Cерік Сәпиев: Олимпиаданың шегерілуі ересек спортшыларға тиімсіз

Cерік Сәпиев: Олимпиаданың шегерілуі ересек спортшыларға тиімсіз

Cерік Сәпиев: Олимпиаданың шегерілуі ересек спортшыларға тиімсіз
ашық дереккөзі
Жуырда Халықаралық Олимпиада комитеті алдағы маусым айында Жапония астанасы Токиода өтуі тиіс төртжылдықтың басты додасы – Жазғы Олимпиада ойындарын бір жылға шегергені мәлім. Белгілі болғандай, Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 24 шілдесі мен 8 тамыз күндері аралығында өтпек. Айта кетерлігі, бір жыл кейін өткізілсе де, бұл Олимпиада «Токио-2020» деген атауын сақтап қалмақ. Ал бұл сайысқа төрт жыл бойы білек сыбанып, сақадай-сай дайындалып жүрген спортшылар тағы бір жылға өз бабы мен біліктілігін қаншалықты сақтай алады? Бүгінде ұлттық құрама қоржынында қанша жолдама бар және енді қаншасын алу жоспарда? Бұл жөнінде мәлімет алу үшін  Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке хабарласқан едік. – Серік Жұманғалиұлы, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген мына жағдайды бақылай отыра, мұның ерте ме, кеш пе, төртжылдықтың басты додасына да кері ықпалын тигізбей қоймайтынын сезген бо­ларсыз... – Иә. Себебі Олимпиада шегерілгенге дейін бірқатар ірі спорттық сайыстың өт­кізілмейтіні мәлім болған еді. Бұл әлемдік пан­демияға байланысты сайыс атаулының тү­гелі тоқтатылды немесе шегерілді. Сол се­бепті Олимпиаданың келесі жылға қалуы – күтілген жағдай. Негізінен, Халықаралық олимпиада комитетінің бұл шешімі – дұ­рыс әрі ақылға қонымды. ХОК ең алдымен «Олимпиада қалай да болса өтуі тиіс» деген пікірді емес, спортшылардың денсаулығын басты назарға қояды. – Десек те, ХОК басшысы Томас Бах­тың бүкіл ірі сайыстар тоқта­тыл­са да, «Олимпиаданың кейінге ше­герілуі 11 мыңдаған адамның ар­манына балта шабады» деп бұл та­рихи шешімді соңына дейін қа­растырып жүріп алғаны бар... – Оны түсінуге болады. Олимпиаданы ше­геру оңай дүние емес. Десек те, ол бұл ше­шімді жалғыз қабылдамай, көптеген спорттық ұйым өкілдері және спорт қай­рат­керлерімен бірлесе шығарды. Небір нұс­қалар қарастырылды, көрермен де өз нұс­қасын ұсынды. Олимпиаданы бастап­қыда футбол ойындары секілді, көрерменсіз өткізу керек дегенді де естідім. Алайда көрерменсіз олимпиада олимпиада емес. Еш қызық болмайтыны анық. – Ал соңғы төрт жыл бойы ба­бын келтіріп, біліктілігін арттыр­ған әрі жолдама иелену мақсатын­да жарыстан жарысқа қатысып, ұпай жинап, дайындық бағдарла­ма­ларын осы жылға сәйкестен­ді­ріп, осы жазда оза шабуға бел ше­ше кірісіп отырған спортшылар­дың жайы не болмақ? – Мен сізге былай айтайын. Кейбір спорт­шыға бұл басты доданың кейінге ше­герілгені жақсы болуы ықтимал. Ал енді бірі­не оңайға соқпайды. Неге жақсы дейсіз ғой? Себебі жолдама алып қойғандарға бұл екі есе стимул, олар сол жолдамасынан айы­рылып қалмай, келер жылы тағы өзін дә­лелдей түсу үшін өз-өзін қайрап, бас­қа­лардан жоғары шынығуға тырысады. Оның үстіне, жолдама иеленгендердің арасында ха­лықаралық тәжірибесі аз спортшылар да бар­шылық, ал бұл оларға тіптен жақсы, се­бебі бұл – тағы бір жыл ішінде  тәжірибе жи­нақтауға көп мүмкіндік. Десек те, мұ­ның жағымсыз тұсы да баршылық, соның ішінде бұл – ересек спортшылар үшін көңіл қуантарлық жайт емес. Мәселен, 2020 жыл­ғы Олимпиада ойындарынан кейін спорт­пен қош айтысуды жоспарлап отырған спор­тшыларға қиынға соғуы мүмкін. Бі­летініміздей, адам ағзасы жылдан- жылға жа­сармайды, бұл әсіресе, күн сайын дене қа­лыбын сақтауға тырысып жүрген спортшыларға кедергі келтіретіні белгілі. Сондықтан ересек спортшыларға кері әсе­рін тигізуі мүмкін. – Бір сұхбатыңызда Қазақстан олим­пиадалық құрамасы Токио оли­м­пиадасына 100-ден астам жол­дама иеленуді жоспарлап отыр­ғанын мәлімдедіңіз. Қазіргі таң­да құрама қоржынында қанша спорт түрі бойынша нақты неше жол­дама бар? – Қазір 17 спорт түрі бойынша 42 жол­да­ма бар. Бірнеше спорт түрі бойынша жол­дама таратылатын іріктеу тур­нир­лерінің әлі өткізілмегенін ескерсек, Токиоға қоржынымызға салып «апаратын» спорт түрі де, жолдама саны да арта түсетініне се­німім мол. Негізі, жалпы жоспардағы жол­дама саны – 100-ден астам. Жолдама иеленген қазақстандық спорт­шылардың арасында суға жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин және осымен төртінші Олимпиада ойын­дарына қатысқалы тұрған үш қарғып се­кіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бар. Бұған қоса, боксшыларымыз әдеттегідей бүкіл салмақ дәрежесі бойынша жолдаманы қалтаға басты. – Бұл спорт түр­лері бойынша ірік­теу сайыстары тағы жүр­гізіле ме, әлде қалай? Жолдама алып қой­ған қазақстандық спортшылар не істей­ді? ­– Әлбетте, Қазақстан спорт федера­ция­лары келер жылы да спортшының жолдама алғанын есепке алады. Десек те, ко­ро­на­вирус дертінің таралуына байланысты ха­лықаралық федерациялар іріктеуге қа­тысты жаңа жоспарлар мен ережелер құрас­тыруда. Сол себепті қазір бірдеңені ке­сіп айту қиын. Мұның барлығын Халық­ара­лық олимпиада комитеті шешеді. Негі­зі­нен, бұл туралы нақты мәлімет Олим­пиа­даға таяу белгілі болады. Жазға дейін жағдайдың барлығы түзеліп, Олимпиадаға іріктеу мәселесі қолға алынады деп сенемін. – Спортшыларға спорт база­лары мен жаттығу залдарына шы­ны­ғуға жол жоқ екені белгілі. Олар ка­рантин уақыты аяқталғанша үйде жаттыға жүріп, дене қалыбын жоғалтып алмай ма? – Әлбетте, бұл қолайсыздық тудыруы мүм­­кін. Дегенмен тығырықтан шығар жол жоқ емес, бар. Біздің бапкерлер де шәкірт­терін баптамай, құр бос отыр деп айта ал­май­мын. Шын мықтыны ештеңе де тоқтата ал­майды, сол себепті қазақстандық спорт­шылардың дайындық қарқыны қазіргідей қиын жағдайда төмендеген жоқ деп ойлаймын. – Қазіргідей қиын жағдайда жат­тығуын тоқтатпай, табан­ды­лық танытып жүрген спортшылар­ға айтар тілегіңіз бар ма? – Жаттығуларын жалғастыра берсін,  жал­ғастыра берсін! Олимпиада уақыты ауыстырылды деп қамықпасын! Шыныға түс­сін! Бастысы – бабын жоғалтпасын!

Сұхбаттасқан Әлия Тілеужанқызы