Ауру асқынып тұр. Жұрт неге жайбарақат?

Ауру асқынып тұр. Жұрт неге жайбарақат?

Ауру асқынып тұр. Жұрт неге жайбарақат?
ашық дереккөзі
Ел аумағында төтенше жағдай режимі аяқталғанмен, карантин шаралары жалғасуда. Бұрынғыдай қалыпты өмірге бірден оралуға әлі ерте. Вирустан сақтану шараларын естен шығаруға әсте болмайды.  Өкініштісі, коронавирустың бар екеніне сенімсіздік танытып, сақтық шараларын ұстанбай, жауапсыздық танытып жүргендер жетерлік. Тіпті, «біздің елімізде бұл аурумен ауырғандар жоқ, бар болса қане?» дейтіндер де табылып жатыр. Вирустың әлемді шарпып жатқанына назар аударғысы келмейтіндер де бар. Алайда Қазақстанда жаз-күз айларында да қауіпті вирус таралуы мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі  Е.Біртанов: «Қазіргі болжам бойынша, жаз айында, мүмкін күзде де коронавирус індеті жалғасуы мүмкін. Біз білеміз, сеземіз. Осыған байланысты қажетті шаралар қолға алынды. Коронавирус күзде қайталанса, біз дайын болуымыз керек», – деген болатын. Өткен аптада мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова санитарлық талаптардың сақталмауы қатаң карантин режиміне қайта алып келуі мүмкін екенін ескерткен болатын. «Төтенше жағдай режимінің алынып тасталуы карантин шараларының да алынғанын білдірмейді. Вирус ешқайда кетпегенін және арамызда таралып жүргенін түсінуіміз қажет. Барлығымыздың мақсатымыз – оның одан ары таралуына әрі сырқаттанушылардың артуына жол бермеу. Бұған қоса, әрқайсымыздың, жақындарымыздың денсаулығына және еліміздің экономикасына нұқсан келтірмей – карантин шараларын біртіндеп жеңілдету», – деді Айжан Есмағамбетова. Біз осы орайда COVID-19 індетін жеңіп шыққан, дерттен айығып, отбасымен аман-есен қауышқан кейіпкерлерге хабарласып, жағдайларын білген едік.   Айкөркем КУСЕСОВА,  Саймон Фрейзер университетінің 3-курс студенті:

Өзгелерді сақтандырғым келіп еді,  өзім содан опық жедім

 width= – Наурыз айының соңында Амстердам арқылы туған қалам Атырауға ұшып келдім. Келген күні барлық жолаушылар анализ тапсырды. Сараптама нәтижесі ұшып келген жолаушылар арасында бір адамда вирус бар екенін көрсетті. Біз сол адаммен байланыста болғандықтан 14 күн карантинге жатқызды. Карантиннің 13-күнінде әрқайсымыздан қайтадан анализ алды. 14-күні таңертең белгілі болғанындай, менің сараптама нәтижем оң шықты. Карантиннен кейін үйге шығамын деп қуанып жүрген болатынмын. Менен вирус табылады, ауырамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген болатын. Менен вирус анықталған соң Атырау облыстық №4 ауруханасына жеткізді. Бір қызығы, өзімді нашар сезінбедім, ешқандай ауру белгілері байқалмады. Сондықтан болар бұл жағдай менің басымнан өтіп жатқанына сене алмай жүрдім. Көнбеске амал бар ма, бірінші күнім уайыммен өтті, отбасыма хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Коронавируспен күресіп жатқан әлем медицинасы қолданған дәрілерді таңертең және кешкі уақытта іше бастадық. Дәрінің жанама әсері байқалып, аузыма ащы дәм келіп, тамаққа тәбетім жойылды. Менің ғана емес, палатадағы көршілеріме де дәрі жағымсыз әсер етті. 9-күні таңертең ұйқымнан тұрсам денемде қызарған бөртпелер пайда болыпты. Ағзам дәріге қарсы аллергия бере бастады. Сонымен дәрігерлер дәрі беруді тоқтатып, ағзамды тазалауға көшті. Дәрігерлер мұндай жағдайдың қалыпты екенін айтты. Емнің 15-16-ы күні ауруханадан шығар алдында анализ тапсырдық, екі ретте де теріс нәтиже көрсетті. Кейін үйде 21 күн карантинде болдым. Үйдің өзінде де карантин режимін қатаң сақтадым. Үйде маскамен жүремін, аса қатты қажеттілік болмаса, бөлмеден шығуға да тиым салды. 21 күндік үйдегі карантиннен соң екі анализ тапсыруым керек болған. Оның нәтижесі теріс болып шығып, қуанып жүрген жайым бар. Өзім аман-есен отбасыммен қауышып, қиын күндерді артта қалдырғаныммен, бізді емдеп жазған дәрігерлердің әлі ауруханада екенін ойласам жүрегім ауырады. Карантин жағдайы жеңілдетілген соң кейбір адамдардың немқұрайлылық танытып, сақтық шараларын сақтамай жүргені қынжылтады. Мұның алдында берген сұхбатыма адамдар неше түрлі сөздер жазып, негатив ойларын айтты. Менің ойым – өзімнің жағдайымды халықпен бөлісіп, барынша сақтық шараларын сақтауға шақыру болатын. Менен бұрын ауырған адамдар не деді екен деп іздендім, бірақ ақпарат таба алмаған соң, халықтың білуге құқығы бар, құлағдар болсын деп сұхбатқа келіскен болатынмын. Өзім ауруханадан әлсіреп шыққан кезім, кейін тіпті сол сұхбатты бекер бердім бе деген ой да келді. Мен үшін сұхбат беру ауыр болды, себебі мен айтсам да сенбейтіндер бар екеніне көзім жетті. Ауруханада айлап отбасын көрмеген, балаларын құшағына алып иіскемеген дәрігерлер жүр. Медицина қызметкерлеріне  қорғаныш киімдерімен жүріп-тұру да оңай емес, ауа жетпейді, көзілдіріктері буланып жүреді, әсіресе науқастарға система салатын кезде қатты қиналады. Науқастардың құлан-таза жазылып шығуына барын салып жүрген дәрігерлердің еңбегі ерен. Мен әлемнің әртүрлі елінде болдым. Адамдар бұған сенгісі келмесе де еліміздің медицинасы жақсы екенін білемін. Өзім Канаданың Ванкувер қаласында оқимын, сонда тұрып жатқаныма 4 жыл болды. Бірақ әлі күнге дейін елге келгенде дәрігерге қаралып, емделемін. «Канададан Қазақстанға келіп емделген сені көрдім» деп маған таңғалып жатады. Ол жақта медицина қолжетімсіз, өте қымбат және ауру белгісі білінбесе жедел көмек жасалмайды, ауруханаға апармайды. Ал біздің елде ауыра қалсаң, бірден медициналық көмек көрсетіледі. Біздің елдің тұрғындары осы мүмкіндікті бағалауы қажет.   Әділбек НҰРЫМБЕТ,  Орал қаласындағы №4 қалалық емхана дәрігері:

Коронавирус жұқтырып алғанымды  отбасыма айтпадым

 width= –       Сәуір айының аяғында бірнеше медицина қызметкерлерінің (дәрігер, медбике) коронавирус жұқтырғаны анықталды. Менің сараптама нәтижем теріс болып шыққанымен, оң нәтиже көрсеткен қызметкерлермен тікелей қатынаста болғандықтан провизорлы стационарға жатқызды. Үш күннен соң дене қызуым 37.3°С-қа жоғарылап, басым, белім, буындарым қатты ауырып, жаным қиналды. Түнімен құсып шықтым. Ертеңіне менен тағы COVID-19-ға анализ алды. Сараптама қорытындысы менде вирус барын анықтады, сонан соң мені жұқпалы аурулар ауруханасына әкеліп жатқызды. Қызуым 37,2-37,3°С шамасында болды. Басым, буындарым, белімнің ауырғаны күшеймесе, басылмады. Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам бес күн нәр татпадым, тамаққа мүлдем тәбетім болмады. Өзім инфекционист болып жұмыс істегенде қаншама жұқпалы ауруларды емдедім, адам болған соң арасында өзім де тұмаумен ауырған кезім бар. Бірақ дәл осындай ауруды көрген емеспін. Температура 38,0-38,5°С болған кезде  де парацетамол ішіп, жұмысымызды жалғастырып жүре беруші едік. Ал мына емі жоқ аурудан 5 күн басымды көтере алмадым. Оған жөтел мен кеудедегі қатты ауырсыну қосылды. Өкпемді КТ-ға түсірген кезде екі жақты пневмония анықталды. Қосымша тағы ем қосылды. Мен 15 күн дегенде толық өзіме келдім. Ауруханада 24 күн жатып, екі рет анализ тапсырып, нәтижесі теріс болған соң ғана ауруханадан шықтым. Карантин басталған тұста аяғы ауыр жұбайым мен балаларымды ауылға жіберген болатынмын. Коронавирус жұқтырып алғанымды әке-шешеме де, келіншегіме де айтпадым. Тек науқастармен тікелей байланыста болғаным үшін карантинде жатырмын деп айтып келдім. Өйткені оларды уайымдатқым келмеді. Тек толық жазылып шыққан соң ғана емделгенімді, алаңдаудың қажеті жоқ екенін айттым. Қазір барлығы жақсы, бірақ ауырған кезім есіме түссе әлі де жүрегім шымырлап кетеді. Бүгінде қоғамда вирустың бар екеніне сенбейтіндер мен карантин режимін сақтамайтындар қатары көбейгендей. Коронавирус басқа жұқпалы ауруларға ұқсамайды, салдары өте ауыр өтеді және ұзақ емделуді қажет етеді. Мен емделіп жатқанда коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған бір жігіт анализ тапсырды. 14 күн  провизорный стационарға жат дегенді тыңдамай, шу шығарып, үйіне кетіп қалған болатын. 5 күннен соң бүкіл отбасымен ауруханаға келіп түсті. Барлығында температура, жөтел, интоксикация. Мұндай жағдайдың алдын алудың бір жолы – карантин шараларын бұлжытпай орындау болып отыр.