21 Мамыр, 18:22 504 0 Руханият Túrkistan Gazeti

Қазақтың мұңын тілін білсең ғана түсінесің

Кейде ашу-ызаға ерік беріп, елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері туралы артық сөйлеп қоятынымыз бар-ау. Олардың кейбіреуі қазақ­қа деген арам пиғылын жасырмай, ашып айтатыны бар, ондай кезде амал қан­ша, сен де қатты кетесің. Қазақтың жерінде өмір сүріп жүріп, қазақтың на­нын жеп, суын ішіп жүріп қалайша солай ойлайды деп ренжисің.

Дегенмен жұрттың бәрі бірдей емес, елі­мізде ниеті түзу, пейілі ақ орыс­тар да, кә­­­рістер де, немістер де, басқалар да жеткі­лік­ті. Ол айналайындарға айтарымыз, тек ал­ғыс қой.

Мысалы... мен бұл жерде Герольд Бель­гер сияқ­ты жаны қазақ болып кет­кен белгілі тұл­ғалар туралы сөз қозғамақ емес­пін. Ме­нің айтпағым, осы қазір арамыз­да жүрген дос­тар туралы.

Түркістандық Максим Рожин атты шық­қан тегі славяндық жігіттің қа­зақ­шасына, оның айтқан сөзіне қалай риза бол­майсың?! Ол әлеуметтік желіде «Қазақ­тың шынайы мұңын қазақ тілін білсең ғана түсінесің» деп жазыпты қазақ тілінде. Расын­да қазақтың тілін білмей, қазақтың дү­ние­танымын тану мүмкін емес. Тілдің эти­мологиясына бойлаған сайын, ұлт тарихы, мінезі, танымы айқындала береді. Ал дү­ниетанымдары екі басқа екі адам арасын мұ­хит бөліп жатқан екі арал сияқты, біріне бірі жақын жуыса алмайды.

Өзбекстанда туып-өскен Владислав Тен деген кәріс азаматтың да адам­шы­лық қасиетіне тәнті болдым. «Қа­зақ­станда бәріміз, қай ұлт болсақ та, қазақ болуы­мыз керек. ...Қазақ тілін үйреніп алсақ болды. Ешқандай ұлт я тіл принципі бойынша бір-бірімізді бөлуімізге ешқандай себеп те табылмайды» деп, ол да әлеуметтік желіге қазақша жазыпты. Айналайын Максимжан, айналайын Владижан, өздерің күн сайын табан тіреп жүрген жерді, сол жердің иесі – қазақты құрмет тұтқандарың ғой бұл. Мен солай түсінемін. Ал өзін құрмет тұтқан адам­ды қазақ тіпті хан көтеретінін білесің­дер ғой.

Байқап отырсам, бұлар қазағы көп жер­дің азаматтары, оңтүстіктің тәр­бие­сін көрген жігіттер. Қазақтың қазақпен қазақша ғана сөйлесетінін көзін ашқалы көріп келе жатқандар. Ал қазақ пен қазақ қа­зақша сөйлеспей, өзара орысша сөй­ле­сетін солтүстікте бар ма екен осындай жі­гіт­тер? Білмеймін, бар болса да бірен-саран шығар.

Демек, тілімізді қадірлеу өзімізден бас­талуы керек, әуелі өзіміз сөйле­мей өзгені қалай кінәлайсың? «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген сөз бар емес пе? Егер біз, қазақтар, бәріміз еш­кім­ге жалтақтамай өзара қазақша сөйлесек, бас­қалар да осы тілде еріксіз сөйлей бастамай ма? Өзіміз дегенде, қазақ тіліне деген құр­мет ең әуелі мемлекет басындағы бас­шы­лықтан басталуы керек. Сол себепті ха­лық мемлекет тарапынан тегеурінді талап күтеді. «...Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген Қазақстан Конс­титуциясындағы тармақтың тәуелсіз Қа­зақстан үшін қажетсіз екенін орыс дос­тары­мыз да қазір жақсы түсінеді. Рас, тоқ­саныншы жылдары ел тыныштығы үшін бұл тармақ қажет болса болған шығар, ал қа­зір бұл тармақтың пайдасынан зияны көп.

Қай ұлт болса да, ол қай жерде тұрса да қарапайым адамдар жазықты емес, бәрін бүлдіретін пиғылы жаман саясаткерлер. Біздегі кейбір тәп-тәуір орыс­тардың Қырым референдумы сияқты саяси әңгімеге елігіп жүргені де солардың насихаты.

Бұл өзі таусылмайтын тақырып. Сон­дықтан оны қоя тұрып, ұлты басқа болса да қазақтың тілін өз тіліндей құрмет тұтатын азаматтар туралы айтпақпын.

ТОЛИК

Бірде көлігімнің дөңгелегін ауыстыру үшін үйге жақын жердегі техника жөндеу орталығына бардым. Қазақша сөй­леп қарсы алған қараторы жігіт ылдым-жыл­дым қимылдап жұмысқа кірісті де кетті.

– Атың кім? – деймін ғой қарап тұрмай.

– Толик.

– Қой, Толигі несі, Төлепберген шығар­сың, – деймін, Толик дегенін жақтырмай.

– Шын айтам, атым Анатолий.

– Онда Туу туралы куәлік алғанда солай ж­азып жіберген болды ғой, – деп әзілдедім, – куәлік жазып беретін жерде отырғандар қа­зақтың талай баласына солай орыстың атын қойып жіберген ғой.

– Мен қазақ емеспін, неміспін, – деді ол осы­ны айтқанда ақсия күліп. – Аягөздің не­місімін.

Мейлі неміс болса болсын, қазақша мү­дір­мей тұрған Толикті інім сияқты жақсы кө­ріп кеттім. Одан кейін де оның шеберханасына бірнеше мәрте соқтым. Тағы бір барғанда оған құнды қағаз – акция мен облигацияның пайдасы туралы айттым.

– Ақшаңды құнды қағазбен жина, керек болса көмектесем. Мен құнды қағаздар нарығында қаржылық кеңесшімін, – деп ақылымды айта бастап едім:

– Ой аға, Құдай өзі жеткереді, ондайға сен­­­беймін, ертең балдарым өссе, солар асы­райды, – деп, сөзімді тыңдағысы келмегені. Айтып тұрғаны немістің сөзі емес, қамсыз қазақтың сөзі, соған таңғалдым.

– Сенің өзіңде түк немістік қасиет қал­ма­ған екен, таза қазақ боп кеткен екенсің, – деп әзіл-шыны аралас кейіп тастадым.

Менің бұл сөзіме мәз болып ол да күледі.

ЖЕНЯ

Әскерге алынғанымызға алты ай болған еді. Бізді 1984 жылы алты ай­лық оқудан кейін Украинаның Чернигов облысынан қазіргі Луганский қаласындағы басқа бір әскери бөлімге жіберген. Бөтен жер, бейтаныс орта. Одан да гөрі мұнда бізге қарағанда солдаттық өмірдің ыстық-суығын көбірек көрген солдаттар жетерлік. Он­дай көксоққан «дедтер» біз сияқты енді кел­ген «молодойларға» қоқаңдап, күн көр­сетпейді деген әңгіме мазаңды май ішкендей қылады. Сол себепті барған бетте кір­ген-шыққанға жатырқай қарап тұр­ғанмын. Бір кезде қазармаға дембелше келген, шикіл сары орыс сержант кіріп келгені. Бір бұрышта үрпиіп тұрған бізге адам деп назар салмастан жанымыздан өтіп бара жатып, арғы бұрыштағы біреуге айқайды салып, балағаттай жөнелсін. Ә дегенде өз құлағыма өзім сенбей, жаңылыс естімедім бе екен де­гем, сөйтсем... жоқ, шын екен, әлгі орыс та­за қазақ тілінде, онда да қазақтың жалпақ тілімен, еш акцентсіз шымкентше шұбыр­тып барады. Шешеден де, әкеден де келіс­тіреді екен сабаз. Оқырман айып етпесін, әскерде сыпайы сөйлеу деген болмайды, тек боқтап сөйлейсің. Оның шешеден шұ­быртқаны құлағыма майдай жақсын. Сөйт­сем, ол қызылордалық болып шықты. Сон­дағы екі институттың бірін бітірген. Бізден үш жас үлкендігі бар, ересек жігіт. Бірден бауыр басып кеттік. Аты-жөні – Евгений Жу­ков. Женя дейтін болдық. Біз оны орыс екен дегеніміз жоқ, ол бізді қазақ екен демеді. Қалай орыс дейсің, қазақтың жалпақ ті­лін­де мүдірмей, сайрап тұр. Ресейдің орыстарына қосылмай, бізбен бірге жүретіні тағы бар. Бізге аға болып алды. Айтатын әңгімеміз Қазақстан туралы. Қызылорданың аңызақ аптабы мен Сырдарияның лықсып аға­тын суын бірге сағынамыз. Шеңгел туралы, сексеуіл туралы сыр шертеміз.

Ол бізді Ресейдің қағынған орыстарынан қорғады. Кейін мені он күндік демалысқа елге жібергенде, басқа қазақ жігіттерінің үйіне бұрылмай, әдейілеп іздеп жүріп, Қызылордадағы Женя ағамның үйіне соқтым. Әке-шешесі сол қаладағы «Нұрлан» атты әйдік дүкеннің үстіңгі қаба­тында тұрады екен. Оларға ұлының – Женя братанның аманшылығын жеткіздім.

Мен Қызылордадан көшіп кеткелі де, міне, жиырма алты жыл болыпты. Со­дан бері Женямен кездеспеппін. Қайда жүр екен? Аман ба екен? Әлде... жо-жоқ, Женя Ресейге қоныс аударатын адам емес, ол тіпті Қызылорданы да қимайды. Сыр­дария­ны тастап кете алмайды. Қазақтарсыз өмір ол үшін тіпті көңілсіз. Өйткені қазақ­тың тілі, сол арқылы дүниетанымы жанына тым жақын.

Қазір, осы сәт Женяның өзін қатты сағынып отыр­мын.

Тіліміз бір болса ғана тілегіміз бір болаты­нын осыдан-ақ біле бер.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

«Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы

Соңғы жаңалықтар