6 Сәуір, 15:10 325 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Нұр-сұлтандағы қонақ үйлер медицина қызметкерлеріне тегін бөлме береді

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев COVID-19 қатерінің таралуына жол бермеу үшін барша қазақстандықтарды бірігуге шақырды.

Осы қауіп-қатермен күресу мақсатында Елбасы отандық бизнес өкілдерін мемлекеттің күш-жігерін қолдауға және қаржылық көмек көрсетуге өтініш білдірді. Нәтижесінде еліміздің көптеген компаниялары мен кәсіпкерлері ақша салымдарын жасай отырып, осынау үндеуді қолдады. Оның ішінде үлкен сома Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына жіберілді, қордың қызметі эпидемия жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге бағытталған.

Күн сайын мыңдаған медицина қызметкерлері қазақстандықтардың өмірі үшін күресіп, олардың тез арада сауығуына қамқорлық жасауда.

Медицина қызметкерлері өз отбасылары мен үйлерін көрмей қауіп-қатер аймағында тұрып жатыр. Осы орайда елордалық «Думан» және «Дипломат» қонақ үйлері медициналық қызметкерлерді қолдау үшін өз қонақ үйлерінің 300 бөлмесін ұсынып, оларды тамақтандыру ұйғарып отыр.

«Думан»  қонақ үй кешенінің басқарушы директоры Әлия Дүйсекеева: «Біздің қонақ үй өткен аптадан бастап дәрігерлерге өз есігін ашты. Біз персоналымыздың қалай қабылдайтынын уайымдаған болатынбыз, алайда адамдар бүкіл әлемде қалыптасқан осы жағдайға көмектесуге өте қуанышты болды. Адам өмірін қатерлі індеттен арашалауға жанын салып жатқан ақ халатты абзал жандарды өз қонақ үйімізде қабылдауға қуаныштымыз!» – дейді.

Қаланың орталығында орналасқан бұл қонақ үйлер медициналық қызметкерлерге ауысым арасында шағын демалысқа және жұмысқа тез арада жетуге мүмкіндік береді.

«Дипломат» отелі» әрқашанда Сіздерді қабылдауға дайын. Дәрігерлерді жатын бөлмелерге орналастырып, оларды тамақтандырудамыз. Олар мұнда өз үйіндегідей жайлы өмір сүруі үшін барлығын жасаймыз. Біз осы қиын кезеңді бірге және бірігіп қана жеңеміз» – деді «Дипломат» қонақ үй кешенінің бас директоры Абай Бексейітов.

Еліміз үшін күрделі кезеңді, қазіргі таңдағы қиындықтарды еңсеруге жұмыла атқарған игі істер мен күш-жігер көмектеседі. Бұл аксиоманың дұрыстығын тарихта болған уақиғалар көрсетіп отыр.

Соңғы жаңалықтар