Сапалы білім қайда бар?

Сапалы білім қайда бар?

Сапалы білім қайда бар?
ашық дереккөзі
Алдағы бес жылда Қазақстанда білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өседі.   Қаржыландыру ғана емес, білім ошақтарына, әсіресе, жоғары оқу орындарына қойылатын талап та күшеймек. Өткен аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке жалған диплом беретін мекемелерді жабу ісін созбаққа салмай жедел аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ 2025 жылға дейін еліміздегі 5 ЖОО әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы тиіс екенін баса айтты. Отандық оқу орындары бұл межені бағындыруға дайын ба? Қазақстандық ЖОО-лардың бүгінгі рейтингі қандай?

«Тазарту жұмысы» қай оқу  орындарынан басталады?

2025 жылға дейін елімізде білім беру жүйесі түбегейлі реформаланады. Үздіксіз ізденіске, өсу мен дамуға үндейтін жаңа заманның талабы бұл. Президент айтқандай, бұл саланың маңызы артып, тіпті эко­номиканың өзі ілім-білімге тәуел­ді болмақ. Сондықтан отан­дық білімнің сапасын арттыру, уни­верситеттердің материал­дық база­сын нығайту, қазақстан­дық білім беру жүйесінің беделіне нұқ­сан келтіретін оқу орындарын жабу мә­селесіне баса көңіл бөлін­бек. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәсе­леге үшінші мәрте оралып отыр. 2019 жылғы желтоқсанда Жастар жылының жабылу және Еріктілер жылының ашылу салтанатында «Тағы бір маңызды міндет білім сапасын және қолжетім­ділігін арттыру болып отыр. «Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес, бүгінде ЖОО түлектерінің шамамен 60 пайызы мамандығы бо­йынша жұмысқа орналаса алмай­ды. Бұл біздің білімнің сапасын білдіреді. Жастар оқып жүріп, әсіресе өзінің бейініне тән емес салада жұмыс істейтінін білеміз. Ақша табу – бұл жақсы. Бірақ мүм­кіндігінше өзінің мамандығы бойынша ақша тапқан жөн. Соған сай олардың оқуы мен еңбек қыз­меті параллель әлемде дамиды», – деген болатын. Биыл қаңтар айында Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы жоғары білімнің сапасын арттыру мәселесін қайта көтеріп: «Қазіргі таңда елімізде білікті ұстаздардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мамандардың жасы ұлғайған сайын олардың орнын басатын лайықты мұғалім­дер жетіспей жатыр. 330 мың мұғалімнің 27 пайызы – зейнет жасы жақындаған немесе жеткен азаматтар. Сондықтан қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек. Бізге жаңа талаптарға сай мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындары қажет. Диплом сатып, жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік оқу орындарынан біржолата құтылу керек, – деді. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, Қазақстанда барлығы 132 жоғары оқу орны бар. Оның 65-і жекенің иелігінде. Сарапшылардың айтуынша, оқу орын­дары­ның санын қысқартып, сапасын арттыру жұмысы алдымен жекеменшік ЖОО-лардан басталуы мүмкін. Мұндай үрдіс әлемдік тәжірибеде бар.  Мәселен, 2018 жылы «Коммерсанть» газеті Ресейдегі ЖОО-лардың жартысы жұмысын тоқтатқанын, яғни жойыл­ғанын жазды. Басылымда жариялан­ған мақалаға сүйенсек, елдегі жоғары оқу орындары мен олардың филиалдар саны үш жыл ішінде шамамен 1 097 ұйымға қысқар­ған. Ресейдің Жоғары білім және ғылым министрлігі «тазарту жұмысы» сонымен аяқталғанын мәлімдеді. Елімізде мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарының қайсының бәсі басым деген сұрақ туындағанда, ең әуелі, талап­керлердің таңдауына сүйенеміз. Жыл сайын ҰБТ тапсырған соң мектеп түлектері құжат­тарын арқалап, мемлекеттік, оның ішінде ұлттық университеттерге жүгіретіні құпия емес. Мемлекеттік грант иегерлерінің арасында жекеменшік оқу орындарын таңдай­тындар ілуде біреу. Десе де, 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Білім сапасын қамта­масыз ету бойынша тәуелсіз агенттігi (IQAA-Ranking) жүргізген зерттеу нәтиже­ле­ріне сүйенсек, кейбір жекеменшік ЖОО-лардың рейтингі мемлекеттік университеттерден әлдеқайда жоғары. 2019 жылғы қорытындыда «Қазақстанның үздік көп­са­лалы ЖОО-сы» бойынша Павлодардағы Инно­вациялық Еуразия университеті, Алматыдағы Халықаралық білім беру корпорациясы кейбір мемлекеттік университеттерден алда тұр. Ал «Қазақстанның үздік гума­нитарлық-экономикалық ЖОО ұлттық рейтингі – 2019» аталымында жоғары көр­сет­кіштерді иеленген Алматы менеджмент университеті, «Болашақ» Қарағанды академиясы, «Тұран-Астана» университеті – үшеуі де жекеменшік ЖОО-лар. Демек, меншік түріне қарай  қысқарту оң нәтиже бермеуі мүмкін.

Ұлттық рейтинг үздіктері

Тарихқа көз жіберсек, оқу орындарының салыстырмалы көрсеткішін әзірлеу тарихы АҚШ-та басталыпты. 1983 жылы Құрама штат­тардағы  U.S. News & World Report апта­лық журналы «Американың үздік колледж­дері» рейтингін жариялады. Ал Томск уни­верситетінің ректоры Эдуард Гала­жин­ский­дің зерттеуінде келтірілген дерекке сүйенсек, ең бірінші халықаралық рейтинг (The Academic Ranking of World Universities – ARWU) 2003 жылы пайда болды. Содан бері әлем елдері халықаралық рейтингке қаты­суды, сондай-ақ өз ішінде ұлттық есеп жүр­гізуді әдетке айналдырған. Біздің елімізде де білім ошақтарының салыстырмалы көрсет­кішін дайындау жыл сайынғы үрдіске айнал­ған. Бұл іспен бір емес, бірнеше ұйым айналы­са­ды. Мәселен, өткен аптада Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттігi (IQAA-Ranking) Қазақстанның үздік универ­ситет­­тері ұлттық рейтингінің 2020 жылғы қоры­тындысын жариялады. Рейтингке көп­салалы, техникалық, гуманитарлық-эко­номикалық, медициналық және педаго­ги­калық бағыттағы 44 оқу орны енген. Ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша  көпсалалы ЖОО-лар арасынан  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, техни­калық уни­верситеттер арасынан  Satbayev University, педагогикалық университеттер арасынан  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, медициналық оқу орындары арасынан  Семей медицина университеті үздік деп танылды. Ал өнер саласындағы ең үздік оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университеті. IQAA-Ranking агенттігі өкілдерінің айтуынша, рейтинг жасау барысында оқу орнының академиялық қызметі, студент­тер­дің оқу үлгерімі көрсеткіштері, профес­сор­лық-оқытушылық құрамның жұмысы, ғылыми-инновациялық жұмыстар, халық­аралық ынтымақтастық, түлектердің жұмыс­қа орналасуы, жұмыс берушілердің және тәуелсіз сарапшылардың пікірі секілді бірнеше өлшемшарт есепке алынады. Сондай-ақ биыл студенттер мен ЖОО түлектерінің пікірі де ескеріліпті. Электронды пошта арқы­лы сауалнама жүргізіліп, 500-ден астам жұ­мыс беруші, 150 сарапшы, 3 000 студент және 2 000 түлектің жауабы талданған. Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агент­тігі (IAAR) де жуырда Қазақстан сұра­нысқа ие жоғары оқу орындары ұлттық рейтин­гінің биылғы нәтижелерін жариялады. Рейтингке қатысуға республика бойынша 89 ЖОО өтініш беріп, 1 939 білім беру бағдарламасы тіркелген. 2020 жылғы рейтингтің ерекшелігі – БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадр­ларды даярлауда топтар бойынша білім беру бағдарламалары сараланған. Ұлттық есеп қорытындысы бойынша, еліміздегі үздік университеттер көшін   Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (152 943  ұпай) бастады. Екінші орында – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (70 085 ұпай), ал үшінші орында – Қара­ған­ды мемлекеттік техникалық университеті (50 051 ұпай). Педагогикалық маман­дық­тар бойынша Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті алда тұрса, өнер және гуманитарлық ғылымдар жөнінен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өзгелерден оқ бойы озық. Медициналық мамандықтар бойынша М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті ең жоғары сұранысқа ие оқу орны деп танылды.

Халықаралық рейтинг: қазақстандық университеттер қай орында?

Отандық жоғары оқу орындары бірнеше жылдан бері халықаралық рейтингтерге де қаты­сып жүр. Солардың бірі – 2004 жылдан бері ұлыбританиялық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жасап келе жатқан рейтинг. Компания сарапшылары жаһан университеттерін 6 негізгі өлшемшарт бойынша бағалайды: зерттеу қызметі, оқытушылық қызмет, жұмыс берушілер пікірі, мансаптық мүмкін­дік, шетелдік студенттер мен оқыту­шылар саны. Рейтингке қатысу үшін оқу  орын­дары бакалавриат және кем дегенде екі сала бойынша дипломнан кейінгі бағдарлама ұсынуы шарт. Көп жылдан бері QS World University Rankings рейтингінде АҚШ пен Ұлыбритания университеттері көш бастап келеді. Ал өткен жылы аталған тізімде  Қазақстанның 8 жоға­ры оқу орнының аты аталды.  Олардың ішін­де үшеуі алғашқы 500 университет тізі­міне енді. Атап айтар болсақ, Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті (207-орын), Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті (418-орын) және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (491-орын). Сондай-ақ бұл рейтингке Алматыдағы төрт жоғары оқу орны енді. Олар – Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (561-570), Қазақ-Британ техникалық университеті (751-800) және Абылай хан атындағы халықа­ралық қатынастар және әлем  тілдері университеті (801-1 000). Бір айта кетерлігі, QS World University Rankings рейтингіне  Қазақ­станнан өзге Орталық Азиядағы ешбір университет енбеген. Десе де, Quacquarelli Symonds компаниясы өткен жылы «Дамушы Еуропа және Орта­лық Азия» атты жаңа рейтинг ұсынып, атал­ған  аймақтардың жоғары оқу орындарына жеке бағалау жүргізді. Тізімге 350 университет енген, оның ішінде Қазақстан­ның 24 оқу орны да бар. Рейтинг қорытын­ды­сы бойынша, отандық университеттер арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ топ жарып, 18-орыннан көрінді. Сондай-ақ үздік жүздікке Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университеті (51-орын), Қаныш Сәтпаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­верситеті (73-орын), Қазақ-Бри­тан тех­ни­калық университеті (94-орын), Қа­зақ ұлт­тық аграрлық университеті (97-орын) енді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­­го­ги­ка­лық университеті 105-қатардан кө­рін­ді.

Сессияны жабу – 22 мың теңге,

диплом қорғау – 105 мың теңге

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Президент диплом басып шығаратын ЖОО-ларды жабу мәселесін  табанды түрде әрі барынша қысқа уақытта шешуді тапсырды. «Жалған дип­ломдар беретін кеңселерге біздің жүйе­міз­де мүлдем орын болмауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Білім және ғылым министрлігі  білім беру талаптарына сай келмейтін жоғары оқу орын­дарын анықтап, олардың жұмысын тоқ­тату ісін өткен жылдың соңында бас­та­ған. Мәселен, 34 университетке тексеру жүргізіп, дені заңды өрескел бұзғаны белгілі болды. Министрлік мамандарының айтуынша, сынға іліккен оқу орындарының басты олқы­лықтары – штаттық бірлік пен оқыту­шы­лық-профессорлық құрамның дәрежесі төмен, ҰБТ тапсыру сертификаттары болма­ған түлектерді де оқуға қабылдау, оқу алаң­да­ры мен жатақханалардың жетіспеуі, жем­қор­лық. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство 5 университетті лицензиясынан уақытша айырса, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салды. Ал 1 университеттің ісі сотқа жіберілді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Шымкенттегі Аймақтық әлеу­меттік-инновациялық университеті Білім және ғылым саласындағы сапаны қамта­ма­сыз ету жөніндегі комитеттің ұйғарымын орын­дамаған. Осыған байланысты Комитет университетті білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиядан айыру үшін сотқа жүгінген. 9 қаңтарда Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты коми­тет­тің нұсқамасын қанағаттандырып, жоға­ры оқу орнын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады. Университет студенттері өзге оқу орындарына ауыстырылды. Елімізде жемқорлық жайлаған университеттерді анықтау бағытында «Таза сессия» акциясы да тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жуырда Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанаты акцияның екінші кезеңінің қорытындысын  жариялады. Анонимді сауал­­намаға еліміздегі 64 жекеменшік жоға­ры оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан. Сауалнамалар негізінде студенттердің жемқорлық фактілерін көрсеткен 7 жоғары оқу орнының рейтингі жасалды. Олар: Нұр-Сұлтан қаласындағы меди­циналық университет, Жетісай қала­сын­дағы «Сырдария» университеті, Алма­ты­дағы Қазақ туризм және спорт академиясы, Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеу­мет­тік-инновациялық университет, Алматыдағы Орта­лық Азия университеті, «Алматы» университеті, С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті. Респонденттердің пікірінше, жемқорлық дерегі емтихан және есеп тапсыру кезінде (23,8 пайыз), диплом жұмысын қорғау кезінде (8,7 пайыз) көп орын алатыны анық­талған. «ЖОО студенттер параны кімге көп береді?» деген сұрақ бойынша студент­тердің 30 пайызы конвертті оқытушыларға беретіні, ал 4,4 пайызы ректорларды тікелей сатып алатыны анықталды. Ұсынылатын параның мөлшері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жасотан­дық­тар­дың дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша сессияны жабу бағасы – 22 мың теңге, бір пән­ді тапсыру – 14 мың болса, курс жұмысын сәт­ті тапсыру құны – 32 мың теңге. Ал дип­лом жұмысын өте жақсы деңгейде қорғап шығу үшін 105 мың теңге төлеу қажет болса, ақы­лы бөлімнен мемлекеттік грантқа ауысу үшін студенттер 400 мың теңге дайындауы тиіс.   Толғанай  БАЙЫСБЕКОВА, «Болашақ» стипендиясының иегері, Оңтүстік Калифорния университетінің өнер магистрі:

АҚШ-та диплом сатып алу деген түсінік жоқ

 width= – Дипломды сатып алу, оқытушы­лар­­ға пара беру, емтиханды ақшамен жабу секілді білім­нің мән-маңызын тө­­мен­дететін құбы­лыс­тар қазақстандық білім беру жүйесі­не ғана тән бе, әлде мұн­дай кесел дамыған мемлекеттерде де бар ма? – Бiлуiмше, посткеңестік немесе жемқорлыққа белшесінен батқан кейбір мемлекеттерде болмаса, Еуропа немесе Солтүстік Америка елдерінде диплом сатып алу деген түсінік жоқ. Мәселен, АҚШ-та оқуды тәмамдауға мүмкіндігіңіз болмаса, белгілі бір уақытқа тоқтатып қойып, кейін қайта жалғастыра аласыз. Сізге бар жағдай жасалады. Бірақ жоғары білім ақылы. Мемлекеттік грант көп жағдайда қарастырылма­ған, ақша төлеп оқисыз, шамаңыз жетпесе, оқуды несиеге рәсімдейсіз. Тағы бір айта кетерлігі, жоғары оқу орындарының құны өте қымбат. Сол үшін де қоғамда бағаланады. Дипломды сатып алу деген тіркестi амери­ка­лықтардың сөздік қолданысында естiген емеспiн. Дипломға қол жеткізу үшін талмай еңбектенесіз, жатпай-тұрмай оқисыз, сағат­тап кітапханада отырасыз.  – АҚШ-тағы жоғары білім беру жүйе­сі­нің негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтсең... – Мен АҚШ-та магистратурада оқыдым. Десе де, сол жақта өмір сүрген біраз уақыт ішін­де бакалавриаттың да көп ерекшелікте­рін аңғарып үлгердім. АҚШ-та жоғары білім беру жүйесі Major және Minor мамандық­тар­дан тұрады. Мәселен, сіздің негізгі маман­ды­ғы­ңыз биология болса, қосымша мамандық ретінде экономиканы игеріп шыға аласыз. Тілдердің бірін оқып жүріп, қосымша психологияны немесе қоғаммен байланысты оқуға болады дегендей. Яғни, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын мамандықтар­ды қатар игеруге мүмкіндік бар. Дипломда  major-ы мына­д­ай, minor-ы мынадай деп екеуі де көр­се­тіледі. Ал магистратура жүйесі Қазақстанға ұқсас. Өнер, менеджмент, бизнес-менедж­мент, ғылым магистратурасы бар. Қазақ­стан­да ғылым магистратурасын тәмамдаған­дық­тан, АҚШ-та өнер магистратурасында оқуды құп көрдім. Ондағы ерекшелік – тарих­ты біздегідей бір семестр бойы оқыт­пай­­ды. Мәселен, экономика мамандығында оқысаңыз, ел немесе жаһан тарихының өз салаңызға қатысты тұсымен бір-ақ күнде оқып танысасыз. Сізге бірнеше кейс немесе де­ректі фильмдер берілуі мүмкін. Тағы бір артық­шылығы, ескі оқулықтармен емес, кө­бі­не соңғы жылдары шыққан кітаптармен оқытады. Кітап болмаған жағдайда тақырып соңғы болып жатқан кейстер негізінде түсін­ді­ріледі. Ең ескі кейстің өзі алты, ары кетсе сегіз ай бұрын болған оқиғалар. Яғни, сіз оқу бітіре салып, жұмысқа кіріскенде, өз сала­ңыз­дың барлық жаңалықтарын жетік біліп, қыз­метіңізге бірден төселіп кете аласыз. – Қай салада болмасын, елімізді озық ел­дер­мен салыстырып, «бізде неге ондай емес, біз қашан сондай боламыз?» деп байбалам салу әдетке айналған. Қазақ­стан мен АҚШ-тың білім беру жүйе­сін салыстыру қан­шалықты қисынды?  – Қисынға келмейтін нәрсе. Жалпы, білім беру жүйесін ғана емес, кез келген сала­ның дамуын басқа елдермен салыстыруға  түбегейлі қарсымын. Өйткені әр елдің гео­гра­фиялық орналасуы, тілі, діні, ділі, құн­ды­лықтары басқа. АҚШ-тағы немесе Еуропа елдерінің біріндегі озық үлгіні сол күйі әкеліп Қазақстанға енгіземін деу бос әуре­шілік.  Бір ғана мысал. Біз 1920 жылдары киіз үймен көшіп-қонып жүргенде АҚШ-та экономикалық дағдарыс болды. 1932-1933 жылдары біз ашаршылықты бастан өткеріп жатқанда, америкалықтар 70 қабаттық Рокфеллер орталығын салып жатты. Даму жолын бізден 100 жыл бұрын бастаған мемлекет пен Қазақстанды салыстыру, санаулы жылда сондай деңгейге жету керек деген меже қою дұрыс емес. Озыққа ұмтылу орынды, алайда мақсат-міндетті белгілемес бұрын мүмкіндігімізді, қарым-қабілетімізді ескеру қажет деп ойлаймын.   Рахман АЛШАНОВ, «Тұран» университетінің  ректоры,  Қазақстан ЖОО қауымдастығының  президенті:

ЖОО-лар рейтингі білім сапасының көрсеткіші емес

 width= – Министрлік жоғары оқу орындарын жыл сайын тексереді. Бірақ одан әзірге нәтиже шығар емес.  Мәселе талаптың, ере­же­нің жүйесіздігінде емес, тексеру сапасын­да. Оқу орындарының есік-терезесін, орын­дық­тарын түгендей бергенше, оқудың мазмұнын, оқытушыларының білім-білігін, студенттердің сауатын тексеру қажет. Кейбір мемлекеттік университеттер 40-50 маман­дық бойынша маман даярлайды. Әсіресе, өңірлерде шамасы келе ме, келмей ме, қара­майды. Алайда оның жартысынан астамында 2-3 студенттен ғана оқиды. Тексеру барысында министрлік соны неге көрмейді, неге қысқартпайды? Санда бар, санатта жоқ 50 мамандықты оқытқанша, сапалы, қоғамға пайдасы бар 10 мамандықты оқытсын. Жоғары оқу орындарының рейтингін жасауда да шикілік көп. Еліміздің кейбір университеттері халықаралық рейтингтерде жылдан-жылға жоғарылап келеді. Өткен жылы 400-орында болса, биыл 200-орынға көтеріліп жатқандары бар. Бәрі ақшаға келіп тіреледі. Рейтинг жасайтын агенттікке ақша берсең, тізімге қосады. Бермесең, үздіктер қатарынан көріне алмайсың. ЖОО-лар рейтингі білім сапасының көрсеткіші емес. Бәлкім оқу орындарын ынталандыру үшін, жетістіктерін көрсету үшін оның болғаны дұрыс шығар. Алайда рейтинг оқу орын­дары­ның қайсысы озық, қайсысы қалыс екенін анықтаудың басты тетігі бола алмайды. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің бюджеті 29 млрд теңге болса, аймақтардағы кейбір универси­тет­тердің бюджеті 1,5-2 млрд теңгенің айналасында. Айырмашылық жер мен көктей, оларды қалай салыстырасың? Тағы бір қынжылтатыны, қазір ата-аналар университетке бас сұқпайды. Баласын оқуға түсірерде бір келеді, содан кейін тек диплом алған сәтінде бір-ақ төбе көрсетеді. Оқу орнына келіп, жағдайды көзбен көр­меген соң, әлеуметтік желіден оқығаны, жұрттан естігені бойынша «тон пішеді». «Ойбай, ақшамызды жеп қойды», «баламыз­ды дұрыс оқытпады» деп қара күйе жағуға дайын тұрады. Жағдайын айтып, жеңілдік сұрайтын, ақылы бөлімнен грантқа ауыстыруды сұрайтын ата-аналар да көп. Университет – зейнетақы немесе жәрдемақы тарататын мекеме емес, білім беретін, маман даярлайтын орын. Үкімет оқытсын, жатақ­ха­наға орналастырсын, шәкіртақы берсін деген масылдықтан арылу керек. Еңбек­тенсең, оқысаң грантқа да, шәкіртақыға да, жа­тақханаға да қол жеткізесің. Ақылы бө­лім­де оқыған күннің өзінде сабаққа да, жұмыс істеуге де үлгеруге болады. Болашақ – еңбектенгендікі, ізденгендікі.