Алматы облысында 3 күнде 37 барымташы ұсталды

Алматы облысында 3 күнде 37 барымташы ұсталды

Алматы облысында 3 күнде 37 барымташы ұсталды
ашық дереккөзі
Алматы облысының полицейлері “Мал ұрлығы” жедел алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Үш күнге созылған арнайы шара барысында мал ұрлығына қатысты 15 дерек тіркеліп, барлығының ізі суымай ашылды, деп хабарлайды Polisia.kz. Бұған дейін орын алған 30 ұрлықтың мән-жайы әшкереленді. Орын алған қылмыстарда 115 мал қолды болған. Оның ішінде, бір жылқы мен 114 бас ұсақ мал бар. Тәртіп сақшылары іздестіру барысында қолды болған малды тауып, 41 бас малды иелеріне қайтарды. Оның ішінде, үш жылқы, бір ірі қара мен 37 ұсақ мал бар. Мал ұрлықтарына қатысы бар деген күдікпен 37 адам  және бес қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында мал және ет өнімдерін сатудың 103 орны тексерілді. 255 шаруа қожалығы, қыстақтар мен фермаларда малдың жоғалуының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мал тасымалымен айналысатын 120 автокөліктің құжаттары тексеріліп, Еңбекшіқазақ және Балқаш аудандарында тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаудың екі дерегі анықталды. Естеріңізге сала кетейік, 18-20 мамыр аралығында Алматы облысы аумағында “Мал ұрлығы” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Арнайы шараның басты мақсаты мал ұрлығының алдын алу және бұрын орын алған қылмыстарды ашу, мал ұрлығына қатысы бар адамдарды анықтау.