Тараздың туризмі дамиды

Тараздың туризмі дамиды

Тараздың туризмі дамиды
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының туризм саласындағы кадр тапшылығы, автожолдар сапасының нашарлығы, жол бойындағы сервис деңгейінің төмендігі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев атап өтті. Туризм басқармасы осы орайдағы мәселелерді шешу үшін туризм саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын әзірлеу үстінде. Басқарма басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, бұл бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бес тілде аудио және бейнегидтері бар Taraz tour мобильдік қосымшасындағы туристік нысандар санын 200-ге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда қосымшаға тек 37 нысан енгізілген. Сондай-ақ жақында «Әулиеата» әуежайына Тараз туралы толық ақпар беретін smart-дүңгіршектер орнатылмақ. Басқарма аудио және видео нұсқаулығы бар екі қабатты автобусты іске қосуды жоспарлап отыр екен. Тараз әйгілі 2GIS мобильді қосымшасына (сандық карта) қосылады. Бұл туристерге өзіне керек жерді тауып, дұрыс бағыттағы автобусқа отыруға көмектеседі. 200 туристік нысанда QR-кодтары орнатылады. Биыл Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелері, Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас және Тектұрмас этнотарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысандарда қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Этноауылдар салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілмек. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тиісті мемлекеттік органдар, туристік компаниялар мен қауымдастықтар бірлесіп туризм индустриясының әлеуетін арттыру үшін жүйелі негізде жұмыс жүргізуі қажеттігін атап өтті. – Облысымыздың қолайлы аймақта орналасқандығын ұтымды пайдаланбаймыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі біздің өңір арқылы өтеді. Ол жолмен күн сайын мыңдаған көлік қатынайды. Отардан Жуалыға дейін Әулиеатаның қасиетті орындары туралы ақпараттар жазылған билбордтар орнату керек. Коронавирустық пандемия ішкі туризмнің дамуына үлкен мүмкіндіктер береді. Бұған дейін танымал болып келген шетелдік курорттар бұрынғыдай аса қызығушылық тудырмайды. Мұны ішкі туризмнің дамуына серпін сыйлау үшін тиімді пайдалана білген абзал, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.