АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖАЛАУГЕРІ

АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖАЛАУГЕРІ

АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖАЛАУГЕРІ
ашық дереккөзі
Биыл ұлы тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шо­қай­дың туғанына 130 жыл толып отыр.  Осы датаға орай аты әлемге мәшһүр қайраткердің ұлт-азаттық қозғалыс сынды құбылыс шындығын қарас­тыру және халықтардың жаңа советтік империя ахуа­лын­да шынайы азаттық алуды көздеген қозғалысы қи­сынын (теориясын) жасау жолына шағын шолу жа­сайық. Отарлық озбырлықтан қорғану үшін түрк халықтарының бірлесу жолымен жү­ріп, ынтымақтаса дамуы және кү­ресуі қа­жеттігі ХХ ғасыр табалдырығынан бірге ат­­таған империядағы жалпыреволю­ция­лық қоз­ғалыспен астаса өрістеген ұлт-азаттық қоз­ғалыстар барысында айқындала түсті (осы жерде «түрк» деген терминнің жа­зылуына байланысты мынаны айта кеткен жөн: қазақша әдебиетте көбіне «түрік ха­лықтары» деген тіркес қолданылады, біз мұ­ны соншалықты тура емес деп есептейміз, өйткені ұлы түрік халқының атауын бар­лық түркілерге қолдану арқылы өзге туыс халықтардың баршасы соның ұлыс­та­ры тәрізденіп, атаулардағы шатасуларды ту­ғызады, сондықтан орыс ғылыми әде­бие­тіндегі «тюрк» атауының мәселе мәнін дұрыс ашатынын мойындау ләзім, яғни түбі бір туыс халықтардың қазақы жал­пы­лама­лық атауын «түрік» деп емес, «і» әрпінсіз «түрк» деп қолдану әділ болмақ, сонда «түрк ха­­­лықтары» санатына түрік, әзірбайжан, та­тар, башқұрт, қазақ, өзбек, қырғыз, тү­рікмен, т.б. жататыны айқын көрініп тұ­ра­ды деп ойлаймыз). Мұстафа Шоқай мұны Петроградтағы студент шағынан бастап аңғарып, 1917 жылы монархия құлағаннан кейін Мұсылман комитетінде, одан Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы Ұйымдастыру бюросында қыз­мет атқарған шақтарында мейлінше айқын ұға түсті. Ресейдің демократиялық федерация болу жолын таңдағаны айқындалып келе жатты, тиісінше, азаттыққа қолдары жеткен империя халықтары енді федерация құрамында автономия алуды аңсады. Осы орайда Түркістан өлкесі халықтарын да жаңа құрылымда өмір сүруге дайындау ке­рек­тігін ұлт қайраткерлерінен өмірдің өзі талап еткен. Жас күрескер Мұстафа Шоқай Пи­тер­ден еліне қарай сапарға шығар алдында, пойызға мінуге рұқсат алу үшін, 1917 жыл­ғы наурыздың 20-ларында, соның ал­дында ғана революцияшыл мекеменің ал­ғашқы бас­шысы болып сайланған кісіге – Петроград Жұмысшы депутаттары кеңе­сінің (Петросоветтің) төрағасы социалист Николай Семёнович Чхеидзеге кірді. Карло Чхеидзе революциялық қозғалысқа жас­тайынан, студенттік шағынан араласқан, «Коммунистік партия манифесін» 90-жылдары грузин тіліне тұңғыш аударған, 1892 жылдан Закавказьедегі алғашқы социал-демократиялық ұйымның, 1898 жылдан РСДЖП-ның мүшесі болған, 4-ші Мемлекеттік думада меньшевиктер фракциясын басқарған, патша Думаны тар­қатқанда, оған мойынсұнбай құрылған Мемдума Коми­тетінің құрамына кірген 53 жастағы тәжіри­белі саясаткер болатын. Мұстафа оған өзінің алға қойған мақсатын айтады. Оны естіген Чхеидзе шошып кетіп: «Жолдас Шоқаев, отандастарыңызға автономия туралы айта көрмеңіз. Өйткені біріншіден, қазір бұл жөнінде сөз қозғауға ерте, ал, екін­шіден, сіздің Түркістан секілді мәде­ниеті, тілі мен діні мүлдем бөлек елге автономия әперу – сепаратизмге анық қадам басу деген сөз. Ал революциялық жә­не демократиялық Россиядан тысқары жа­салған сепаратизм сіздің халқыңызға пайда бермейді», – деп қарсылық білдірді. Алайда революциялық оқиғалар жыл­дам өрістеп, саяси ойды қар­қын­ды түрде дамытып жатты. Чхеидзе жаз­да Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің 1-ші Бүкілресейлік съезінде ВЦИК төрағасы боп сайланып, күзде арнайы шақырылған Бүкілресейлік демо­кратиялық мәслихаттың жұмысын кіріспе сөз сөйлеп ашқанда, «жағдайды қалай парықтап, не істеу керектігі туралы» мәселе қойды. Елдегі билікті ұйымдастыру жөнінде өткен мәжілісте белсенді рөл атқарып, соң­ғы коалициялық Уақытша үкіметті құруға қатысты. Сосын Грузияға кетті де, революцияшыл Ресейге қайтып оралған жоқ. Мұстафаға берген кеңесінің қателігін өзі дәлелдегендей боп, Грузияның тәуелсіздігі туралы декларацияға қол қойды, Закавказье сеймінің төрағасы болды, Грузияға Қызыл армия кіргеннен кейін біржола Францияға эмиграцияға кетті. Оның ақыл-кеңесіне құлақ аспай, туған өлкесінде революция­шыл Ресей мемлекетінің құрамында болатын Түркістан мұхтариятын жариялауға атсалысқан Мұстафа Шоқай да автономия астанасы Қоқан қанды қырғынға ұшыра­ғаннан соң совет өкіметінен біржола жеріген. Сосын араға біраз уақыт салып, ол да Франциядан орын тепті. Шетелде Мұстафа ресейлік және түркістандық эмигранттармен бір­ге қоян-қолтық еңбек етті. Орыс және еуропалық баспасөз бен өзі серіктерімен арнайы ашқан журналдары беттерінде большевизмнің қылмыстарын әшкереледі, бостандық идеяларын таратумен және азаттық қозғалысының заман талабына сай теориясын жасаумен шұғылданды. Өмірінің мәніне айналған ұлт азаттығы жолындағы күресінің алғашқы кезеңінде ол Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1917 жылдың сәуіріндегі 1-ші съезінде құрылған Орталық кеңес (Ұлттық орталық) төрағасы болып сай­ланған. Түркістан автономиясының жо­басын жасауға белсене қатысқан. Өлкеде Ресей федеративтік республикасының құрамдас бір бөлігі болуды көздеген автоно­мия құру жөніндегі идея болашақ бүкіл­ресейлік құрылтайшы жиналыста қол­дау табады деп үміттенген. Яғни туған елін­де автономиялық бірлік құруға ұмтыл­ғанмен, Чхеидзе сақтандырған сепаратизмді мүлдем ауызға алмаған-ды. Өстіп, орыс де­мок­ратиясына сенімін жоғалтпай, Мұстафа автономия мәселесінің Бүкіл­ре­сейлік Құрыл­тайшы жиналыста шешілуіне қал­дыру жағында болды. Белгілі қайраткер Се­рәлі Лапин басқаратын «Улема» қоғамы (діни ғұламалар орталығы) шұғыл шариғат сотын енгізу сынды шетін ұсыныс жаса­ғанда, одан кейін өлкенің Ресейден бөлінуі жөнінде батыл идея көтергенде де ол Ұлт­тық орталық атынан келіссөз жүргізіп, мұн­дай қадамдарға барудың ерте екенін, өлке бо­лашағына қатысты мәселелерге сақ­тық­пен қарау қажеттігін дәлелдеді. Бірақ Петроградтағы Қазан төңкерісі, артынша Ташкентте де өлке билігін большевиктердің басып алуы жағдайды шиеленістіріп жіберген еді. Ташкенттегі совет өкіметінің басшылары Қоқанда жа­рия­ланған Түркістан мұхтарияты үкі­ме­тінің қызметіне кедергі келтірудің қилы амалдарын жасады да, ақыры, жойқын қарулы күш қолданып, жойды. Астыртын жағдайға көшкен Мұстафа Шоқай жаралы солдатша киініп, жаралыны күтімге алған медбике кейпіндегі зайыбы Мариямен бірге құпия түрде 1918 жылғы 1 мамырда (Түр­кістан өлкесінің советтік автономиясы жариялаған мерекелі күні) Түркістан өлкесімен біржола қоштасып, пойызбен Ташкенттен шығып кетті. Алашорда қай­раткерлерімен бірге барып, Құрылтайшы жиналыс Комитеті Уфада, Самарада өткіз­ген жиналыстарға қатысты. Одан қазақ даласы арқылы Каспийге жетіп, кемемен Бакуге келді. Сосын Тифлиске ауысты. Екі жылдан кейін, 1921 жылғы ақпанда, қалаға Қызыл армия кіргенде, әуелі Стамбұлға кетті, онда ағылшын, түрік басылымдарына ма­қалалар жазды. Содан соң сол жазда Па­риж­ге барды. Ақ эмиграция баспасөзінде – Александр Керенскийдің «Дни», Павел Милюковтің «Последние новости» газетте­рінде қызмет атқарды. 1923 жылы Париждің оңтүстік іргесіндегі Ножан-сюр-Марн қала­сына орнықты. Осы жылы еуропалық жұртшылық алдында «Россия саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы» деген тақы­рып­пен алғашқы дәрісін өткізді. Осы тақы­леттес дәрістерді Мұстафа Парижде ғана емес, Лондонда да, Варшава мен Стамбұлда да оқып жүрді. Кавказ, Украина, Түркістан халықтарының Ұлттық Қорғаныс органы «Прометей» журналының редакциялық алқасында істеді. «Франция-Шығыс» ко­ми­тетінің жиналысында «Түркістанның қазір­гі жағдайы туралы» баяндама жасады. Ха­лықаралық істер корольдік институ­ты­ның шақыруы бойынша Лондонда «Совет Одағы және Шығыс Түркістан» атты баяндамасын жасады. Сол уақыттарда Мұстафа Парижде құрылған Түркістанның ұлттық бірлігі ұйы­мын басқарды, большевиктердің Түр­кістан­дағы саясаты жөніндегі әшкерелегіш ма­қалаларын еуропалық басылымдарда ұдайы жа­риялап тұрды. Шетелдегі саяси қызметі барысында Мұс­тафа Шоқай, әрине, туған өл­ке­сінің совет билігінен азаттық алуы үшін кү­ресу мәселесін бір сәт те есінен шығарған жоқ. Эмиграциядағы күллі саяси қызметі, Еуропа социалистерімен жұмысы оның не­гізгі мақсатын нақтылай түсті. Сол жақта оның саяси ойын дамытқан, түрк ха­­лықтарының ұлт-азаттық қозғалысы тео­риясын тәпсірлеген, жалпы әлем демок­ратиясына ортақ қоғамдық ой-пікір қа­занын тасытқан орасан зор саяси және ғы­лыми-публицистикалық жұмысы өріс­теп, жиырма шақты жыл бойы толастаған жоқ. Мұстафа езілген ұлт тілінде (барлық түрк халықтары түсінетін түрки-ша­ғатайша) баспасөз құралын ашуға ты­рыс­ты. Арнайы баспасөз жұртшылыққа ұлт­тық қозғалыстың мақсат, мұраттарын жеткізіп, оларды, әрине бірінші кезекте түркістандықтарды тәуелсіздік идеялары ай­наласына топтастыру жолына қызмет етуге тиіс еді. Сөйтіп ол  Стамбұлда саяси күрес­тегі үзеңгілес жолдасы Ахмедзәки Уә­ли­­димен бірге «Йени (жаңа) Түркістан» (1927–1931) журналын ашты. Екеуі әуелі Пет­роградта Мемлекеттік думаның Мұ­сыл­ман фракциясы жанындағы Ұйымдастыру бюросында, сосын Ташкентте шаңырақ көтерген саяси ұйымдарда қызметтес бол­ған шақтардан бірін-бірі жақсы білетін. Көз­қарастары жақын болатын. Эмиграция­да құрылған Түркістан ұлттық қозғалы­сының саяси органы ретіндегі осы басылым беттерінде Түркістанның ұлттық тәуелсізді­гіне жету, сол мақсатта түрк халықтары ара­сындағы ынтымақтастықты күшейту идеясын дәйектей түсу көзделді. Басылым жайында жазған мақаласында Мұстафа Шоқай Түркістан саяси эмигранттарының өз отанынан шалғайда жүрген аз ғана тобы «Йени Түркістан» журналын шығаруға кірісіп отырғанын айта келіп, эмиграцияға кет­кендердің кімдер екенін: «Біз – им­пера­торлық Ресейдің ашық та қайтпас жаулары, орыс империализмі мен ұлтшыл ұлыдер­жава­шылдықтың дұшпандары, біз – октябрь революциясының ұлттық өз тағды­рын өзі айқындау туралы ұранына ашық та шын жүректен қосылғандар және ешқандай бөтен ой бүкпей, совет өкіметімен оның әр халықтың Ресейден бөлек, дербес мемлекеттік ғұмыр кешуге хақылығы жөніндегі декларациясы негізінде қызметтес болуға ниеттенгендер (біздің арамыздағылардың көбі іс жүзінде қызметтес болды да), біз, Шы­ғысты империалистік бөліп алу делі­нетіннің ең шешімтал қарсыластары...» – деп жіктеп түсіндірген еді. Міне, осындай көзқарастағы азаматтар өз отанын тастап, шетелге кетуге мәжбүр болды. Ал мұның қалай және қандай мақсатта жасалғанын Мұстафа үзеңгілестерімен бірге қолға алын­ған осы журнал беттерінде әңгімелеп бермек­ке, совет өкіметінің саясатын талдап, орыс емес жұрттарға азаттық әпердік, тең­дік­ке қолдарын жеткіздік деген алдамшы сөз­дерін әлем алдында әшкерелеуге ниеттенеді. Барлығы отыз тоғыз саны шыққан «Йени Түркістан»  беттерінде әріп­тес­тердің ұлттық тәуелсіздік және түрк ха­лықтарының рухани бірлігі хақындағы ой-пікірлері жарық көрді. Солардың қата­рын­да Мұстафаның большевиктердің Түр­кістандағы ұлт саясатының идеялық және практикалық қырларын қарастырған, өл­кеде жүргізген аштық саясатын әшкерелеген, сондай-ақ өлкедегі орыс переселендері, байыр­ғы Тұран мемлекеті, шешімін табуы тиіс ұлттық мәселе, басқа да маңызды жәйт­тер туралы мақалалары жарияланды. Журналды шығару барысында оның ұйым­дас­тырушылары арасындағы кейбір көзқарас қайшылықтары айқындала келе, Мұстафа жаңа басылым ашуды көздеп, қажетті дайындық жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп Берлинде «Яш (жас) Түркістан» (1929–1939) журналын шығаруды жолға қойып, өзі бас редакторы болды. Журналдың алғашқы санындағы «Біздің жол» атты бас мақалада осы саяси басылымның басты мақсаты «Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресу» екенін баса айтты. Большевиктердің «пролетариат деген тапты ешкім естімеген елде»... «түрі – ұлттық, мазмұны – пролетар­лық» Түркістан республикаларын өмірге әкел­генін еске салды. «Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құры­лымға қол жеткізу... сонда ғана хал­қымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деді. Осы ұстанымға адал «Яш Түркістан» жур­налы оқырмандарына түрк ха­лықтарының тәуелсіздік үшін күресінің мән-мағынасын, азаттық идеяларын жан-жақты жеткізуге тырысты. Алдына түрк­терге ортақ тарихты жаңғыртып, мәдениет пен түсінікті тіл қалыптастыруды мақсат етіп қойды. Совет Одағындағы әдемі де тәтті ұрандармен бүркелген байырғы отар­шы­л­дық әрекеттердің жалғасып келе жатқанын ашып көрсетіп, большевиктердің түрк ха­лықтарын ұлыстарға бөлшектеп билеу әрекеттерін әшкереледі. Мұстафа 16-шы жыл­ғы дүрбелеңге байланысты Торғай да­ла­сында өзіне тайпаластары тарапынан қойылған ұсынысты еске алып жазған бір мақаласында: «Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түрікмен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін (түрк халықтарын – Б.Қ.) бөлшектеп, өлім-ге бас­тайтын жол екенін жақсы білетін едім», – деп жазған еді. Айқын да анық осы көз­қара­сы оның түрк халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын біліктілікпен, терең де жан-жақты талдауын және азаттық жо­лын­дағы күрес теориясын жасауын мүмкін етті. Ақпан революциясынан кейін қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен халықтары­ның бірігуі жайындағы ой, отаршылдық озбырлыққа түрк-мұсылман ынтымақтас­ты­ғын қарсы қою әрекеті империядағы мұсылман қозғалысын жаңа сатыға көтер­ген. Тұтас Түркістан идеясы өлкеде 1917 жылы Түркістан автономиясы жариялануы арқылы нақты іс көрінісіне айналғаны мәлім. Эмиграцияда саяси күресін жалғас­тыру барысында Мұстафа бұл идеяны теориялық тұрғыда дамытып, тәуелсіздік үшін күрес құралына айналдырды. Тәуел­сіздікті көздеген қозғалыста ол түрлі ұран­­­дармен көлегейлеп, бұрынғы отарлық жүйені қайта орнықтырған Совет Ода­ғын­дағы барлық түрк халықтарының ең алдымен бірлесіп қимылдауы қажет деп санады. «Ұлттық азаттығымызға тезірек қол жеткізетін бірден-бір дұрыс жол – түрікшілдік (түркшілдік – Б.Қ.) жолы» деген ұстанымын ту етті. «Яш Түркістан» беттерінде осы ұста­ным­ды дамытып, тәуелсіздік байрағын айбындата желбірететін аса зор міндеттер әңгімеленді. Жалпы қоғамдық даму үде­ріс­тері, әлемде орын алып жатқан оқиғалар, азат­тық қозғалысының түрлері мен күрес тә­сілдері жайындағы Мұстафаның көз­қарас­тары, түрк халықтарының тарихы мен мәдениетіне байланысты ой-пікірлері жур­налда жақсы баяндалып, айқын көрініс тауып жатты. Мұстафа Шоқайдың иланымынша, та­рихи отанын жанындай жақсы кө­ре­тіндер ғана оның азаттығы мен тәуел­сіздігі жолындағы нағыз күрескер бола алады. Сондықтан да ол «Яш Түркістан» ба­сы­лымы беттерінен оқырмандарды туған елі мен жер-суының тағдыр-талайын жақсы білуге, оны жақсы көріп, мақтаныш ете алу­ға үндеді.  Мұстафа азаттық қозғалысында тек түркістандықтардың ғана емес, солармен бір қатарда өзге де түрк жұрттарының – қырымдықтардың, татар, башқұрт, әзір­бай­жандардың бір мақсатта күресуінің маңыз­ды­лығына назар аударды. Түркістан бірлігі идеясының жаңа мазмұнда түсінілуіне мән берді. «Түрк іс бірлігі» баршасына үлкен күш-қуат беретінін уағыздады. Еврейлердің өмір салтынан «Варшавадағы бір еврейдің тісі ауырса – Америкадағы еврейдің жағы сыз­дайды» деп айтылатын қанатты сөзді кел­тіріп, қазіргі ұлт қайраткерлері де тап сол сияқты: «түрк тектес бір ел азап шексе – барша түрктер азап шегеді» деуі қажет екенін айтты. Мұстафаның бұл көзқарасын эмиг­рациядағы түрк зиялылары толық қолдады. Мәселен, Уфа губерниясынан шыққан саяси қай­раткер, заңгер, әдебиетші, Құрылтайшы жи­налыс мүшесі, эмигрант Омер Тенереког­лы өзінің де Мұстафа тәрізді жалпытүрктік көзқарасты ұстанатынын хабарлап, Рос­сиядағы түрк ұлттық мәселесі Түркістан тәуел­сіз болғанда ғана шешілетініне сенеті­нін жазды. Оны Әзірбайжанның да, Қырым­ның да тәуелсіздігі шеше алмайтынын, Еділ бойы түрктерінің мәселесі де Түркістан мәселесіне байланысты екенін айтты. Мұстафаның иланымы бойынша, түрк­шілдік – түрк халықтарының шығу тегіне, мәдени-рухани тіршілігіне қа­тысты мәселе. Яғни ол шыққан тек пен мә­дениет хақындағы мәселе ретінде қарас­тырылуға тиіс. Ал ал азаттық үшін, тәуел­сіз­дік үшін күрес – күн тәртібіндегі мәселе, бұл ретте түрк мүддесін көздегендер барлық шынайы бостандықты аңсаған халық­тар­мен бірлесіп күресу керек. Сондықтан да ол қо­ғамдық-саяси тақырыптағы мақала­ларын­да тек Түркістанның мұң-мұқтажын ғана күйттемей, совет билігі езгісіндегі украин, грузин, әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы, Қырым халықтарының тыныс-тіршілігін арқау етті. Түрк халықтары­ның рухани жақындығын әрқашан есте ұстап, қандай жағдайда да бір-біріне қол ұшын беріп жүруін жақтай отырып, Түр­кістан Ұлттық Бірлігінің өз ішіндегі ынты­мақты күшейте түсуге, сөйтіп, шетелдегі барша ұлттық ұйымдармен тұрақты қарым-қатынас орнатуға күш жұмсады. Ортақ мүд­де үшін күресуде бірлікті нығайта түсу­дің маңызды екендігін әрдайым еске салып отырды. Мұстафа Шоқай азаттық үшін күрес қисынын мәселеге осылай кеңінен қарау арқылы пайымдады. Ол он жыл бойы шығарған «Яш Түркістанның» жүз он жеті саны түгелдей түрк ұлт-азаттық қозғалысын теориялық тұрғыда негіздеуге қызмет етті. Ұлы күрескер Берлинге жиналған Түркістан жастары алдында 1936 жы­лы сөз сөйледі. Онда «жат үкімет... алты жұм­хұриетке бөліп» тастаған «Түркістан – бөлінбес бір өлке» екеніне жас азаматтардың назарын аударды. Алдағы мақсат ретінде, өлке жұртының өз ұлттық өкіметін құру, «жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін түркі халқының дос болып, өзара бірлік піра­дарлықпен жасап, сыртқы дұшпандарға толықтығын білдіріп қою» екенін айтты. «Еуропаның әр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірле­сіңдер! Сендердің бірліктерің, сендер­дің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақы­тына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар!» – деді. «Кімнен таяқ жегендей біздің түрктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға – ауызының аласы», – деген нақыл сөзді ұмыт­пауға шақырды. Бес жылдан кейін, екі то­талитарлық мемлекет текетіресінің құрбанына айналған сан-мың соғыс тұт­қындары қамалған лагерьлерді 1941 жылғы тамызда аралап, түркістандықтар алдында сөйлеген сөзінде: «Алла бізге неміс тұт­қынынан құтылуға және өз үйімізде бейбіт және адал еңбегімізбен өмір сүруімізге көмектесетініне сенемін. ...сендер бәрің де өз отаны бар біртұтас Түркістан халқының ұлдарысыңдар деп есептеймін. ...Менің ең негізгі қамқорлығым сендердің әрқай­сы­сыңа біздің болашақ отанымызды – Түр­кістанды құру үшін қажетті әртүрлі іскерлік жұмыс­тарға орналастыру болмақ», – деді. Барша­мызға белгілі, тағдыр оған жоспарын жүзеге асыруды жазбады... Тура Мұстафа Шоқай аңсағандай болмағанмен, Түркістан өлкесінің байы­рғы халықтары елу жылдан кейін, 1991 жылы, өздерінің тәуелсіз мемлекет­тері­нің түтінін түтетті. Содан беріде өзіндік жолдарымен дами отырып, қазіргі таңда тарихи тамырластықтарын бекіте түсетін мәдени іс-шараларды жүйелі түрде бірлесіп жүргізіп келеді...  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты