СҚО-да коронавирус жұқтырған азамат Омбыдан пойызбен келген

СҚО-да коронавирус жұқтырған азамат Омбыдан пойызбен келген

СҚО-да коронавирус жұқтырған азамат Омбыдан пойызбен келген
ашық дереккөзі
«Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев осы өңірде коронавирус анықталған пациент Ресейдің Омбы қаласынан пойызбен келгенін айтты. «Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының бір жағдайы нақтыланды. Пациент 1993 жылы дүниеге келген Петропавл қаласының тұрғыны. Ресейдің Омбы қаласынан келген. Сол қалада білім алып жүрген. 23 наурыз күні кешкісін транзиттік пойызбен келген. Тығыз қарым-қатынаста болған тұлғалардың барлығы анықталып, карантинге алынды. Пациент вокзалдан үйіне барған, көшеге шықпаған және тек анасымен ғана тығыз байланыста болған. Келесі күні, 24 наурызда дене қызуының 37,6 градусқа көтерілуіне шағымданып, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Жедел жәрдем бригадасы Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, пациентті толықтай қорғаныс заттарымен оқшаулап, провизорлық стационарға жеткізді», – деді ол. Басқарма басшысының айтуынша, пациенттен алынған сынама оның коронавирус жұқтырғанын анықтап отыр. Қосымша сараптама жасау үшін науқас сынамасы Алматыдағы зертханаға да жіберілді. «Бүгінгі күні пациенттің жағдайы бірқалыпты. Дене қызуы, шағымы жоқ. Онымен байланыста болғандар, оның ішінде пойыздағы жолаушылардың барлығы карантиндік стационарға оқшауланды. Зертханалық сынама алынды. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық», – деді Тимур Сұлтанғазиев.