Жаһанды кезген жау

Жаһанды кезген жау

Жаһанды кезген жау
ашық дереккөзі
Әлемнің көрінбейтін жаумен соғысы үдеп барады. Жаһан­дық жаңалық­тар тас­пасында коронавирусқа қатысты көңіл құ­лазытар деректер толастар емес. Қазақ­стан­да ке­сірлі кеселді жұқтырғандар саны 88-ге жетсе, әлем бойынша індетке шал­дық­қан­дар қатары 385 мыңнан асып жы­ғылды. Жаһанды жайлаған дерт 18 мың­ға жуық адамның өмірін қиды... Көңілге медеу боларлығы, ін­дет ошағы – Қы­тай аурудан айы­ғып келеді. Елде коронавирус жұқ­­тырғандар саны күннен-күнге азаюда. Аспан асты елінің 81 093 тұрғыны кесел жұқ­тыр­са, олар­дың 72 703-і, яғни 89,65 пайызы ауру­­­дан айыққан. Бүгін­де Қытай ауру­ха­на­ла­рын­да вирус жұқтырған 5 120 адам ем қабыл­дауда. Covid-19 инфекциясының та­ралу эпицентрі бол­ған Ухань қаласында соңғы бірнеше тәулікте ауру жұқтырудың жаңа дерегі тір­келмеген. Қы­тайдың жетекші ви­русологтарының бірі Ли Лань­цзюань айтуынша, егер 14 күн бойы ко­ро­навирус­қа шалдығу жағ­дайлары анықталмаса, қала­дағы каран­тин тәртібін алып тас­тауға болады. Қытайдың бірқатар қалалары бұрынғы тірші­лігіне оралып, кәсіп­орындар қайта ашыл­ды. Ел­дегі коронавирусқа шалдыққан­дар­ды емдеу үшін уақытша ашыл­ған аурухана­лар­дың барлығы дер­­лік жабылды. Бүгінде дерт оша­ғы Еуропаға ойы­сып, кесірлі ке­сел әлемнің барлық түкпіріне жет­­кен шақта мемлекеттердің бар­лығы ауруды ауыз­дықтай ал­ған Қытай тәж­і­ри­бесіне үңілетіні хақ.

Қытайдың қаруы – қатаңдық

Басынан бастайықшы. Қытайдың Ухань қаласында коронавирустың жаңа түрі 2019 жылдың желтоқсанында пай­­да болды. Covid-19 дертіне шалдыққан ал­ғашқы науқас 11 қаңтарда көз жұмды. Ол уақытта кеселдің таралу ауқымын бол­жау мүмкін емес еді: елде коронавирус жұқ­т­ырғандар саны 50-ге жете қоймаған, ін­дет шекара асып үлгермеген. Десе де, сол сәтте аурудың зардабы жайлы ескерткен бір адам болды – қытайлық көз дәрігері Ли Вэньлян. Бұрын-соңды кездеспеген кеселді алғаш тіркеген де сол маман еді. Дәрігер өзінің ашқан жаңалығы жайлы WeChat әлеу­меттік желісінде жазған. Алайда бұл әре­кеті үшін оны полиция бөліміне ша­қырып, «қоғамдық тәртіпті бұзатын жал­ған ақпарат тараттың» деп айыптаған. Өз болжамын дәлелдеймін деп шырыл­дап жүргенде дәрігердің өзі коронавирус жұқ­тырып, ақпан айының басында қайтыс болды. Осыдан кейін ғана Қытайдың Жоғарғы соты Вэньлянның жаңалығын жа­сырғаны үшін Уханьның полиция бас­қар­масын қатаң жазалады. Инфек­ция­ның таралуына жол бермеу мүмкіндігін жіберіп алғанын Қытай билігі ауру пайда бол­ған­нан кейін бір айдан соң мойындады. Бұл уақытта Қытайда коронавирус жұқтыр­ған­дар саны 30 мыңға жетіп қалған. Ел билігі коронавирустың жаңа түрі­мен күреске қаңтар айының соңында бел шеше кірісті. 9 қала карантинге жабылып, кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Бұ­қаралық іс-шараларға тыйым салынды, үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерін өткізуге де рұқсат берілмеді. Ірі халық­ара­лық шаралар да кейінге шегерілді: Нан­кинде өтуі тиіс Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты келесі жылға ауыстырылып, «Формула-1» Гран-при жарысы кейінге қал­дырылды. Дертке шалдыққандар саны күрт кө­бейген соң Уханьда 10 күн ішінде Хо­шэнь­шань мобильді ауруханасы салынды. Гон­конг ғалымдары екі апта ішінде ко­ро­навирусты жедел анықтайтын портативті құрылғы жасап шығарды. Құрылғы 40 минут ішінде сынамаларды зерттеп, қо­ры­тындысын көрсетеді. Қаңтардың соңында Хубэй провинция­сының билігі ем-дом шараларынан қаш­қан, медицина мамандарының жұмысына ке­дергі келтіріп, вирустың таралуына қа­сақана себепкер болғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту тетіктерін қолға алды. Індет жұқтырғандар қоғам үшін қауіп­ті болғандықтан мамандар тағайын­да­ған емдеу және шектеу шараларын орын­дамағандар қатаң жазаланды. Бұған дейін Қытай мұндай шараларды 2000 жыл­дардың басында, елде ЖИТС эпидемиясы тараған тұста қолданған. Бұдан бөлек, коронавирусты ауыздық­тау үшін Хубэй провинциясындағы Ця­ньцзян қаласының билігі өз еркімен вирус жұқ­тыру белгілерінің пайда болғаны ту­ралы хабарлаған тұрғындарға 10 мың юа­ньнан (1,4 мың доллар) төлеуге уәде бер­ді. Шенеуніктер сөзінде тұрып, диаг­нозы расталғандарға уәде етілген соманы берді. Ал сынамасынан коронавирус анық­талмағандарға 2 мың юаньнан (285 дол­лар) берілді. Қытай билігінің қолдауымен ел тұр­ғын­дарының індетке шалдыққандармен байланыста болған-болмағынын анық­тауға мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымша іске қосылды. Қосымшаны ұялы телефонға жүктегеннен кейін өзінің аты-жөні мен жеке куәлік нөмірін енгізгендер коронавирус жұқтырғандармен қандай орындарда кездесуі мүмкін екенін түсіне алады. Қытайдың Гигиена және денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті, Көлік министрлігі, және Азаматтық авиа­ция басқармасы қосымшаны жасаушыларға қажетті деректерді ұсынып отырады. Осындай саясаттың арқасында наурыз айының басында елде вирус жұқтырудың 80 мыңнан аса дерегі анықталды. Үрей ұшы­рар статистикаға қарамастан, Қытай дерттен айыға бастады. Ақпан айында бір тәулікте мыңға тарта адам коронавирус жұқтырса, 18-21 наурыз аралығында елде ін­детке шалдығудың бірде-бір дерегі тір­келген жоқ.  width= Ел пандемияға дейінгі тіршілігіне оралу­ға дайындалуда. Хайнань провин­циясының билігі жұмысын жандандырған кәсіпорындарға 287 мың доллар көлемінде өтемақы төлемек. Бұл қаржы кәсіпорын­дарға карантин салдарынан келген шы­ғынды өтеуге бағытталмақ.

Есеңгіреген Еуропа ертеңіне алаң

Коронавируспен екі айдан астам күрес­кен Қытай енді ғана еңсе тік­тей бастаса, дерттің жаңа ошағына ай­нал­ған Еуропа дел-сал күйде. Әсіресе, Ита­­лия­ның жағдайы мүшкіл. Елде індетті 70 мың­ға жуық адам жұқтырып, 6 820 науқас көз жұмды. Коронавирустан көз жұмғандар саны жөнінен Италия Қытайдың алдына шық­ты. Сарапшылардың айтуынша, елдің ты­ғырыққа тірелуіне дертпен күресте бей­ғам­дық көрсетуі себеп. Індет ең әуелі та­раған Ломбардия аймағында жергілікті билік тұрғындарды медициналық тек­серіс­тен өткізуге асықпаған. Сәй­кесінше, вирус жұқтырғандар індетті таратып жүре берген. Таралу ауқымы ұлғайған соң коро­на­вируспен күресу күрделенді. Оның үсті­не, елде егде тартқан азаматтардың саны көп. Мемлекет тұрғындарының 23 пайызы – 65 жастан асқандар. Індет ең әуелі қарт­тар мен созылмалы ауруы барларға қауіп төн­діретіндіктен, мамандар Италияда өлім көр­сеткіші әлі де арта түсуі мүмкін деп болжап отыр. Бүгінде Италияның бүкіл аумағы ка­ран­тинде. «Еуропалық Ухань» атанған мемлекетте сыртқа себепсіз шыққандар айып­пұл арқалады. Үйден шығу себебі көр­сетілген құжатсыз үйден шыққандар 200 еуро айыппұл төлейді. Өзінің және жақын­да­рының өмірі үшін алаңдаған италиялық­тар көшеге шығуға онсыз да құлықсыз. Қай­тыс болғандардың денесін толассыз та­сып жатқан жүк көліктерін терезеден күн­де көретін жергілікті тұрғындар сал­ғырттықтық зардабы ауыр болатынын енді ұққандай. Бүгінде Ломбардия аймағындағы Бергамо қаласындағы мәйітханада ине шан­шар орын жоқ. Сондықтан ко­ро­навирустан көз жұмған науқастардың де­несі кремация жасау үшін көршілес қа­ла­ларға жөнелтілуде.  width= Ауруханалардың жайы айтпаса да тү­сі­нікті. Науқастардың толассыз легін қа­был­дауға жергілікті емханаларда орын же­­­тіспейтіндіктен, Италия әскерінің сар­баздары уақытша әскери госпитальдар құру­ға кіріскен. Қытайдан ондаған тонна дәрі-дәрмек пен жасанды тыныс алу құрыл­ғылары жеткізілуде. Ал Ресей күні ке­ше Италияға көмек жөнелту үшін тоғыз Ил-76 ұшағын әзірлеп қойғанын хабар­ла­ды. Әуе кемесімен медициналық жаб­дық­тардан бөлек, ресейлік виру­со­логтар мен өзге де дәрігерлер жеткізілмек. Бұдан бөлек, ресми Римнің өтініші бойын­­ша Германия италиялық науқас­тар­дың бір бөлігін қабылдауға келісті. Deutsche Welle басылымының хабарлауын­ша, 24 наурызда алғашқы 8 науқас Лейп­циг-Галле әуежайына жеткізілген. Сак­сонияның премьер-министрі Михаэль Креч­мердің айтуынша, олар Дрезден және Лейп­циг қалаларындағы ауруханаларға жат­қызылды. Медицинасының қауқарына сеніп, өзгелерге көмек қолын созып жатқан Гер­манияның өзінде де коронавирустың та­ралу қарқыны артып барады. Елде індет жұқ­тырғандар саны 30 мыңға жуықтаса, кесел құрбандарының саны 123-ке жетті. Мемлекет билігі әлеуметтік байланыстарды шек­тейтін қатаң шаралар енгізді: Гер­ма­ния­да жұмыс орындарынан және тұрғын үйлерден тыс аумақта екі адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Елде кафелер мен мейрамханалар жабық. Тамақты үйге тапсырыспен алдыруға ғана рұқсат. Сән салондарының жұмысы да тоқтатылды. Карантиннің ермек еместігін, кеселдің шын мәнінде қауіпті екенін көрсету үшін Германия канцлері Ангела Меркельдің өзі де үй карантинінде жатыр. Өткен жұмада канцлерге екпе салған дәрігерден корона­вирус анықталды. Немістердің басым көпшілігі елдегі ко­ронавирустың таралуын тоқтатуға ба­ғыт­талған шектеу шараларына қолдау біл­діруде. Жергілікті ARD қоғамдық телеар­насы жүргізген сауалнамада Германия тұр­ғын­дарының 95 пайызы екі адамнан артық кездесуге тыйым салынуын құпта­ған. Сауалнамаға қатысқандардың 3 пайы­зы ғана бұл тәртіпке қарсылық білдіріпті. Жалпы, Германия үкіметінің дағдарысқа қар­сы саясатын ел азаматтарының 75 пайы­зы қолдаған.

Лукашенко карантинге қарсы

Әлемдік тәжірибе коронавирус пан­демиясымен күресудің ең тиімді жолы – карантиндік шаралар екенін көрсетіп отыр. Жаһанды жайлаған дертті тезірек жеңу үшін дүниежүзіндегі сан миллиондаған халық қалыпты тіршілігінен бас тартып, оқшау өмір сүруге мәжбүр. Алай­да қауіпті індеттің таралуы Беларусь тұр­ғындарының тыныс-тіршілігін өзгерте қой­ған жоқ. Ел президенті Александр Лу­кашенконы дерттің өзі емес, оның ай­наласындағы дүрбелең көбірек алаң­дататын секілді. Беларусь көшбасшысы мем­лекет тұрғындарын бос үрейге беріл­меуге шақырды. Оның айтуынша, коро­на­ви­рустан қорғану үшін арақ ішіп тұру, мон­шаға жиі түсу және дұрыс тамақтану жет­кілікті. Александр Лукашенко Беларусь елімен ара­дағы шекарасын жауып тастаған Ре­сей­дің карантиндік шараларын сынға алды. «Беларусьтегі жағдай мұндай «аждаһа­лық» амалдарға көшетіндей соншалық күрделі емес» деп мәлімдеді ол 20 наурызда. «Адамдарға өзі және жақындары үшін жауапкершілік алуды міндеттеу керек. Егер жөтеліп, түшкіріп тұрсаң, сыртқа шықпа, өзгелерге кесел таратпа. Міне, шектеулердің мәні осы ғана. Осы тұрғыдан алғанда көп ел тым қатаң шараларға барып жатыр», – де­ді Лукашенко. Беларусь президенті өз еліндегі ме­ди­цинаның дамуын жоғары бағалады. «Біздің мамандардың біліктілігіне қуандым. Бұл ауруды қалай емдеу керегін білмесе де, қол­дарында оған қарсы екпе болмаса да, бір­де-бір науқастың көз жұмуына жол бермеді», – деп мақтанды ол. Бүгінде елде коронавирус жұқтырған 70-тен астам науқас тіркелген. Алайда Алек­сандр Лукашенко көршілерінен үлгі алып, карантиндік шаралар енгізуге асығар емес. Беларусьте балабақшалар мен мектептердің жұмысы тоқтатылған жоқ. Қызметкерлер жұмыстарын қалыпты режимде жалғастыруда. Барлық қоғамдық орындар ашық, оларға кіру-шығу шек­тел­меген. Мемлекет шекаралары да жабыл­ма­ған, тек өзге мемлекеттен келген азамат­тарды бақылау күшейтілген. Дерт белгілері бар азаматтардан сынама алынып, тек­се­ріледі. Өзгелер ел аумағына емін-еркін кіріп-шыға алады. Беларусь президентінің пікірінше, кеселмен күресте елде қолға алын­ған шаралар жеткілікті. Қатаң шек­теулер енгізілер болса, мемлекет тұр­ғын­дары үрейге беріліп, дүрлігуі мүмкін. Лукашенконың айтуынша, дүрбелеңнің зардабы кеселдің зардабынан айтарлықтай ауыр болуы мүмкін. «Коронавирус әлемді ақылынан адас­тырды» деп мәлімдеген Белоруссия бас­шы­сы карантиндік шаралар ел экономикасын тығырыққа тірейтінін алға тартты. Әлем­дегі жайсыз экономикалық ахуал және Ре­сеймен мұнай тасымалы жөніндегі келіс­сөздердің ұзаққа созылуы онсыз да Бела­русьтің қаржылық жағдайын тұрақ­сыз­дандырды дейді Александр Лукашенко.

Украина дәрігерлері дәрменсіз

Беларусьтің оңтүстіктегі көршісі Украинаның да экономикалық жағ­дайы қазір мәз емес. Десе де, ел билігі ко­ро­навируспен күрестің қатаң шараларын енгізді. 18 наурыздан бастап Украина бар­­­­лық шекараларын жапты. Мемлекетте метро, театрлар, ірі сауда орталықтары, қо­ғамдық тамақтану орындары және фит­нес-орталықтардың жұмысы тоқтатылды. Киевте және елдің індет тіркелген екі об­лы­сында төтенше жағдай режимі енгізілді. Карантин тәртібін бұзғандарға жаза бел­гіленді. Бұл шектеулер елдегі қызметтер на­рығы мен сауда-саттыққа кері әсерін ти­гізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша Украинадағы ІЖӨ-нің 3,5 пайыз­ға өсуі дәл осы салалардағы алға жылжудың ар­қасы еді. Әлемдік экономикалық дағ­­да­рыс жағдайында елдің сыртқы нарықтан қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндігі жоқ. Алдағы екі айда Киев 5,5 млрд доллар кө­лемінде сыртқы қарыздарын қайтаруы тиіс. Халықаралық валюта қорының транш алу жайы белгісіз, ал Украина Ұлт­тық банкінің резервтері сарқылуға жақын. Өйткені құнсызданып бара жатқан грив­наны қолдау шараларына қыруар қаржы жұм­салуда. Бүгінгі таңда Киев Халықаралық валюта қорымен коронавирусқа байла­нысты жедел қаржылық көмек алу жөнінде келіссөздер жүргізуде. Өткен аптаның соңында Украинаның пре­мьер-министрі Денис Шмыгаль ел тұр­ғындарын қаржылық дағдарысқа дайын­далу қажеттігін ескертті. «Әлемдік дағда­рыс­тың салдарынан Украина да дағда­рыс­пен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұл экономика ми­нистрлігі үшін ғана емес, тұтас ел үкі­меті үшін, сондай-ақ, бизнес үшін де сынақ кезеңі болмақ», – деді Украина үкіметінің басшысы. Мемлекетте қызметтер нарығы ғана емес, медицина саласы да тығырыққа ті­релуде. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, карантин енгізілуіне байланысты көлік қатынасының тоқтауы салдарынан қала сыр­тынан қатынайтын ақ халаттылар жұ­мыс орындарына жете алмай жатыр. Меди­цина мамандары қажетті қорғаныс құрал­дарымен қамтамасыз етілмеген, ал кейбір емханалар коронавирустан басқа ауру түр­лері бойынша науқастарды қабылдай ал­май отыр. Соңғы дерек бойынша Ук­раи­нада COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 41 дерегі тіркелген. Елді тығырыққа тірегелі тұрған тағы бір мәселе, украиндықтардың басым бөлігі Еуроодақ елдеріне жұмыс іздеп кеткен. Олар­дың көпшілігі шетелде қызмет көр­сету саласында еңбектенген. Жұмысынан айырылғандар жаппай Украинаға ағылар болса, елдегі эпидемиологиялық ахуал да, экономикалық жағдай да қиындай түсуі мүмкін.