COVID-19: Әлемде індеттен көз жұму көрсеткіші төмендеді

COVID-19: Әлемде індеттен көз жұму көрсеткіші төмендеді

COVID-19: Әлемде індеттен көз жұму көрсеткіші төмендеді
ашық дереккөзі
Әлемде коронавирустың таралу қарқыны күшейді. Daily Mail басылымының жазуынша, мамырдың алғашқы аптасында күн сайын індет жұқтырудың 86 мыңға жуық жаңа дерегі тіркелді. Алайда соңғы аптада бұл көрсеткіш күрт көбейіп, тәулігіне шамамен 114 мың науқас анықталды. Індеттің таралу қарқынының күшеюіне Үндістан, Ресей және Оңтүстік Америка елдерінде  науқастар санының артуы себеп. Десе де, әлемде COVID-19 індетінен көз жұму көрсеткіші төмендай бастады. Ең жоғары көрсеткіш 16 сәуірде тіркеліп, 1 миллион адамға шаққанда 1,35 өлімді құрады. Бүгінде өлім көрсеткіші екі есе төмендеп, 1 миллион адамға шаққанда 0,67-ге түсті. Мамырдың басында тәулігіне 5,1 мың науқас көз жұмса, соңғы күндері індеттен қайтыс болғандар саны 4,3 мыңға дейін азайды. Миландағы Сан-Раффаэль ауруханасының басшысы Альберто Зангрильоның айтуынша, бұл көрсеткіштер вирустың әлсірей бастағанын көрсетеді. Дәрігердің болжамына сүйенсек, індетті бұрынырақ жұқтырғандарға қарағанда соңғы тіркелген науқастарда патогендер саны біршама аз. Алайда бұл теория әлі дәлелденбеген. Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 6,7 миллионнан асып жығылды. Қатерлі вирустан 394 984 науқас көз жұмды. Ал Қазақстанда 12511 адамнан коронавирус анықталды. Індеттен 6903 адам емделіп шықты. Дерті асқынған 52 науқас көз жұмды.