22 Мамыр, 18:52 342 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Алматыдағы дәмханаларда дастарханға 4 адамнан артық отыруға болмайды

Сурет интернеттен алынды
Сурет интернеттен алынды

Алматыда 25 мамырдан бастап жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындарына қандай талаптар қойылады? Бұл сауалға қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин жауап берді. 

«Кафелерге қойылатын талап: ұжымдық кештер мен банкеттер өткізуге тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындарына кешкі сағат 23:00 -ге дейін жұмыс істеуге рұқсат бердік. Ең бастысы, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде екі метр болуы керек. Дастарханға бір отбасы мүшелерін қоспағанда, төрт адамнан артық отыруға болмайды», - деді ол.

Бас санитар тамақтану орындарының қызметкерлері санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс екенін айтты.

«Келгендерге қызмет көрсететін персоналдар міндетті түрде маска тағып, қолғап кию тиіс. Әрбір клиенттен кейін дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып тазалау жүргізілуі керек. Сонымен қатар, әлеуметтік қашықтық сақталуы қажет. Жіті респираторлық вирустық инфекция бар және қызуы көтеріліп тұрған адамдар жұмысқа жіберілмейді. Мұның бәрін әкімшілік қадағалап отыруы тиіс. Біз асханалардағы өз-өзіне қызмет көрсету принципін жойдық. Дайын тағамды қызметкерлер өздері жеткізеді. Осы салада қызмет көрсететіндерді санитарлық талапты сақтауға шақырамын», - деді Ж.Бекшин.

Еске сала кетсек, бұған дейін қаланың бас санитары бастаған мобильді топ жұмысы жанданған кәсіпорындарды аралап, бірқатар тәртіп бұзушылықтарды анықтаған болатын.

Жандарбек Бекшин жұмысына кіріскен кәсіпкерлер бекітілген санитарлық талаптарды  орындамаса, 4 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайтынын ескертті.

Айта кетейік, Шымкентте қоғамдық тамақтану орындары әзірге ашылмайды. Қала әкімдігі мұны қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының көбеюімен түсіндірді.

Өткен тәулікте Шымкентте 31 адамнан коронавирус анықталып, қалада індет жұқтырғандардың жалпы саны 539-ға жетті.

 

Соңғы жаңалықтар