Қазақты ұйытатын – ұлттық сана-сезім

Қазақты ұйытатын – ұлттық сана-сезім

Қазақты ұйытатын –  ұлттық сана-сезім
ашық дереккөзі
  ХХІ ғасыр босағасын аттаған тұста Қазақстан елі өз тәуелсіздігін нығайту жолында шұғыл өзгерістерді бастан кешуде. Тарихи себептер салдарынан туған топырағынан көз жазып, әлемнің әр еліне бытырап кеткен бауырларымыз бен олардың ұрпақтары, егемен ел болып, көк байрағы желбіреген өз Отанына, қазақ жұртына орала бастады. 1990 жылдары бастау алған ұлы көш туған елдің топырағына, атажұртына деген сарғайған сағынышын арқалап, «елім», «қазағым» деп ағылуда. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шешілетін мәселелер оларды бір нүктеде шоғырландыру сияқты тағы басқа мәселелердің бәрі түгелдей қайта қарауды талап етеді», – деді Елбасы. Қандастарымыздың мәселесі түбегейлі шешілуі маңызды екендігін ескертіп, «алыстағы ағайынға ақ тілек» хатын жолдады. Елбасымыздың мақсаты – тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа жинау еді. Шетелден оралып жатқандардың дені – жастар. Олардың әрқайсысы әр отбасының арқа сүйер азаматы, аяулы қыздары. Елге оралған қандастарымыз бен олардың ұрпақтары демографиялық жағдайымызға игі әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар салт-дәстүріміз, тіліміз, діліміз жаңа деңгейге көтеріліп, ғылым, білім салаларына да жаңа буын, жаңа толқын легі келіп қосылуда. Өкінішке қарай, «әттеген-айлар» да кездесіп жатады. Біз әр қилы мемлекеттерден қоныс аударған оралман қауымының тілінен, салт-дәстүрінен, өздері туып-өскен бөтен жұрттың әсер-ықпалын жиі байқаймыз. Бөтен ел, басқа болмыс, әйтсе де қандастарымыздың бойын­да қоғамды тану, білімге деген құштарлықтары басым. Басқа елден келген адам қашанда жасқаншақтау келетіні, жалтақтап төңірегіндегілерден мейірім, жылы сөз, жылы қабақ күтетіні, моральдық демеу, ақыл-кеңес беретін адамды қажет ететіні белгілі. Әлеуметтік ортаға еркін бейімделіп кетуіне кедергінің бір ұштығы осында болуы керек. Ет-жүректері елжіреп, адал ниеттерімен туған елім, жерім деп келген бауырларына қазақ жеріндегі жерлестері де, яғни, жастарымыз бауырмалдық танытып, моральдық жағынан демеп жіберсе, қолдау көрсетіп жүрсе қандай керемет болар еді! Екінші себеп, тікелей мемлекеттік тілмен байланысты, яғни, алыс-жақын шетелдерден көшіп келуші бауырларымыздың орыс тілін білмеуі. Сондықтан да, солтүстік пен шығыстағы облыстарға оралмандардың көп тұрақтамай, қазақы ортасы бар оңтүстік аймақтарға жақын орналасуы – осындай тілдік және психологиялық кедергілерді байқатады. Алыстан келген оралман бауырларымыздың тарихи жағдайы да мүлдем басқаша. Олар – байырғы бай қазақ тілінің қаймағын бұзбай қайтадан өзімізге әкелушілер. Демек, олармен бірге қазақ тілі, ата-баба салты ғана емес, тәжірибе мен әлемдік өмір көшіп келе жатыр деуге болады. Қандастарымыздың жат елде жинақтаған, түйіндеген, игерген мәдени құндылықтары бізге өте қажет. Мысалы, Қытай Халық Республикасынан келген қазақ қытайдан, Моңғолиядағы қазақ моңғолдан көп нәрсе үйренеді. Бұл – байлық, бұл – дереккөз, қазақ еліне қызмет ететін қатпарлы қазына. Президентіміз еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдың өзінде-ақ оралмандар мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуді қолға алды. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қорғайтын, әлеуметтік дамуын ілгерілететін күш – қазақ халқы. Қазақ диаспорасы мә­селелерімен айналысатын ға­лым­дар­дың пайымдауынша, орал­ман­дар нарықтық қатынас ор­тасында туғандықтан, жастайынан соған бейімделген. Олар басқа ортадан, сырттан келіп, өз кәсібін ашып, отбасын асырап, ұрпақ тәр­биелеумен бірге басқа да он­даған, тіпті, жүздеген адамдарды жұ­мыспен қамтамасыз етуде. 20 жыл ішінде елге 1 миллионнан аса қандастарымыз оралған бол­са, солардың арасынан талай кәсіп­керлерді мысалға келтіруге бо­ла­ды. Оралман жастардың мекен ет­кен елдеріндегі қалыптасқан тұр­мыс-салттарына байланысты тәр­биесін, кәсіпке, нарықтық қаты­насқа бейімделу деңгейінің жоғары екендігін ескермеске болмайды. Мысалы, Моңғолиядан келген қыз балалар кесте тоқу, киім, бас киім тігуге шебер болса, ұл балалар қолөнер, әшекей бұйым­дар жасаудың хас шеберлері деу­ге болады. Қытай Халық Респуб­ли­касынан келген жастар аспаздық өнер­ге бейім, әр түрлі дәмдеуіш қо­сылған тағамдары тіл үйіретініне бәріміз қанықпыз. Ал, ұл балалар жағы техника тілін жетік меңгерген, ағаштан ою ойып, әр түрлі бұйымдар жасаудың шебері, сонымен қатар мал шаруашылығының да қыр-сырын жақсы біледі. Қытайдан, Моңғолиядан келген жастарымыз мата-тоқыма бұйымдарын өнді­ретін кәсіптерді жете меңгеріп, эконо­микамызға тек пайдасын тигізуде. Осылайша, атажұртқа оралған бауыр­ларымыз елдің жүгін бірлесе көтеріп, біздің экономикамызды, бизнесімізді дамытуға қосылатын қозғаушы күш. Сонымен қатар Қазақстанда білім алып жатқан оралман жастарды оқыту мен оларды жаңа ортаға бейімдеудегі кей­бір тілдік мәселелер мен әлеу­мет­тік жағдайларды айту да керек. Жыл сайын жаз айларында өрімдей жастар атамекендеріне, еліне деген сағыныш, тебіреніс пен толғаныстарын арқалап келеді. Олар бүгінгі таңда ұмытыла бас­таған, тіпті кейінгі кезде көрін­бейтін қос бұрымды, қолаң шашты, бия­зы мінез қаракөз қыздар мен қазақы қалпын сақтаған өр мінезді, қажымастай қайратты қазақтың өрімдей жас жігіттері. Жастардың басым бөлігі ҚХР-дан келген. Қазақстанға олар білім алу үшін келеді. Аталмыш елден келген жастар ұлттық тілімізге, дәстүрімізге, дінімізге сызат түсірмей, көзінің қарашығындай сақтап келген. Олар атамекенімізде білім алсақ, елімізбен қауышсақ, ұлттық жадымызды жаңғыртсақ деген патриоттық ниет пен сезімде келеді. Ұзақ жылдар бойы ата-баба топырағынан жырақта жүрсе де, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін ұмытпаған. Дегенмен, елге оралған қандастарымызды ойландыратын да, толғандыратын да мәселелер жоқ емес. Біріншіден, басқа болмысты қабылдаған бала бөтен елде өмірінің 19-20 жылын өткізді, бұл аз уақыт емес. Мекен еткен елдің ұлтқа тән ерекшелігі, жат жердің жақсы-жаман жақтары кімге болса да әсер етпей қоймайды. Екіншіден, қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғыртып, жаңартып, басқа да ұстанымдарын толықтырып жатқан оралман жастарды мазалап та, қиындық туғызып отырған – әліпби, жазу мәселесі. Олардың көптеген қиыншылық­тар­ға, психологиялық кедергілерге кездесетіні жасырын емес, әсіресе құжат тапсыру кезеңдерінде, себебі құжат атаулының бәрі орыс тілінде. Ресми тілді білмегендіктен, еркін ақпарат ала алмайды. Бұл кедергі олардың қоғамға тез араласып кетуіне кері әсерін тигізеді. Кімнің болса да білім алудан бұрын алдында тұратын мәселе – жүрген ортаның тыныс-тіршілігімен танысып, қалыптасу болып табылады. Сырттай қарағанда ұсақ-түйек қана қиындық болып көрінеді, дегенмен, атажұртындағы жастармен етене араласып кеткенге дейінгі аралықта алшақтық, тосырқаушылық сезім­дерінің туындауы даусыз. Осындай моральдық жағынан азды-көпті кедергінің болуы заңды және оны ескермеуге болмайды. Қазақ даналығында «Ырыс жұғысады, ақыл ауысады» деген бар. Оралман жастарымыз өз Отанында өмір сүріп жатқан жастармен жақын араласып өмір сүруінің қандастарымыз үшін де, жергілікті жастарымыз үшін де пайдалы тұстарын ескеру керек. Қазіргі таңда кейбір жергілікті ұл-қыздарымыздың бойынан да, ойынан да қазақы болмыстан гөрі «батыс мәдениетіне» еліктеушілік басым екенін байқаймыз. Оқыту процесінде олардың бі­лім­ге құлшыныстары, ғылым­ға деген құштарлығы, мәде­ниет, әдебиет, өнерге ықылас­та­ры, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаздықтары, еңбексүй­гіш­тіктері кезкелген адамды сүй­сіндіреді, қарап тұрып ырза бола­сың. Осы айтылған жақсы қасиет­тер әрбір жастың бойынан табылып жат­са, ақыл жұғысып, ырыс ауыс­қаны осы емес пе?! «Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Он шетел тілінде сөйлесе тіпті жақсы, бірақ он шетел тіліне орап, ана тілін тұншықтырып көміп тастасақ, ол – кешірілмес күнә. Сол себепті де, мемлекеттік тіл біздің мемлекетімізді құлатпай ұстап тұратын бір мықты діңгек екенін ұрпақтарымыз біліп өсуге тиіс», – деген еді Елбасы Н.Ә. На­зар­баев. Жер шарын мекендеген жүздеген ұлттар мен ұлыстарды, елдер мен халықтарды ойлантатын ең негізгі мәселенің бірі – туған тілдің тағдыры мен қолдану аясы. «Үнінен, тілінен, жерінен, дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» деген ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби сөзін ескерсек, жаһандану жағ­дайында әрбір қазақты толған­ды­ратыны хақ. Иә, өткенсіз болашақ жоқ. Өткенімізге үңілсек, қазақ халқы тарихтың талай тауқыметін де, қасіретін де тартқан. Әйтсе де, жер бетінен жойылып кет­педі, тарих тасасында елеусіз қалма­ды. Шектеудің шеңгелінен шыға алмай, бөтеннің бодауында бол­сақ та, ұлттық болмысымыздан ажыра­ма­дық, ұлтқа тән құндылықтарымыз сақталып қалды. Оған дәлел де жоқ емес. Қалада қазақ мектебіне жарымағанымен, ауылда көнекөз қариялар тілін де, дінін де, салтын да, дәстүрін де дәріптеді, санасынан да сызып тастамады, соның арқасында қазақ қазақтығын сақтады. Санада сақталған салт-дәстүрдің орнының ерекшелігі сол – қазақтың әні-күйі, өнері өлген жоқ, бір сөзбен айтқанда, рухымыз сөнбеді. Сөз басында айтқанымдай, қазір жаһандану үрдісі жүріп жатыр, яғни, оның мағынасы – тұтастану дегенді білдіреді және ол екі сипатта жүреді, әлемдік және мемлекеттік деңгейде. Қазақты тұтастандыратын нәрсе – ұлттық сана-сезім. Оралман бауырлар қай елде тұрғандарына қарамастан, ұлтым – қазақ деп сезінетін болса, осы сана бүкіл қазақты біріктіреді. Ұлттық тарихымызды ширек ғасыр зерттеп келе жатқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Н. Мұхаметханұлы: «Қай елде, қандай тілдік ортада жасағанына қарамастан, қазақтың бәрі – бір қазақ. Олардың кез-келгенінде қазақтың дархандығы, жо­марттығы, бауырмалдығы, сән­құ­марлығы сияқты жақсы қасиет­терімен бірге дарақылық, мақ­тан­шақтық сияқты ұнамсыз қасиет­те­ріне дейін бар. Сондықтан, біз бір менталитетті қазақты бір­нешеге бөлмей, ұқсастықты, ортақтықты, бірлік пен тұтастықты, әлемдегі бүкіл қазақтың бірден-бір Отаны – қазақ елі, қазақ жері екенін дәріптеп, оған қызмет ету – исі қазақ баласының борышы екенін іштегі, сырттағы бүкіл ағайынның санасына сіңіре білуіміз керек», – дейді. Иә, шынында да солай. Ең керегі – қандастарымыз қа­сымызда болып, бірлігіміз жара­сып, кездескен қиындықты жеңу үшін ауызбіршілікте бо­лып, бір-бірімізден кемшілік іздемей, жақсылығымызды ғана көріп, қуанып жүрсек, өз туған топырағымызда іргеміз сөгілмей ұлт болып ұйысып, бірлік пен берекенің жалауын бірігіп көтеріп өткенге не жетсін, шіркін! Адамдар арасын алыстататын да, жақындататын да жағдайлар қоғамда болады. Біз мұндай нәр­селерден аулақ болып, басымызды бірік­тіретін, бар қазақты тұтас­тан­дыратын тұстарымызды іздеуіміз керек. Ел аузында «жүз рет есті­ген­нен, бір рет көрген артық» деген бар. Бірнеше жыл «білім беру саласының бренді» санала­тын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шетел азаматтарына арналған дайын­дық факультетінде ҚХР-дан, Моңғолиядан келіп, білім алушы шәкірттерге дәріс бердім. Сонымен, қазақ диаспорасының тіліне қатысты «Оралмандардың ауызекі сөйлеу тіл ерекшеліктері» атты тақырып бойынша ғылыми жұмысымды аяқтап, кандидаттық диссертация қорғадым. Көп ұзамай, ғылыми жұмысымның аясында Қытайдың Үрімжі қаласына іссапармен барып қайттым. Іле-шала 2012 жылы «Түркі халықтары мен мемлекеттерінің тарихи-мәдени мұрасы және интеграциялық үдерістері» бағдарламасы бойынша «Еуразиялық полиэтникалық кеңіс­тіктегі қазіргі түркі тіл­де­рінің даму үдерістері» атты ғылыми ұжымдық монография авторларының бірі болдым. Ғылыми жобаны жазу барысында іссапарда болған күндері жинақтаған мәліметтер мен түйіндеген ой-пікірлер, көзбен көріп, өз құлағыммен естіген сыр-сұхбаттар, қытай жеріндегі қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектеріне қатысты айтылған тұжырымдар басшылыққа алынып, соның негізінде ғылыми жобадағы нақтылық пен дереккөз ретінде ықпалы зор болды. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген. ҚХР-дағы қазақ диаспорасы тіл­дік ахуалына тоқталайын. Қазақ тілі тарихи себептермен шекара аттаған тілге айналды. Ел екіге бөлініп қоныстанғанымен, тегі бір тамырдан тараған ортақтықтар бар, дегенмен, екі елдің қоғамдық мәдениетінің, географиялық ортасының ықпалы болмай қоймайды. Қытай қазақтарының тіліне көңіл бөлген біршама қазақ ғалымдарымен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Солардың бірі – Шыңжаң тіл-жазу комитетінің доценті, ғалым Нұрғабыл Сұлтаншәріпұлы мырза. «Жоңго Шыңжаң қазақтары мен Қазақстан қазақтары тілінің фонетикалық өзгешеліктері» атты ғылыми еңбектің авторы. Ғалым бұл мақаласында екі аймақ халқы тіліндегі біршама дыбыстық ерек­шеліктеріне тоқталып, белгілі бір дәре­жеде тілдік айырмашылықтар қалыптасқанын тілге тиек етті. Қытай жерінде өмір сүріп жатқан басқа да қазақ ғалымдарының бірқатарымен кездестім. Олардың пайымдауынша, Қытайда тұратын қазақтар тілінде аса үлкен ала-құлалық жоқ. «Әлемнің әр жерінде қоныс тепкен қазақтың «қазақ» болып қалуының бірден-бір куәсі – оның сақталған тілі» деген тіл зерттеуші ғалымдар пікіріне, ҚХР-дағы қазақтар негізінен тілдік тұтастығын сақтап қалған деген тілге қатысты айтылған тұжырымға өз тарапымнан қосылып, толық­тыр­ғым келеді. Іссапар барысында Үрімжі қала­сында мектептерді аралап, оқытушы-ұстаздармен пікір алыстым. Қаракөз балалар сабақты қытайлармен бірге оқитын көрінеді. Қытай тілінің қиындығынан бәрін түсініп қабылдай алмайды, осы жағдайдан соң үлгермеушілік туындайды. Ұлттық мектептерде ана тілінен басқа сабақтар қытай тілінде жүргізіледі. Қытайдағы қазақтардың тіл тағдырына бұл мәселелерден басқа да факторлардың әсері баршылық. Ең бастысы – шет жерде жүрген қаракөз жастарымыздың атамекендеріне, қазақ еліне деген сағыныштары, ықыластары бір сәт те толастар емес. Иә, қандай да бір нәрсенің қадір-қасиетін өз басыңа түсіп, өз жаныңа батқанда ғана түсінесің. Ол – шындық! Қай мемлекетті алмайық, әр елдің өзіне тән салт-сана, әдет-ғұрпы бар, өз заңы, өз мүддесі бар. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды», – деп еді ұлы Абай. Демек, қазақтың қайда да қазақ екенін ескерсек, Отанын аңсап, елім деп еңіреп, қазағым деп соққан жүректерінің сағыныш лүпілін түсінуге болады. Мен оны осы жолы іссапарда жүріп терең түсініп, өзім арқылы сезіндім. Қазағымның дархандығын, пейі­лінің кеңдігін одан да терең, одан да жоғары бағаладым. Өз топырағымда, өз шаңырағымда жайқалып, еркін тыныстап, еркелеп жүргенім үшін өзімді шексіз бақытты санадым. Қандастарымыз қай елден келгеніне қарамастан, ұлтым – қазақ деп сезінетін болса, осы сезім бүкіл қазақты біріктіреді. Ұлы сезімге сызат түспесін! Әр қазақтың санасында ұлтына деген адалдық болса, салт-дәстүрімізге қанық, дінімізге берік болсақ, бойымызда намысымыз болса ғана бірлігіміз жарасқан мәңгілік Қазақ елі боламыз!  

Рыскен ӘБІШЕВА 

Алматы қаласы