26 Сәуір, 16:36 2947 0 Қоғам Арайлым Бимендиева

Карантин қиындық па, мүмкіндік пе?

Карантин дегенді естігеніміз болмаса, бастан өткізіп көрмеген едік. Шын мәнінде, бұл сынақ екен. Әсіресе, пәтерде тұратын адамдарға қиын. Десе де, өзіміз үшін, ата-анамыз бен балаларымыздың амандығы үшін сабыр сақтауға тура келеді. Сынақта сынып қаламыз ба, шыңдалып шығамыз ба? Яғни карантин қиындық па, әлде мүмкіндік пе? Қиындық деп ойласаңыз, осы ойыңызды ақтап алуға тырысасыз. Карантинге шағымданасыз, вирусты қарғап-сілейсіз. Бір сөзбен айтқанда, қиын екенін ақтап алуға себеп іздейсіз. Ал оны мүмкіндік деп қабылдасаңыз, осы уақытты ұтымды пайдаланудың жолын іздейсіз. Өзім үшін бұл карантин мүмкіндік болды. Мен көріп тұрған мүмкіндік жолдарымен бөлісейін.

 Өзіңді жетілдіру

Университетті тәмамдап, жұмысқа ара­ласа бастаған кезде кітап оқуға уа­қыт таппайтынмын. Сол кезде мектепте не­месе университетте жүргенде осы дү­ниелердің бәрін неге оқымағанмын деп ой­лаушы едім. Дәл сондай мүмкіндік туа қал­са, жатып алып оқимын деп айта­тын­мын. Міне, қазір іздегенге сұраған. Кітапты әншейін оқи салмаңыз. Астын сызып оқыңыз. Сосын түсінгеніңізді үйдегілерге ай­тып беріңіз. Құр оқысаңыз оқығанның 5-10 пайызы есте қалады, ал айтып бер­сеңіз әрі оны талқыласаңыз 50 пайызы ес­те қалады. Сонымен бірге, ойыңызды ер­кін жеткізуге, сөйлеуге машықтанып ала­сыз.

Сүйікті ісіңмен  шұғылдану

 Әр адамның құлшына істейтін жұ­мы­сы болады. Сүйікті ісің, хоббиің. Онымен айналыссаңыз, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қаласыз. Дүниені ұмы­тып, өзіңізбен-өзіңіз қаласыз. Адам­ның мұндай күйін «ағым» деп атайды. Ағым тудыратын ісіңіз болмаса, іздеп кө­ріңіз. Кішкентай кезіңізде немен ай­­на­лыс­қанды жаныңыз қалайтын? Ұнайтын ісіңіз бол­мауы мүмкін емес! Жасырын жатқан бо­лар. Айталық, қазір менің сүйікті ісім – ау­дарма, кітаптарды мазмұндау, мәтінді өңдеу... Бұл іске кіріссем, еш шаршамаймын. Күн демей, түн демей, компьютер пернесін те­ріп отыра беремін.

Бала тәрбиесі

Таңертең кетіп, кешке келетін жұ­мыс бала тәрбиесімен толыққанды айналысуға қол байлау. Ал қазір өзіміз де үйдеміз, балаларымыз да тәулігіне 24 сағат 7 күн жанымызда. Карантиннің арқасында ба­лаларымыз қай пәнді игере алмай жүр­генін біліп алдық. Бірге оқимыз. Басында ұрысатын едік. Ұрыссаң, бала сабақты тү­сінбейтінін ұқтық. Себебі ұрысқан кезде бала­ның таным саңылауы бітеліп қалады. Ұрыс естіген адам қорғанысқа көшеді. Сон­дықтан 5 рет айтсаңыз да, 10 рет түсін­дір­сеңіз де, ұрыспай, мақтап отырып мұға­лім­дік жасағаныңыз жөн. Сонымен бірге, қа­зақша және ағылшынша шағын мәтіндер оқытып, оны өз сөзімен айтқызып, «қайда, қа­лай, неге олай ойлайсың?» деген сыңай­лы сұрақтар қойып, баланы менталды із­деніске бастаңыз. Сосын диктант немесе spelling test жазғызасыз.

Үйде отырып бірге істейтін жұмыс кө­бейген сайын ерлі-зайыптылар­дың ортақ әңгімесі де көбейіп, отбасы бір­лігі арта түседі. Соны байқадық. Бұрын мұн­­ша көп уақытты бірге өткізбеген сияқ­ты­мыз. Жоғарыдағы тізімге спортты (30 рет пресс, 5 минут планка, 30 рет отырып тұру, 15 рет кеудесерпер (отжимание) қо­сыңыз.

Әрине, қайталана беретін жағдайдан жалығып, стрестен эмоцияға ерік бе­ретін кездер де болуы мүмкін. Сондайда кез­де де өзіңізді сабырға шақырып, көзді жұ­мып жақсы күндерді еске түсіріп, каран­тин біткен соң істейтін жұмыстарды елес­тетіңіз. Оны визуализация дейді. Мықты тә­сіл. Кезінде концлагерьде отырғандар қол­данған екен. Десе де, карантин – түрме емес. Бір-екі ай отбасымыздың амандығы үшін шыдауға болады.

Сонымен бірге сабыр еткізер тағы бір тәсіл бар. Көзді жұмып шүкіршілік етіп, әке-шешеңізден бастап, көрші-қолаң­ға дейін іштей алғыс айтып шығыңыз.

– Осы дүниге әкелген әке-шешеме ал­ғыс айтамын!

– Бала күнімнен бірге өскен бауыр­лары­ма алғыс айтамын!

– Ұрпақ сүйгізіп, отбасының ұйытқысы бо­лып отырған әйеліме алғыс айтамын!

– Ілім-білім берген ұстаздарыма алғыс ай­тамын!

Алғыс айтар адамыңызды жалпыла­май, кімге не үшін алғыс айтаты­ныңыз­ды іштей айтыңыз. Алғыс айтар адам­ның саны онға жеткенде өзіңіз де са­баңыз­ға түсесіз.

Карантин тек сіздің басыңызға түс­кен ауыртпалық емес. Қазір бүкіл әлем карантинде отыр. Бәрі де өткінші, бұл да өтер. Сабыр сақтайық. Есіл уақытты өз кә­­­демізге жаратайық!

 

Шыңғыс МҰҚАН,

«Болашақ» бағдарламасының түлегі

 

Соңғы жаңалықтар