22 Наурыз, 09:15 225 0 Көлік Анар ЛЕПЕСОВА

Ташкентте қоғамдық көліктердің қозғалысына тыйым салынды

Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 40-тан асты. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомство дерегінше, карантинде жатқан адамдар арасында тағы төрт жағдай тіркелген.

Сонымен бірге, карантиннен қашқан адамдар да жоқ емес. Мұндай жағдайлар Самарқан және Қашқадария облыстарында кездескен. Карантиннен қашқан екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Өзбекстан заңнамасына сәйкес, санитарлық немесе эпидемиямен күрес заңының талаптарын бұзып, халықтың жаппай ауыруына немесе улануына әкелген жағдайда қомақты айыппұл салынады немесе 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Індеттің таралуын шектеу үшін Ташкентте қоғамдық көлік пен маршрутты такси қозғалысына шектеу қойылды.

Коронавирустың таралуына қарсы арнайы республикалық комиссияның шешіміне сәйкес, бүгіннен бастап қалада метро, автобус және маршрутты такси секілді қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынды.

Қоғамдық көліктің орнына қалалық санитарлық-эпидемиологиялық орталық дезинфекциялаған арнайы такси жүреді. Рейске шыққан әрбір таксиге күн сайын дезинфекцияланғаны туралы анықтама беріледі.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус кеселіне шалдыққандар саны 54 адамға жетті. Індет жұқтырған тағы бір адам кеше Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Осылайша елордада науқастар саны 29-ға жетті. Алматыда – 22, Қарағандыда – 2, Алматы облысында 1 адам кесел жұқтырды.

 

Соңғы жаңалықтар