Мемлекеттің әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды

Мемлекеттің әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды

Мемлекеттің әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды
ашық дереккөзі
Коронавирус пандемиясы әлемдік экономиканы әбден қыспаққа алды. Bloomberg-тің бол­жамынша, жаһандық қар­жы жүйесі 2,7 трлн доллар шығынға батады. Ал Ха­лық­аралық валюта қоры әлем экономикасының өсу қарқыны 2,9 пайызға бә­сеңдегенін алға тартты. Шекараларын тарс жауып, алыс-бе­ріс­ті тоқтатуға, өндірісті шектеуге мәжбүр болған мем­ле­кет­тердің қаржылық тұрақтылығына қауіп төне бастады. Сын­дарлы сәтте әр ел өз аза­маттарының денсаулығына ғана емес, әл-ауқатына да алаңдаулы. Апта басында Төтенше жағдай жө­ніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет ел тұр­ғын­дарын қиындықта қалдырмайтынына сендірді. Елде төтенше жағдай режиміне байланыс­ты бір­қатар кәсіпорынның жұ­мысы уақытша тоқ­тап, қызмет көрсету және нарық сала­ларын­да жұ­мыс істейтін аза­мат­тардың біразы жұ­мыссыз қалды. Қасым-Жомарт Тоқаев тө­тен­ше жағдайға байланысты табыс көзінен айы­­рылған қазақстандықтарға ай сайын 1 ай­лық есеп­тік көрсеткіш көлемінде (42 500 тең­ге) жәрдемақы төлеуді тапсырды. Пре­зи­денттің айтуынша, мұндай кө­мекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы төтенше жағ­дай режимінің мерзімі аяқталғанша қазақ­стандықтардың несие және салық төлемдерін кейінге шегеруді тапсыр­ды. «Мен банктер жағдайға түсіністік таны­та­ды деп ойлаймын», – деп атап өтті Тоқаев. Қа­­­зақстан Пре­зидентінің сөзіне қарағанда, қар­жылық жағдайы на­шарлағанда азаматтар ке­пілсіз несиелер үшін банктік емес сектордың кө­­мегіне жүгінеді. Ломбардтарға, интернет-не­­сие берушілер мен микроқаржылық ком­па­ния­лардан ақша алуға мәжбүр болады. «Бұл ретте халықты алаяқтықтан сақтандырып, са­­ла­да тәртіп орнатудың маңызы зор», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жө­нін­дегі мемлекеттік комиссияның оты­ры­сында. Бұдан бөлек, Президент кә­сіп­керлік қызметті ынталандыру мен бағаның тұрақ­тылығын қамта­ма­сыз ету бойынша ша­ралар кешенін әзірлеуді тапсырды. «Шағын және орта бизнеске айыппұлдар мен өсімпұлдар төлемей, салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің бар­лық түрін төлеуді 3 айға кейінге қал­дыруды ұсыну қажет деп са­най­мын», – деді Қ.Тоқаев. Мемле­кет бас­­шы­сының айтуынша, ауыл­шаруа­шылық өнімдері мен азық-түлік тауарларына қо­сымша құн са­лығын уақытша төмендету, маңыз­ды импортқа кедендік баж­дарды жою және тағы басқа шара­ларды қарастыру қажет. «Бұл жұ­мыс бір апта ішінде жүзеге асуы тиіс», – деп қадап айтты Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі жағ­дай­ды жеке басына пай­да­ла­на­тын алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеу керегін ескерт­ті. Осын­дай жағдайлардың алдын алу үшін барлық елді мекендерді қажетті заттармен қамтамасыз етуді  талап етті. – Бұл жұмыстарды жүйелі ат­қару үшін әлеу­меттік маңызы бар тауарлардың тізімін бекітіп, сол арқылы бағаны мемлекеттік рет­теуді енгіземіз. Барлық облыс­тар мен қа­лаларда азық-түлік және ең қа­жетті тауар­лардың қоры жет­кілікті. Әр аймақтың әкімі ең қа­жетті тауарлардың нақты есебін жүр­гізуі қажет, – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұялы бай­ланыс пен интернетке, әсіресе, ағарту­шы­лық ресурстарға, әлеу­меттік желілер мен мессенд­жер­лерге қолжетімділікті арттыру­ды тапсырды. «Карантин енгізілуіне байла­ныс­ты біз ха­лықты үйлерінде болу­ға шақырдық. Қа­шықтан жұ­мыс істеу адамдарды мобильді тех­­нологияларды барынша бел­сен­ді пайда­лануына түрткі болады. Осыған байланысты төтенше жағ­дай режимі қолданыстағы ке­зең­де мобильді байланыс пен ин­тер­нет қол­жетімділігін әсіресе, бі­лім беру ресурс­та­рына, әлеуметтік же­лілер мен мессенджер­лерге кеңей­туді тапсырамын. Қазақ­стан­дық бар­лық интернет-ресурс­тар­дың қолжетім­ді­лігі тегін болуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы коро­нави­рус­пен кү­рес жұмыстарына тар­тыл­ған қызметкер­лердің ерен ең­бегін де ескерусіз қалдырмады. «Бүгінде алдыңғы шепте өз бас­тарын үлкен қатерге тігіп, дема­лыссыз жұмыс істеп жатқан біздің аза­маттарымыз – дәрігерлер, по­ли­ция қызметкерлері және басқа да ма­мандар өз отбасыларын сирек кө­реді. Со­ған қарамастан, өздерінің аза­маттық және қызметтік борыш­тарын толық орындап жүр. Сіз­дерге шынайы алғысымды біл­ді­ре­мін», – дей келе, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қосымша қар­жы тауып, коронавирусқа қар­сы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызмет­кер­лері­не және өзге де мамандарға 1 ай­лық көлемінде сыйақы беруді тап­сырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, сын­дарлы кезеңнен сү­рін­бей өтуге елімізде барлық мүм­кін­дік пен жеткілікті қор бар. Са­лық­тық жеңілдіктер мен жергілікті дең­гейдегі қолдауларды есеп­те­ме­генде, дағ­дарысқа қарсы шараларға мем­лекет тара­пынан 4,4 триллион (10 млрд) доллар бө­лінді. Ең маңыз­дысы, қолайсыз жағдайға дайын­дық  дер кезінде басталды жә­не бағ­дарымыз белгіленді. Бет қатталып жатқанда Кеше Қазақстан Президенті Ұлттық биотех­нология орталығында болып, отандық ғалым­дар­дың зерттеу жұмыстарымен танысты. Орта­лық қызметкерлері Мемлекет басшысына ДНҚ жа­санды синтез жолымен әзірленген және жұқпалы коронавирус ауруының жаңа түрін жыл­дам анықтауға мүмкіндік беретін поли­меразды тізбекті реакция (ПЦР) негізіндегі тест жүйесін таныстырды. Аталған тест жүйесі шет­ел­дік диагностикалық құрал-жабдықтармен са­лыстыру кезінде өзінің жоғары сезімталдығын көр­сеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев биолог ғалым­дардың еңбегін жоғары бағалап, Қазақстан ғы­лымының құзыретін арттыру үшін отандық әзір­лемелердің маңызын атап өтті.