«Қазақ мұңы» газетіне – 102 жыл

«Қазақ мұңы» газетіне – 102 жыл

«Қазақ мұңы» газетіне – 102 жыл
ашық дереккөзі
Бүгін «Қазақ мұңы» газетінің жарық көргеніне 102 жыл. Сонау 1918 жылдың 16 сәуірінде алғашқы саны Орынборда шығарылған газеттің бас редакторы Нәзір Төреқұлұлы болған еді.   Орынборда шыққан «Қазақ мұңы» газеті Торғай облыстық Совдепінің басылымы болды. Газеттің тұңғыш нөмірінде Торғай кеңестерінің І съезінде сөйлеген Әліби Жангединнің кеңестік декреттердің артықшылықтары мен еңбекшілердің өз үкіметін құрудай асқақ мұраттары  жайында сөйлеген сөзі берілді. «Қазақ мұңы» жарық көрген күннен бастап большевиктер саясатын насихаттап, Алашорда мен алашордашыларға қарсы саяси бағыт ұстанды. Бұл тұста әртүрлі үкіметтер мен әскери одақтар бір-бірін мойындамай, билік бір қолдан екінші қолға тез ауысып жатқан еді. Әсіресе стратегиялық маңызы зор Орынбор қаласы мүдделі топтардың тоғысқан орталығы саналатын. Қала большевиктер қолына өткенмен, жарты жылдан соң ақ гвардияшылар қолына өтті. Осылайша «Қазақ мұңы» газеті де қысқа ғұмырымен қош айтысып, жарық көруін тоқтатады. Ал басылым редакторы болған Нәзір Төреқұлов туған жері Түркістан аймағына қарай ығысады. Нəзір Төреқұлұлы кейін танымал мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат атанды. Қазақстан тарихында бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны қашан да ерекше болды. Сонау қылышынан қан тамған Ресей империясының билігі тұсында да қазақ зиялылары халқымыздың тілін, мәдениетін, тарихын сақтап қалды. Зиялылар өз ой-пікірі мен көзқарастарын баспасөз арқылы елге таратты. Алаш зиялылары бастан өткерген газет шығару мұңы бүгінде жоқ, Қазақстан бойынша 1 000-нан астам баспасөз басылымдары жарық көреді. Бұқаралық ақпарат құралдарының жарық көруіне барлық жағдай жасалған, цифрлық кезеңге аяқ басқанымызға қарамастан әр газеттің өз оқырманы қалыптасты. Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде Елбасы Н.Назарбаев елімізде жарық көретін бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше назар аударып келеді, осы орайда жүздеген кездесулер ұйымдастырылды. Еліміздің мәдени, әдеби, рухани дамуына оң ықпал ететін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске қосылып, бүгінде қазақ тілін латын тіліне ауыстыру бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.