Шана шаңырағының шырақшысы

Шана шаңырағының шырақшысы

Шана шаңырағының шырақшысы
ашық дереккөзі
Сексеннің сеңгіріне шыққан Балтабай Кәбираұлы – Баянауыл ауданы Жарылғап ауылының байырғы тұрғыны. «Мен» деген мінезден ада, сөзге сараңдығынан да шығар, Балтабай қарияның тек тарихы мен кеудесіндегі қазынадан былайғы көпшілік бейхабар. Шанадан Мұстафа, Құрман­бай, Тұрғынбай, Жүргін­бай, Нұр­­шекей атты бес ұл туса, Жұ­мат – Тұрғынбайдың баласы да, Балтабай Кәбираұлы – Шана­ның кенжесі Нұршекейдің немересі. Атаның шаңырағы – сонау Алматы, Түркістан, Қарқаралы­дан Шаниннен тараған ұрпақ­тардың іздеп келіп, ат байлайтын түпқазығы. Балтабай атаның әкесі Кәбира Ұлы Отан соғысынан орал­маған. Әскери мәліметтер базасынан қарап, 1902 жылы туған Кәбира Нұршекейұлының соғысқа дейін поштада қызмет еткенін, 1942 жылғы 28 желтоқ­санға дейін 44-ші запастағы атқыштар полкінің 2-марштық пулемет ротасында болғанын білдік. Ғаламторда «Ортаазиялық әскери округ 3-атқыштар бри­га­да­сының құрамында бол­ған 44-запастағы полктің дис­ло­ка­ция нүктесі Қаз КСР Пет­ропавл қаласы болды» деген ақпарат кездесті... Кішкентай күнінде әкесінен Орлов жақтан хат, одан соң қара қағаз келгені Балтабай атаның еміс-еміс есінде. Біз тапқан тағы бір қызық сәйкестік: Балтабай ата тұратын Күркелі ауылдық округінен шыққан, соғыстан бір аяқпен оралған Әбди ата да осы 44-за­пас­тағы пуле­мет полкі құра­мын­да болыпты. Жер-судың атын тарихтың хаты десек, Күркелі маңында Шана бабамыз бен оның айналасына қатысты Шана қыстауы, Алтыбай деген жер атаулары бар. Шана қыстауы бұрын Қара­тал атанған, кейін Қараған­ды облысының аумағына өткен жер болса, Алтыбай елді мекені Жұмат­тың нағашысының есімімен аталып кеткен. Ел тарихынан сыр шертетін көне атауларды кейінгіге жеткізушінің бірі де бірегейі – осы Балтабай атамыз. Ол жөнінде Жарылғап ауылы­ның тумасы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универ­си­тетінің аға оқытушысы Ернар Кейкин де пікір білдірді. – Балтабай ата – елге тамырымен байланған, шетке шыға қоймаған адам. Ауылымыздың азаматтары негізінен техникаға әуес болса, Балтабай ата шопан таяғын ұстауымен ерекшеленді. Құймақұлақтық қасиетке ие. Кеудесі Жарылғап ауылындағы жер-су атауларының энциклопедиясы деуге болады. Атаның білетіндерін ауылда ешкім білмейді. Мінезі тұйықтығынан болар, жер атауларының тарихын әңгімелеп, насихаттай қой­май­ды. Былтыр барып атамыз­дың осы салада білетіндерін өзіме қотарып алдым. Жарылғап ауылының жер-су атаулары туралы жазып жатқан кітабымдағы мәліметтердің 60-70 пайызы – осі кісіден естігенім. 80-жылдары Қаражардан Жұмат Шанин ауылына жол тартқанда Балтабай ата ақысын өзі беріп жер қаздырып, Жарылғап ауылына бұрылыста мал суару үшін суды бөгейтін тоған жасатқан екен. Сол жерді кітабыма Балтабай тоғаны деп енгізудемін. Сондай-ақ Балтабай балағаны деген де жер бар, осы кісінің қой баққан жайлауы, – деді Ернар. 1992 жылы Жұмат Шанин­нің туғанына 100 жыл толуына орай, қазіргі Күркелі ауылының орнындағы Южный кеңшары­ның атауы Жұмат Шанин ауылы болып өзгерген еді. Сол жылы ауылда шағын музей ашылып, Балтабай ата сол музейге бірегей жәдігер – Жұматтың түйе жүні­нен тоқылған шекпенін қосты. Өкінішке қарай, кейін сол музей таратылып, шекпен Балта­бай атанікіне қайтып келді. Кейін, тіпті Жұмат Шанин ауы­лы­­ның атауы Қапар ауылы болып өзгеріп шыға келді. Бертін осы шекпенді Балтабай атаның қызы Пәкизатқа үйдегі жүк ара­сы­нан тапқызып, жоғалып кет­пе­г­е­ніне көз жеткізген соң, «Қазақ әдебиеті» газетінде (15.09.2017 ж.) «Шаниннің шекпені табылды» деп сүйіншілеп мақа­ла да жазғанбыз.  Ол туралы Балта­бай ата: «Атамыз Нұршекей – Шананың бес ұлының кенжесі. Ал шекпенді Мұстафаның (ол да Шананың ұлы) баласы Бейсенбай марқұм Жұматтікі деп маған берген», – деп сыр шерткен. 2017 жылы Күркеліде Жұмат Шаниннің 125 жылдығы тойланып, Балтабай атаның шаңыра­ғында Шанадан тараған ұрпақ­тар бас қосты. Сол жолы Жұмат­тың інісі Әкіштің Қасымханынан туған Жанат апай мен Болат ағаны көріп, театр әртісі болған Райхан Қасымханқызымен тілдескен едім. Болат ағамен бірге мерейтой аясында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ұйымдасты­рыл­ған «Театр. Мәдениет. Руханият. Қазіргі заман» атты респуб­ли­калық ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияға қатысу мүмкін­ді­гіне ие болдым. Сонымен қатар тойда Құрманбайдың немересі Раушан Шанина мен жұбайы, Шана шаңырағының тарихына жетік Сағынбай Сыздықовпен, Қаламқас Теміржанқызы Құр­ман­бай немересімен таныс-біліс болдым. Жұмат Шанин есімі өз ауылына қайтарылсын деп өз басым әр жылдары республикалық және жергілікті басылымдарда он­нан аса мақала мен хат жа­зып­­­пын. Бірнешеуін атап өтейін: «Төрт атауы бар ауыл тағдырын кім шешеді?» («Алаш айнасы, 08.11.2011), «Жерлестері Шаниннен неге жерініп отыр?» («Егемен Қа­зақстан», 17.04.2014), «Күркелі жас­тары Жұмат Шанин атауын қолдайды!» («Алаш айнасы, 11.10.2016), «Шана қыстауынан Жұмат Шанин ауылына дейін» (Жұмат Шаниннің 125 жылды­ғы­на арналған «Театр. Мәдениет. Руханият. Қазіргі заман» жинағы, 2017). Осы мақалаларды әзірлеу барысында үнемі Балтабай ата сынды көнекөздерге жүгінгені­міз хақ. Айта кетерлігі, бұл мақа­ла­ларда ауыл атауы ғана емес, Жұмат Шанинге арнап музей ұйымдастыру мәселесі де ұдайы тілге тиек етіліп келді. Тағы бір мақаламыз «Шаниннің шекпені немересіне табысталды» деген атау­мен 2017 жылғы 28 қыр­күйек­те «Алаш айнасында» жарияланды. Сол жылы Болат Шанин Жұ­мат­­тың шекпенін Балтабай ата­дан өтініп сұрап, Алматыға алып кеткен еді. Тағдырдың жазуымен Жарылғап ауылында талай жыл сақталған дүниенің Алатау бөктеріне аттанғанына ішіміз ашыды, әрине. Бірақ шекпенді осы уақыт ішінде бұл жақта еш­кім­нің керек қылмағанына, әлі күнге дейін Жұмат Шанинге ар­налып осындай жәдігерлер орын табатын бір музейдің ашыл­­мағанына Болат ағамыз кінә­лі емес. Бүгінде музей мәселесіне бас қатырып жатқан адамды байқа­ма­дық. Ал әзірге біздің Шана ш­а­­ңы­рағына сәлем беріп, көне­нің шырақшысы Балтабай Кәби­ра­­ұлы­нан шежіре тыңдауға мүм­кіндігіміз бар...  

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,

Павлодар облысы

Баянауыл ауданы