Сенат отырысында 4 заң қабылданды

Сенат отырысында 4 заң қабылданды

Сенат отырысында 4 заң қабылданды
ашық дереккөзі
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодекс жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын талқылады. Нәтижесінде Сенат заң жобаларын талқылау барысында ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, оларды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қаралған заң жобалары отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін береді. «Кодекс жобасы Сенаттың барлық қомитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес, Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзетулер енгізді. Олар, ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды басымдықтарды қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын екі оқылымда қабылдады. Одан бөлек, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы екі оқылымда қабылданды. Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да талқыланып, қабылданды. Бұдан басқа, «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.