Елімізде үйленбегендер жыл санап артып келеді. Неге?

Елімізде үйленбегендер жыл санап артып келеді. Неге?

Елімізде үйленбегендер жыл санап артып келеді. Неге?
ашық дереккөзі
«Он үште отау иесі» деген қазақтың сөзі бүгінде мәнін жоғалтқан тәрізді. Бүгінгінің жігіті отбасын құруға, қызы тұрмысқа шығуға асықпайды. Жастардың отбасын құруына түрлі жағдайлар мен себептердің кедергі келтіретіні жасырын емес. Әрине, шаңырақ көтеру – әркімнің жеке шаруасы. Ал мыңдаған жігіттердің «сүрбойдақ», мыңдаған бойжеткеннің «кәрі қыз» атануы қоғам болып алаңдайтын мәселе. Ендеше, жастардың үйленуден қашуының сырын біз де іздеп көрелік.

Статистиканы сөйлетсек...

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2009 жылғы ұлттық санақ кезінде Қазақстанда 30 жастан асқан 798 мың адам отбасын құрмағаны анықталған. Ал 1999 жылғы санақ кезінде үйленбеген 368 мың адам тіркелген. 2009 жылғы санақ бойынша 50-ден асқан ер адамдардың 70 мыңы, осы жастағы әйелдердің 110 мыңы отбасын құрмаса, 1999 жылғы санақта елдегі 50 жастан асқан ерлердің 19 мыңы, сол жастағы әйелдердің 34 мыңы ешқашан үйленбегендерін айтқан. Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттердің саны 4 миллион 616 мың екен. Олардың 2 миллион 337 мыңы – ер балалар болса, 2 миллион 279 мыңы – қыздар. Ал 2012 жылғы деректерге жүгінсек, елімізде жасы 25-тен асқан бойдақтар саны – 3 миллион. Әлгі 3 млн адамның 28,2 пайы­зы – нәзік жандылар болса, 39,6 пайызы – ер азаматтар. Әлбетте, бұл деректерге қарасақ, ел-жұрттың кәрі қыздар мен сүрбойдақтардың көбейгеніне алаңдауына негіз бар. Оның үстіне, 2012 жылы тіркелген бұл көрсеткіштер бүгінге дейін көбеймесе, азайған жоқ. Статистика бойынша Қазақстанда 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 700 мың қыз бен 300 мың жігіт бар екен. Ал шетелдік еркектердің етегінен ұстап кететіндердің көрсеткіші 10 пайызға жеткен. Жалпы, елімізде қыздар орта есеппен 24 жасында тұрмысқа шықса, жігіттер 27-28 жасында шаңырақ көтереді. «Үйлену оңай, үй болу қиын». Жастардың санасына сіңген осы бір қағида бүгінгі күні отбасын құруға асықпайтындардың қатарын көбейтіп отыр. Адамзат баласының басты міндеті де, құндылығы да – отбасын құрып, ұрпақ санын көбейту. Әйтсе де, шаңырақ көтеріп, отбасылы атанып, ана-әкенің жауапкершілігін мойнына алуға асықпайтындардың саны басым түсіп тұр. Мұндай жағдайда көбіне «қыздар мансаптың ізіне түсіп, ер жігіттер тағы бір жанның жауапкершілігін мойнына алудан қашқақтайды» деп сөгетіндер көп. Жасы 30-ға келсе де, «лайықты жігіт жоқ» дейтін қыздар, «көлік алайын, үй тұрғызып, жағдайымды жасайын, үйлену ешқайда қашпайды» дегенді желеу ететін сүрбойдақ жігіттер отбасын құруға әсте асығар емес. Біздің елімізде 2000 жылдары қала жастары ертерек үйленуге ден қоя бастаған. Өкінішке қарай, кейінірек бұл үрдіс сирей бастады. Мамандардың пікірінше, отбасын құру орта есеппен 32 жасқа дейін аяқталады екен. Ал қыз-жігіттер көбіне 27-28 жаста шаңырақ көтергенді жөн санайды. Оның үстіне, жас отбасылар бір-екі бала табумен шектеледі. Осы жайтты ескерген депутат Нұртай Сабильянов бір жылдары «көптеген жастар 30 жасында да отбасы туралы ойланбайды. Сондықтан 22 жастан бастап отбасын құру қажеттілігін насихаттауымыз керек. Қазақстанда адам капиталы жетіспейді. Қазіргі жас отбасыларда 2-3 баладан ғана туылады. Біздің ұлан-байтақ жерімізге кім мұрагерлік етеді? Отанымызды кім қорғайды? Бала санын 4-5-ке дейін көбейту үшін жағдай жасау керек, егер біз жастарды жұмыспен қамтысақ, жақсы жалақы берсек, қалған мәселелер де шешімін табады» деген ұсынысын білдірген. Өкініштісі, халық қалаулысының бұл ұсынысы аяқсыз қалды. Мамандардың сөзіне сенсек, соңғы уақытта кеш үйлену мәселесі тек біздің елде ғана емес, мұсылман елдерінде ушығып тұрған түйткілге айналған. Тіпті, қазір бұл мәселе әлемді жайлаған басты түйткілдің бірі саналады. Ал ғалымдар отбасы құрмай, жалғыз өмір сүру, темекі тартып, арақ ішу секілді зиянды әдетке апарады, сондай-ақ, жалғызбастылар ұзақ жасамайды деген қорытындыға келген. 2012 жылы жариялаған әлеуметтанушы Эрик Клиненбергтің «Going Solo: The Extraordinary Rise and Surprising Appeal of Living Alone» кітабында әлемде ХХ ғасырға дейін жалғызбасты адамдар аз болғандығы айтылады. Ал қазір АҚШ халқының 28 пайызы – жалғызбасты. Бұл көрсеткіш 1970 жылы 17 пайыз болған. Клиненбергтің айтуынша, жалғыздық адамның денсаулығы мен психологиясына кері әсер етеді.

ІЗДЕГЕНГЕ СЫЛТАУ КӨП

Бүгінде шаңырақ көтеретін жасқа жеткен қыз-жігіттердің барлығының «үйлену тақырыбына» келгенде айтар уәждері бір. Ең бірінші мәселе – әлеуметтік жағдай. Әрине, бүгінгідей қым-қуыт шақта барлығының да аяққа тұрып, содан кейін ғана шаңырақ көтеруді мақсат тұтатыны белгілі. Мысалы, 17-18 жасында мектеп бітірген қыз-жігіттер 4 жылын университет қабырғасында өткізеді. Өйткені бүгінгі күні шын мәнінде «білімсіздің күні – ғаріп». Университетті тәмамдаған қыз-жігіттердің жасы – 21-22-де. Бірнеше жылын оқуға арнаған жастардың ары қарай жұмысқа орналасудың жолын іздейтіні де жасырын емес. Мұны орынсыз деуге де ешкімнің қақы жоқ. Жастардың жұмысқа орналасқаннан кейінгі арманы – пәтер алу, көлік міну, материалдық жағдайды оңалту. Үй-күйсіз жүру жас отбасылар үшін өте қиын. Пәтерден пәтерге көшіп-қону, қаражаттың жеткіліксіздігі отбасының шырқын бұзып, ұрыс-керісті көбейтеді. Сөйтіп, кеше ғана көтерілген шаңырақ ортасына түседі. Мұндай келеңсіздік еліміздегі ажырасқандардың санын арттырады. Онсыз да, қазіргі уақытта Қазақстан ажырасқан отбасылар бойынша көш басында жүр. Ал статистикалық деректер 21-29 жас аралығындағы жастардың, яғни жас отбасылардың 85 пайызы үй-күйсіз жүргендігін айғақтайды. Материалдық жағдайды тү­зе­туге талпынып жүргенде уақыттың қалай зыр етіп өте шыққаны да бай­қалмай қалады. Осылайша, бойдақ қыз-жігіттердің қатары арта береді. Жігіттер үй тұрғызып, отбасын асы­рауды өзінің азаматтық міндеті мен бо­рышы деп санайтыны ұлтымыздың бойын­да сандаған ғасырлардан қалып­тасқан қасиет. Бірақ жоғарыда айтылған себептермен алтын уақытты өткізіп алған уыздай қыздар ше? Бүгінгі бойжеткендер де өз шаңырағының болғанын құп көреді де, баспаналы болуға талпыныс жасайды. Бұған қарап қыздардың жігіттерге сеніммен қарамайтындығын байқауға болатын тәрізді. Ал психологтар жастардың өзімшілдігі, өзгелерді менсінбей, әркез өзінікін дұрыс санауы қыздардың отбасын құруға асықпауының бірден-бір сыры деп есептейді. Оның үстіне, қыздардың көпшлігі бірыңғай әйелдер ғана жұмыс істейтін ортада қызмет етіп, өмірлік жолдас табуда кезекті кедергіге кезігеді. Қазақ халқы қашанда «қыз бала – қонақ» деп сыйлап, төрін ұсынған. Кез келген жанұяда қыз балаға ұлдарға қарағанда көбірек көңіл аударады. Жылы-жұмсағын қызына ұсынып, олардың ел қатарлы білім алуы үшін барын салады. «Қызым жат жұртқа барғанда еңсесі биік болсын» деп оқытып-шоқытады. Сондықтан, елімізде жоғары білімді қыз балалар көп. Ал олардың бәрі бірдей өмірлік серіктерінің жоғары білімді болғанын қалайтындығы айтпаса да түсінікті. Мұндай жағдайда қыздардың талғамы да өзгере береді. Ресми деректер бойынша, қыздардың саны ірі қалаларда басым болса, өндірістік қалалар мен ауылдарда ер азаматтардың саны басым түседі екен. Өйткені ауылда өскен қыздарды ата-аналардың басым бөлігі барын салып, үлкен қалаға оқуға аттандырады, ал жігіттерді шамасы жеткенінше оқытады, болмаса екі қолға бір күрек тауып беріп, ауыл-аймақтарда жұмысқа орналастырады. Мүмкін, қыздар мен жігіттердің теңін таппай, еліміздегі кәрі қыздар мен сүрбойдақтардың санын арттыруға бұл жағдай да өз әсерін тигізіп отырған болар. Жастардың мансап қууының салдары олардың кеш үйленуіне әкеліп соқтыруда. Мансап қуу еліміздегі бойдақтардың санын 3 миллионнан асырып түсірді. Ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалып келе жатқан «бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген қазақтың даналық сөзі бүгінгі жастардың көбін селт еткізбейтін болғалы қашан. Соның әсерінен отбасы құрудың құны мен жауапкершілігі әлсіреді. Алдамшы мансаптың артында кәріліктің сығалап тұратыны да көптің ойына кіріп-шықпайды. Алдымен тіршілігімді түзеп алайын деген желеумен отбасы құруда тізгінін тартып қалатын жастарды да жазғыра алмаймыз. Мәселен, ауылдық жерлерде, облыстық деңгейде жастар ертерек отбасын құрады екен. Ал қалалық жастар бұл мәселеде құлықсыз. Мұның бір себебі – жоғарыда айтқан тұрғын үй мәселесі. Үйленіп алып, ата-анаға салмақ салғысы келмейтіндер табылған жұмысты істей береді. Бірақ тапқан-таянғаны баспана түгілі, күнделікті тамағы мен пәтерақыдан аспайды. Осындай замандастарын көрген жастар отау құрудан қашады. Дегенмен, ата-аналарымыз жаугершілік кезінде, ата-әжелеріміз ашаршылық тұсында да отбасын құрып, үрім-бұтағын жетілдірді емес пе?! Одан кейін батыстық мәдениеттің әсерінен отбасы құру жоспарларының өзгергені де бар. Қазір барлық адамдардың ой-санасы, мақсат-міндеттері біраз өзгеріске ұшыраған. Тіпті, кейбір қыздар отбасын құрып, бала туып, үйде отырудан гөрі өзін-өзі жетілдіруді жөн санайды. Сондай-ақ, жастар арасында ересек өмірден, жауапкершіліктен жалтару басым. Жастардың отбасын құруға асықпауының тағы бір себебі – жұмыссыздық. Жасыратыны жоқ, қазір жастардың жұмыссыз жүруі олардың отбасын құруына қолбайлау болып отыр. Бүгінгі күні бойдақ жүрген қыз-жігіттердің барлығы осы аталған себептерді ең бірінші ауызға алады. Бірақ мамандар әлеуметтік себептер басты мәселе еместігін алға тартады.

«Кәрі қыз» деген қайдан шықты?

Медициналық тұрғыдан 27-28 жастағы нәзік жандылар кәрі қыз болып есептеледі екен. Ал кәрі қыздардың орташа жасы – 40. Мамандардың айтуынша, қоғамда кәрі қыздардың көбеюіне, ең біріншіден, ер адамдардың әйелдерге қарағанда аздығы әсер етеді. Оның үстiне, ҚР Статистика агенттiгiнiң мәлiметiнше, ер-азаматтар әйелдерге қарағанда 10 жыл кем өмiр сүредi. Таяуда ғана бақилық болған демограф Мақаш Тәтімов: «Кәрi қыздардың көбейгенi жақсылық емес. Бұл тек кәрi қыздардың өздеріне байланысты емес. Еркектердiң көп өлуiне де байланысты. Ер азамат әртүрлi жазатайым жағдайда әйелдерден гөрi 3-4 есе көп өледi. Кәрi қыздардың «жиналып» қалатыны сондықтан. Ең негiзгi себебi – осы. Ал қыздардың мiнезiнен деген – бер жақтағы әңгiме. Мiнезi жұмсақ болса да, тентек болса да кәрi қыз болып қалуы мүмкiн. Өйткенi олардың теңi жоқ. Сондай-ақ, санда бар да, санатта жоқ еркектер көп. Олар кiмдер? Маскүнемдер, бомждар, белсiздер, аурулар, дiмкәстар, қызтекелер. Егер кәрi қыздар ешқашан күйеуге тимесе, бiрде-бiр бала таппаса, бұл қалай демографияға әсер етпейдi? Әсер етедi. Әр қазақ әйелi орта есеппен үш бала табады десек, сонда кәрi қыздардың салдарынан миллионға жуық бала өмiрге келмей қалады екен. Өркениеттi қоғамда «кәрi қыз» деген ұғым жоқ. Олар тығырықтан өзi-ақ шығып кетедi. Басқа бiреуден бала табады, жалғызбасты әйел атанады. Күйеуге тиiп, ажырасып кетедi, бұлар ажырасқан әйел болып есептеледi. Кәрi қыздарда, қазақшалап айтқанда, «не бай жоқ, не бала жоқ». Гендерлiк саясаттың ең бiр жағымсыз көрiнiстерiнiң бiрi де – осы», – деген болатын. Қазақ демографы Мақаш Тәтімовтің сөзінің артында шындық бар екенін кез келген адам бірден ұғынады. Зерттеушілер кәрі қыздардың көбеюінің тағы бір себебін гендерлік саясаттан іздейді. Билікке, қызметке ұмтылған нәзік жандылар ана болуды екінші орынға ысырып қояды деп түсіндіреді. Қызметі мен аналық міндетін қатар алып жүрген әйелдерден үлгі алатындар аз. Мәселенің тағы бір түйткілді тұсы бар. Егер мемлекет тарапынан өмірге сәби әкелген аналарға жан-жақты қамқорлық жасалып, баспана мен жеткілікті жәрдемақы төленсе, әйелдер ерлермен қатар тізгінге таласпай, ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырмас па еді?! Ер-азаматтарды отбасын асырай алмайды деп қаралаудан аулақпыз, әрине. Оларға да тұрақты табыс тауып отыратын жұмыс болса, қарап жатпайтыны ақиқат. Психологтар атап көрсететін тағы бір себеп – кішкентай кезінен ата-аналары болашақта жақсы отағасы, отанасы боласың деп үйрет­пе­гендіктен. Сондықтан, бүгінгі салт жүр­ген жандарда әкелік, аналық сезім жоқ көрінеді. Отбасылық құн­­дылықтың жойылуына да осы сезімдердің таяздығы әсер етуде. Бойдақ жүрген адам өзін еркін се­зін­генімен, мұның уақытша құбылыс екенін ұғынғаны ләзім. «30-дан асып, отбасы құрмаған адамдар – жан күйзелісіне ұшырағандар» дейді психологтар. Табиғат заңы бойынша еркек те, әйел де жалғыз болмауы тиіс. Ислам діні де ертерек отбасы құрып, ұрпақ сүюге асығуды насихаттайды. Кеш үйленудің кесірінен үш құрсақтан артық бала көтеретін әйелдердің саны азайды. Ал бұл мәселе жылдар өткен сайын қазақтың нағыз мұңына айналуы ғажап емес. Айта кетейік, бүгінде ертерек үйленіп, бала сүю көрсеткіші индустриалды елдерде төмендеуде. Қазіргі дамыған елдердегі негізгі түйткілдің бірі осы болып отыр. Етектен тартар тағы бір қауіпті құбылыс – кәрі қыздардың дүниеге ұрпақ әкелуінің қиындайтындығы. Медицина мамандары тұрмысқа кеш шыққан қыздардың үштен бірінің ұрпақсыз қалуы мүмкін екендігін растайды. Осылайша, елімізде кәрі қыздардың көбеюі демографиялық ахуалымызды дамытуға үлкен соққы болады. Демограф Мақаш Тәтімов мырзаның бір кездері бойдақ салығын жандандыру арқылы жалғызбастыларды азайтамыз деген пікір айтқаны есте. «Ай сайын 5 мың теңгеден салық салса, азаматтар өздері ойлана бастайды. 25-тен асқан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мемлекетке салық төлеуі керек», – деген еді демограф. Айта кетейік, мұндай салық Кеңес өкіметі кезінде болған. 1941 жылдың 21 қарашасында енгізілген «бойдақ салығы» бойынша отбасын құрмаған және балалы болмаған 20 мен 45 жас аралығындағы қыз-келіншектер мен 20 мен 50 жас аралығындағы жігіттер жалақысының 6 пайызын мемлекет қазынасына аударып отырған. Соғыстан кейінгі халық санын көбейту мақсатында салынған салық 90-жылдарға дейін заңды күшін жоймаған. Алайда бұл мәселе көп жағдайда жасырын жүргізілген. Сонымен қатар, азаматтардың денсаулығына, басқа да келеңсіздіктерге байланысты жеңіл­діктер қарастырылған. Демографтың бұл ұсынысы аяқсыз қалды. Бірақ бойдақ салығының да қазақ үшін үлкен трагедияға айналуы мүмкін кәрі қыздар мен сүрбойдақтар мәселесін шеше аларына сенім аз.