралды, оның мүшелеріне қойыла­тын талаптар да қатаңдатылды. Бұдан бы­лай ҰҒК-ға кандидаттарды іріктеген кез­де басты талап ретінде олардың ғылыми қызметінің нәтижесі мен қажеттілігі назарға алынады. Біріншіден, бұл өлшеуге болатын, сенім тудыратын көрсеткіштерге сүйенуге, екіншіден, ғылымның жекелеген са­ласының ерекшеліктерін ескеруге мүм­кіндік береді. Бұдан бөлек, әрбір жобаның сапалы сарапталуы үшін ҰҒК мүшелерінің саны да көбеймек. «Біз халықаралық деректер қорынан ғалымдардың сараланған тізімін жай ғана аламыз да, ең беделді деген ғалымдарды (егер олар өздігінен бас тартпаса және кез келген бір ұйымның басшысы болмаса және т.б.) ҰҒК құрамына қосамыз. ҰҒК құрамында ең мықты ғалымдар болуы керек», – деді А.Аймағамбетов. ҰҒК қызметінің ашықтығын арттыру да – негізгі міндеттердің бірі. Егер бұрын қар­жыландыру туралы шешім жасырын дауыс беру арқылы қабылданса, биылдан бастап нақты өлшемдер бойынша балл қою арқы­лы ашық дауыс беру енгізілді. Сонымен қатар кеңес отырыстарының онлайн көрсе­ті­лімі ұйымдастырылуы ғалымдардың жауап­кершілігін арттырып, қабылданатын шешімдердің жариялылығын қамтамасыз етпек. ҰҒК қызметін жетілдіруге бағытталған тағы бір жаңашылдық – өтінімдерді экономикалық сараптау институты енгізіл­ді. Бұл, біріншіден, сұралып отырған қаржы­ландырудың негізділігін тексеруге мүм­кіндік берсе, екіншіден, ҰҒК-нің өтінім­дерді қаржыландыруды өз бетінше қысқартуына шек қояды. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, қойылған мін­деттерді шешу үшін ғалымдар 50 млн теңге қаражат сұраса, ҰҒК 3 миллионға дейін қысқартқан жағдайлар болған. Салдарынан ғылыми жұмыстардың тақырыбы немесе бағыты қаражат көлеміне сай ауыстырылып, ақша жұмсалып кетіп, зерттеулер нәтижесіз аяқталған көрінеді. Министрлік бұдан былай мұндай жүгенсіздікке жол берілмейді деп сендіріп отыр.

Қазақстанда ғалымдар саны неге азайды?

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта елі­мізде 386 ғылыми ұйым бар. Онда шамамен 22 мың маман жұмыс істейді. Қызметкерлердің 33 пайызында ғылыми дәреже бар. Нақтырақ айтсақ, 1 703 ғылым докторы, 4 240 ғылым кандидаты, 1 045 PhD докторы мен өз саласы бойынша 317 док­тор. Орта есеппен алғанда, бұл 1 млн халық­қа 930 ғалымнан келеді деген сөз. Салыс­тыра­тын болсақ, Қытайда бұл көрсеткіш – 1 235-ке, Грузияда – 1 340-қа, Болгарияда – 2 130-ға, Ресейде – 2 851-ге, ал АҚШ-та 4 256-ға тең. Сәл шегініс жасасақ, 1980 жылы бізде 37 390 ғалым, 1990 жылы 50 627 ға­лым болған екен немесе 1 млн адамға 2 166 ғалымнан келген. Көріп отырғанымыздай, ғалымдарымыздың саны осыдан 30-40 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе азайған. Мәселен, СҚО-да ауыл шаруашылығы сала­сының флагманы – астық шаруашылығында 3 селекционер қалған. Қарағанды об­лы­сындағы өсімдік шаруашылығы инсти­ту­тында да 1 селекционер ғана бар. Оның өзі 75 жастағы зейнеткер екен. Ақпанда Мәжілістің Аграрлық мәсе­лелер комитетінің аграрлық ғылым­ды, білімді және өндірісті интеграциялау мә­селелеріне арналған тақырыптық оты­ры­сында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев агроөнеркәсіптік ғы­лым­ның дамуын тежеп отырған бірден-бір фактор – білікті мамандардың тапшылығы екенін алға тартқан еді. «Солтүстік Қазақстан облысындағы тә­жірибелік станцияда селекционерлер жоқ. Бәрі кетіп қалды. Біз қазір бұл тұрғыда құр­дымға таяп қалдық. Бұлай жалғаса берсе, ай­мақта 10 млн гектар аумаққа сұрып дайын­дайтын маман қалмайды. Егін түсім­ділігінің 40 пайызы дәнге байланысты. Ка­надада, мәселен, 15 жылдың ішінде егіннің түсімі – 29 пайызға, Ресейде – 31 пайызға, Аустралияда 38 пайызға артса, бізде 14 пайызға ғана өскен. Оның өзі біздің жетек­ші шаруа қожалықтардың арқасы», – дей­ді А.Күрішбаев. Әлем елдерінің тәжірибесінен мысал келтірген ректордың айтуынша, түйт­кілді жаңа формациядағы ғалымдарды даярлау арқылы шешу қажет. «Селекциялық ғалымдарды іріктеу жұ­мысы студенттік кезеңнен басталуы тиіс. Зерт­теу университеттерінде аудитория мен зерт­хана, егіс алаңы – бәрі бір құрылымға шо­ғырланған. Яғни студенттік кезеңнен бас­тап мамандарды ғылымға тарту керек. Ол жүйе бізде жоқ. Шетелдік әріптестер біз­ге «реформа көп жасайсыздар, бірақ бас­қару формасын өзгерте бергендіктен, жұ­мыстарыңыз нәтижелі болмайды» дегенді ай­тады. Яғни, біздегі ғылыми-зерттеу инс­титуттары бір министрліктен екіншісіне ауы­са береді. Шет мемлекеттердегі ғылыми-зерт­теу институттары мен жоғары оқу орын­дарында негізгі тұлға біздегідей оқы­тушы емес, ғалым. Олар білім беру ісінің де, өндірістің де жай-жапсарын бес саусақтай біледі. Осыдан барып әр ғылыми жоба сәтті жүзеге асып, білім беру бағдарламалары-ның эволюциясы жүріп жатады», – дейді ғалым.   Мұрат ЖҰРЫНОВ,  Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик:

Ғылымды ғалымдар басқаруы керек

 width= – Кеңес Одағы құрамында бол­ған уақытта Қазақстан ға­лым­дары­ның еңбегі көптің аузында жүрді. Тәуелсіздік ал­­ған соң отандық ғы­лым­ның тірлігі кері кеткендей. Бұ­ған не себеп? – Тәуелсіздік алған жылдары біз ғы­лымды біраз төмендетіп алдық. Өйткені қаржыландыру күрт азайды. Қаржы жет­кілікті болмаса, ғылым алға баспайтыны о бастан белгілі. Кезінде Кеңес Одағы ғылым академиясының президенті А.Александров «Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында Қазақстанның ғылымы тұр» деп айт­қан. Ол уақытта Кеңес Одағының ғылы­мы әлем бойынша бірінші орында болды. Ал Одақтың құрамындағы 15 республи­ка­ның арасында үшінші орынды иемдену – үлкен жетістік. Алайда Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы аумалы-төкпелі кезеңде біз бұл көрсеткішті жоғалттық. Посткеңес­тік елдердің арасында Қазақстан ғылымға ең аз қаржы бөлген мемлекет болды. Тіпті, көршілес Қырғыз Республикасының өзі ғылымның дамуына бізге қарағанда көбірек қаражат жұмсады. Қаржылық қиындық­тарға қарамастан, Армения ғылым акаде­миясын сақтап қалды, ғылымға бөлінетін қаржыны жалпы ішкі өнімнің 0,25 пайызы деңгейінде ұстап тұрды. Ал бізде 0,12 пайыз шамасында ғана болды. Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1 пайы­зына жетпек. Бұл межеге жету үшін жыл сайын қаржыландыруды біртіндеп ұл­ғайту қажет. Мәселен, келесі жылы 0,3 пайыз­ға, 2024 жылы 0,7 пайызға жетуі ке­рек. Ақшаны кезең-кезеңімен игергенде ғана нәтиже болады. Бір жыл қалғанда қар­жыны үйіп-төккеннен ғылым көгер­мейді. Ғылым – инерциялы күш. Айталық, биыл бір тиын бөлмей, қаржыландыруды тоқ­татып тастасаңыз, ғылым өзінің инерция­сымен 2-3 жыл жылжуы мүмкін. Содан кейін тоқтайды. Ал тоқтаған ғы­лым­ды қайта жылжыту үшін қыруар қаржы, көп күш керек. – Қаржыландыру мәселесі ше­шілді делік. Кадр мәселесі ше? Отан­дық ғылымды көгертуге ға­лым­дарымыз қауқарлы ма? –Тәуелсіз Қазақстан ғылымының не­гізін қалаған ғалымдардың көбі ортамызда әлі еңбектеніп жүр. Олардың шәкірттері өсіп-өніп, ғылымның дамуына үлес қосуда. Егер олардың жағдайын жасап, құрал-жаб­дықтарын түгендеп, аспаптарын жаңалап берсе, еліміздің ғана емес, әлемнің кәдесіне жарайтын ғылыми жаңалықтар ашуға қау­қарлы. Ғылыми жаңалық дегеніміз – табиғаттың, материалды әлемнің адамзатқа осы уақытқа дейін белгісіз болып келген жа­сырын құбылыстарын, заңдылықтарын ашу. Ғылыми жаңалық деп тану үшін оны әлем мойындауы қажет. Мәселен, өткен жылы менің ғылыми жетекшілігіммен қазақстандық ғалымдар тобы ғылыми жаңа­лық ашып, титанның сулы ерітіндідегі бұған дейін белгісіз болған постэлектро­лиздік химиялық еру құбылысын анықтады. Яғни титанды бейстационарлық токтармен алдын ала полярлаған кезде оның беткі қабатындағы қабыршығы жойылып, соның сал­дарынан электродтық әлеуетінің мөл­шері өзгергендіктен, қышқылды ері­тінді­лерде химиялық тұрғыда еріп кетеді.  Бұл – осы уақытқа дейін адамзатқа беймәлім болып келген құбылыс, сонымен қатар хи­мия саласы бойынша Қазақстанда ашылған тұңғыш ғылыми жаңалық. Еңбегімізді әуелі халықаралық ғылыми академияға жібердік. Олар сол салада жұмыс істейтін дүние жүзіндегі барлық ғылыми орталықтарға жолдап, пікір білдірулерін, баға берулерін өтінді. Әр елдің ғалымдары пікір білдіріп, мұн­дай құбылысты бұрын-соңды ешкім анықтамағанын айтқан соң ғана жұмысы­мызды ғылыми жаңалық деп тану туралы шешім шығарылды. Бұл қазақстандық ғы­лымның қаржылық қиындықтарға қара­мас­тан алға жылжып жатқанын көрсетеді. – Биылдан бастап Ұлттық ғы­лыми кеңестің мүшелерін іріктеу та­­лаптары күшейтілді. Сіздіңше, бұл органнан кімдерге орын берілуі керек? – Қаражатты ғылымнан хабары бар адамдар бөлуі керек. Ұлттық ғылыми кеңес құрамының жартысы – бизнесмендер. Ғы­лымның не екенін білмейтін адамдар ға­лымдардың еңбегіне қалай сарапшы бола алады? Ғылыми жаңалықтың тағдырын сол саланың жілігін шағып, майын ішкен ма­мандар шешуі қажет. Ұлттық кеңес құра­мына жоғары оқу орындарында дәріс оқып жүрген профессорларды, академиктерді, бір ғана саламен шектелмей, ғылыммен кең ауқымда айналысып жүрген ғалымдарды тарт­у керек. Мәселен, химияның он саласы бар. Оның тек біреуін індете зерттеп жүрген ға­лым басқа салалардың жаңалығын біл­мейді. Тағы бір айта кетерлігі, бұрынырақта қолданыста болған Хирш индексіне сүйенуді тоқтату керек. Бұл көрсеткіш фи­зика теориясымен, математикамен шұ­ғылданатын ғалымдарға қолайлы, ал химия, биология, техникалық салаларға тіпті сай келмейді. Хирш индексі –абсолют­ті көрсеткіш емес. Мәселен, сіз «бес жылдан кейін Арал теңізі Каспий теңізіне қосылып кетеді» деп жаздыңыз делік. Сізге жұрттың бәрі «бұл қайдан шыққан идея, қандай есепке сүйендің, мұның ақылға сыймайды» деп жаза бастайды. Сізді ақымақ, есалаң деп атауы мүмкін, бірақ сізге Хирш индексінің жоғары болуы, яғни жұрттың аузына кө­бірек іліну маңызды. Еуропа елдері үш жылдан бері ғалымдардың еңбегін баға­лаудың бұл әдісінен түбегейлі бас тартты. Ал Қазақстан әлі күнге дейін қолданып келеді. Әлем ғалымдары бұл қазақстандық­тарға не болған деп күлетін шығар. Идеядан басталып, теориямен жал­ғасқан, тәжірибемен ұштасып, өн­діріске енгізілген жағдайда ғана ғылыми ізденістердің мәні болады. Ғылымды ға­лымдар басқаруы қажет. Бұрын Ұлттық ғылым академиясы басқаратын. Қазір бізді шеттетіп тастады. Мемлекеттік орган емес, қоғамдық бірлестік болдық. Бізден басқа ТМД елдерінің барлығында ғылым акаде­мия­сы мемлекеттік орган. Ғылымға қатысты мәселелердің бәрін сол орган шешеді. Ғылым саласын жемқорлық дендегені де жасырын емес. Жемқорлық жойылуы үшін ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарының басшыларын сол институттардың ұжымы жабық дауыс беру арқылы сайлауы қажет. Кеңес өкіметі кезінде Ұлттық ғылым академиясының директорларын академия­ның жиналысында сайлайтын. 200-ге жуық адам дауыс беретін. Қазіргідей көлденең көк аттыны тағайындау деген болмаушы еді. – Бұдан былай гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржы­ландыру 3 жылда бір рет емес, жыл сайын жүргізілетін болды. Қаржы ғы­лымның қай салаларына көбі­рек бөлінуі қажет? – Ең әуелі химия өнеркәсібі саласындағы ғы­лыми ізденістерді қаржыландыруды арттыру керек. Мұнай өндірісі, рудалардан ме­талл бөліп алу – мұның бәрі химия. Екін­шіден, металлургия саласынан ақша аямау қажет. Бізде 6 металлургия зауыты бар. Сол зауыттардың қызметін ғылыми ізденіс­тер­мен сүйемелдесе, ғалымдардың ашқан жаңа­лығын өндіріске енгізсе, отандық ме­таллургияның жұмысы жандана түсері анық. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы ғы­лымдарын қаржыландыруға баса көңіл бөлген жөн. Агрономия, зоотехника, агро­химия, тұқымтану, өсімдік өсіру – бұл са­лалар­дың қай-қайсысы да түптеп келгенде ел экономикасының дамуына серпін берері сөзсіз.