21 Мамыр, 20:21 667 0 Денсаулық Арайлым Бимендиева

Қайыржан Абдыхалықов: Пандемия медицина кадрларының тапшылығын айқын көрсетті

COVID-19 пандемиясы медицина ғылымын да­­мытудың маңызы зор екенін дәлелдей түс­ті. Ін­детті ауыздықтау үшін дәрігерлер мен медицина қыз­меткерлері күндіз-түні жұ­мыс істеп жатыр. Қиын сәтте медицина саласының осал тұс­та­ры да анық­талды. Осы ретте Túrkistan газеті «Қа­зақ ме­ди­циналық үздік­сіз білім беру университеті» АҚ ректоры Қайыр­жан Абдыхалықовпен еліміздегі ме­ди­цина мамандарын даяр­лау­дың өзекті мәселелері туралы әңгімелескен болатын.

– Қазақстанда 15 жылдан бері эпи­демиолог мамандар даярланбай­ды екен. Кезінде бұл мамандыққа сұ­раныс болмағанымен, індет жағ­дайы елімізде эпидемиолог ма­ман­дардың жетіспеушілігін байқатты. Ал­дағы уақытта өзіңіз басқарып отыр­ған университет аталған сала бойын­ша маман оқытуды қолға ала­тын болар?

– Елімізде 2005 жылдан бастап «гигие­на және эпидемиология» маман­дығында қайта даярлау циклдеріне мем­­лекеттік тапсырыс болмаған. Оған қа­­рамастан, университетте эпиде­мио­логияға байланысты оқу сағаттары барлық деңгейде және қосымша білім беру бағдарламаларына енгізілген. Сон­дай-ақ эпидемиолог мамандарды қай­та даярлау және біліктілігін арттырудың ақылы циклдері (арнайы пәндері) жылда өткізіледі. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін университет 58 эпидемиолог маман даярлады. 800-ден астам санитар-эпидемиолог мамандардың білімін жетілдірді. Университетте 1964 жылдан жұмысын атқарып келе жатқан «Гигиена және эпидемиология» кафедрасы бар. Ол кафедраны әр кездері белгілі профессорлар Б.Сансызбаев, Ж.Темирбеков, Г.Камзагалиев басқарған.

Коронавирус ұлттық және ғаламдық дең­гейде медицина мамандарының тапшылығын айқын көрсетті. Уақыт та­лабына сәйкес эпидемиология бойынша бакалавриат пен резидентурада мамандар даярлауды қайта қалпына келтіруді жөн санап, бұған байланысты же­ке білім беру бағдарламасын құрас­тыру­ды қолға алып жатырмыз.

– Медицина қызмет­кер­лерінің кә­сі­би біліктілігін арттыру бойын­ша ма­мандарды қанша уақыт оқы­та­сыз­дар, медицина қызмет­керлері қай аймақтардан келеді және жы­лы­на қанша медицина қыз­меткері бі­ліктілігін жетілдіреді?

– ҚазМҮББУ медицина маман­дары­ның кәсіби біліктілігін арттыру және қай­та даярлау бойынша 3 күннен бастап 20 аптаға дейін оқытады. Семинар-тренинг немесе мастер-класстар 3-5 күн ара­лығында, ал біліктілігін арттыру ку­рс­тары циклді түрде 1-4 апта ара­лы­ғын­да өтеді. Дәрігерлер жаңа мамандық игеру үшін қайта даярлау циклінен 16-20 апта аралығында өтуі тиіс.

Мемлекетіміздің барлық аумағынан жыл сайын 8 000-нан астам дәрігер ма­ман­дар 60-тан астам мамандық бойынша денсаулық сақтау саласындағы кө­кей­тесті мәселелерге байланысты оқыту циклдері ұйымдастырылады. Оқытуды біліктілігі жоғары профессор-оқы­тушы­лар құрамы жүргізеді. Биылғы ерек­шелігі – карантин шараларына орай Қа­зақстанның медицина ма­ман­дары­ның кәсіби біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламалары қашық­тан практикалық семинарлар және ауруханалар мен емханалардың қызмет­кер­леріне онлайн кеңес беру түрінде өт­кізілетін болады.

– Халықаралық ынтымақтастық са­ласындағы университеттің қыз­меті және әлемдік университеттермен, ғылыми орталықтарымен іс­кер­­лік қарым-қатынастың нәтижесі қан­дай?

– Біріншіден, бізде 4 халықаралық аккре­дитация бар. Екіншіден, уни­вер­си­те­­тімізде Үндістаннан, Біріккен Араб Әмір­ліктерінен, Шри-Ланкадан, Қытай­дан, Ресейден және басқа елдерден кел­ген студенттер оқиды. Үшінші бағыт – магистратура деңгейіндегі қос дипломды білім беруді іске асыру бойынша Че­хияның «Халықаралық білім беру инс­титутымен» ынтымақтастық аясында жаңа «MBA Бағдарламасы» жасалуда және елімізде алғашқы болып Финлян­дия­ның JAMK Қолданбалы ғылымдар инс­титутымен «Мейіргер ісі» бойынша ма­гистратурада қос дипломды білім беру бағдарламасын ашып, мейірбике ісін­дегі еуропалық стандарттарды мең­гер­ген алғашқы түлектерін даярлады.

Негізі, университет алыс-жақын шет­елдердің 32 жетекші медициналық жо­ғарғы оқу орнымен ынтымақтастық ту­ралы шарт жасасқан. Сондай-ақ прак­тикалық денсаулық сақтау жүйесін қа­лыптастыруда және пациентке ба­ғыт­талған мамандарды даярлауда уни­вер­си­теттің Қазақстан бойынша 185 кли­ни­калық базаларда (ауруханалар, диаг­ностикалық орталықтар, емханалар, арнайы медикалық орталықтар) жыл сайын мыңдаған студент тәжірибеден және клиникалық оқытудан өтеді.

Халықаралық медициналық уни­верси­тет ретінде ғылыми және ғылыми-техникалық өнімді әзірлеу жолында біз жетекші академиялық және клиникалық орталықтармен, ұлттық зертханалармен, мекемелермен тең құнды серіктес болуға ұмтыламыз.

– Пандемия жағдайы еліміздің білім беру жүйесін жаңа белеске шы­­ғарды. Осы ретте өзіңіз басқа­рып отырған университет карантин жағ­дайында ЖОО тапсырушы тү­лек­терге мамандық бойынша бағыт беру жұмыстарын қалай жүргізіп жатыр?

– Әлемде болып жатқан пандемия біз­дің жоспарларымызға да өз әсерін тигізбей қоймады. Университетте талап­кер­лерге бағыт беру жұмыстары әде­т­те­гіден өзгеше жағдайда өтуде. Бір жағы­нан, бұл біз үшін жаңа белес. Цифрландыру жүйесін жан-жақты зерттеп, білім беру барысында қолданып жатырмыз. Биыл дәстүрлі «Ашық есік күнін» Instagram, Facebook әлеуметтік желі­ле­рін­дегі па­рақ­шаларымыз арқылы өт­кізу­деміз. Университет қызметкерлері дәл қазіргі уақытта үміткерлермен онлайн режимде кездесіп, ҰБТ-ның жаңа фор­маты, жал­пы университет қызметі, оқу орнында жүзеге асырылып жатқан бі­лім беру бағ­дарламалары туралы мә­ліметтер беріп, студенттердің оқуға түсу, жатақ­ха­нада тұру мәселелері бойынша сұрақ­тарына жауап беруде.

«Ашық есік күні» бір ай бойы кестеге сәйкес және дайындық деңгейін ес­кере отырып мамыр-маусым айларында өткізіледі. Бұл жеке кездесуге қатысуға тілек білдірушілерге, өздерін қызық­тыр­ған сұрақтарын тікелей мамандарға қою­ға, қабылдау емтихандарының ұйым­дастыру жұмыстарының жүргізілуі ту­ралы ақпарат беруге бағытталған. Бо­лашақ студенттерімізбен 24 сағат байланыстамыз десем де болады.

Қазір медицина мамандықтарына, оның ішінде біздің университетке қы­зығушылық танытушылар саны көбейіп ке­леді. Оған дәлел еліміздің түкпір-түк­піріндегі болашақ студенттерден күн­делікті келіп түсіп жатқан сұрақтар.

Биыл талапкерлердің құжаттарын он­лайн түрде қабылдаймыз, сұхбаттар және басқа да іс-шаралар жүргіземіз. Ол біз­дің ресми сайтымыз арқылы жүзеге асы­рылады. Оған қоса, мектеп бітіру­шілерге және олардың ата-аналарына арнап жалпы мамандық таңдау бойынша бағыт беру жұмыстарын жүргізбекпіз.

– Бүгінгі таңда «Қазақ медици­на­лық үздіксіз білім беру университеті» қандай мамандарды даярлап отыр? 

– Университет медициналық бағыт­тағы мамандар даярлаудың барлық дең­гейінде білім береді. Негізі 57 жыл бұрын салынған бұрынғы АГУИВ Орта Азияда дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыратын ең беделді мекеме. 2018 жыл­дан бастап бакалавриат деңгейінде «Жал­пы медицина», «Стоматология», «Қо­ғамдық денсаулық сақтау», «Фармация» және «Мейіргер ісі» оқу бағдар­ла­маларына студенттер қабылданып, білім алып жатыр. Ал магистратура бойынша төрт мамандық бар: «Медицина», «Қо­ғам­дық денсаулық сақтау», «Медико-про­филактикалық іс» және «Мейіргер ісі». «Медицина», «Қоғамдық денсаулық сақтау» саласында медицина ғылымы­ның докторлары даярланады. Сонымен қатар интернатура және резидентурада 31 мамандық бойынша дәрігер мамандарды оқытамыз.

– Университет түлектерінің қан­ша пайызы тұрақты жұмыспен қам­­­тамасыз етілген?

– 100 пайыз. Түлектерімізді жұмыс­пен қамту бойынша ең жоғарғы көрсет­кіш­ке ие болып отырмыз. Университетті бітірген барлық маман иелері бүгінде толығымен жұмыспен қамтылған, бар­лығы дерлік нарықта сұранысқа ие жо­­ғары білікті қызметкерлер. Айтпақ­шы, бұл медициналық мамандардың же­тіс­пеушілігінің де бір көрінісі. Сон­дықтан дәрігер мамандығын таңдаған жастар жұмыссыз қалмайды десе де бо­лады. Өздеріңіз көріп отырғандай, тө­тенше жағдай кезінде жұмысы тоқ­тамаған мамандар – медицина қыз­мет­кер­лері.

– COVID-19 індеті еліміздің эко­но­микалық ахуалына елеулі әсер етті. Осы ретте Үздіксіз білім беру уни­верситеті студенттер үшін оқу ақы­сын өзгеріссіз қалдыра ма және биыл­ғы түлектерге қандай да бір қо­сымша жеңілдіктер қарастырып жа­тырсыздар ма?

– Универсиет жаңа 2020-2021 оқу жы­лына білім беру ақысын көптеген ма­мандықтар бойынша өзгеріссіз қал­дырады, ал кейбір мамандықтар бойынша оқу ақысын төмендету мәселесі қа­рас­тырылып жатыр. Отбасылық жағ­дайы­на байланысты, толық немесе жар­тылай жетім, ата-анасының біреуі
І не­месе ІІ топ мүгедегі болса, көпбалалы от­басынан шыққан студенттерге жеңіл­дік жасалады. Жыл қорытындысы бойынша үздік немесе университет өмі­ріне белсенді қатысушы студенттерге арналған арнайы бағдарламалар бар. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайына байланысты студенттердің төлемақысын ұзарту немесе бөліп төлеу мүмкіндіктері қарастырылған.

– Медицина саласының мамандарына теориялық біліммен қатар прак­тикалық іс-тәжірибе ерекше қажет. Сіздер бұл жағдайда қиын­дық­тан қалай шығасыздар? Медицина мамандарын қашықтан оқыту қаншалықты тиімді?

– Кім-кімге де қашықтан оқытуға көшу аса қиындықтар туғызған болса,  ме­дициналық жоғары оқу орындарына да ерекше әсер етті. Себебі бізге қойыла­тын негізгі талап – оқу орнының мен­ші­гін­де клиникалық базаның болуы. Білім алушылар міндетті түрде науқас­пен тікелей немесе жанама қарым-қа­тынаста бола отырып, өзінің болашақ ма­мандығына байланысты біліктілігін қа­лыптастыруы қажет. Сондықтан сту­денттердің практикалық іс-тәжі­ри­бе­ле­рін шыңдау сапасын төмендетпеу үшін, осы оқу жылының соңына кестеге сай белгіленген барлық оқу-өндірістік прак­тикалар келесі оқу жылына ауыстырылды. Студенттердің практикалық бі­лік­тілік деңгейін анықтау науқастар­дың сыр­қатнамаларын талдау бойынша ка­шықтан клиникалық тапсырмаларды орын­дау арқылы жүзеге асырылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Арайлым Бимендиева

 

 

Соңғы жаңалықтар