21 Мамыр 2020, 21:42 809 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Испания премьер-министрі халықтан қателіктері үшін кешірім сұрады

Испания премьер-министрі карантиннің ұзартылғаны үшін ел тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Euronews. 

«Пандемияның таралуы бізді мұқият болуға үйретті. Адамдардың денсаулығы үшін шектеу шаралары әлі де сақталатын болады. Мен азаматтардан асығыс жасаған қателіктер үшін, ресурстардың жетіспегені үшін, дағдарыстың ауқымы артқаны үшін кешірім сұрағым келеді», - деді Педро Санчес.

Испанияда үкіметтің карантин режимін ұзарту шешіміне наразылар көп. Көшеге шығуға рұқсат етілген аймақтардың тұрғындары үкіметтің отставкаға кетуін талап ету мақсатында наразылық акциясына шықпақ. Олар Санчесті ойланбаған және тиімсіз шараларды қолдағаны, экономиканы әлсіреткені және азаматтардың еркіндігін бұзғаны үшін айыптауда.

Бейсенбіден бастап  испаниялықтар көшеде және барлық қоғамдық орындарда адамдар арасында екі метр қашықтықты сақтау мүмкін болмаған жағдайда бетперде киюге міндеттеледі. Алайда күн ысыған сайын сақтық шараларын орындау қиындық тудыруда.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша Испанияда 232 555 адам індет жұқтырған. Коронавирусқа шалдыққандар саны жөнінен бұл ел әлем бойынша бесінші орында тұр.

Соңғы жаңалықтар