28 Мамыр, 09:50 3503 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Білім мен ғылымға түбегейлі реформа қажет

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­­ға­лығымен Ұлттық қо­ғам­­дық сенім кеңесінің үшін­­ші оты­рысы өтті. Онлайн фор­­мат­та өткен жиын­­да адами капи­талды да­мыту мәсе­­лелері, атап айт­қан­да, білім беру, ден­сау­­лық сақтау сала­­ларын жаңа та­лап­тарға сай ре­форма­лау жайы талқы­лан­ды.

Еліміз коронавирустың шарық­тау шегін еңсерді. Алайда кесірлі кеселмен күрес аяқталған жоқ. Індет қаупі сейілмегенін, пандемия қайтадан өршіп кетуі мүмкін екенін ескерткен Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәй­кес­тендіру қажеттігін баса айтты.

– Алдағы 5 жылда мемлекеттік ден­саулық сақтау мекемелерін меди­циналық техникамен 100 пайыз қамтамасыз етуіміз керек. Соны­мен қатар жаңа ауруханалар салу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылдың өзінде 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдар­ла­ма бойынша 20 ірі клиника салы­на­ды, – деді Президент.

Бүкіл әлемді қыспаққа алған пандемия Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін де ауыр сынақ болды. Кесірлі кесел елімізде кәсіби дәрігерлер тапшы екенін көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұған еңбекақының аздығы, маман­дықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп.

– Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәігерлер алады. Олардың айлығы экономи­кадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсет­кішке 2023 жылға қарай қол жет­кізу қажет. Осы күрделі кезеңде барша­мыз медицина маман­да­рының қа­жыр­лы еңбегіне куә болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент ақ халат­ты­ларды дәрігерлік қателік үшін жазалау тәжірибесін қайта қарау керек екенін айтты. Медицина мамандарын заңсыз әрі әділетсіз қылмыстық қудалау фактілерінің жиілеуі отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді төмендете­ті­нін ескертті.

Коронавирус таралғалы отан­дық дәрі-дәрмек өндірісінің де кем-кетігі айқын аңғарылды. Фармацев­ти­ка саласындағы саясат ішкі сұра­нысты қамтамасыз етуге, озық техно­логия тартуға және импортты алмас­тыруға бағытталуы тиіс еке­нін баса айтқан Мемлекет басшысы Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын дайындауды тапсырды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сі­нің отырысында отандық білім және ғылым жүйесін жаңа ахуалға сай реформалау мәселелері де тал­қы­ланды. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың айтуынша, алдағы уақытта бұл саланың маңызы арта түседі. Тіпті, экономиканың өзі ілім-білімге тәуелді болмақ.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның білім саласына бөлетін қаржы­сы жеткіліксіз екенін, соның салда­ры­нан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдер­мен салыстырғанда әлдеқайда кен­же­­леп қалғанын айтты.

– Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқу­шылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағ­дар­ламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектеп­тер үшін 114 интернат, 700-ден астам спорт залдарын салу жоспар­ла­нып отыр, – деді Президент.

Қоғамда оқытушылар еңбегінің маңызы және мұғалімдерге деген құрмет артты. Десе де, ұстаздарды ын­таландыру ісінде түйіні тарқа­тыл­­маған мәселе әлі де аз емес.

– Біз «Педагогтар мәртебесі» заңы аясында мұғалімдерді ынта­лан­дыру шараларын қарастырдық. Бірақ іс жүзінде ЖОО жалақысы ме­ктеп мұғалімдерінің жалақысы­нан аз болып қалды. Осыған орай, Үкімет ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыру керек, – деді Президент.

Ұстаздардың жалақысын кезең-кезең­мен арттырып, университеттердің мате­риал­дық базасын нығайту үшін мемле­кеттік білім гранттарының құны 3 есе көбеймек.

– Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Оның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабі­лет­сіздігі. Әрине, бұл қосымша инвести­цияны талап етеді. Осыған орай, біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Елімізде грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 2025 жылға дейін еліміздегі 5 ЖОО әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керектігін айтты. Бұл межеге қол жеткізу үшін, яғни білімнің сапасын арттыру үшін Мемлекет басшысы Үкіметке жоғары оқу орындарына қойы­ла­тын талаптарды қатаңдатуды жүктеді. Әсіре­се, жалған диплом беретін мекемелерді жап­пай жабу ісін созбаққа салмай жедел аяқ­тауды тапсырды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мәселесіне тоқталды. Президенттің айтуын­ша, мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесінде ауқымды әлеуметтік құрамды қарастыру керек. Яғни, үміткердің оқу жетістіктеріне ғана емес, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына да назар аудар­ған жөн. Осы орайда, Мемлекет басшысы әлеуметтік әлсіз санаттағыларға жататын талапкерлерге қолдау көрсетудің бірнеше жолын ұсынды.

– Аз қамтылған отбасылар үшін, азамат­тар мен жастардың әлеуметтік әлсіз санат­тары үшін грант санын көбейту мәселесін қарастыру керек. Жоғары білім ақысын төлеу үшін жеңілдетілген несие беру – қолдаудың тағы бір түрі болар еді», – деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустары ашылатынын, 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылатынын жеткізді. Білім­герлердің қуанышын еселеген тағы бір жаңалық – алдағы 5 жыл ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынады.

Қазақстанда ғылымды дамытуға да баса мән берілмек. Бұл салаға бөлінетін қаржыны жоспарлы түрде көбейтіп, 2025 жылға қарай оны жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы қаржы­лан­ды­ру қандай жұмыстарды қамтуы тиіс екенін айтты.

– Біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұ­мыс­тар мен зерттеулерді қаржылан­дыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуге тиіс. Медико-биоло­гиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек, – деді Президент.

Соңғы жаңалықтар