Белгілі тұлғаның белгісіз қыры

Белгілі тұлғаның белгісіз қыры

Белгілі тұлғаның белгісіз қыры
ашық дереккөзі
Адам жанының қатпары қалың, жұмбағы көп. Ішкі сырлары мен толғаныс-тебіреністерін, күйініш-сүйініштерін көп адам сыртқа жария ете бермейді. Оны өзіне етене  жақын, санаулы ғана сырлас дос-жар жандарға ғана айтуы мүмкін. Жүрек түкпірінде жатқан көп ешкімге көрсетпейтін, ашық айтыла бермейтін ондай жан сырлары көбінесе жеке адамдардың күнделіктері мен жасырын жырларында жатады. «Адамда сөз болмайды айтылмайтын» (халық әні «Ақбақай») демекші, ондай сөздердің де ерте ме, кеш пе, жұртқа жететін бір күні болады. Міне, сондай көп көзінен тасада ұстап, жеке мұрағатында ұзақ сақтап келген жыр жолдарын 75 жасында жариялаған аса қадірлі ел ағасы 2014 жылы кітабын қолтаңбасымен бізге де ұсынды. Кітапты ашпай тұрып бір таңғалсақ, ашып оқығаннан кейін екінші рет таңғалдық. Бірінші таңғалуымыздың себебі, тіл-әдебиет ауылынан алшақтау жатқан бухгалтерлік есеп, менеджмент мәселелерін зерттеген ірі экономист-ғалым әрі қашанда сабырлы қалпынан жаңылмайтын, салмақты қайраткерді өлең жазады деп ешқашан ойламаппыз. Кітапты ашып оқығанда екінші рет таңғалдырған  салиқалы ғалымның сыршыл жырлары болды. «Жасырын жатқан жырларым» деп аталатын бұл кітаптың авторы – бүкіл елге танымал тұлға, ҰҒА  академигі, белгілі мемлекет қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев. Ғалымның жазған ғылыми ең­бегі­нен оның теориялық білімі мен қа­рым-қабілетін, кәсіби дайындығы мен тәжірибесін, логикасы мен талдау әді­с­терін көруге болады. Сол арқылы оның ғылыми еңбегіне әріптес сала ма­мандары тұрғысынан баға беріледі. Бұл, әрине дұрыс. Бірақ біз белгілі тұл­ғаларды, елдің көрнекті азаматтарын тек маман, ғалым, инженер ғана емес, адам ретінде де танығымыз келеді. Олардың кісілік келбетін, адам­дық болмысын білсек дейміз. Бұл тұр­ғыдан келгенде өлеңді адам­тану­дың, тұлғатанудың кілті десек, қа­те­лес­пейміз. «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп ұлы Абай айтпақшы, өлеңде адамның жан сыры бар. Өлең­нен шығармашыл тұлғаның, оның авторының бүкіл болмысын көруге бо­лады. Мұқағали: «В жизни не знаю, в поэзии не врать» дейді. Өлең – адам жанының шырылы, өлеңде өтірік айта алмайсың. Егер өтірік айтсаң, ол өлең емес. Осы бір шындыққа Көп­жа­сар ағаның жасырын жатқан жырларын оқығанда тағы да көз жеткізгендей болдық. Жырын оқып, жанын ұқ­тық. Ол өлеңді сонау 50-жылдардан, жас кезінен жанына серік етіпті. Жи­наққа енген алғашқы өлеңі «Ал­ғашқы жыр» деген атпен 1956 жылы 18 жасында жазылыпты. «Алғаш жаз­ған бұл жырым – Алаулаған жас жа­лын» деп өзі айтқандай, жастық  ле­бі есіп тұр. Кітабының «Жастық шақ­тың сырлары» деп аталған бірінші бө­лімінде бозбаланың балаң жырлары, жап-жас жігіттің жастық сезімге то­лы өлеңдері топтасыпты. Бөлімді түйін­деп тұрған 1961 жылы жазылған «Мәс­кеуге аттанарда» деген өлеңінде «Көз ұшында қалқам қалып барады, Мөл­тілдеген жасқа толып жанары» дег­ен жолдар бар. Осы жырындағыдай оның жалынды жастығы да ақырын-ақырын алыстап, көз ұшында қала береді... «Өлеңді түнделетіп ұрлап жазам, Әйтпесе тыныш таппай кетер мазам. Өлеңнің құдіретіне басымды иіп, Бұл менің өз-өзіме тартқан жазам», – дейді автор.

Біліммен өрілген өмір

Білімнен қуатты күш, одан мықты қару болмаса керек. Біліммен қару­ла­нып, алған білімін ғылымға бағыттап, тә­жірибемен ұштастыра білген адам­ның алар асуы көп. Ондай адам өзі ғана биіктерді бағындырып қоймай, шық­қан биігінен қарай отырып айналасына, еңбектеніп жүрген саласына, бүкіл қоғамға көп пайдасын тиігізеді. Жасында талапты, ержеткенде білімді, есейгенде ғылымды болған Көпжасар Нәрібайұлы осы санаттағы білім­паз­дары­мыздың бірі. 1960 жылы ҚазҰУ-ды, 1963 жылы Мәскеудегі қаржы институтының аспирантурасын бі­тір­геннен кейін ол бүкіл саналы ғұ­мы­рын білім мен ғылымға арнады. 1964 жылдан Алматы халық шаруашылық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі про­ректор қызметтерін атқарды. 1976-1983 жылдары – Қазақ ССР жо­ғары және арнайы орта білім ми­нистрі­нің орынбасары, 1983-1987 жыл­дары министр болды. 1991-2001 жыл­дары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры. Ол Қазақстан Халық­ара­лық Жоғары мектебінің, Қазақстан педагогика ғылым академиясының, Мәс­кеу Халықаралық Жоғары мекте­бінің академигі. Еңбек жолы, өмір­бая­ны оның білім-ғылымының қаза­нын­да қайнап жетілген, осы саланың ірі қайраткері екенін көрсетеді. Осы бі­лім іздеу мен білім таратуға арналған мазмұнды өмірін ол жырымен былай өрнектейді: Менің барлық өмірім, Білімменен өрілген. Шуағына шомылдым, Шұғыла боп төгілген. Білімпаз өзінің білім саласына ар­на­ған бар ғұмырын осы төрт жол өлеңі­не сығымдап сыйғызып жіберіпті. Бұл жолдар оның өмір-қызметінің бас-аяғын түгел қамтыған түйіні, бар тір­лігінің мәнін ашып беретін формуласы. Өлең өте ықшам әрі сыйымды. Аз сөзде көп мән бар. Өлең иесінің бі­лім жолындағы үздіксіз ізденісі де, бі­лім нұрына бөленген қанағат-қуа­нышы да әдемі әрі дәл бейнеленіп тұр. Басы артық бір сөз жоқ. Осы шу­мақ­тағы ықшамдылық пен тұжы­рым­дылық автордың экономистік болмысын да сипаттап тұрғандай. Бұдан әрі ав­тор ұстаздығы мен көп шәкірт өсір­генін, ғылым жолындағы ізде­ніс­терін баяндай келе өлеңін: Өміріме ризамын, Білімменен өрілген, – деп түйіндейді. Білім дәнін еккен жерің мәуелі бақ­қа айналса, ондай еңбектің жемісін көріп отырып риза болмау қа­нағатсыздық болар еді. Білім ди­қан­шысы ризашылық, қанағатшылдық танытады. Көпжасар Нәрібайұлының өмір са­парында бөктерген қоржынының бір басында білім толып тұрса, екінші басында ғылымы бар. Оның қоржы­ны­ның екі басы да тоқ. Өйткені ол ғы­лым жолында адал ізденді, оған шын берілді.

Азаматтық ұстанымынан айнымаған тұлға

Қоғам, ел алдында, ат үстінде жүр­­ген тұлғаларын көпшілік тек өз кәсібін жақсы білгені, мамандығын жетік меңгергені бойынша ғана баға­ла­майды. Олардың ел мен ұлт мүд­де­сіне адалдығы мен азаматтық ұста­ны­мына қарай да баға береді. Бұл тұр­ғыдан келгенде Көпжасар Нәрі­байұлы­ның азаматтық үні айқын, тұғыры берік, ұлтына адал ұл екені жыр­ларынан анық көрініс тауыпты. Кітабының «Желтоқсан жаңғырығы» бөліміндегі «Желтоқсан» деген өлеңінде ол былай деп жазады: Желтоқсанда бас көтерген жастарды Ұлттық рух, ар-намысы бастады. Ал оларды шын қолдаудың орнына, Қан жосытып, қырып салып тастады. Өлең соңына «29 желтоқсан 1986 жыл» деген дата қойылған. Мұны жа­зып отырған дәл сол күндері лауазым­ды қызмет атқарып отырған Қазақ ССР жоғары және арнайы орта білім министрі Көпжасар Нәрібаев. Академик К.Нәрібаевтың бастама­сы­мен «Ұлттық тәрбие» пәнінің оқу бағдарламасы жасалғанынан, оқу құралдары басылғанынан хабардармыз. Ол «Тұлғаларға тағзым» атты кө­лемді еңбек жазды, Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан «Тұлғатану» ор­талығының ашылуына мұрындық бол­ды. Ел білетін экономист ғалым­ның тағы бір қыры – тұлғатанушы­лы­ғы. Ол халқының тұлғаларын ұрпа­­­ғына танытып жүр. Ірі тұлғалар та­рихты тек өткен шақта ғана суреттемей, өз заманының сөзін де дер ке­зінде айта білген. Көбей Нарбайұлы­ның өлеңінде де қазіргі қоғамның кескін-келбеті мен кемшіліктері де айқын көрініс табады.

Текті атаның ұрпағы

Барлық тіршілік иесі тегіне тартады. Осыны жақсы білген бабаларымыз «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады» деп адамның тегіне әрқашан ерекше мән берген. Біздің халық «тексіз» деген бір ғана сөзбен адам­ды іске алғысыз етіп, қара жерге қа­зық қылып қағып жібереді. «Текті» де­ген сөзбен тұқым-тұқиян, зәуза­тыңмен қосып асылға балап, аспанға бір-ақ шығарады. Бір түбірден өрбіген қарама-қарсы мәнді осы екі сөз қазақ ұғымында адамға берілген бағаның ең зоры мен қоры. Қазақы тәрбие көр­ген кез келген адам өзіне ғана емес, бүкіл ата-бабасына дақ түсіретін «тек­сіз» деген салмағы зіл батпан сөз­ден қорқады. Қазақ баласына «текті атаның баласы» деген сөзді естуден артық марапат жоқ. Сондықтан да ұлт­тық тәрбие көрген әр қазақ ешқа­шан ата-бабасына сөз келтірмеуге, ел намысын қолдан бермеуге ұмтылады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғалым-хатшы бо­лып жұмыс істеп жүргенімде 1996 жылы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің жаңадан құрылып жатқан «Қазіргі шығыс тіл­дері» кафедрасының меңгеру­шілігіне жұмысқа шақырылдым. Кон­курстан кейін ректор құжат­та­рым­мен танысып, жұмысқа қабылдағанын факультет деканы Гүлжауһар Шағатайқы­зынан білдік. Дәл сол жылдары біріміз отызға да толмаған, енді біріміз отыз­­дан жаңа асқан бүгінде елге та­ны­мал ғалым, ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылымының док­торы Амантай Шәріп екеуміз Қаз ҰУ-дың ең жас кафедра мең­геру­шілері қа­тарында болған екенбіз. Бертінде біл­геніміздей, ол да жұ­мысқа дәл осы­лай қа­­­был­даныпты. Кафедраны үш жыл бас­­қарып, док­тор­лық диссертациямыз­ды қорғағаннан кейін жазғы демалыс аяқ­та­лып, жаңа оқу жылы бас­таларда ректор қа­былда­ды. «Жаңа ка­федраның жұмысы жүйеге түсті. Енді осы оқу жылынан бастап, Филология фа­куль­тетіндегі қа­зақ тілі кафедрасын бас­қаруға ба­ра­сың» деп жы­лы сөй­леп, қысқа ға­на қайырды. Ол 50-ден астам оқы­ту­шы жұмыс іс­тей­тін жалпыуниверситеттік үлкен ка­федра еді. Соны ой­лап әрі үйренген ша­ғын ұжымым­нан кеткім де келмей, «Ол кафедра­ның ұжымы тым үлкен ғой» деп әң­гімемді бастап келе жатыр едім, ректор: «Жассыңдар, сендердің нағыз жұ­мыс істейтін кездерің, іске кіріс», – деді. Сөйтіп, Көпжасар Нәрі­байұлы ҚазҰУ-ға басшылық еткен жылдары біз оның қолынан университет дипломын алып, 1996-2001 жыл­дары 5 жарым жылдай кафедра мең­герушісі болып еңбек еттік. Жас­тығымызға, тәжірибеміздің аздығына қара­мастан, жауапты істі сеніп тапсырды, жолымызды ашты. Жаратылысынан алды кең, өзінен кейінгі жас­тарға қамқор болып жүретін ел жақ­сысы министр, ректор және басқа да ірі лауазымды қызметтерді ат­қар­ған жылдары біз сияқты қаншама жас­ты жұмысқа алып, тәрбиелеп, өсі­ріп шығарды десеңізші?! 2001 жылдың шілдесінде Білім және ғылым министрі университет ұжымына жаңа ректорды таныстырды. Сол бір сәт айрықша есімізде қа­лыпты. Алдымен министр, одан соң жаңа ректор сөйледі де, соңынан Кө­бе­кең сөз алды. Өз басым оның жұрт алдында сөйлегенін сонда бірінші рет көр­дім. Қысқа әрі өте мәнді сөйледі, сөз­ге шешен екен. Жиынға қатысу­шы­лар ұйып тыңдады. Сөз аяқталғанда залдағы профессор-оқытушылар орын­дарынан дүрк кө­теріліп, ұзақ қол соқты. Бұл өзі он жыл басқарған уни­верситет ұжы­мының оған деген ыс­тық ықыласы, зор құрметі еді. Ұжым­ның оған деген шын риза­шы­лы­ғы, қимастығы анық сезіліп тұрды. Сол жолғы сөзінен де басшымызды на­ғыз зиялы, ой-өрісі кең, өресі биік, көр­некті тұлға ретінде тани түстік. Арада бір-екі ай өтпей-ақ біз де Астанаға Мәдениет министрлігіне жұ­мысқа шақырылып, елордаға қо­ныс аудардық. Одан кейінгі он бес жыл­дай уақыт ішінде Көпжасар аға­мызбен кездесудің сәті түспепті. 2014 жылы ағамызға кіріп амандасудың реті келді. Қабылдауында бір-ақ рет болған басшымыздың есінде қала қоймаған шығармыз деп, өзімді та­ныс­тыра бастағанда: «Терминология мәселелерін жүйелі зерттеп жүрсің. Еңбектеріңмен таныспын. Мақа­ла­ларың­ды оқып тұрамын», – деді. Сөз болып отырған жыр кітабы мен «Тұл­ғаларға тағзым» атты еңбегіне қол­таң­басын қойып берді. Арада көп жыл өткенде жиі жиналыс өткізе бермейтін ректорымыздың ұжым­дағы әр қызметкері жөнінде жақсы білгеніне және өз кадрларының бет алысын, өсіп-жетілу жолын қадағалап отыратынына көз жеткіздік. Сонымен қоса, қайраткердің тек экономика мәсе­лелерімен ғана айналысып қоймай, ұлт руханиятына, тіл мәсе­лесіне де көп көңіл бөлетінінің және жадының бе­ріктігінің куәсі болдық. Бұл да бекзат болмысты зиялы тұл­ғаның тек­тілігінің, ұлттық құнды­лықтарға адал­дығының көрінісі. Сексенін еркін еңсеріп, ақырын жүріп, анық басып келе жатқан сүйегі асыл академиктің са­насы сергек, ойы тұнық. Ал бойы бі­лім-парасатқа тұнып тұр.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

филология ғылымының

докторы,  профессор