COVID-19: Алматыда 2 науқастың жағдайы өте ауыр

COVID-19: Алматыда 2 науқастың жағдайы өте ауыр

COVID-19: Алматыда 2 науқастың жағдайы өте ауыр
ашық дереккөзі
Бүгін Алматыда коронавирус жұқтырудың 57 жаңа жағдайы тіркеліп, қалада індетке шалдыққандардың жалпы саны 1966 адамға жетті.  Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қалалық жұқпалы аурулар стационарында коронавирус инфекциясынан 864 науқас ем-дом қабылдап жатыр, оның 30 – бала. "Екі науқастың жағдайы – өте ауыр, 22 адамда – ауыр, 240 науқаста ауырлықтың орташа дәрежесі, ал қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық. Бүгінгі күні провизорлық госпитальда 196 адам бар, 266 адам карантинде. 13 299 азамат үй карантинінде жатыр", - дейді басқарма басшысы. Кеше қалада 55 адам қауіпті індеттен жазылып шыққаг. Оның ішінде 28 адам – медицина қызметкерлері, 1,5 жас пен 16 жасқа дейінгі – 10 бала, 68-73 жастағы үш зейнеткер және қалғандары орта жастағы азаматтар. Жалпы, шаһарда пандемия басталғалы бері қауіпті індеттен 1092 науқас сауығып шықты. Алматыда карантин режимі аяқталмағанын еске салған Тілеухан Әбілдаев тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды. «Мегаполис тұрғындарына, әсіресе, жөтел, мұрыннан су ағу немесе басқа да ауру симптомдары болған жағдайда барлық қауіпсіздік шараларын ұстану керектігін ескертеміз. Атап айтқанда, бетперде киіп, мүмкіндігінше халық көп жиналатын орындарға бармауға, қолды жиі жуып, адамдардан кем дегенде 2 метр қашықтықта ұстау керектігін өтініп сұраймыз. Бұл ұсыныстарды орындай отырып, сіз аурудың таралу қаупін төмендетесіз. Егер сізде дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса, тыныс алу қиындай түссе, медициналық көмекке жүгініп, жедел жәрдем шақырғаныңыз абзал», – деді ол. Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 7234-ке жетті. Өткен тәулікте 265 адамнан індет анықталып, өсім 3,8% құрады. Ал әлемде коронавирус инфекциясын 5 миллионнан астам адам жұқтырған. Олардың 328 мыңнан астамы көз жұмды.