Түркі бірлігінің алтын арқауы

Түркі бірлігінің алтын арқауы

Түркі бірлігінің алтын арқауы
ашық дереккөзі

Тұтас түркі әлемін түгендер бол­сақ, ол өте кең аумақты алып жатыр. Көне дәуірдегі көшпенділер тұсында олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болды. Түркі тектес тайпалар негізінде талай мықты хандықтар, империялар өмір сүрді. Отырықшылық мәде­ниетке көшіп, елдердің шекарасы белгіленген кезеңдерден бастап түркі тайпалары бір-бірінен ал­шақ­тай бастады. Кешегі кеңестік билік тұсында олардың бас қосуына тіптен де мүмкіндік болмады. Кеңестік жүйе ыдыраған соң ғана туысқан халықтардың рухани-мәдени байланысы арта түсті. Осы кезеңде түркі әлемі басшыларының бір үстел басына жиналып, ортақ мәселені талқылауына Нұрсұлтан Назарбаев­тың қосқан үлесі өл­шеусіз. Елба­сының осынау еңбегін бағалаған түркітілдес ел басшылары оған түркі әлемінің Жоғары орденін табыс­таған болатын. Салтанатты марапаттау шарасы өткен жылы қазан айында Әзербайжан астанасы Баку қаласын­дағы «Түркітілдес мемлекеттер ын­тымақтастық кеңесінің мә­жілісі» ке­зінде болды. Сонымен қа­тар осы жиын­да Нұрсұлтан Назарбаев­қа «Түр­кі кеңесінің Құрмет­ті Төрағасы» мәр­тебесін де берді. Туысқан түркі халықтары Қазақстанды  байырғы атажұрты деп есептейді.  Қазақ хандарының бас ордасы болған Түркістан қаласына облыс мәртебесі бе­рілгеніне де 1 жылдан асты. Түркістан – түркі халықтарының алтын бесігі.  «Қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Халқымызда «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Ясауи» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас тұран даласының, түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын түрік әлемінің мәдени астанасы деп жариялады. Осыған орай мұнда ТҮРКСОЙДЫҢ қолдауымен 40-тан астам іс-шара өткізілді. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп танылды. Осының барлығы  Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды», – деген болатын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының ашылу салтанатында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлемі арасындағы бірлікті нығайта түсу жолындағы еңбегі жөнінде туысқан түркі ғалымдары мен ТҮРКСОЙ Бас хатшысының пікірі төмендегідей.  

Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ,  Түркі мәдениеті және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы:

 Түгел түркінің қадірлісі

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – түркітілдес елдердің мемлекет басшыларының да, қарапайым халқының да арасында әбден танымал болған, мойындалған, түркі әлемінде елдің бәрі ерекше жақсы көретін тұлға. Кезінде Түркияның 11-президенті Абдуллах Гүлдің «Тұтас түркі әлемінің дана ақсақалы» деген бір ауыз сөзі, қазір ол кісіге деген құрмет пен мәртебенің синониміне айналды. Елбасы сонау тәуелсіздік жылдарының бас кезеңінен бастап-ақ, бауырлас түркітілдес халықтардың мәдени байланыстарына басымдық берді. Соның арқасында түркі халықтары арасындағы алғашқы халықаралық ұйым – ТҮРКСОЙ ұйымы 1993 жылы, еліміз енді ғана бодандық бұғауынан босап жатқанда құрылып, қызметіне кірісті. Кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ТҮРКСОЙ-ға серіктес ұйымдар – ТүркПА,Түрік кеңесі, Түркі академиясы, Түркі мұрасы және мәдениеті қоры сияқты түркітілдес елдердің интеграциялық ұйымдары да құрылды. Бүгінде аталған ұйымдардың үйлесімді қызметінің арқасында түбі бір түркі елдері арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік байланыстар жоғары деңгейге жетті. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына Бас хатшы болып қызметке келгелі ол кісінің біздің ұйымға деген ерекше ықыласына, қуатты қолдауына бірнеше рет куә болдым. Тіпті, осы қызметке келуіме де Елбасының тікелей тапсырмасының себеп болғанын айтуға тиіспін. Біздің ұйымдағы кейбір ірі жобалар мен игі дәстүрлердің қалыптасуына да ол кісінің септігі тиді. Мәселен, Елбасы Н.Назарбаев 2009 жылғы Түркияға жасаған ресми сапары аясында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтеріне арнайы келіп, ұйым жұмысымен танысты. Осыдан кейін түркітілдес елдердің мемлекет басшыларының ТҮРКСОЙ-ға келуі бір жарасымды дәстүрге айналды. Штаб-пәтерге келген осы сапарында ол халықаралық ұйым туралы «ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының ЮНЕСКО-сына айналуы қажет» деген дуалы сөз айтып, біздің биік межемізді де белгілеп берді. Кейін біз ЮНЕСКО ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойып, әлемдік аренада бірлескен бірнеше жобаны іске асырдық. Соның арқасында ұйымның танымалдығы, халықаралық беделі артып, әлемнің түкпір-түкпірінен тиімді жаңа жобалар туралы  ұсыныстар алдық. Елбасының «ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының ЮНЕСКО-сы» деген сөзі ұйымның екінші атауына айналды. Бұл тіркес қазір түркі әлеміндегі саясаткерлердің, журналистердің, өнерпаздардың  сүйікті сөзтіркесі болып, қолданысқа еніп кетті. Сондай-ақ қазіргі кезде халықаралық ұйымның ең танымал жобаларының біріне айналған «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы ең бірінші рет 2012 жылы Астана қаласында аталып өтті. Ірі жобаның алғашқы рет Астанада өткізілуін де Елбасы ұсынып еді. Құдайға шүкір, қазір бұл жоба ТҮРКСОЙ-дың ең сәтті жобасына айналды. Астанадан кейін 2017 жылы Түркістан қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланып, көп ұзамай көне қала облыс орталығына айналды. Мен тек ТҮРКСОЙ ұйымына қатысты бір-екі мысалды ғана айтып отырмын. Әйтпесе, ол кісінің бауырлас түркі халықтарының мәдени байланыстарының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесінің берілуі Елбасының түркі әлеміндегі талассыз танымалдығы мен биік беделінің арқасы деп білем.   Сердар ЙЫЛМАЗ, Мугла Сыткы Кочман университеті Саясат және халықаралық қатынастар бөлімінің мүшесі, PhD докторы:

Түркі әлемінің ақсақалы

– Батыстағы Балқан түбегінен бас­тап Шығыстағы Тұнық мұхитқа дейін, Солтүстік Мұзды теңізден бас­тап Тибетке дейінгі 11,2 млн шаршы ша­қырым аймақ түркі халықта­ры­ның мекені екені айқын. Патшалық Ресей мен Кеңес Одағының қысы­мы­мен көп жыл бойы өздерінің жеке ұлт­тық құндылықтарын сақтаған түр­кі халықтары 1991 жылы тәуел­сіздігін жариялап, бірге әрекет жасау жолдарын іздей бастады. «Біз ұзақ жылдар бойы біреудің қоластында өмір сүріп келгенбіз, енді біз олай өмір сүргіміз келмейді» деп айтқан және Түркі халық­тарының тең әрі егемен ел ретінде қа­лып­тасуын қа­лаған Нұрсұлтан Назарбаев, бүгінгі күнге дейін құрылған және барлық түркі халықтарының назарын аударатын маңызды ұйымдарды құруда бастама көтерді. Түркі болмысын, тілін, тарихы мен салт-дәстүрін білетін, білімді, зерт­теуші ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ, ТҮРКПА, Түркі кеңесі және Түрік академиясын құруда ті­ке­лей жауапты тұлға болды. Қара­бақты Армения басып алғанда Әзер­байжанды қолдады. Ол Орталық Азия­дағы түркі мемлекеттері ара­сын­дағы шекаралық мәселелерді қақ­тығыссыз шешуге атсалысты. 1991 жылдан бері Түркі әлемімен бай­­ланысты нығайтуда бірлік пен ын­ты­мақтастықтың қаншалықты маңызды еке­нін көрсетті. Назарбаев «біз ірі мемлекеттер үшін шикізат көзі боламыз немесе күш біріктіріп, әлемдік аренада маңыз­ды рөл атқарамыз» деп Орталық Азия мем­лекеттерінің одағын құруды ұсын­ды. Түркі мемлекеттерінің күш­терін біріктірген кезде ғана әлемдік саясатта басшылық ететініне сеніммен қа­раған. Ра­сында Н.Назарбаев Түркі әле­мін жа­қындас­тыру­да көрсеткен орасан қызметтері үшін түркі әлемінің «Ақсақа­лы» атанған. 2018 жылы жарияланған «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» атты мақала­сын­да түркі болмысы, тілі мен тарихы қаншалықты терең және құнды еке­нін тілге тиек ете оты­рып, Назарбаев бұл құндылық­тары­мызға ие бо­лып, келер ұрпақтарды тәр­бие­леу­ге кеңес берді. Назарбаев айтқандарын теория жү­зінде қалдырмай, керісінше іс жү­зінде жүзеге асырды. Мәселен, Азия және Жібек жолы өркениетінің ортасында «Астана» атты заманауи әрі әсем қала құрды. Оң­түстік Қазақстан об­лысын Түркістан об­лысы деп ата­ды. Ол түркі мемлекеттері­нің ара­сын­да ортақ тілге ие болу үшін ки­рил­лицадан латын әліпбиіне ауыстыруды қолдады. Назарбаев Қазақ­стан Парламент Мәжілісінде қазақ­ша сөйлеуді талап етті. Сонымен қа­тар өткен ғасыр­дағы түркі әлемі­нің ең ірі тұлғасы Мұс­тафа Кемал Ата­түріктің мүсінін Қа­зақ­станның ас­танасы Нұр-Сұлтан қаласында ор­нат­ты. Тек қана түркі мемлекеттері ара­сында ғана емес, аймақтық және жаһандық оқиғаларды да бейбіт жолмен шешуге атсалысты (Астана процесі, Түркия мен Ресей арасын­дағы ұшақ дағдарысы). Назарбаев өзінің жан-жақты саясатымен ай­мақтық және жаһандық бейбітші­лікті негізге ала отырып, түркі әле­мі­нің Ақсақалы екенін көрсетті. Түркі мемлекеттері басшы­лары­ның арасында түркі болмысына жа­қын және «түркілік болмысын ұрпа­ғымызға және әлемге үйретейік» деген Н.Назарбаев, түркі мемлекеттері арасындағы мәдени және эко­номикалық байланыстардың жет­кіліксіз екенін білдіруде. Ол үшін әрбір түркі халқы жауапкершілікті өз мойнына алуы керек екенін тілге тиек етті. Көптеген Түркі мемлекет басшылары айтқандарын іске асырмады, ал Нұрсұлтан Әбішұлы нақты жобаларға қадам басты. Түркі мемле­кеттері қиын жағдайға тап болғанда, ол бейжай қара­май, мәселемен жа­қын танысу үшін сол аймақтарға барды. 15 шілдедегі Түркияда орын ал­ған төңкеріс әрекетінен кейін Түр­кияға алғашқы болып барған лидер Назарбаев болды. «Түркияның жауы – біздің жауымыз», – деп айтқан Н.Назарбаев Түркия мен басқа да түркі мемлекеттерімен бірге екенін көр­сетті. Егер сіз түркі әлемінде жауапты, өз салт-дәстүріне, түркі болмысына және та­рихына шынайы берілген тұл­ға ізде­сеңіз, Нұрсұлтан Назарбаев сіз іздеген көш­басшы.   Нергис БИРАЙ, Памуккале университетінің докторы, профессор:

Еңбегі ерен

– Назарбаев түркітілдес мемлекет бас­шыларының ішіндегі ең үлкен көш­басшы болды. Стратегиялық және бейбіт шешімдері арқылы, әсіресе түрік республикаларымен берік қатынас орнатты. Оның «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде нақты, ұқыпты және шебер жол картасы жатыр. Оның бұл жұмыстан қаншалықты дана екенін де түсінеміз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ол Қазақстан азаматтарының тарихи және ұлттық санасын ояту мен нығайтуды ғана мақсат еткен жоқ. Сонымен қатар ол бүкіл түрік әлемінің оянуын жеделдетуге бағытталған. Біздің түрік болмысымыз, тарихымыз, шығу тегі мен мәдениетімізді қорғау арқылы жаңа ұрпақ тәрбиелеуіміз керек деп баса айтты. Назарбаев Ататүріктің түрік мемлекеттері ең қиын күндерде де бір күн тәуелсіздікке қол жеткізеді деп болжағанын, бұл көрегендіктің мысалы екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев өз аймағында да, әлемде де бейбітшілікті на­сихаттайтын және түрік әлемін жақын­дастыратын саясат жүргізді. Назарбаев нақты, ұқыпты және байсалды ұлттық сыртқы саясат жүргізді, әрі түрік әлемімен ынтымақтастықты нығайтты. Осылайша, түркі өркениетін әлемге танытуға жол ашты. Осы зерттеулерді жоғары деңгейде және тәртіппен жүргізу үшін барлық түркітілдес мем­лекет­тер, Парламенттік Ассамблея, Ақ­сақалдар кеңесі және түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңестерін құру үшін бірігіп, осы келісімдерге қол қой­ды. Ақылды көшбасшы өз сөзінде еура­зиялық идеалға негізделген әлемдік түр­кілерді біріктіру идеалын таратуға ниетті екенін мәлімдеді. Осы бағыттағы Қа­зақстан мен басқа да түркі елдері бай­ланыстарының ТҮРКСОЙ Халықаралық Түрік мәдениеті ұйымы, Экономика және ынтымақтастық кеңесі құрылды. Содан кейін Түрк кенеши құрылды және түрік әлемінде жалпы тарихты білетін Халық­аралық Түрік академиясы құрылды. Түрік әлемінің инженерлер мен сәулетшілер одағы сияқты халықаралық институттар мен ұйымдар инженерлік, сәулет және урбанизм саласында бірлесіп әрекет ете отырып құрылды. Түрік әлемінің ынтымағындағы маңыз­ды қадамдардың бірі – әліпби мә­селесі. Бұл мәселе 20 жыл бойы әлі толық ше­шімін таппай келе жатқан. Бұл жө­ніндегі ғалымдардың алғашқы бас қосуы 1991 жылы қараша айының 18-20 күндері Стамбұлда Мармара университетінде болды. Осы жиналыста нақты шешімдер қабылданды. Жиналысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түр­кіменстан және Түркияның тіл сала­сындағы 28 ғалымы қатысты. Ғалымдар бүкіл түркілердің 34 таңбадан тұратын латын негізінде ортақ алфавитке көшу керегін айтты. Сондай-ақ оның 34 таңбалық үлгісі қабылданды. Елбасы  Н.Назарбаев 2000 жылы 14 желтоқсанда Қазақстанның латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіріп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшу керегін айтты. Н.Назарбаев Қазақстанның барлық түрік халықтарының қасиетті ата-баба мекені екенін, қазақтардың кең даласынан әлемнің көптеген аймағына тараған түрік тайпаларының басқа елдер мен аймақтардың тарихи процестеріне маңызды үлес қосқанын айтты. Түрік кеңесінің «пікірлерінің атасы» болған Назарбаев 1992 жылдан бері он бес рет өткізіліп келе жатқан Түрік пре­зиденттерінің саммитіне қатысып, Түркі кеңесінің көптеген жобаларында бастамашы болды. Назарбаевтың түрік әлеміне қосқан үлесі жауапсыз қалмады. Ол «Түркі кеңесінің құрметті президенті» атанды. Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлеміне көбірек үлес қосатынын білеміз, оған ұзақ сау өмір тілейміз.