Перизат Алмасқызы, қырғыз ақыны: Абайды  қиындықсыз аудару мүмкін емес

Перизат Алмасқызы, қырғыз ақыны: Абайды  қиындықсыз аудару мүмкін емес

Перизат Алмасқызы, қырғыз ақыны:  Абайды  қиындықсыз аудару мүмкін емес
ашық дереккөзі
Абай шығармашылығы бауырлас қырғыз халқын қаншалықты толғандырады? бүгінгі қазақ-қырғыз әдебиетінің рухани байланысы қай деңгейде екенін білу үшін  хакім Абайдың айтулы 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қырғыз-қазақ тілдерін жетік білетін қырғыз елінің ақыны, аудармашы Перизат Алмасқызын әңгімеге тартқан едік. – Қырғыз тіліне қазақ әде­бие­ті өкілдері­нен кімдер аударыл­ды? – Мұсылман әлеміне аты әйгілі со­пылық әде­биет­тің ірі өкілі ке­меңгер ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауи­дің хикметтері қырғыз тіліне а­у­дарылуы – қырғыз халқының руханияты үшін үлкен олжа болды. Қазақтың батыр жырауы Ма­хам­­бет Өтемісұлы­ның «Махамбет» жи­нағы, қазақтың ұлы ақындары Мағ­жан Жұмабаевтың «Адассам елім деп адастым» жинағы, Мұқа­ғали Мақатаевтың «Өмір – өзен» қа­тар­лы кітаптарын аударып шы­ғар­дым. Одан бөлек әл-Фараби, Шә­кәрім, Мәшһүр Жүсіп, Шөже­лер­дің топтама өлеңдерімен қатар қа­зіргі көзі тірі классик ақын Ты­ныш­тықбек Әбдікәкімұлының өлең­де­рін қырғыз тілінде «сөйлеттім». Бір топ жас буын өкілдері – Ақ­берен Елгезек, Бауыр­жан Қара­ғыз­ұлы, Танакөз Толқынқызы сын­ды ақындарды да аудардық. – Абайдың қанша шығар­ма­сын аудар­дыңыз? – Классик жазушы Мұхтар Әуе­зовтің «Абай жо­лы» романын мектеп қабырғасында оқып, көңіл­ге то­қып өстік. Абай шығармашы­лы­ғы­на деген сүйіспеншілік сол кез­ден бастап оянды. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қар­саңын­да, «Өлөң сөздүн па­дышасы» деген жинақ шы­ғардық. Осы­лайша алып Абайды Айкөл Ма­нас­тың тілінде «сөйлеттік». Абай­дың 170 өлеңі ау­дарылды. 45 қара сөзін биыл аударып біттім. – Қазақ әдебиеті өкілдерінің шығарма­ларын аударуға не түрткі болды? – Мен Жүсіп Баласағұн атын­да­ғы Қырғыз ұлт­тық университетінің филология факультетінде оқып жүр­генде Орта Азия елдерінің әде­бие­тіне қат­ты қызықтым. Кітапханалар мен кітап дүкен­деріне барып, қазақша кітаптарды оқи бастадым. Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны – әл-Фараби, А.Ясауи, Абай, Шә­кәрім, Мәшһүр Жүсіп, С.Торай­ғы­ров, А.Байтұрсынұлы, М.Дулат­ұлы, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров қатарлы алыптардың туындыла­рын күнде кешке екі сағаттан оқуды әдетке айнал­дырдым. Менің жеке кі­тапханамда осы алып­тардың бәрі­нің кітабы бар. Өзім қызмет істе­ген Қырғыз ғылым академиясында Шыңғыс Айтматов атындағы институтта кітап қоры мол бол­ды. Осылайша қазақ әдебиетіне де­ген қызығушы­лығым тереңдей түс­ті. Өзім ғана оқып қоймай, басқа қыр­ғыздар да оқысын деп өз хәлім­ше аудара бастадым. – Абайды қырғыз тіліне ау­дар­ғанда қан­дай қиындықтар бол­ды? Мағынасы күр­делі сөз­дер кездесті ме? – Сөз жүзінде қазақ-қырғыз ха­лық­тарының тілі ұқсас болғанымен жазба тілі, әсіресе әдеби көр­кем тілі мүлде бөлек. Ауызекі тілде бір-бірін оңай түсінетін екі халық жазба тіл­де бір-бірінің тілін түсіне алмай қи­налады. Бұл әрине, әр тілдің өзі­нің көркемдік-танымдық ерекше­ліктеріне байланысты. Сонымен қа­тар қолданыстағы әліпби мәсе­лесі де зор алшақтық туындатып отыр деп есептеймін. Сондықтан Абайды қиын­дық­сыз аудару мүм­кін емес. Абайды ау­дару үшін көп дайындалдым. Бі­рін­ші Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» романын және Абай жайлы зерт­теулерді оқыдым. Абайтанушы ға­лымдардың том-том еңбектерін қара­дым. Филология факультетінен алған 5 жылдық және аспиран­тура­дағы жиған біліміммен қоса бой­да­ғы бар өнерімді, ақындығым­ды салып Абайды ау­дару­ға кірістім. Кей­де екі өлеңді бес күн аударуға ту­ра келді. Абайды аудару оңай емес. Мысалы, «Қан­со­нарда» өлеңін­де табиғат көріністерін, ақын сезі­мін және аңшылықтың қызықты сәт­терін сипат­таған-ды. Қалада өс­кен біздей қыз балаға аңшы­лық­тың қызықтарын тап басып жеткізу қиын. Оны мен сезіну үшін арнайы этнограф, тарихшы­лардың көмегіне жүгіндім. – Қазақ тіліне аударылған қыр­ғыз шығар­малары бар. Мысалы, Ш.Айтматовтың туындылары. Түпнұсқа мен аударманың арасында айырмашылық бар ма? – Шыңғыс Айтматов әлемнің көп­теген тіліне ауда­рылды. Ал енді қа­зақ тіліне жазушы Шерхан Мұр­та­за атамыз мықты аударды. Шың­ғыс Айтматов шығармаларын ал­ғаш «Ботагөз» әңгімесін аударудан бас­тады. Содан кейін «Қош бол, Гүл­сары», «Теңіз жағалай жүгірген тар­ғыл төбет» повестері мен «Боранды бекет», «Жанпида» романдарын сәт­ті тәржімалады. Аса көп айыр­машылық жоқ сияқ­ты. Дей тұрғанмен түпнұсқадан аударылған дұрыс қой... Бірақ Шерхан Мұртаза орыс тілінен аударғанымен түпнұс­қасын да оқып, зерттеген деп ойлаймын. – Қырғыз халқына Абай шы­ғармалары қан­шалықты танымал? – Алып Манастың елінде Абай жазу­шы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы танымал. Кейде оқырман Әуезов Абайдың туысы деп түсі­неді немесе Абайды көркем шығарманың кейіпкері деп ұғады. Жас буын онша танымайды. Айтматовты да білмейтіндер бар. Мен сол кемшілікті толтырсам, түр­кі дүниесінен шыққан алыптарды таныстырсам, насихаттап ха­лық­тың санасына сіңірсем деймін. – Қырғызша аударылған Абай шығар­ма­сы­ның таралымы қалай, кітап шықты ма? – Абай шығармашылығы – адам­зат даналы­ғы­ның таусылмас қа­зынасының бір бөлігі. Оның да­на­лығы мен парасаты, озық идеялары – Қазақ­стан­ды әлемге паш етеді. Абайды оқыған сайын жаңа бір әлем ашылғандай күйге бөлейді. Осыған дейін хакім Абайды ау­дар­ған Аалы То­қымбаев 1954 жылы 128 беттен тұратын өлең жина­ғын шығарды. 1970 жылы дәл осы автор «Ме­нин элим» атты Абайдың тағы бір жыр жи­нағын аударды. Бірақ ол жинақтарда  Абай өлең­дері толық аударылған жоқ. Қырғыздың Сауранбай Жусуев,  Әбдіжапар Егінбердиев атты ақын­дары да төрт-бес өлеңдерін аударған. Осы жолғы «Өлөң сөздүн падышасы» атты кі­­тапта жоғарыда атал­ған жинаққа Аалы Тоқым­баев, Сауранбай Жусуев және Атантай Акбаров, Әбдіжапар Егінбердиев, Мұқан Асанәлиевтердің аудармалары енді. Сонымен қатар бұл жинақта ең кө­лемді ау­дар­ма менікі болды. Кітапты құрастыру, редакторлау және кор­ректорлық жұмысын бір өзім ат­­қар­дым. Кітап 1 000 данамен шық­ты. Бұл кітаптың аударылуына бас­тамашылық біл­дірген Семейдегі «Абайдың Жидебай Бөрілі» мем­лекеттік қорық музейі. Кітаптың шы­ғуына Қа­зақстанның Қырғыз Рес­публикасындағы елшілігі демеу­шілік жасады. Абайдың өлеңдерінен бөлек 45 қара сөзін аударып біттім. Бірақ кітапты шығаруға әзірге қар­жы та­былған жоқ. Алда демеуші табылса, Абай­дың қара сөздерін кітап қылып шығарсам деген арманым бар...

Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР