29 Мамыр, 17:43 496 0 Көлік Анар ЛЕПЕСОВА

1 маусымнан бастап 54 жұп пойыздың қозғалысы жанданады

Елімізде жолаушылар пойыздарының қозғалысын жандандыру үш кезеңде бойынша жүзеге асырылады. 

Бұл туралы ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрғасының орынбасары Жәнібек Тайжанов мәлімдеді.

«Жалпы, төтенше жағдай кезеңінде 129 жұп пойыздың қатынасы тоқтатылды. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, Ведомствоаралық комиссияның отырысында ел ішінде жолаушылар пойыздарының қозғалысын жандандыру туралы шешім қабылданды. Жолаушылар пойыздарын іске қосу тұрғындар сұранысы мен өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты үш кезеңде атқарылады», - деді Ж. Тайжанов.

Комитет төрағасының айтуынша, 1 маусымнан бастап 54 жұп пойыздың қозғалысы жанданады. Оның ішінде бес «Тальго», 31 стандартты және 18 қала маңы пойызы бар.

Бірінші кезекте Нұр-Сұлтаннан – Алматыға, Өскеменге, Сарыағашқа, Семейге, Арқалыққа, Павлодарға, Петропавлға, Оралға, Жезқазғанға, Қызылордаға қозғалыс ашылады, сондай-ақ Алматыдан – Шымкентке, Павлодарға, Ақтөбеге, Сарыағашқа, Өскеменге, Жезқазғанға, Оралға, Петропавлға, Қостанайға бағдарлар жанданады.

Сондай-ақ, Қызылордадан – Семейге, Көкшетауға, Петропавлға қозғалыс ашылса, Қостанайдан – Қарағандыға, Арқалыққа, сондай-ақ Қарағанды мен Жезқазғанға қарай бағдарлар іске қосылады.

Айта кетейік, 1 маусымнан бастап Қазақстанда қалалар арасындағы блокбекеттер алынады.

Сонымен қатар,  облыс орталықтары мен ірі қалаларына темір жол тасымалдары, сондай-ақ өңіраралық автобус жолаушылар тасымалдары қайта жаңғыртылады.

Ал 15 маусымнан бастап кинотеатрлардың ашылуына рұқсат берілмек.

 

Соңғы жаңалықтар