Шекараң шегенделмесе...

Шекараң шегенделмесе...

Шекараң шегенделмесе...
ашық дереккөзі
Кез келген мемлекеттің мемлекеттігі шекарадан басталатыны – аксиома. Сондықтан өзара шекарасы шегенделмеген мемлекеттер арасында дау тумай тұрмайды. Көктемнің соңғы күнінде бауырлас әрі шекаралас елдер – Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның арасында болған қақтығыс міне осының айқын мысалы. Жалпы, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара 1 379 шақырымға созылған. Міне, осы шекараның 5 пайызы әлі күнге даулы. Яғни екі ел  мемлекеттік шекара мәселесінде әлі толық келісімге келмеген. Осының кесірінен суда да, жер үстінде де қырғыз бен өзбек арасындағы жанжал тоқтамай келеді. Бұл жолғы жанжал Өзбекстанның Ферғана облысы, Сох ауданы мен Қырғыз Республикасының Баткен облысы шекарасындағы Чашма ауылында болды. Суға таласып қалған екі тарап шекараның екі жағына топтасып, оның соңы шекараның екі жағындағы адамдардың бір-біріне тас лақтыруы­на ұласқан. Осының нәтижесінде дүрбелең басталып, шекарадағы тікенекті сымдар бұзылған. Шекараға өте жақын тұрған Өзбекстан тарапын­дағы екі үй, Қырғыз Республикасы тарапындағы бір үй отқа оранған.  Қазіргі кезде Өзбекстан мемлекет­тік қауіп­сіздік қызметінің шекара әскер­лері шека­радағы жағдайды то­лық бақылауға алған. Сондай-ақ қыр­ғыз тарапы да шекара­да­ғы қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Әрине, көрші елдер қашанда өзара жанжалды қаламайды. Өзбек-қырғыз елдері басшылары мәселенің неден туындағанын анықтап, жағдайды тез ретке келтіруге кірі­сіп кетті. Өзбекстан премьер-министрі Абдул­ла Арипов пен Қырғыз Республика­сы­ның бас уәзірі орынбасары Кубатбек Боронов кездесу үшін Баткен облысындағы Қадамжай қаласына барған. Қос тарап шекарадағы жағдайды қалыпқа келтіру мәселелерін талқылады және екі елдің құқық қорғау орган­дары ара­с­ында ынтымақтастық жоспа­рын жасады.  Бұл туралы 1 маусымда Қыр­ғыз Республикасы үкіметі мәлім­деме жасаса, Өзбекстан үкіметі әлі ресми түрде хабар таратпады. Әрине, қақтығыс болған жерде дүние-мүлік бүлініп, адамдар зардап шекпей тұр­май­ды. Чашмадағы қақты­ғыстың салда­ры жайында екі елдің жергілікті билігі кездес­кен­де айтылды. Қырғыз Республикасы Ден­сау­л­ық сақтау уәзірлігінің мәлімдеуін­ше, шека­радағы жанжалдан кейін 25 қыр­ғыз азаматы Айдаркен қаласының ауруханасына әкелінген. Олардың төртеуі емханаға жат­қы­зылса, екеуі­нің жағдайы ауыр екен. Қал­ғандары медициналық көмек көрсетіл­ген­нен кейін үйлеріне қайтарылған. Ал өзбек жағынан 16 адам түрлі жарақат­пен ауруханаға түсті деген дерек бар, бірақ ресми билік әлі оны рас­таған жоқ. Шынына келсек, өзбек-қырғыз шекара­сын­дағы қақтығыс бірінші рет болып тұрған жоқ. Осыдан жеті жа­рым жылдай бұрын да Қырғыз Респуб­ликасының Баткен облысы­ның Өзбекстанмен шекарасында бүгінгіге ұқсас жағдай болған-ды. Атап айтқан­да,  Сох анклавының (Қырғыз Респуб­ли­касы шекара­сы қоршап тұрған өзбек жері) тұрғындары қыр­ғыз шекарашыларына шабуыл жасап, 30 адамды кепілге алған болатын. Яғни, Сох ауданы Хушияр ауылының тұр­ғын­дары қырғыздың Чарбак ауылы тұсында, сол кезде енді ғана ашылып жатқан шекара бекетіне электр желісі бағандарын орнатып жүрген қырғыз шекарашыларына шабуыл жасаған. Олардың бетін қайтару үшін қырғыз шека­рашылары аспанға оқ атқан. Кейін өзбек жа­ғы­ның адамдары тағы да тәртіпсіз­дік жа­­сап, шекарашылар орнат­қан бағандарды құ­лат­қан. Мұны­­­мен тұрмай, қырғыздың Чар­бак ауылының 6 адамын кепілге алып кет­кен. Дүрбелең басталған кезде Сох ауда­ны арқылы Қырғыз Респуб­ли­ка­сы шекара­сы­на өтіп бара жат­қан жеті адам да кепілге алын­ған. Одан кейін де бірталай қырғыз аза­­­­мат­­тары кепілге алынып, кейін боса­тыл­ған. Сол кезде екі жақта да бір-бірін кінә­лау бол­ды. Қырғыз жағы «Өзбек азаматтары қырғыз шекарашылары­ның қаруларын тар­тып алмақ болды», «қақтығыс кезінде бір­неше қырғыз шекарашысы зардап шекті» десе, өзбек жағы «бұл іске қырғыз шекара­шы­ла­ры айыпты, олардың жергілікті тұрғын­дар­ға қарата атқан оғынан Өзбекстан­ның бес азаматы жаралан­ған» деген секілді ақпа­рат таратқан-ды. Сол кезде Сохтағы Хушияр ауылы тұр­ғын­дары қырғыз жағына су келіп тұрған арық­ты бөгеп, Чарбактың 300-ден аса тұр­ғыны сусыз қалған еді. Баткендегі өзбек же­рін­де (тұрғын­дары­ның 80 пайыздан арты­ғы этника­­лық тәжіктер) қырғыздармен бұрын да талай рет ерегес болған. Тіпті, осы тұстан 1999 жылы Өзбек­стан ислам қозғалы­сы ұйымы­ның экстремистер Қырғыз Респуб­ли­­ка­сының оңтүстігіне шабуыл жасаған. Кейін Өзбекстан мемлекеті Сохтағы шекара­шы­ларын көбейткен және олардың көбі өзбек ұлтының өкілдері болды. Жалпы, бұл өлкедегі қақтығыс­тар­дың себебі не дегенге келсек, ол кеңестік кезеңнің қит­ұрқы саясаты­ның жемісі. Мәселен, Қыр­ғыз Респуб­ли­касы аумағында Өзбекстан­ға тие­сілі Сох, Шахимардан, Тәжікстанға тие­сілі Ворух анклавтары болса, Өзбек­стан­ның Әндіжан облысында қырғыз еліне тиесілі Барак анклавы орна­ласқан. Осылай қолдан жасалған қиындықтар (әрине, кеңестік кезеңде бір мемлекет құрамында болған соң бір республиканың адамдары екінші бір рес­пуб­ликаның аумағынан ешқан­дай тоқ­тату, тексерусіз өте беретін) бүгінде Орта­лық Азия мемлекеттерін бір-бірімен қырғи-қабақ қылып қойды. Бұл елдер өзара мемлекеттік шекарасын айқындаған кезде баяғы қалып­пен қалып, анклавтағы халық өз еліне бару үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр болып қалды. Соның кесірі ылғи шекара маңындағы елдер­ге тиіп жатады. Бір-біріне алакөз бол­ған халық шекарадағы өзен суларын бір-біріне жібермей қалатын жағдайлар жиі ұшырасып, конфликтке себеп болып отыр. Ал шын мәнінде, мұның бәрі көршілес мемлекеттер арасын­да­ғы шекара мәселесінің әлі күнге ла­йық­ты шешімін таппағаны­ның белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, солтүстікте 7 591 шақырым Ресеймен шекарасы бар, шығыста 1 782 шақырымға созы­лып жатқан Қытай Ха­лық Республи­касымен шекарасы бар, оңтүс­тігінде Түркімен­станмен (426 шақы­рым), Өзбекстанмен (2 354 шақырым) және Қыр­ғыз Респуб­ликасымен (1 241 шақы­рым) шек­тесетін Қазақстанның бүкіл шекарасын ше­гендеп, қайтып дау болмастай қылып бекі­тіп алғаны әлемдік тарихта аса маңызды дип­­ло­матиялық табыстың бірі деуге болар еді.  Ерлан Саиров, саясаттанушы: Қазақстан­ға қарағанда көршілеріміз­дің шекара мәсе­ле­сі әлі күрделі  width= – Қырғыз-өзбек екеуі де бауырлас елдер, екеуі де өмір бойы егін­ші­лік­пен айналысып келе жатқан еңбекқор халық. Бізді ортақ тарих, әдет-ғұрып, салт-дәс­түр байланыс­ты­ра­ды. Бол­мыс-бітімімен бізге туыс мемлекет­тер­дің жер-су дауы үшін қақтығысып жат­­қа­нын көріп көңілің құлазиды екен. Бүгінгі заманның трагедиясы. Бұл екі ел арасындағы шекара мәселесі күні бүгінге дейін реттелген жоқ. Кеңес дәуірінде, бауырлас мемлекет­тер­­дің шекаралары белгіленіп жатқан уақытта, әр республикада басқа ұлт өкіл­дері өмір сүретін аумақтар (анклав) қалып кетті. Бұдан этника­ара­лық қақтығыстар туындап отырды және әлі күнге дейін жалғасуда. Қазақ­стан шекаралас мемлекеттердің еш­бі­рі­мен қақты­ғыс­қан жоқ. Өйткені бар­лық көршісі­мен ш­е­кара мәсе­лесі рет­телген. Елбасы Н.Назарбаевтың сара­­ланған әрі сарабдал сая­са­ты мен дип­ло­ма­тиялық дұрыс қадамда­ры­ның арқасында біз көршілес елдермен шекара мәселесін саналы һәм бейбіт түрде шешіп алдық. Барлық құжаттар рәсімделген және БҰҰ-ның қорында (депозитарий) сақ­таулы. Бұл істе өскелең ұрпақ үшін Елбасы­ның сіңір­ген еңбегі зор. Біз әлем көрінісі өзгеріс тауып, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаһандық ахуал құлдырап жатқан қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл кезеңде тарихи һәм дәстүрлі территориялық шекарамыз­ды негіздеп алу аса маңызды аспект десек, біз бұл мәселені уақытылы шештік, енді өркениет деңгейінде бұл бағытымыздан таймауымыз қажет.