17 Мамыр, 13:24 337 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Бұдан былай диссертация қорғаушылардан 7 мақала жариялау талап етілмейді

Диссертацияны қорғау барысында жасалуы тиіс ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында мәлімдеді. 

«Бұған дейін докторант қорғау кезеңіне дейін жету үшін 7 мақала жариялауы тиіс болатын. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін докторанттар сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланымдар жасауға мәжбүр болды. Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базалардан алынып тасталған, түкке тұрмайтын журналдарда жарияланған кездер де болды. Осыған байланысты біз бұл тәжірибені өзгерту жөнінде шешім қабылдадық»,- деп жазды ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, енді сапасы төмен журналдарда 7 мақаланың орнына, жоғары квартильге кіретін басылымдарда мақалалар жарияланса жеткілікті. Ал бірінші квартиль құрамына кіретін журналдарда бір ғылыми мақала шыққан болса, өзге жарияланымдар талап етілмейді.

"Бұл шара сапасыз жарияланымдардың санын азайтып, жүктемені жеңілдетеді және ғалымдарды дәйексөздері таралу бойынша жоғары деңгейдегі оригиналды ғылыми мақалалар жазуға ынталандырады", - дейді А.Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеулерге қарамастан ЖОО бітіруші түлектер міндетті түрде диплом қорғайтынын мәлімдеген.

 

Соңғы жаңалықтар