Анадолы жұрты алқалаған ақын

Анадолы жұрты алқалаған ақын

Анадолы жұрты алқалаған ақын
ашық дереккөзі
Түркі жұртының бірігу мәселесін кезінде Алаш арыстары көтерген болатын. Содан бергі аралықта түркі әлемінің тұтастығына негіз бола алатын көптеген ұйымдар мен арнайы кеңестер, орталықтар мен қорлар құрылып, жұмыс істей бастады. Әйтсе де түркі жұртының тұтастығы үшін әр жерде шашыраңқы түрде жұмыс атқарып жатқан елдерді ортақ идеялық бағытқа жұмылдыру оңай шаруа емес екені белгілі. Ал осы жүкті атқарып келе жатқан ТҮРКСОЙ ұйымы талай шараға мұрындық болуда. Жақында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ресми іссапармен Анадолы жеріне барып қайтты. Алғашқы сапары талай мәдениеттер тоғысқан Түркияның Ерзурум қаласынан басталды. Түркілікті ту етіп, ежелгі дәстүрмен өмір сүріп отырған ерзурумдықтардың тыныс-тіршілігімен, өңірдің көне тарихымен танысты. Селжуктардан қалған ескерткіштерді көріп, көне жазбаларды бүгінгі күнге дейін сақтап келген атақты Ататүрік университетінің шәкірттерімен кездесіп, ежелгі түркі мәдениеті мен өркениеті тақырыбында дәріс оқыды. Ал Ататүрік университетінің ректоры профессор Хикмет Кочак қазақтың ақыны О.Сүлейменовке мәдениетаралық үнқатысудың дамуына, халықтар арасындағы достықтың нығаюына қосқан зор үлесі үшін және түркология саласында сіңірген айрықша еңбегін бағалаудың белгісі ретінде «Құрметті доктор» дипломын табыс етті. Ататүрік университетінің ректоры Х.Кочак өз сөзінде ақын О.Сүлейменовтің түркі мәдениеті мен өнеріне, ғылым мен әдебиетіне сіңірген еңбегін, түркі жұртшылықтың бірлігі мен ынтымағын сақтау жолындағы қайраткерлігін егжей-тегжейлі баяндап берді. Ерзурум қаласының губернаторы А.Алтыпармак: «Ерзурум қаласына орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин келіп, «Арзрумға сая­хат» атты кітап жазды. Бүгін түркі дүниесінің мақтанышы, аты аңызға айналған ақын Олжас Сүлейменов Ерзурумға келіп, мерейімізді өсірді. Ақынның Әзірбайжанда көрсеткен ерлігін біздер еш уақытта ұмытпаймыз. Түркі мәдениеті мен әдебиетінің мерейі үнемі үстем болсын!» – деп ерзурумдықтардың атынан құттықтады. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев қоғам қайраткері О.Сүлейменовтің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің орнығуына әрі күшеюіне қосқан үлесін, сондай-ақ, дипломатия саласында атқарған ерен еңбегін атап өтіп, Қазақ елінің атынан Ерзурум қаласы мен университет басшыларына алғыс сөзін жеткізді. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Ататүрік университетінің қазақтың ақынына көрсеткен құрметті бүкіл қазақ еліне, қазақ жұртына жасалған сый-сыяпат әрі құрмет екендігін айтып, түркі дүниесі мәдениет қайраткерлері атынан алғыс білдірді. Салтанатты жиынның аяғында алғыс сөзін жеткізген О.Сүлейменов Ерзурум қаласының губернаторы мен Ататүрік университетінің ректорын «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдық медалімен марапаттады. Ежелгі түркі, мысыр, қытай мәдениетін, соның ішінде көне жазба тілдерін зерттеп жүрген ақын О.Сүлейменов, Ерзурумдағы кездесулерден кейін атбасын Байбурт қаласына бұрды. Шығыс Анадолының асқар тауы – Коптың биік асуларынан өтіп, ежелден «Бай жұрт» деп аталатын қалаға жетті. Қонақтарды құшақ жая қарсалған Байбурт қаласының мэрі Мете Мемиш ақынға естелік сыйлақтарын тапсырып, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырып, оғыз түркілерінің пірі Деде Қорқыттың кесенесіне алып барды. Чорух өзенінің жағалауында қоныс тепкен көне Байбурт шаһары Ұлы Жібек жолдың бойында орналасқан. Урарту, Парсы, Рим империяларының иелігінде болған шаһарға селжуктер мен осман түріктері ие болған. Қытайға сапар шеккен атақты саяхатшы Марко Поло Байбурттың жер асты байлығын зерттеп, жергілікті салт-дәстүрімен танысып қайтқан. Атақты Байбурт қорғанын әлі күнге дейін Шын-Машын қорғаны деп атайды. 1647 жылы көне шаһарды аралаған түрік саяхатшысы Әулие Челяби «Байбурт» атауының «Бай жұрт» екендігін жазған. Өңірдің оңтүстік-шығыс жағында Деде Қорқыттың кесенесі орналасқан. VIII-ші ғасырда осы өңірде өмір сүрген Деде Қорқытқа арнап шаһар әкімдігі жыл сайын халықаралық жиындар мен фестивальдер ұйымдастырып келеді. Байбурт қаласынан Анкараға ұшып келген ақын Олжас Сүлейменов Түркия Республикасының премьер-министрінің орынбасары Тұғрыл Түркешпен кездесті. Кездесуге Қазақстанның Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов қатысты. Кездесу барысында екі бауырлас ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас пен мәдениет және әдебиет саласындағы байланыс мәселелері талқыланды. Ақын О.Сүлейменов: «Түркияның дамуына зор үлес қосқан атақты саясаткер Алпарслан Түркешпен 90-шы жылы кездескен болатынмын. Алпарслан Түркеш тек Түркияға ғана емес, бүкіл түркітілдес елдеріне де танымал тұлға еді. Сонау 70-ші жылдардың аяғында бауырлас әрі қандас елдер тәуелсіздікке қол жеткізеді, сол үшін бар дайындығымызды қазірден бастап жасауымыз керек деп, тебіреніп сөйлегені әлі күнге дейін есімізде. Осы себептен Алпарслан Түркештердің салып кеткен сара жолын жалғастыру керек, әсіресе жік-жікке бөлініп, орыс пен славян халықтары арасында араздық туған жағдайда ынтымақ пен бірлікке дендейтін саясат ауадай қажет,» – деп, Түркияның премьер-министрінің орынбасары Тұғрыл Түркешке «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдық медалімен марапаттады. Түркия Премьер-министрінің орынбасары қазақтың ақынына естелік сыйлығын тапсырып, құрмет көрсетті. Ал Анкараның қақ ортасында орналасқан Шератон қонақ үйінде Түркияның шығармашылық орталықтары мен қауымдастықтары бірігіп, ақынның 80 жылдығына арналған халықаралық жиын өткізді. Жиынды Түркияның экс-министрі, қоғам қайраткері Намык Кемал Зейбек ашты. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаев пен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов құттықтау сөз сөйледі. Түркия премьер-министрінің кеңесшісі Хүриет Ерсой, Түркия Қаржы министрлігінің бөлім меңгерушісі, түрколог Фейзулла Будак, Түркі дүниесі жазушылар мен өнерпаздар қорының президенті Яхья Акенгин және «Деде Қорқыт» қорының президенті Сервет Гүржан О.Сүлейменовтың шығармашылығы мен қайраткерлігі турасында баяндама жасады. Жиын соңында ақын О.Сүлейменовке Түркі дүниесі жазушылар мен өнерпаздар қоры тағайындаған «Түркі дүниесіне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығын, «Деде Қорқыт» қоры тағайындаған «Деде Қорқыт» сыйлығын және Түркі халықтары қауымдастығы тағайындаған «Түркілікке сіңірген қызметі үшін» сыйлығын тапсырды. Кездесу барысында ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен он түркі тілдерінде (әзеірбайжан, башқұрт, қазақ, қырғыз, құмық, өзбек, татар, түрік, тыва және ұйғыр) жарық көрген ақын О.Сүлейменовтың жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жинақты құрастырған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев. Ал кездесу соңында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов ақын О.Сүлейменовты «ТҮРКСОЙ» құрмет медалімен марапаттаса, Елші Ж.Түймебаев «Қазақстан-Түркия Достығы» медалімен марапаттады. Ақын О.Сүлейменовтың соңғы кездесуі Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде өтті. Йылдырым Баязит университетінің ректоры О.Сүлейменовтың шығармашылығы мен түркі мәдениетіне қосқан үлесін атап, түркология саласына сіңірген еңбегі үшін Йылдырым Баязит университетінің «Құрметті докторы» дипломын тапсырды. Ректор Метин Доған: «Олжастай ұлы бар елдің ұлы екендігінде дау жоқ. Ұлы Дала Елінде осындай биік тұлғалардың шыққаны біздің де еңсемізді көтереді, рухымызды қайта оятады», – деді. Түркияда өткен төрт күндік сапар туысқан елдің қаншалықты бауырмал екендігін тағы да көрсетті. Анадолы жұртының қазақтың ақынына көрсеткен риясыз құрметі – Қазақ еліне, әдебиеті мен руханиятына көрсеткен құрметі деп қабылдадық.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ