COVID-19: Балаларға арналған кітап жарық көрді

Қазақстандық Steppe and World баспасы ағылшын ғалымдары мен неміс иллюстраторы Аксел Шэффлердің балаларға арнап дайындаған коронавирус туралы кітабын қазақ тіліне аударды.

COVID-19: Балаларға арналған кітап жарық көрді
ашық дереккөзі

Кітапта коронавирус деген не, одан қалай қорғану керек, үйден шықпай отырған неліктен маңызды екені балаларға түсінікті, жеңіл тілде баяндалады. Балалар үйде отырғанда жабығып, мұңайып қалмауы үшін көңіл көтеретін ойнақы тілде жазылған. Жалпы кітапты дайындауға қатысқан мамандар тегін жұмыс істеген, ал Steppe and World баспасы оны тегін аударып, тегін таратып отыр. Кітапты ағылшын тілінен аударған – Назгүл Қожабек, қазақша нұсқасын құрастырған – Райса Сайран Қадыр. Еңбекті әлем балаларының сүйікті кейіпкеріне айналған Груффалоны салған Аксел Шэффлер және Англияның жұқпалы ауру кафедрасының мамандары Nosy Crow баспасында әзірлеп шығарды. Кітапты мына сілтеме арқылы жүктеп алып, таратуға болады: https://bit.ly/coronavirus-kaz

Қосымша ақпарат: Steppe & WORLD Publishing баспасы балаларға арналған Жулия Дональдсонның «Ақын Қоян», «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай Жұлдызқұрт», сондай-ақ «Анна Франктің күнделігі» секілді кітаптарды қазақ тіліне аударып, шығарған. 2020 жылы баспа Жоан Роулиңтің «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын ұсынды. Қазір «Хәрри Поттер» сериясына кіретін қалған алты кітап аударылып жатыр.