Коронавируспен күрес: Әлем елдері өз азаматтарын қалай қорғауда?

Коронавируспен күрес: Әлем елдері өз азаматтарын қалай қорғауда?

Коронавируспен күрес: Әлем елдері өз азаматтарын қалай қорғауда?
ашық дереккөзі

Birgemiz – бірлігіміздің көрсеткіші

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сы­мен  Қазақстанда коронавируспен күрес жұ­мыс­тарына кө­мектесуге ынталы азаматтардың қар­жысы жи­нақталатын республикалық қор құрыл­ды. 20 наурызда қазақстандықтарға жолдаған үн­­деуінде Тұңғыш Президентіміз сын сағатта ортақ іс­тен ешкім де сырт қалмауға тиіс екенін айт­қан бо­латын. «Үкімет бюджет саласы қыз­меткерлерінің, сту­денттердің, шағын және орта бизнестің ауырт­палығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мем­лекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады.  Зауал­ды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурс­тарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі ке­летін және жәрдем бере алатын адамдардың қара­жаты жи­нақталатын Республикалық қор құруды ұсы­намын, – деген Елбасы қазақстандықтарды қа­лың ел, жалпақ жұрт болып жұмылуға шақырды. Еліміздегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер Ел­басының бастамасына үн қосып, қолдау біл­дірді. 24 наурыздағы дерек бойынша, Birgemiz қоғамдық қорына ірі бизнес өкілдерінен 40 млн доллардан ас­там қаражат түскен. Атап айтқанда, Eurasian Resources Group компаниясынан 10 млн доллар, «Қазақмыс» корпорациясы 10 млн доллар қаржы аударды. Сондай-ақ қоғамдық қорға меценаттар мен кә­сіпкерлер Тимур Құлыбаев 10 миллион доллар, Ай­дын Рахымбаев 2 миллион доллар, Кеңес Рақышев 1 миллион доллар, Ға­лымжан Есенов 2 миллион дол­лар, Рашид Сәр­сенов 2 миллион доллар, Алек­сандр Клебанов 2 миллион доллар, Александр Бе­лович  2 миллион доллар аударды. Қорға өңірлерден де қаржы ау­дарушылар жетерлік. Әсіресе, оңтүс­тік­қазақ­стан­дық кәсіпкерлердің қолдауы ерек. Ай­наласы 3-4 күннің ішінде аймақтағы бизнесмендер Birgemiz қорына 163 млн 700 мың тенге аударыпты. Бұдан бөлек, Nur Otan партиясының мү­ше­лері, мемлекеттік қызметкерлер, же­келеген ұжым­дар да бір күндік жа­ла­қы­ларын аударып, ор­тақ іске жұмыла ат­салысуда. Десе де, өңірлерде коронавируспен кү­ресу үшін бюджеттік сала қыз­мет­кер­ле­рін бір күндік жалақысын аударуға мәж­бүрлеген жағдайлар да кездескен кө­рінеді. Бұған Nur Otan партиясына ке­ліп түскен шағымхаттар дәлел. Бұл жағдайға қатысты пікір біл­дірген Ел­басының баспасөз хатшысы Айдос Үкі­бай Birgemiz қоғамдық қо­рына қайы­рым­дылыққа арналған ко­ронавируспен күрес үшін қаражат ерік­ті түрде жиналуы тиіс екенін айтты. Ол Twitter-дегі жазбасында: «Мұндай қайы­рым­дылыққа мәжбүрлеп қаржы жи­науға бол­майды. Барлық қайы­рым­дылық тек қана ерікті түрде жүзеге асы­рылуы тиіс», – деді. Қайырымды істің қайырын бергей. Birgemiz бірлігіміздің көрсеткіші бола­ды деп сенейік. Жиналған қаржы Мем­ле­­кет­тік комиссияның нұсқауымен тиіс­ті са­ла­ларға бөлінбек.  Қауіпті ін­дет­пен күресу үшін медициналық дәрі-дәр­мек­тер, қор­ғаныс құралдары, вен­тиля­циялық ап­параттар, азық-түлік және әлеуметтік жағ­дайы төмен тұрғындарға қажетті зат­тар алынады. Қаржыны жұм­сау ашық жү­реді әрі құрамында қоғам және мем­лекет қайраткерлері бар Қор жа­­нындағы қам­қоршылық кеңестің қа­таң бақы­лауын­да болады.

АҚШ тұрғындары табыс салығынан босатылды

50 мыңнан астам тұрғыны коро­на­ви­рус жұқтырған АҚШ-та да корона­вирус­тың таралуын шектеу шараларымен қоса, індеттің ел экономикасына, халық­тың әлеу­меттік жағдайына тигізер зарда­бын азайтуға күш жұмылдырылуда. Жер­гілікті БАҚ-тың хабарлауынша, До­нальд Трамп АҚШ Конгресінен коро­навируспен күрес жұмыстарына 1 трлн доллар бөлуді сұраған. Оның 500 млрд доллары еңбекақы салығын төмендетуге жұмсалса, 250 млдр доллары Шағын биз­нес ассоциациясының қолжетімді не­сиелеріне бағытталады. Ал 58 млрд дол­ларды әуекомпанияларын қолдау шараларына жұмсау көзделген. АҚШ жыл соңына дейін өз тұрғын­дарын табыс салығынан босатпақ.  Конг­ресс коронавирус індетіне шалдық­қан­дарға екі апталық еңбекке жарамсыздық төлемін беру және жұмыссыздарға тө­ле­нетін жәрдемақы көлемін арттыру ту­ралы заңнама қабылдады. Ел үкіметі және медициналық ұйым­дар коронавирустан емдеу үшін тұр­ғындардан қосымша ақы алмау жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ бюрократия­лық қитұрқылықтарға жол бермеу жө­нінде мәміле жасалды. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында коронавирустан зардап шек­кен америкалық компанияларға мем­­лекет тарапынан айналымдық қар­жы бөлінуде. Құзырлы органдар кәсіп­кер­лерге төмен пайызбен несие бермек. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 50 млрд доллар бөлінген.  width=

Түркияда зейнетақы өсті

Түркияда коронавирус жұқтырудың ал­ғашқы дерегі 10 наурызда тіркелсе, 25 наурыздағы дерек бойынша елде індетке шал­дыққандардың саны 1 529-ға жетіп, 37 науқас көз жұмды. Мемлекет корона­вирус­тың таралуын шектеу үшін 20 мем­лекетпен байланысты үзді. Түркияда ойын-сауық орталықтары, мешіттер жа­былды, мектеп оқушылары қашықтан оқу­ға көшті. Десе де, әзірге аурудың таралуын шек­теу мүмкін болмай тұр. Ел билігі енді індеттің салдарымен күресті қолға алды. Түркия үкіметі бұл мақсатта 100 млрд түрік лирасын (64 млн доллар) бөлді. Мемлекет қосымша құн салығын және бөлшек сауда, машина құрастыру, металлургия, логистика, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, қонақүй және мейрамхана бизнесі са­лаларының ай сайынғы салығын 6 айға шегерді. Ел тұрғындары қарашаға дейін тұр­ғын үй салығынан босатылды. Сон­дай-ақ түркиялықтардың несие төлем­дері 3 айға шегерілді. Бұдан бөлек, ішкі әуе тасымалы са­ласындағы қосымша құн салығының мөл­шерлемесі үш айға 18 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілді. Бағасы 500 мың еуроға дейінгі тұрғын үйлерді несиелеу сомасы 80 пайыздан 90 пайызға дейін артып, бастапқы жарна 10 пайызға дейін азайтылды. Түркия үкіметі ел азаматтарын үш ай­ға табыс салығынан да босатты.  Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеу, қыс­қамерзімді жұмысқа шығуға қатысты өзгер­тулер мен толықтырулар енгізілді. Табы­сынан айырылғандарға өтемақы төлеу мерзімі 2 айдан 4 айға дейін ұлғай­тыл­ды. Тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсетуге 2 млрд лира бөлінді. Елдегі ең төмен зейнетақы 1 500 лираға дейін көтерілді. Сонымен қатар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сәуірде түркиялық зейнеткерлердің зей­нетақысына мерекелік бонустар қосуды тапсырды.

Қайырымдылық қорларының қолдауы маңызды

Коронавируспен және оның зарда­бымен әр мемлекет шама-шарқынша күресіп бағуда. Алайда кесірлі кеселмен кү­ресуге дәрменсіз елдер де бар. Індет жұқ­тырғандарды емдеуге кейбір мем­лекеттердің медицинасы қауқарсыз. Осы мәселені көтерген Норвегия БҰҰ-ға жү­гініп, коронавирус пандемиясымен күреске көмектесетін халықаралық қор құру­ды ұсынды. «Біз коронавирустың даму­шы елдерге тигізер зардабына алаң­даулымыз. Олардың денсаулық сақтау жүйесі онсыз да әлсіз», – делінген Норве­гияның Сыртқы істер министрлігі жа­саған ресми мәлімдемеде. Елдің халық­аралық даму мәселелері жөніндегі ми­нистрі Даг Инге Ульстейн Эбола індеті­мен күрес кезіндегідей халықаралық ынтымақтастық қорын құру қажеттігін айтты. 2014 жылы Батыс Африкадағы Эбола эпидемиясы кезінде БҰҰ басшылығымен халықаралық көмек қоры құрылған бо­латын. Індетті ауыздықтауға қор қара­жатының айтарлықтай септігі тиді. Сон­дықтан Норвегияның ұсынысы на­зар­сыз қалмайтыны анық. БҰҰ бас хат­шысының орынбасары Амина Мохаммед ұйым бұл мәселені қарастыратынын айт­ты. Қор демекші, екі апта бұрын Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры, доктор Тедрос Гебрейюс ДДСҰ-да ынтымақтасу қоры құрылғанын мә­лімдеген. Оның айтуынша, қордың қар­­жысы ерікті жарналар есебінен то­лық­тырылып,  COVID-19 індетімен күресуге, ғылыми зерттеу жұмыстарына жұм­салады. Әсіресе, медицинасы әлсіз мем­лекеттерді қолдау шараларына ба­сым­­дық берілмек. Қорға www.COVID19 ResponseFund.org сайты арқы­лы кез келген адам қаржы аудара алады. Сондай-ақ Швейцарияның Давос қа­ласында Коронавируспен күрес жө­нін­дегі халықаралық қор құрылды. Қор індетке қарсы вакцина жасау және оны тарату жұмыстарын қаржыландырумен айналысады. Қор жұмысының ашық­ты­ғын қамтамасыз ету үшін құрамына қоғам қайраткерлері мен белгілі ме­ценат­тар енген қамқоршылық кеңесі барлық ақша аударымдарын бақылап отырады. Ирландияда құрылған корона­вирус­қа қарсы қоғамдық қор үйлерінде оқшау­ландырылған егде азаматтарға (50 жас­тан асқан) көмек көрсетеді. Атап айт­қан­да, қарттарға азық-түлік, жылы киім жет­кізіп беру, сыртқы ортамен бай­ла­нысуға мүмкіндік беретін технология құралдарымен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Ал АҚШ-тың Бостон қаласында құрыл­ған  Boston Foundation және United Way қорлары дағдарыстан көп зардап шеккен отбасылар мен қызметкерлерге жәр­дем береді.  Қор қаражаты есебінен мек­тептерде берілетін ыстық тамақтан қа­ғылған оқушылар мен тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізілмек. Сон­дай-ақ медицина қызметкерлері мен жедел көмек қызметтеріне қолдау шара­ларына басымдық беріледі. Байланыс құралдарына мұқтаж азаматтарға, қарт­тар мен үй-күйі жоқтарға да көмек көр­сету көзделген. Әлем бойынша коронавируспен күрес жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетіп жатқан жекелеген кәсіпкерлер мен компаниялардың да үлесі өлшеусіз. Мәселен, белгілі қытайлық бизнесмен, Alibaba Group компаниясының негізін қа­лаушы  Джек Ма індетке қарсы вак­цина жасауға 14,4 млн доллар бөлді. Сон­дай-ақ миллиардер Қытайдың Хубэй провинциясының ауруханаларын медициналық құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етуге 144 млн доллар аударды. Қытайлық Xiaomi компаниясы Ухань қайы­рымдылық федерациясына және Ухань ауруханаларына көмек ретінде 1,4 млн доллар бөлді. Carlsberg фонды коронавируспен күрес шаралары мен ғылыми зерттеу­лер­ге 95 млн дат кронасын бөлді. Украинада ірі бизнес өкілдерінің бас­тамасымен коронавируспен күрес қоры құрылып, жиналған қаражатқа ме­дициналық мекемелерге 500 автокөлік са­тып алынды.