Ана тіліндегі ақпарат ауадай қажет

Ана тіліндегі ақпарат ауадай қажет

Ана тіліндегі ақпарат ауадай қажет
ашық дереккөзі
Халықаралық Túrkistan саяси апталығының №21 санында шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдары мен журналистерді қолдау жөнінде мәселе көтерілген екен. Бұл ретте «Отандастар қоры» тарапынан шетелдегі қандас журналистер үшін «Үркер» ұлттық сыйлығына бір номинация қосу жөнінде ұсыныс жасалды. Ұсыныс арнайы хат ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберілді.  Аталған мақалада шетелдегі қазақтілді басылымдардың саны 150 екені көрсетіліпті. Бұл мәселе де қазір біздің басты назарымыз­да. «Шетелдік және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету қызметтері» аясында, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап шетелдегі қандастар тұратын мемлекеттердегі 70-ке жуық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының дерекқоры жасалды. Осымен тоқтаған жоқ, дерекқор тізімі әлі де жүргі­зіледі. Қандастар тұратын елдердегі этни­калық қазақтардың қоныстану жиілігі мен әр елдің ішкі саясатына байланысты бұқара­лық ақпарат құралдарының саны да әртүрлі. Қытай Халық Республикасында қазақ тілінде ең көп хабар тарататын 24 БАҚ жұмыс істейді. (3 газет: «Шынжаң газеті» (күнделікті), «Іле газеті» (күнделікті), «Алтай газеті» (күнделікті). 9 журнал: «Шұғыла» (айына бір рет), «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», «Тарба­ғатай», «Алтай аясы», «Мұра», «Іле айдыны», «Тіл және аударма», «Ұлттар әдебиеті», «Құ­мыл алқабы» (екі айда бір рет), 2 автономия­лы райондық телеарналар: XJTV-3, XJTV-8, 2 радио: ҚХР қазақ радио торабы, Алтын көпір радиосы. 8 сайт: Шынжаң газеті сайты, Халық торабы, Күнлүн торабы, Тарбағатай ақпарат торабы, nurlejol.org, Тяншан торабы, Ағажай-Алтай торабы, Іле ақпарат торабы). Аталған БАҚ қазақтар жиі қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле өңірі мен Үрімжі қаласында орналасқан. Бұл тізімде ауқымы кең, басты деген ақпарат құралдары түзілді. Бұдан басқа да, аудандарда да қазақ тілді ақпарат құрал­дары жетерлік. Жалпы, Қытайдағы қандастар қазақтілді ақпарат құралдарына бай деуге болады. Ал Моңғолияда қазақ тілінде хабар тарататын 14 БАҚ жұмыс істейді. 4 газет: «Монғол заман» (екі аптада бір рет шығады), «Шарапат» (айына бір рет), «Жаңа дәуір» (айына бір рет), «Білім» (айына бір рет), 4 журнал: «Шұғыла», «Ару жұлдыздар», «Инабат», «Тарлан тағзым» (айына бір рет). 3 аймақтық жеке телеарналар: «Дербес», «Саян», «ТВ 4», 1 өңір­лік радио: Баян-Өлгей қазақ радиосы, 2 ақпараттық сайт: kaz.news.mn, Bai.olke.com). Аталған БАҚ қазақтар жиі қоныстанған Баян-Өлгей мен Ұлан-Батыр қаласында орналасқан. Өзбекстанда қазақ тілінде хабар тарататын 8 БАҚ тіркелген. (4 газет: «Нұр жол» газеті (аптасына 2 рет), «Кенимех таңы» газеті (айына 3 рет), «Тамды шаруагері» газеті (айына 3 рет), «Үшқұдық» газеті (айына 3 рет). 1 журнал: «Үшқұдық журналы» («Үшқұдық» газеті жылына 3 рет Жаңа жыл, Наурыз, Тәуелсіздік мерекесінде журнал болып шы­ға­рылады). «Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясына» қарасты «Қазақ радиосы» (Дүйсенбі-бейсенбі аралығында, кешкі 22:00-де 20 минут қазақ тілінде хабар таратады). «Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясына» қарасты қазақ тіліндегі «Дидар» хабары (Екі аптада 1 рет, 15 минут қазақ тілінде ха­бар таратады). 1 сайт: Өзбекстан Ұлттық ақпа­раттық агенттігі http://uza.uz/kz күнде­лікті қазақ тілінде ақпарат таратады). Атал­ған БАҚ қазақтар жиі қоныстанған Таш­кент қаласы, Кенимех, Тамды, Үшқұдық ау­дан­дарында орналасқан. Иран Ислам Республикасында мемле­кеттің саяси, экономикалық және діни ұста­нымын білдіретін қазақ тілінде ақпарат тарататын www.parstoday.com/kz сайты, қазақ тілінде ақпарат тарататын 5, парсы және орыс тілінде ақпарат тарататын 1 БАҚ анық­талды. Иран еліндегі шектеулерге байланыс­ты мемлекет аумағында қазақ тілінде ақпарат тарататын жеке азаматтардың па­рақ­шалары зерделенді. Ирандағы қанда­сы­мыз жүргізетін қазақ тіліндегі 2 блог парақша http://jake66.blogfa.com,  http://hmshadkam.blogfa.com/ және Қазақстан туралы парсы тілінде ақпарат тарататын http://kaziran.com/ сайты мен инстаграм әлеуметтік желісінде қандастарымыз жүргізетін kaz_iran, shadkam.jafar парақшалары анықталды. Алыста жүр­ген қандастар түрлі шектеулерге қарамас­тан әлеуметтік желінің мүмкіндіктері арқылы өзара байланысып, салт-дәстүріміз бен тілімізді ұмытпауға күш салады. «Отандастар қоры» шетелдегі қандастар тұратын Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Қырғыз Республикасы және тағы басқа мемлекеттердегі қазақ тілінде ақпарат тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының дерекқо­рын жасау жұмыстарын әрі қарай жалғас­ты­руда. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Отандастар қоры» және «ҚазАқпарат» ХАА бірлесіп шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың ATAJURT (шартты атауы) бірлестігін құру жоспарлануда. Оның негізгі мақсаты – бірлестікке мүше БАҚ пен қазақстандық және халықа­ралық БАҚ арасындағы әріптестікті үйлестіру (ақпараттық-сараптамалық материалдармен алмасу, тәжірибе алмасу, бірлескен конференция, семинар, тренингтер өткізу). Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа мемлекеттік қолдау көрсету (ақпараттық жаңа технологиялармен қамтамасыз етуге көмектесу, материал­дық, қаржылық жағынан қолдау көрсету, Қазақстандағы БАҚ-қа арналған сыйлықтар мен байқауларға «Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың үздік журналисі» атты номинация енгізу), бірлестікке мүше БАҚ арқылы әлемдегі қандастардың өзекті мәселелері мен жетістіктерін саралау (тұрып жатқан еліндегі түйткілді мәселелерге назар аудару, Қазақ­стандағы көші-қон, қандастарды қолдауға бағытталған заңдарға байланысты ұсыныс­тарды саралау, айтулы жетістіктерге қол жеткізген дүниежүзіндегі қандастарды кең таныстыру), бірлестік құрамындағы БАҚ-тың үздік материялдарын еліміздегі ақпарат құралдары мен сайттарда, әлеуметтік желі­лерде жан-жақты жариялап отыру (ақпа­рат, мақала, телеөнім, деректі фильм, фото), отандастар форумы мен қандастар құрылтай­ла­рында тұрақты түрде бірлестіктің пленар­лық отырысын өткізу (шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың өзекті мәселелерін талқылау, бірлескен жобаларды пысықтау, жоспар-міндеттерді саралау). Бұл бірлестік арқылы шетелдегі қандастарымызға тәуелсіз еліміздегі жетістіктер мен жаңалықтарды жан-жақты жеткізіп отыруға мүмкіндік жасалады. Шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдарының ATAJURT бірлестігі «Отандастар қоры» және «Абай үйі»-қазақ мәдени-іскерлік үйі жоба­сының бір бағыты ретінде де жұмыс істемек. Шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдары­ның барлығы осы уақытқа дейін қандас­тардың жеке қаражаттарына шығарылып келеді. Олар Қазақстан тарапынан қаржылай көмек берілуін сұрайды. Бұл ақпарат құрал­дарына нақты қаржылай көмек көрсетуді Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асыратын мемлекеттік тілді қолдау бағдар­ламалары мен Сыртқы істер министрлігі іске асыратын елімізді шетелдерге танытатын имидждік ақпараттық жобалар бағдарла­малары арқылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Шетелдік және Қазақ­стан Республикасына келген этникалық қа­зақ­­тарды қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер» бағдарламасы шеңберінде қарас­ты­ру ұсынылады. Шетелдегі қазақтілді ақ­парат құралдары өз жұмыстарын толықтай қаржыландыруды сұрап отырған жоқ, тек жылына бір реттік қаржылай көмек көрсе­тілсе, жеткілікті деп отыр. Сондықтан мұндай көмекті бәріне бірден емес, біртіндеп әр жылға бөліп беруге де болады. Жоғарыда атап өткен үш министрліктің үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған гранттарын бөлу жолдарын қарастыру да ұсынылады. Қаржылық қиындықтарға байланысты шетелдегі қазақтілді газет-журналдардың тиражы қысқарып, кейбірі жабылу алдында тұр. Телеарналар мен радиолардағы жүргізіл­ген қазақтілді хабарлардың саны да қысқар­ған. Қазақстан мен қандастар тұратын елдердегі екі-жақты ынтымақтастықты өрістетуге бағытталған құжаттар мен Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Nur Otan партиясы арқылы мемлекетаралық келісімдер шеңбе­рінде қол қойылған құжаттар негізінде шетелдердегі қазақтілді БАҚ-қа қолдау көрсету тетіктері қарастырылса деген ұсыныстар бар.

Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ,

«Отандастар қоры» КЕАҚ-ның

ресми өкілі