Ержанат Байқабай: «Арғы бет» деуге аузым бармайды, ол да біздің атажұрт

Ержанат Байқабай: «Арғы бет» деуге аузым бармайды, ол да біздің атажұрт

Ержанат Байқабай: «Арғы бет» деуге аузым бармайды, ол да біздің атажұрт
ашық дереккөзі
Айтыскер ақын Ержанат Байқабай 1983 жылы ҚХР Ал­тай аймағында дүниеге келген. ҚХР Алтай қаласының, Ал­тай аймағының және Моң­ғо­лия­ның Баян-Өлгей, Қоб­да аймақтарының «Құрметті азаматы» төс­белгісімен мара­пат­талған. «Қимаймын» (2008 жыл), «Жүрекке түскен жол» (2017 жыл) жыр жинақтары шыққан. Қытай елінен кө­шіп кел­ген қандасымыз, белгілі айтыскер ақын Ержанат Бай­қа­байұлымен сұх­баттасудың реті келген еді... – 2 миллионға жуық қазақ өмір сүре­тін Шыңжаңға әрідегі Баян-Өлгей мен Қоб­да аймақтарына кең танылып, «Ел ер­ке­сі Ержанат» атанған ай­тыскерсіз. Енді міне, атажұртқа қо­ныс аударыпсыз. Қош ке­ліпсіз. – Өзім үшін емес, Отан, ұрпақ, болашақ және дінім, ділім, тілім, салт-дәстүрім үшін кел­дім. Қызыл-жасылды дүниеге құнықсаң қыз көзіндей арбап, рухани құндылы­ғың­ды құртша кеміреді. Арзан абырой айға ағаш еккізбейді. Алты тонна алтының бол­ғанымен алты минут еркіндігің болмаса бәрі бекер. Мен туған жерімді кейбіреулерше «ар­ғы бет» деп айта алмаймын. Күллі түркінің түп кіндігі байланған, сары жайлауы сақ­тар­дың сары жұрты, ғұндар қыста мекендеген – асқарлы Алтай. Көк бөрілердің көз жа­­сынан құралған кезінде еміреніп аға­тын, ал қазір еңіреп ағатын Ертістің ең ба­сы, ХІХ ғасырда «Қазан» баспасынан ал­ғаш кітаптарын шығарған ғұлама ойшыл, дала данышпаны, абыз Ақыт Үлім­жіұлы өмір сүрген, аға сұлтан Құнанбай ақ­тарыла батасын берген Бейсенбі Дө­нен­байұлының күйлері бебеулеген Ағажай-Алтай-Ертіс деп аталатын киелі мекен. Өткен жылы атажұртқа көшіп келдім. Қа­зақстанның толыққанды азаматтығын ал­дым. Қазір Алматы қаласының тұрғы­ны­мын. Қыста Мерекемен (Мереке Мақ­сат­қызы) үйленіп отау құрдым. Оқыған мамандығым – бұқаралық мә­дениетті басқару және қазақ әдебиеті. Кәсі­би өнерім – айтыс. – Айтыстарыңыз жайлы әңгіме өр­­біт­сек. – Айтыс сахнасына 1996 жылы Алтай ай­мақтық 11-кезекті ақындар айтысында Торғайты жайлауында тұңғыш қатысып, ШҰАР көлемінде бала ақын атандым. Ми­нистр дәрежелі басшылар ырымдап торы тайға мінгізді. Содан бері осы өнермен бір­ге өніп, өсіп келемін. Ақындық тағды­рым­ның тартуы деп білемін. – Айтыс арқылы біршама сый-құр­мет­ке бөлендіңіз... – Иә, атақтан, құрметтен, сый-сыяпаттан кенде болғам жоқ. 2008 жылы Үрім­жі­де «Таудан аққан тас бұлақ», 2011 жылы та­ғы да Үрімжіде «Сағындым», 2017 жылы Ал­матыда «Жүрекке түскен жол» жеке өнер кештерімді бердім. 2016 жылы Алтай қа­ласы парткомының бірінші секретары ұйымдастыруымен айтыс майданындағы 20 жылдығыма арнап арнайы «Ерке ақын, есіл жыр» деп айтыс өткізіп, Шеміршек, Сарғусын екі ауыл әкімдерінің арнайы ұйымдастыруымен екі ауыл және оқыған мектебім арнайы ел-жұртым алдымнан шығып қарсы алды. 50-ге тарта ат мінгізіп, 20-ға жуық қара нар жетектетті халқым. – Кімдерді ұстаз тұттыңыз?  – Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абайұлы, Қай­рат Құлмұхаммед, Еркін Ілиясұлы, Ора­залы Досбосынов. – Сіздіңше, айтыс ақындары неге баса мән беруі керек? – Шырылдап тұрған шындық деген, пәк сәбидің, періштенің басынан сипамау, ай­ғайлап шақырған ақиқатқа ат басын бұрмау қып-қызыл қылмыс, жүйкемен емес жүрекпен сөйлесе, сахнада ел алдында нағыз адам, ал сахнадан түскен соң дү­ние қоңыздың құлы, арам албасты бол­маса екен. Өйткені адам құны алтынмен өл­шенбейді. – Қазіргі айтысқа сын көп айтылып жүр. Тым арзандап кетті дейді. Бұған ақын кі­н­әлі ме әлде қоғам ба? – «Ақын болу дегенің азап екен, тіліне тір­шілікті тиек еткен» деп айтыскер Еркін Ілиясұлы айтқандай, расында айтыс майданы бұрынғыдан құлдырап бара жат­қан­дай. Сахна – қияметтің қыл көпірі. Ұйқас­тыр­ғанның бәрі ақын емес, бір майдандағы ай­тысыңнан ең кем дегенде екі ауыз сөз ха­лық жүрегінде аңыз болып айтылып жүр­се, бақытты ақынсың. Ақын мен айтысты ұйымдастыратын жә­не қазылардың да, яғни бәріміздің кінә­міз бар шығар. Ең бастысы өнерге тазалық қажет екенін білемін. 50 жыл ғұмырын ай­тысқа арнаған ақын ағамыз Жүрсін Ерман қазақ айтысын жаңа бір белеске көтерді. Енді оны төмен құлдыратпау бүгінгі айтыскер жастарға парыз. – Әнге мәтін жазасыз ғой? – Ұсыныс болып жатса, ешкімнің бетін қайтарғам жоқ. «Қара жорға», «Қыз көзінің жасындай», «Ойымдасың», «Ай куә», «Мәң­гілік сағыныш» қатарлы әндердің сөзін жаз­дым. Қазір оларды Тоқтар Серіков, Қа­жымұрат Шешенқұл, Роза Әлқожа, Шәба Әденқұл, Шахризат, Бибігүл Қилым­қан, Аққу Бәйжігіт қатарлы әншілердің ән қоржынында бар. – Ендігі шығармашылық жоспар­ларыңыз қандай? – Қазақ айтыс өнеріне құбылыс әкел­ген ақын ұстазым Еркін Ілиясұлы туралы ро­ман-эссе жазып жатырмын. Таяп та қал­дым. Сонымен бірге «Ертіс қашан таси­сың?» жыр жинағым баспаға дайын. Одан бөлек казақтың әйгілі балуаны, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ата­мыз жайлы тағы бір туындым дайын. Әлі ізденіп, оқып ғұмыры ұзақ, құнды шы­ғармалар жазсам деймін, айтыстан гөрі қазір қаламға сыр айтуға бейімделіп алдым. Осы жағына ден қоятын тәріздімін. – Өткен жылы Баян-Өлгейде үлкен аста бас жүлдені жеңіп, темір тұлпар мі­ніп қайттыңыз. Ал Қазақстанға кел­гелі әлі сахнаға шықпадыңыз. Қа­шан шығасыз, шақырулар болды ма? – Иә, сол сапарда екі айтысқа қатысып қайт­тым. Белгілі кәсіпкер Ермұрат Байтемір ата-баба әруағына Баян-Өлгей жерінде бұрын-соңды болмаған ерекше ас берді. Асқа 40 мың адам жиналды. Бәйгеге 8 темір тұлпар тігілді. Алған жүлдені қойшы, Баян-Өлгей халқының ақ батасына, аңқылдақ пейіліне, сақталған қазақы салтына риза болдым. Қазір Баян-Өлгей мен Қобда халқын, кең даласын, асау өзенін, асқар тауларын сағына еске аламын. Бақ пен бап қатар шабатын, бұйыр­ған күні сәтіне қарай айтыс сахнасына шығармын. «Мен айтысқа түсейін» деп жүгіріп ешкімге бармадым, «айтысқа неге қатыспайсың?» деп сұрап, шақырған ешкім болмады әзірге.

Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР